Бізге керегі әріп пе, емле ме?
10.11.2017
2461
0

Бексұлтан Нұржеке-ұлы,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері


Менің ойымша, латын әліпбиіне көшу мәселесін ғалымдар қолдан қиындатып отыр. Өйткені ондай әліппе бізде бұрын, 1929 – жылы болған. Ол мынау:

Бұларды кәзіргі әріпке түсірсек, бы­лай: а, б (бы), ш(шы), ж(жы), д(ды), е, ә, г(гі), ғ(ғы), Һ(Һа), й(шолақ ій), і, к(кі), л(лы), м(мы), н(ны), ң(ың), о, ө, п(пы), қ(қы), р(ыр), с(сы), т(ты), ұ, ү,у, з(зы), ы.
Барлығы: 29 әріп.
Ғалымдар нақтылап айтуы керек, осы 29 әріптің қайсысы кәзіргі қазақ тіліне жа­рамсыз. Және неге жарамсыз? Ал, ме­нің ойымша, 29 – ы да жарамды. Тек қай әріпті қалай жазамыз дегенге ғана келісуі­міз қажет.
Мен осы 29 – ға қоса «ф» мен «х» әрі­бін де қалдырсақ деген ой айттым. Егер шы­нымен қазақтың төл дыбыстарын ғана таң­балайық деген мақсат ұстансақ, онда бұл екі әріпті де жаңа әліпбиге қоспауға бо­лады, өйткені олардың қызметін «п», «қ» әріптері атқара алады. Ал оны қалай атқара алатынын көрсету үшін, ғалымдар әуелі «Қазақ тілінің негізгі емлесі» деген заң жобасын әзірлеуі қажет еді. Себебі әрі­п­тің қолданылуы тікелей емлеге қатыс­ты.
Бұрын «қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелері» деген заңды Қазақ ССР Жо­ғарғы Советі президиумының төрағасы бекітетін. Ол заң соңғы рет 1983 – жылы 25 ағуста бекітілген. Тәуелсіздік алғаны­мы­зға 26 жыл болғанмен, бұл заң (емле) әлі де өзгертілген де жоқ, күшін жойған да жоқ. Сондықтан жаңа әріп санын белгі­ле­генімізбен, оны қалай пайдаланаты­ны­мыз­ды біз 1925 – жылы латынға біржола көш­кенге дейін білмейтін боламыз. Ал 1983 – жылғы «Негізгі ережеде» (яғни «не­гізгі емледе») былай деп анық көр­сетіл­ген:
§ 4. И әрпі мынадай орындарда жа­зы­лады:
а) түбір сөзде де, туынды сөзде де жіңіш­ке естілетін жалаң и дыбысының жә­не қосарлы ый, ій дыбыстарының таң­ба­сы ретінде и әрпі қолданылады.
§ 18. Орыс тілінен енген атау сөздердің тұл­ғасы сақталып, орыс орфографиясы бойынша өзгертілмей жазылады. Латын әліпбиіне көшудің негізгі мақсаты – осы «бүлдірген ережені бұзып, жаңа емле жа­сау, сонымен бірге жаңа әріпті де бірге қа­былдау. Өйткені мәселе әріпті тек өз­гертуде ғана емес, оны тіліміздің таби­ға­ты­на сай пайдалануда. Сондықтан біз тек жаңа әріптерді жеке талқыламай, жаңа емлені бірге талқылауымыз қажет. Ол емле әзір болған соң, оған президент қол қойыу тиіс. Сонда ғана біз жаңа әліпбиге әзір­лік­пен, даярлықпен өттік деуге болады.
Әлем елдерінің бәрі әліпбиін кітәп үшін баяғыда жасап алған. Оның ешқай­сы­сы кәмпүйтерге бола әліпбиін қайта жа­саған жоқ. Ал біздің ұлттық ерек­ше­лігімізді айқындайтын әріптерді техникаға жә­не еуропалықтардың әліпбиіне ың­ғайлап, өзге әріптің көлеңкесіндегі әріп етіп белгілеуіміз ұтқырлық па? «Ә — ні», «ә» деп жазсақ, әрі әріп дербестігі сақ­талады, әрі ұлттық ерекшелігіміз ай­қын­далып тұрады емес пе?
Жаңа әліпби техника үшін де, еу­ропалықтар үшін де емес, қазақ үшін жа­салуы тиіс емес пе? Қашанғы қашқанның да алдында, қуғанның да алдында бола бе­реміз? Ұлттық ерекшелігімізді мүмкін бол­ғанша ұлықтайтын уақыт жеткен жоқ па?
Жақында Қытай елі қағазға жазуды мүл­дем доғаратындарын мәлімдеді. 100 пайыз кәмпүйтерді ғана пайдаланатын бо­лады, бірақ техникаға ылайықтап әліп­биімізді өзгертеміз деген жоқ. Соған қара­ғанда, әлемде техникаға да, саясатқа да, би­лікке де тәуелді тіл – тек қазақ тілі. Мә­се­лен, біздің ғалымдар «арап» деп жаза ал­май­ды, «араб» деп жазады, өйткені олар өз тілінің үндестік заңына емес, өзге тілдің саясатына бағынады.
Менің бір қорқынышым: латын әліп­биіне көшу кезінде тіліміздің негізгі заңы үндестік заңына қайта ораламыз деген пиғылды ешбір ғалым узына алмайды. Ал егер қазақ тілінің негізгі жазылу ережесін (емлесін) үндестік заңына сәйкес жа­са­масақ, онда бүлінген тіліміз одан ары бү­ліне береді. Себебі дыбыс үндестігі бойын­ша, әрбір қазақ сөзінің басында ешқашан дауысты дыбыстан кейін дауысты дыбыс, дауыссыз дыбыстан кейін дауыссыз дыбыс қатарласып келмейді. Мысалы: Ақыл, ба­тыр, әке, көке, т.с.с.
Осы заңды ескермей бұрынырақта біз «Стамбул» деп жазып жүрдік. Бұл тіліміздің ды­быс үндестігін аяққа басқан әдіс еді. Кейінірек, құдай оңдап, «Ыстамбул» деп жа­за бастадық. Ал енді әріпті өзгерткенмен, ем­лені өзгертпесек, орыс тілі арқылы ен­ген Псков, Стокгольм, аерофлот, ае­род­ром, аеропорт, Клара, Кравков сыйақты сөз­дерді бұрынғысынша орыс орфог­ра­фиясы бойынша жазамыз ба? Онда бұл жаңа әліпбиіміз қалайша қазақ тілінің төл табиғатына оралу болып саналады? Дауыс­сыз дыбыстан кейін дауыссыз дыбыс қа­тарласып келетін, яғни тіліміздің дыбыс үндестігіне сай келмейтін «премьер, трак­тор, прейскурант, премьера» т.с.с. сөздер­дің жазылуын қалай реттейміз? Оларды реттейтін әріпті өзгерту емес, емлені өз­герту ғой!?
Буын үндестігі мен сөз үсдестігінде мұн­дай нақты кілтипән жоқ. Сондықтан оларды сөз қылмай – ақ қойайын.
Менің ұсынысым: Президент қол қойатын жаңа негізгі емле жобасында мін­детті түрде мынандай тұжырым болуы тиіс: «Шет елден енген сөздердің бәрі мүм­кіндігінше қазақ тілінің негізгі заңы – үндестік заңы – бойынша өзгертіліп жа­зылуы тиіс».
Сонда ғана біз тіліміздің тәуелсіздігі мен өзіндігін мүмкіндігінше сақтап қала ала­мыз. Ал егер ғалымдарымыз үндестік заңын негізге алатын жаңа емле жасамай – ақ әріпті өзгерте салса, тіліміз әлі талай бе­рекесіздікті басынан кешеді. Сондықтан, ғы­лыми негізсіз жаңа әліпби жасамайық!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір