Философияда дәстүр мәселесін көтерген
Гүлжиһан Нұрышева,
философия ғылымының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Философия кафедрасының меңгерушісі
ЮНЕСКО-ның шешімімен 2005 жылы қараша айының үшінші бейсенбісі Дүниежүзілік философия күні ретінде белгіленген еді. Қазір бұл мереке үлкен дәстүрге айналды. Философия әлеміндегі ерекше жаңалықтар мен өзекті мәселелерді талқылауға, осы ғылымға еңбегі сіңген ойшылдарды ұлықтауға арналған жиындар осы күні өтеді. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің философтары биылғы мерекелік іс-шараларды қазақ халқының біртуар ұлы, философия ғылымдарының докторы, профессор Ораз Аманғалиұлы Сегізбаевты еске алуға арнап, ғалымның «История казахской философии» кітабының қазақ тілінде жарық көруінің тұсаукесерін өткізуді жоспарлап отыр. Бұл іргелі туындының қазақша нұсқасы – рухани жаңғыруымыздың жарқын бір көрінісі.
Қазақстан ғылымының дамуына ерекше үлес қосқан отандық философтар туралы айтқанда есімізге бірден Ораз Аманғалиұлы Сегізбаев түседі. Ол 1929 жылы дүниеге келіп, жоғары білімді сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде алған. Ленинград мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітірген 1957 жылдан бастап өмірінің қырық жылға жуық бөлігін осы университеттің аға оқытушысы, доценті, философия-экономика факультетінің деканы, «Философия» кафедрасының меңгерушісі қызметтеріне арнады. Яғни, еліміздің жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары үшін философ мамандар дайындау ісі ұзақ жылдар бойы Ораз Сегізбаевтың тікелей басшылығымен жүргізілді деуге болады және сол жылдардағы философ түлектердің сапалы да сауатты, ғылыми деңгейлері өте жоғары болғандығын ескерте кеткен дұрыс.
Бұл құбылыстың себептері туралы ойлансақ, олардың басым көпшілігінің О.Сегізбаевтың тұлғалық қасиеттерімен тікелей байланысты болғанын байқаймыз. Декан және танымал ғалым ретінде Ораз Аманғалиұлы философия жолын таңдаған абитуриенттерге қатал талаптар қоятын. Әлі есімде, «Философия және саяси экономика» факультетіне құжаттарымызды тапсырып, емтиханға дайындалып жүрген бізбен жиналыс өткізіп, оның барысында философия ғылымының өте күрделі, философ болудың оңай іс емес екенін қайта-қайта ескертіп, әлі де болса ойлануды ұсынды, құжаттарымызды қайтып алуымызға әлі де болса кеш емес екенін айтты. Бірақ, мамандық таңдауда қателеспегенімізге «сенімді» біз аңғал жастыққа тән батылдықпен еш ойланбастан тағдырымызды сынап көруге бел байладық. Кейін осындай қатаң талаптарды ол өзінің аспиранттары мен докторанттарына да үнемі қойып отырғанының куәсі болдық және бұл талаптар біздің ғылым жолында шыңдалуымызға игі әсерін тигізді.
Екіншіден, философ мамандар дайындаудың сол кездегі оқу бағдарламалары мықты болды. Мысалы, жалпы философиялық пәндермен қатар, бірінші курстан бастап математика, физика, биология және тағы басқа пәндер міндетті түрде оқытылатын және олар болашақ философтардың жан-жақты дамыған маман болып қалыптасуына, философияның онтология, гносеология және басқа салалары бойынша терең білім жинауына ерекше игі ықпалын тигізді. Тағы бір атап өтетін нәрсе – оқу бағдарламалары бүкіл одақ бойынша философия факультеттерінің бәріне бірдей болғанымен, Ораз Аманғалиұлы сол қатал заманның өзінде-ақ «Қазақ ағартушылығы» атты арнайы курсты енгізіп, оны өзі жүргізді. Осы пән бойынша дәрістерді біз ерекше қызығушылықпен тыңдайтынбыз, себебі космополитизм үстемдік еткен қытымыр заманда өзіміздің тегімізді тереңірек түсінуге кішкене болса да мүмкіндік берген бірден-бір пән болды десек, артық болмас. Өз басым қазақ халқының философиялық дүниетанымын зерттеуді ғылым жолындағы басты мақсатым ретінде сол кезде таңдадым.
Үшіншіден, сол кездегі философия факультетінің ұстаздар құрамы өте мықты болды. Әрқайсысы өз ісінің маманы, философия ісіне берілген, ғылыми ізденіс пен білім беруді қатар жүргізген терең ойлы ғалымдар өз пәндерін үлкен жауапкершілікпен оқытатын. Олардың қатарында А.Қасымжанов, Н.Сәрсенбаев, М.Баканидзе, М.Сужиков, Қ.Рахматуллин, Ә.Нысанбаев, Р.Кенесарина, А.Қасабеков, М.Хасанов және тағы басқа белгілі ғалымдардың болғанының өзі-ақ осы ойымызды жақсы дәлелдейді деп ойлаймын.
Төртінші, маңызды фактор – кеңестік идеология үстемдік құрған қиын заманда біздің философия факультеті еркіндік пен философиялық рух патшалығы еді. Ораз Аманғали-
ұлының дана басшылығының арқасында факультет студенттері мен ұстаздары өздерінің сүйікті философиясын алаңсыз зерттеуге мүмкіндік алды деуге болады. Факультетте жолдастық, достық, ұйымшылдық, адалдық ерекше бағаланды, философиялық ойлау мәдениетінің жоғары деңгейі мінез-құлық мәдениетінің де биік болуына тікелей әсер етті.
Ораз Аманғалиұлы жақсы басшы ғана емес, мықты ғалым да болды. Бұл да сирек кездесетін құбылыс. Адам қызметінің қай саласында болсын, басшылық пен кәсіби шеберлікті қатар табысты алып жүретіндер сирек. Ал Ораз Аманғалиұлының ғалымдығы декан, кафедра меңгерушісі қызметінен жоғары еді. Ол өзінің өмірін қазақ халқының философиялық дүниетанымын зерттеуге арнады және бұл ісіне жас кезінен бастап өмірінің соңына дейін адал болды. Кандидаттық диссертациясының тақырыбы ретінде қазақтың ұлы ойшылы Ш.Уәлихановтың көзқарастарын зерттеуді алуының өзі оның батыл ғалым екенін көрсетеді. Қазіргі кезде үйреншікті тақырыпқа айналған қазақ философиясы туралы ХХ ғасырдың 50 жылдары сөз қозғаудың өзі мүмкін емес еді. Қиын заманның өзінде-ақ ол қазақ философиясын зерттеу мектебін қалыптастыра бастады, аспиранттары мен докторанттарының ғылыми ізденістеріне қазақ философиясына қатысты тақырыптар беріп отырды. Оның бойындағы осы ержүректілік алғашқы қазақ журналистерінің бірі, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, М.Әуезов және тағы басқа қазақ зиялыларымен қызметтес болған, кейін өз еркімен Ұлы Отан соғысына аттанып, Кенисбергте 1944 жылы қаза тапқан әкесі Аманғали Сегізбаевтан дарыған деуге болады.
Осы жерде оның отбасы туралы арнайы айта кету керек. Өмірдің қиын да қызықты кезеңдерінде оның жанында сүйікті жары Инна Михайловна болды. Екеуі екі баланы дүниеге әкеліп, жақсы тәрбиеледі. Олар бүгін өмірден өз орындарын тапқан азаматтар. Ұлы Ерік Алматыда кәсіпкерлікпен айналысады, қызы Марина – биолог-ғалым, Санк-Петербургте тұрады. Бізбен бірге оның ұлы Ерік оқыды. Ол әкесінің барлық жақсы қасиеттерін бойына жинаған ұл болды. Осы қасиеттері үшін оны студент достары қатты құрметтейтін.
Қазақ халқының философиялық дүниетанымы туралы ашық айтуға мүмкіндік пайда болған 90-шы жылдардың басында О.Сегізбаев осы іске бірден кірісті, нәтижесінде 1996 жылы «Казахская философия XV – начала ХХ века» оқу құралы дүниеге келді. Қазақстан Республикасы Білім Министрлігі барлық жоғары оқу орындарында қолдануға ұсынған еңбектің көлемі мен мазмұнын талдай отырып, ұстазымыздың еңбекқорлығына, білімінің тереңдігіне таң қаласың. Салыстырмалы түрде аз уақыттың ішінде осыншама жұмысты атқарып шығу тек Ораз Аманғалиұлының ғана қолынан келетін іс еді. Өзі атап көрсеткендей, ол қазақ философиясын тарихи даму үрдісі арқылы көрсетуді міндет етіп қойды және бұл бағыттағы осыған дейінгі талпыныстардың сәтсіз болу себептері ретінде «қазақ халқының өмір сүру ерекшеліктерінен туындайтын, сондықтан философияны ерекше рухани құрылым ретінде түсінетін схемаға сыймайтын философиялық ойлау ерекшеліктерінің толығымен ескерілмеуін» және «бай эмпирикалық материалға көпшілік оқырманның ғана емес, зерттеушілердің тар шеңберінің де қол жеткізу мүмкіндігі болмағанын» атап көрсетеді.
Оқу құралының тағы бір ерекшелігі ретінде Ораз Аманғалиұлы оны бір автордың ғана жазып шыққанын және бұрынғы қалыптасқан жүйе бойынша оқулықтар мен оқу құралдарын авторлық ұжымдардың дайындауының дұрыс емес екенін ескертеді. Бұл жерде Ораз Аманғалиұлының ешқашан да өзінің аспиранттары мен докторанттарының ғылыми және әдістемелік еңбектеріне қосымша автор болмағанын айта кеткен жөн. Осының өзі оның ғалым этикасына адалдығын өте жақсы дәлелдейді. Ол аспиранттары мен докторанттарына кейбір әріптестері сияқты абстрактылы тақырыптар емес, нақты мәселені зерттеуге негізделген, өзекті және болашаққа бағытталған тақырыптар беретін. Оның «оқу құралдарын билік тағайындаған адамның басшылығымен, «тұлғасыз» авторлық ұжым емес, жеке тұлға дайындауы тиіс» деген пікірі қазір бізге де сабақ.
Аталған оқу құралының ерекшелі-гі – қазақ философиясын жалпы және тұтас түрде көрсетудің алғашқы және әзірге соңғы талпынысы болғанында. Ғалымның өзі атап көрсеткендей, оған дейінгі ізденушілер қазақтың тарихи тұлғаларының көзқарастарын жеке, үзік, маркстік-лениндік идеологияға сай түрде зерттеумен шектелді және «Қазақстанның мәдени кеңістігі кәсіби философиялық ойдың пайда болуы мен қалыптасуына қажетті алғышарттарды жасамады» деген ойды басшылыққа алды, тіпті ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың басында өмір сүрген қазақ зиялыларының өздері де арнайы философиялық трактаттар жазбады деп есептеді. Осы мәселеге байланысты Ораз Аманғалиұлы «гуманитарлық тақырыптарды зерттеген кеңестік ғалымдар өз еңбектеріне жанын сала білмеді, партиялық және мемлекеттік бюрократиялық аппарат ұсынған, қалыптасқан үлгі бойынша жазды» деген ой айтады. Ал оның өзі қазақ философиясын жанымен сүйді және осы ерекшелік ғалымның еңбектерінен айқын сезіледі және күнделікті өмірде де қатты байқалды. «Қазақ философиясы бар ма?» деген мәселе туралы күмәнді пікірлер әлі де болса естіліп қалады, ал осыдан 20-25 жыл бұрын ол қызу талқыланатын. Сондай пікірталастардың бірінде оның «Қазақ философиясын түсінуге өрелеріңіз жетпесе, ол қазақ философиясы жоқ деген сөз емес» деп үзілді-кесілді айтып, пікірталасқа нүкте қойған болатын.
Ораз Аманғалиұлының орасан зор еңбегінің арқасында қазақ халқы өзінің философиялық дүниетанымы туралы жан-жақты білім жинады. Біз бұл жерде қателесіп отырған жоқпыз: иә, ғалым халқымызға өзінің философиясын өзіне түсіндіріп, саралап, реттеп, жинақтап берді, сонау көне заманнан бергі вербалдық мәдениеттегі, оның мақал-мәтел, ертегі, лирикалық және батырлық эпос секілді түрлеріндегі, ақын-жыраулар шығармашылығындағы, қазақ ағартушылары мен зиялыларының еңбектеріндегі философиялық ойларды айқындады.
2001 жылы Ораз Аманғалиұлы «История казахской философии. От первых архаичных представлений древних до философии развитых форм первой половины ХХ века» туындысын ұсынды. Бір қараған адамға ол алдыңғы еңбектің толықтырылған нұсқасы болып көрінуі мүмкін. Шындығында бұл туынды ғалымның қазақ философиясын зерттеу жолындағы тынымсыз ізденісінің тағы да бір табысты нәтижесі. Бұл екі еңбектің әлі күнге дейін ғалымдар мен студенттердің, магистранттар мен докторанттардың, қарапайым көпшіліктің үстелінен түспей келе жатқаны – Ораз Аманғалиұлының мұрасына берілген әділ, ешқандай қысымсыз немесе жоғарыдан нұсқаусыз берілген баға.
Оқулық ретінде ұсынылған «История казахской философии. От первых архаичных представлений древних до философии развитых форм первой половины ХХ века» (біз қазақ тіліне аударып, ұсынып отырған) автордың энциклопедиялық білімге ие екенін тағы да дәлелдейді. Ораз Аманғалиұлының қазақ философиясын ғана емес, әлем философиясын, оның барлық мектептері мен бағыттарын және тарих, филология, саясаттану, әлеуметтану ғылымдарын өте жақсы білетіні әріптестерін де, шәкірттерін де таң қалдыратын. Осы еңбегінде ғалым қазақ философиясының қалыптасуының алғышарттарын талдауға ерекше назар аударып, андрон мәдениеті тұсында өмір сүрген көшпелілердің көзқарастары, академик Ә.Марғұлан терең зерттеген Беғазы-Дәндібай мәдениеті кезеңіндегі дүниетаным, отырықшы елдердегі Заратустра мен Будда идеяларының қазақтарға әсері және Орта ғасырда қазақ жерінде ғылым, өнер, әдебиеттің дамуы мұқият талданған.
Қазақ философиясын зерттеу үшін қандай мәселелерді тексеру қажет? Осы сұраққа жауап ретінде ғалым философиядағы дәстүрлер, ұлттық тіл және философиялық білімді жеткізуші тұлға мәселелерін бөліп көрсетіп, олардың әрқайсысына әлемдік ғылыми ой жетістіктеріне сүйене отырып, жан-жақты жауап береді және нақты тұжырымдар ұсынады.
Дәстүрлер туралы Б.Рассел, З.Каменский, И.Нарский, В.Малинин, М.Вебер, Г.Беккер және тағы басқа философтар мен әлеуметтанушылардың пікірлерін талдап, «…философиядағы дәстүрлер – алдыңғы ұрпақтардың идеяларының, олардың нақты өмірлік үрдісінің әсерінің нәтижесінде пайда болса да, жаңа ұрпақтарға әсер етуін жалғастырып отырған, бұл ұрпақтар дамытып, байытып және қоғамның ескірген әлеуметтік-саяси құрылымын рационалдауға бағытталған күресінде қолданатын бөлігі» деген анықтама береді және өткеннің алдыңғы қатарлы дәстүрлерін жоққа шығару арқылы жаңаны жүзеге асыру мүмкін емес екенін ескертеді. Философиялық дәстүрлер ұлттық өмірдің қажеттіліктерін жеткізудің өзекті тәсілі, сондықтан де дәстүрлердің негізін қалаушылар әлемдік сахнада өз ұлтының атынан шығады. Осы ойды өрбіте отырып, Ораз Аманғалиұлы қазақтың философиялық дәстүрлерін кеңестік тоталитаризм жойды, сондықтан да тәуелсіз ел философтарының басты міндеті – «қазақ философиясының дәстүрлерін қайта жаңғырту және толығымен қалпына келтіру» деп тұжырымдайды.
Философиядағы дәстүрлер мәселесін талқылау арқылы ғалым философия өзінің ұлттық формасы арқылы дамитынын және ол ұлттық тілсіз мүмкін емесін көрсетеді. Оның пікірінше, ұлттық тіл, оның тілдік қоры, құрылымы бай және әдемі болған сайын қорашаған ортаны толық, дәл және нақты бейнелеу мүмкіндігі де арта түседі, ал белгілі бір себептермен дамымай қалған тіл мәдениеті адамның табиғи және әлеуметтік дүниені игеруіне, оны рационалды өзгертуіне зор кедергілер туғызады. Сондықтан да философтар өз ұлтының тілін заттық дүние туралы ойды дамытудың нәтижесінде пайда болған ұғымдарды қолдану жолы арқылы дамытуға ерекше назар аударды. Бұл қазіргі заманғы философтарды ойландыратын мәселе. Ораз Аманғалиұлы философтардың назарын Грек, Үнді, Қытай ойшылдарының шығармашылығына аударып, үлгі ретінде ұсынады және бұл үлгі бізге қолайлы деп ойлаймыз.
Ғалым қазақ философиясын дамытуға қажетті тағы бір шартты бөліп көрсетеді, ол – осы философиялық кеңістікте өмір сүруші және қызмет етуші философ, ойшыл, өз заманының рухын, мүдделері мен мүмкіндіктерін, болашақ даму бағыттарын түсіне алатын Тұлға. Ораз Аманғалиұлы философтың жеке эрудициясына, философия мен мәдениеттің әлемдік жетістіктерінің маңызын түсініп, оны ұлттық өмір призмасы арқылы өткізе білу, жалпыадамзаттық прогреске қызмет ете білу қабілетіне аса қатты көңіл бөле білген адам. Өмірінің соңына дейін өзінің сүйікті философиясына, қазақ философиясына қызмет етіп, оның болашақ тағдырына алаңдап, жаны күйіп өткен, адалдық пен білімділіктің үлгісі бола білген ол өзі сипаттаған Тұлғаның жарқын үлгісі. Өзі қалаған мектептің шәкірттері біз үшін ол Аристотель мен әл-Фарабиден бір кем емес Ұстаз.