Бізге ол ұлы роман боп көрінетін
Андре МОРУА
Андре МОРУА (1885-1967) – аса көрнекті француз жазушысы. Өнеркәсіпшілер отбасында дүниеге келген. Руандағы Корнели атындағы лицейді бітірген. Оған Еуропада Ален деген атпен танылған философия пәнінің оқытушысы Эмиль Шартье үлкен ықылас еткен. Лицейді бітірген соң болашақ жазушы әкесінің фабрикасында басшылық қызметтерде болады. Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысады. Францияның жеңілісінен соң, АҚШ-қа барып, көптеген тарихи һәм көркем шығармалар жазады. Соғыс біткен соң, Отанына оралып, жазу үстеліне қайта отырады. Оның қаламынан «Ариэль немесе Шеллидің өмірі», «Дизраэлидің өмірі», «Байрон», «Бернар Кене», «Құбылмалы махаббат», «Отбасылық топ», «Лелия немесе Жорж Сандтың өмірі», «Олимпио немесе Виктор Гюгоның өмірі», «Үш Дюма» сынды толымды да толайым шығармалар туған. Ал, сексен жасында «Прометей немесе Бальзактың өмірі» атты ақырғы кітабын жазған.
Көптеген адам Ролланның есімін алдыңғы буынмен салыстыратындықтан, олар үшін бұл кітаптағы зерттеулер орынсыз болып көрінуі мүмкін. Алайда, ол Жидтен үш жыл бұрын туып, Пегиден отыз жыл кейін қайтыс болды емес пе?! Ал, сонымен қатар оның «Жан-Кристофының» мен үшін және менің заманымдағы басқа да жастар үшін атқарған маңызды рөлін қалай ұмытуға болады?.. Бізге ол ұлы роман боп көрінетін. Әлбетте, «Соғыс пен бейбітшілік» секілді толыққанды емес, бірақ та сол кездегі бізді шынымен-ақ шабыттандыра түсетін роман «ағымдары»: «Тибо әулетінің», «Рахымды ойлар адамдарының» негізгі бастауы болатын.
Сонымен қатар, 1914-1918 жылдар аралығында соғыс кезінде Ромен Роллан жалғандыққа жаны қас, бағаны қолдан көтергендер мен сатқындарды жек көрген патриот-француздардың алдыңғы сапында болды. Соның нәтижесінде ресми, әдеби орталар тарапынан қуғын-сүргінге ұшырады және әдеби сын ол туралы тіс жармады: ал, керісінше, дәл соның арқасында шетелде оның көптеген оқырманы болды және 1918 жылы Нобель сыйлығы қанжығасына байланды. Осылайша, оның интеллектуалды күш-қуаты, қайрат-жігері біз көрсеткен құрметке қанша лайықты болды?!
Ромен Ролланның тарпаң да екпінді, ашық-жарқын ойлы лиризмі Стендаль поэтикасын қош көретін замана оқырмандарының зәресін ұшырды. Соған қарамастан мен оларға «Жан-Кристофты», «Күнделіктерді» және көптеген жазбаларды оқып шығуға кеңес берер едім. Олардан оқырмандар терең де шынайы сезімдерді табады. Ален «Лилюляны» ең жоғары марапаттарға лайық драма деп таныған. Және де осы бір елірме сезімдер нәзік ақылдың тез арада айнып қалуына жол бермесінші. Соғыс, жарлылық, екіжүзділік сияқты сюжеттереге келгенде Гюго немесе Толстойды еске салатын ділмарлыққа толығымен беріліп кетеді. Бірақ та ол қылмыс емес қой!.. Бүгіндері бізді таңғалдыратын оның бойын кернеген шаттық шынайы, ал меніңше, тіпті аса пайдалы болды. Шаттануға кім лайық болса, сараңдық танытпаңыз, мейлі ол Бетховен, мейлі ол Микеланджело болсын. «Осы бір тәкаппар адамның, – дейді Ален, – қандай да бір күштің алдында тізе бүкпегенін және өзінен басқаның ақыл-кеңесін ешқашан тыңдамағанын ұмытпаған жөн».
Аударған Тоқтарбек ҚАМЗИН.