Ағалардың алақаны
03.11.2017
2530
0

Сафуан ағамен бертінге дейін етене араласпай сырттай ғана сыйласып жүрдік. Олай болатыны, Сафекең кім көрінгенді өзіне үйір қылмайтын, кіммен де болсын, бір көргеннен жалпылдасып кетпейтін, мінезі ауыр, сырбаз да салқын қанды адам еді. Ол кезде әдебиеттегі әр буынның өз орны, өз ортасы, өз «территориясы» бар. Мүмкіндігінше ара қашықтықты сақтауға тырысатынбыз.


Қабдеш ЖҰМӘДІЛОВ, Қазақстанның
Халық жазушысы


Соған қарамастан, біздің буын­ның Сафуан Шаймерденовке деген құрметі ерекше болатын. Оған себеп: жазушының ешкімге ұқсамайтын дара мінезі, қаламынан шыққан сәтті туындылар, жазу мәнерінің сауаттылығы. «Біздің буын» деп отырғаным – Сафакеңнен бір-бір жарым мүшел кіші прозашылар: Әкім Тарази, Рамазан Тоқтаров, Қалихан Ысқақов, Сайын Мұрат­беков, Мұхтар Мағауин, Асқар Сү­лей­менов, Рымғали Нұрғалиев, тағы басқалар… Қашанда «аға – бордан, іні – зордан». Жаңағы аталған жігіт­тер жасы үлкен жазушының бәрін сыйлай бермейтін-ді. Оңаша оты­рыстарда сол кезде көзге түсіп, мақталып жүрген жазушылардың шығармаларына «читка» жасай­тынбыз. Онда бәріміздің Еуропа жазушыларына еліктеп, Гюстав Флобермен «ауырып» жүрген кезіміз. Флобердің көркем прозаға қоятын талаптары сұмдық. Ол талапқа қазақ қаламгерлерінің көбі-ақ жауап бере алмайды. Сондай «читка» кезінде сыннан сүрінбей өтетін санаулы ағаларымыздың бірі – осы Сафекең еді.
Оның үстіне, ұлы Мұхтар Әуе­зов­тің Мәскеу ауруханасында, операцияға жатар алдында жазып кеткен өсиет хаты бар. Сол кездегі аға сыншы Есмағанбет Ысмайыловқа жазған хатында өзі болашағынан үміт күтетін бірнеше жас жазушыны айрықша бөліп атайды. Олар – Тахауи Ахтанов, Сафуан Шаймер­денов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Зей­нолла Қабдоловтар… Мұхаңның назарына Тәкен Әлімқұлов пен Бердібек Соқпақбаев қалай ілінбей қалды екен? Өйткені ол жылдары осылардан басқа көзге түсетін проза­шы­лардың өзі де жоқ болатын. Жоға­рыдағы хат – әлгі аталған қа­лам­герлерге ұлы жазушы беріп кеткен мандат сияқты болды. Көп жылға дейін олардың өздері де, басқа жұртшылық та солай түсініп келді.
Сафуан Шаймерденов бұрқыра­тып көп жазатын, жыл сайын кітап шығаратын жазушы емес-ті. Ол алғаш рет 1953 жылы жарық көрген, ұстазы М.Әуезовке ұнаған «Болашақ­қа жол» атты романымен көзге түсті. Кейін әжептәуір өңдеуден өткен бұл шығарма «Инеш» деген атпен қайта басылды. Орыс тіліне, тағы басқа шет тілдерге аударылды. Осыдан кейін Сафекең қалың роман жазған жоқ. Қысқа әңгімелер мен бірыңғай хикаяттар циклін дүниеге әкелді. Жазушы қаламынан туған: «Мезгіл», «Қарғаш», «Өмір нұры», «Ит ашуы», «Мәжнүн тал», «Марғау» атты хи­каят­тарын оқушы қауым жылы қабылдады. Ал өндіріс тақырыбына жазылған «Жыл құсы» атты повесі ВЦСПС пен КСРО Жазушылар одағының сыйлығын алғаны есіміз­де. «Ағалардың алақаны» атты эс­селер кітабы 1988 жылы Абай атын­дағы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды.
Сафекең өткен ғасырдың жетпі­сінші жылдарында Мәдениет ми­нис­трлі­гінің репертуар бөлімін басқара жүріп, драма жанрында да біраз тер төккен. Жазушы қаламынан сол кезде туған: «Қайдасың, Зарина», «Әнім – сен едің», «Өкіл әке», «Дө­кей келе жатыр», «Төрт бойдаққа бір қалыңдық» пьесалары кезінде республика театрларында қойылып жүрді.
С.Шаймерденов жасаған аудар­ма­лар бір төбе. Ол Лев Толстойдың «Альберта» повесін, үндінің ұлы жазушысы Р.Тагордың «Күйреу», «Гауірмакан» романдары мен «Алтын сағым» атты әңгімелер жинағын қазақшаға жатық аударды. Ал, «Күйреу» романын сәтті аударғаны үшін Жазушылар одағының арнаулы сыйлығын алуы – ол кезде де, қазір де сирек кездесетін оқиға.
Жоғарыда аталған шығармалар­дың қай-қайсысы да кезінде жұрт­шылық сүйіп оқыған, әдеби сынның жоғары бағасын алған дүниелер. Біз оларды кейінгі кезде кітап оқудан суына бастаған бүгінгі ұрпақтың есіне салу үшін ғана айтып отыр­мыз.
Біз әдебиеттің есігін қаққан жылдарда жазушыларға деген ел құрметі ерекше болатын. Жазушы­ның жүріс-тұрысы, киім киісі, сөйлеу мәнеріне дейін – жұртшылық назарында. Ал, біз сияқты сөзбен «ауырған» жас таланттарға жазу­шы­ның сырт тұлғасының өзінен оның шығарма жазу мәнері көрініп тұрғандай әсер етуші еді. Мәселен, Мұхтар Әуезовтің тұла бойындағы ұлылық, ғұламалық, маңғаздық, тереңдік, ерекше ауыр салмақ оның шығармаларында қағаз бетіне сол күйі түсетіні күмән тудырмайтын. Сәбит Мұқанов бойындағы қара­пайым­дылық, мінезіндегі ашықтық, турашылдық оның жазғандарынан да ап-анық көрініп тұратын. Ал, ұлы Ғабеңнің – Ғабит Мүсірепов бойын­дағы паңдық, кербездік, тәкаппарлық – оның жазу мәнерінде сол күйі қайталанғандай әсер қалдырушы еді. Баяғыда Қызылжар өлкесінде сал-серілерден бөлек, паң Нұрмағам­бет деген кісі өтіпті. Ғабең маған сол паңдардың бүгінге жеткен сарқыты сияқты көрінуші еді…
Сол паңдар елінде туып өскен Сафуан ағамыздың тұлғасынан да бір тектілік, сүйекке біткен серілік пен ірілік байқалып тұратын. Қашан көрсең, сол сырбаз да салқын, салмақты қалпы. Сындардай сұңғақ бой қандай! Иілмей-бүгілмей, тіп-тік болып жүретін еді… Сафекең алпыс жасқа толғанда, ақын ағамыз Ғафу Қайырбековтің оған арнаған өлеңі бар. Сол өлеңдегі «сорайған солтүстіктің қарағайы» деген бір жолға Шаймерденов тұлғасы түгел сиып тұрғандай.
Жазушының кісілік қалпы де­ген­ге тағы бір мысал. Алматының Жамбыл көшесінде бір кезде Жазушылар одағының әдеби қоры салдырған «Ақ үй» және «Сары үй» деген үйлер бар. Кезінде бұл үйлерде елу-алпыс жазушы тұрушы еді. Қазір санаулы ғана адамдар қалдық. Сол үйдің бірінде атақты ұйғыр жазушы­сы Хизмет Абдуллинмен он жылдай есікпе-есік көрші тұрдым. Хизмет әка өзін сергек ұстайтын, жәй үй маңына серуенге шықса да шалба­рының қыры сынбай, таза жүретін кісі еді. Өйткені ол өзінің әдебиеттегі орнын жақсы білетін-ді. Бір күні есік елдында әңгімелесіп отыр едік, көрші кіреберістегі бір жастау жазу­шы дүкенге қарай жүгіріп барады екен. Қолында – тор-дорба, аяғында – башмақ, бұтында шолақ шалбар… Әлгіні Хизмет әка шақырып алып:
– Ау, жігітім, сенің мына жүрісің не? Мына түріңді көрген адамдар ертең сенің кітабыңды қалай оқиды? Сені теледидардан, не газет бетінен көре қалса «Мынау – әлгі дүкенде картошкенің кезегінде тұратын сорлы ғой» демей ме? Осы сендер неге дұрыс киініп жүрмейсіңдер? – деп қатты ұрысқаны бар…
Жазушылардың басынан жұрт назарын өзіне аударған сондай бір серілік дәуір де өтті-ау. Қазір жазу­шының өзі кім, сөзі кім? Киген киімі, жүріс-тұрысы, күнкөрісі қандай? Көз салып, көңіл аударып жатқан ешкім жоқ.
Сафуан ағамыз өзінің кім екенін, әдебиеттегі орнын жақсы білді. Жазушылар арасында ең алғаш «Волга» машинасын алып, оны ұқсатып айдап жүрген – Сафекең болды. Ол жылдары жеке адамға автокөлік сатылмайтын кез. Біз көргенде, жеке көлік Мұхаңда, Сәбеңде, Ғабеңде ғана бар болатын. Әрине, ол кісілер машина рөліне отырған жоқ. Жүргізуші қызметін пайдаланды. Ал өз машинасын өзі айдаған «шопыр жазушының» алғашқысы – Сафуан ағамыз еді. Және ол кісі машинаны қалай айдайды! Сафекең рөлде отырғанда «Волганың» көркі арта түскендей болатын. Сафуаннан қалғысы келмей оның достары Тахауи, Әбдіжәміл, Бердібектер де көп кешікпей машина алды. Бірақ олардың көлігін көрсетіп, кеңес сұрайтын «автомеханиктері» – Сафекең еді.
Шаймерденовтың өз аузынан естіген бір әңгіме есіме түсіп отыр. Бір күні Сафекең үйінде жазу жазып отырғанда, Әбдіжәміл досы телефон соғады.
– Сафуан, сен келіп көрмесең болатын емес. Көшеде келе жатыр едім, машинам төбеден ұрғандай тұрып қалды. Өзім қанша шұқыласам да ештеңе таппадым, – депті.
– Қай жерде тұрсың?
– Абай даңғылы мен бәленбай көшенің қиылысында…
Сафекең, амал жоқ, жазуын тас­тап, өз машинасымен жаңағы жерге барады. Күн әуе айналып жерге түскендей ыстық. Асфальттың өзі былқылдап еріп жатыр. Көшенің дәл ортасында Нұрпейісовтың «Волгасы» тұр. Таяуда ғана алған су жаңа машинаға не боп қалды деп, Сафекең капотты ашып қарай бастайды. Бәрі өз орнында, еш кінәрат таппайды. Келесі кезекте кабинаға кіріп, жанармайдың көрсеткішіне көзі түскенде санын бір-ақ соғыпты. Қараса, машина багінде бір тамшы бензин қалмаған екен. Ыза болған Сафекең:
– Әй, Әбдіжәміл, машина жанармайсыз жүрмейді ғой. Бакті бензинге неге толтырып қоймайсың? – деп досына біраз лекция оқыса керек.
Амал жоқ, өз машинамнан май құйып беріп, үйіне зорға дегенде жеткізіп салдым, – деп отыратын Сафекең марқұм.
Сафуан Шаймерденовтың тура­шылдығы, шыншылдығы, кімнің ал­дында болсын өз пікірін бетке айтатын батылдығы небәрі екі жа­рым жыл билік басында отырған Колбин кезінде жарқырап көрінді. Әйгілі Желтоқсан көтерілісі қазақ зиялысын сынақтан өткізетін қыл­кө­пір болды ғой. Қонаев орнынан түсіп, Колбин келгенде, «Мен осы өзгерісті қанша жыл күттім?..» деп оның алдына барып бас ұрған қазақ қаламгерлерін де білеміз. Ал, менің көршім Хизмет Абдуллиннің:
– Ұят болды. Ертең қазақ хал­қының бетіне қалай қараймыз? Кеше біздің бір топ ұйғыр Колбин­нің алдына барып: «Біз – қазақ ұлтшылдарының табанында таптал­ған ұлтпыз. Қонаев тұсында көрме­ген қорлығымыз жоқ. Бізге оң көзіңізбен қарасаңыз екен!» деп арыз айтыпты! – деп қатты ренжіп отырғанын өз құлағыммен естіп едім.
Бұлардан басқа сол екі жыл іш­інде Колбинның алдын босатпай, онымен ауыз жаласып, достасып алғандар қаншама!
Колбин сол екі жылда Жазу­шы­лар одағына екі рет келді. Қанша де­генмен, арты қуыс адам ғой, жазушылардан қатты қаймығатын. Сол кездесулерде оған екі жазушы мықтап тойтарыс берді. Олар – Жұбан Молдағалиев пен Сафуан Шаймерденов. Жұбан әлі ізі суып үлгермеген Желтоқсан көтерілісі жайында айта келіп:
– Мен – кешегі майдангермін. Октябрь төңкерісіне жетпіс жыл толайын деп тұрғанда, Алматы көшелерінде қазақтың ұл-қыздары­ның қарулы әскер тарапынан соққыға жығылып, итке таланғанын көргенше, осыдан қырық бес жыл бұрын майданда оққа ұшқаным әлдеқайда артық еді. Өз басым соған өкінемін! – дегені есімде.
Ал Сафекең мәселеге мүлде басқа қырымен келді.
– Сіз Қазақстанға келгелі жұрт­шылықпен жиі кездесіп жүрсіз. Оны теледидардан біз де қарап отырамыз. Сонда байқағаным: сіз осы жұрт­шы­лықтың алдында неге ыржыңдап күле бересіз? Көпшілік сізге мазақ па? Әлде халықты балаша алдағыңыз келе ме? Осыған жауап беріңізші? – деген-ді.
Күтпеген сұрақтан Колбин қатты қысылды. Орамалын алып, маң­дайының терін сүртті. Сонан соң:
– Жаңа келген басшының түсі суық екен деген сөз тарапты. Күле беретінім – өңімді жылтқан түрім ғой! – деп ақталған болды.
Сафекең ер жігітке қажет біраз өнерді жетік меңгерген кісі еді. Шахматшы, қарташы, бильярдшы. Тастаяқ ойнауға ол кісінің бойы да, қолы да еркін жетіп тұр. Сексенінші жылдардың басында тау жақта жазушылардың шығармашылық үйі жаңадан ашыла қалды да, бәріміз үймелеп, сонда жатуға асықтық. Қырық бөлмелі, бірнеше люксі бар, төрт қабатты үлкен үй. Шығарма жазуға барынша қолайлы еді. Өз басым сол жылдарда «Атамекен» мен «Тағдыр» романын, «Дарабоз­дың» бірінші кітабын сол шығар­машылық үйінде жаздым.
Шығармашылық үйі алғаш аш­ыл­ғанда, Ғ.Мүсірепов бастаған, С.Шаймерденов қостаған біраз жазу­шылар сонда жатып, жазу жазды. Ғабеңнің бастамасымен үлкен бір залға бильярд тақталары қойылған. Тағы сол Ғабең арнайы шебер ша­қыртып, әрқайсымыз тыраш­танып, бір-бір кий жасаттық. Қабымен 100 сом тұратын сол кий әлі де менің үйімде тұр. Бильярдтың жілігін шағып, майын ішкендер де, жаңадан үйреніп жүргендер де жабыла ойнап жатамыз. Таң атқаннан түс ауғанша қозғалмай жазу жазатын кісілерге бильярд өте пайдалы. Бір сағат тастаяқ қағыстырсаң, өзің де байқамай төрт шақырымдай жол жүретін көрінесің.
Бір жылы қыста шығармашылық үйде жатқан Ғабит ағамыз өз қалта­сынан ақша шығарып, бильярдтан турнир ұйымдастырды. Жиыны жиыр­мадай жазушы жарысқа қаты­сып, қабырғаға жапсырылған кесте бойынша кезекпен ойнауға кірістік. Ғабеңнің өзі – бас төреші. Қалт етпей қарап отырады… Сол турнирде Сафуан ағамыз ешкімді бет қаратпай, бірінші бәйге алды. Жаңылмасам, Сәкен Жүнісов екінші, Шерхан Мұртаза үшінші орын алды-ау деймін. Біз сияқты қолына кийді кеш ұстағандар төменгі орында… Менің сонда Сафуан ағама қалжың­дап:
– Сафеке, ұмытып кетпеңіз. Сіз сексенге келгенде бильярдтан қа­рымта қайтарам! – дегенім бар-ды.
Кейін Сафекең сексенге де келді. Бірақ бұл кезде жазушыны науқас айналдырып, жүдеп қалған кезі еді. Көңілін сұрай барғанымда баяғы әңгімені еске салып:
– Есіңізде бар ма, сіз сексенге келгенде, мен бильярдтан есе қайырмақ болып едім. Ойнауға қалайсыз? – деймін ғой әдейі көңіл көтеру үшін. Сафекең әдетінше сыпайы ғана күліп:
– Оған шама келмей тұр ғой… Сондықтан қарымта қайтты, сені жеңді деп есептейік, – деп қолымды алғаны есімде…
1992 жылы Сафуан Шаймер­де­нов­тың 70 жасқа толған мерейтойы республика көлемінде аталып жатты. Біз, бірнеше жазушы Сафекеңнің шашпауын көтеріп, оның туған елі Қызылжар өлкесіне бардық. Онда мерейтой иесімен тұрғылас аға жазушылардың қатары түгел кезі. Бірақ, соған қарамастан, Сафекеңнің қасына ерткен адамдары кім дейсіз ғой? Өз замандастары емес, өзінен бір-екі мүшел кіші інілері. Оның өзі үш-ақ адам: Төлен Әбдіков, ол кезде Президент аппаратында істейтін, қазіргі Парламент депутаты, әде­биетші Сауытбек Абдырахманов және мен. Сол ешкімге ұқсамайтын, ешкімді қайталамайтын Сафуандық мінез. Өзіне кімнің жазғандары ұнаса, соларды таңдап алған.
Мерейтой ойдағыдай жақсы өтті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылы ғой. Еңсеміз биік, рухымыз көтерің­кі. Бәріміздің бойымызда тасып төгілген бостандықтың буы бар. Қызылжар – Мағжанның, Сәбит пен Ғабиттің де туған жері ғой. Сол қасиетті қоныстардың бәріне барып тауап еттік. Ал Сәбит, Ғабит, Сафуан үшеуі бір ауданда туған. Жамбыл ауданы. Жол-жөнекей бір әңгімеде Сафекең:
– Республикада Жамбыл атында үш аудан бар. Алматы облысында, Жамбыл облысында және осы Қызылжарда. Кейде жазылған хаттар адасып келіп жатады. Ана жылы Сәбеңнің 90 жылдығында: «Сәбит – Жамбылдың жақсы көретін інісі еді. «Балуаншолағым» деп ерекше құрметтейтін. Сол Жәкеңнің аруа­ғынан кешірім сұрап, осы ауданды Сәбит Мұқановтың атына көшірсек қайтеді деп жоғарыға хат жазып едім, еш жауап келмеді, сірә, қоштамады-ау деймін, – дегені бар…
Аудан жұртшылығы Сафекеңді құшақ жая қарсы алды. Ауылдарға барып кездесу өткіземіз. Облыс әкімі Гартман Сафуан аға мен Бағдат апайға өзінің «Зимін» беріп қойған. Алда – жол бастаушы ГАИ. Артта бір-бір машинада біз келе жатамыз. Бұл – менің Қызылжар өлкесіне бірінші рет келуім. Алған әсерді сұрама: сұлулықтан есім кетті ғой. Қарағайлы қапталдар, ақ қайыңды алқаптар… Жасыл-сары түстер кезектесіп, бір әдемі өрнек құрайды. Жиналған жұрт клубқа сыймай, кездесулерді көбінше орман саясында, алаңқайларда өткізіп жүрдік. Бұл – классиктер туған өлке ғой. Сафекең жайында айтқан лебізімізді сөз қадірін білетін жұрт ұйып тыңдайды.
Сол жылдары орыстың Сол­женицын, Жириновский сияқты арандатушылары «Сібірде қазақтың жері жоқ, бәрі орыс жері» деп, солтүстік облыстарға көз қызартып, таласып жүрген кезі. Алғашқы кездесулердің бірінде мен бір кезде Мағжан туған, Сәбит пен Ғабит туған мынадай әсем өлкеде Сафуан­ның тумауы мүмкін емес екенін айта келіп, «Егер жерге байланысты жанжал шыға қалса, мен хабарсыз қалмайын. Осындай көрікті де қасиетті өлке үшін шейіт боп кетуге бармын» деп едім. Менің осы сөзімді ертеңінде облыстық қазақ газеті ірі әріптермен басып жіберіпті. Жұрт­шылық газетті сол күні-ақ оқып алса керек. Бұдан былайғы кез­десу­лерде қошамет-құрметіміз тіпті арта түсті.
Осы сапарда Сәбең мен Ғабеңнің мұражайларында болып, облыстың көрікті жерлерін аралағанымыз, Бибігүл ғана шырқайтын әсем әнге айналған әйгілі «Қыз қарағайды» көргеніміз естен кетпейді. Содан айналып, ақырғы күндердің бірінде Сафекеңнің өз аулына келдік. Ең алдымен ауыл шетіндегі ескі қорымға бұрылдық. Қалың зираттың бір шетінде Сафуанның әке-шешесі қатар жатыр екен. Бейіт басына құр келіп қайту ыңғайсыз. Аруаққа құран бағыштау керек.
Міне, дәл сол арада маңызды бір мәселенің әкімшілік жасаған графикте ескерілмегені мәлім болы. Аруақтарға аят оқитын молда жоқ. Өткен ғасырда орыс отаршылдары­ның күшпен шоқын­дыру науқанына арыстандай атылып қарсы шыққаны үшін итжеккенге айдалып кеткен Науан Хазіреттен кейін бұл өлке молдаға жарымаған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылында Солтүстік өңірде мешіт салынбаған, жас имамдар оқу бітірмеген кезі… Бұл ауылдарда калимаға тілі келетін дүмше молда­ның өзі қат екен. Ата-анасының басына әдейі келіп тұрып, құран оқитын кісі таппағанына Сафекең қатты налыды.
– Апырай, әнекүннен бері жиналыстан көз ашпай, далақтап жүре беріппіз. Бізден құран дәметкен аруақтарды қалай ұмыттық екен?! – деп қиналып тұрған-ды. Дәл осы арада менің аздаған сопылығым кәдеге асып кеткені.
– Сафеке! – дедім көпшілікті жалт қаратып. – Менің Шәуешек деген шаһарда аздап ескіше оқыға­ным бар еді. Егер рұқсат етсеңіз, ата-анаңызға бағыштап, мен құран оқып берейін!
– Ойбай-ау, манадан бері неғып бөгеліп тұрсың? Оқысайшы! – деп жиналғандар шу ете түсті.
Мен сол арада жүгініп отыра кет­тім де, өзім білетін аяттардың орташа біреуін оқып шығып, бата жасап, бет сипадым. Сондағы Сафекеңнің қуанғанын айтпа! Маған разы болғаны сонша:
– Айналайын, бауырым, сен бұл сапарға құдай оң бастап шыққан екенсің-ау! Әнекүннен бері мен туралы айтқан жылы лебіздерің өз алдына, ата-анамның басына құран оқып бергеніңді қалай ұмытайын?! – деп, айқара құшақтап, бауырына басқаны әлі есімде.
Зымыраған заман. Міне, содан бері де арада жиырма жылдай уақыт өте шығыпты. Сафекең тірі болса, биыл тоқсанға толып, ортамызда отырар еді. Иә, табиғатынан қай­ратты, қара ағаштай қатты ағамыз тоқсаннан асуы да мүмкін еді. Бірақ «Сорайған Солтүстіктің қарағайы» аяқ астынан морт сынды.
Жазушыны күйретіп кеткен – аяулы ұлы Саянның мезгілсіз мерт болуы екені айтпаса да түсінікті.
Бұл күнде Алматының батыс жағындағы коттедждер қалашығында «С.Шаймерденов көшесі» деген көше бар. Бұл – жазушы Сафуан Шаймерденовке берілген көше ме, әлде даңқты спортшы, КСРО спорт шебері, КСРО-ға еңбек сіңірген жаттықтырушы, көгалдағы хоккей­ден әлем чемпионы Саян Шаймер­денов­ке берілген көше ме, ол жағын ары-бері өткен былайғы жұрт біле бермейді.
Бәлкім, әкелі-балалы екеуіне бір көше жетеді деген шығар. Даңқ көшесі, таланттар көшесі, Шаймер­денов­тер көшесі… Сол көшеде менің Жәнібек деген кенже ұлым тұрады. Сол көшемен баламның үйіне барған сайын Сафуан ағаны еске аламын. Көз алдымда естен кетпес, әлі күнге дейін Петропавл деген аттан құтыла алмай жүрген Қызылжар өлкесі. Ақ қайыңды алқаптар, қарағайлы қапталдар…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір