Жаңа жібек жолының жемісі
20.10.2017
1238
0

Шэньси провинциясының Сиань қаласында өткен Қазақстан мен Қытай жазушыларының симпозиумының нәтижесі жинақ кітап болып жарыққа шықты.

Қыркүйек айында бір топ қазақ жазу­шылары Қытайдағы Солтүстік-Батыс университетінің ұйым­дас­тыруы­мен Қазақстан-Қытай жазу­шы­ларының алғашқы симпозиумына барып қайтқан болатын. Қазақстан делегациясын Кітап палатасының ди­ректоры, жазушы Әлібек Асқар бас­тап барды.
Симпозиум өткен Сиань қаласы – бұ­дан 3100 жыл бұрын іргесі қала­нып, 13 династия алмасқанша Қытай­дың астанасы, «Ұлы жібек жолының» бас­тауы болған, мәдениеті мен тари­хы бай қала. Атақты Цинь Шихуанди мавзолейі мен оған қоса жерленген Тер­ракота әскері осы қаланың ірге­сін­де. Қазақстан мен Қытайды ғана емес, Еуропа мен Азияны байланыс­тыр­ған «Ұлы Жібек жолының» қар­қын­ды дамуына Цинь дәуірінің ық­палы ерекше болғаны тарихтан мә­лім. Қазақстаннан барған құрметті қо­нақтар осы мавзолейге барып, ға­сыр­лар қойнауына сан түрлі аңыз қал­дырған, бүгінде әлемдік
ЮНЕС­КО Мәдени Мұрасының тізі­міне ен­­ген, шын мәніндегі Әлемнің сегі­зін­­ші кереметін аралап көрді.
Шара барысында қазіргі кездегі әде­биеттің хал-ахуалы мен өзекті мә­се­лелері сөз болды. Жазушылар төрт күн бойы өз туындыларымен бөлісіп, қа­­зіргі кезеңдегі әдебиеттің рөлі, оның халықтар арасындағы бай­ла­нысқа әсері жайында келелі әңгіме қоз­ғап, ой-пікірлерін ортаға салды.
Симпозиум нәтижесінде — ҚР Ұлт­тық мемлекеттік Кітап палатасы мен Солтүстік – Батыс Жібек жолы уни­верситеті өзара меморандумға қол қойды. Меморандумда екі жақ­тың жазушылары үшін де маңызды әрі пайдалы болған симпозиумды тұ­рақты түрде өткізіп отыру туралы ше­шім қабылданды. Аталған шараны ал­дағы жылда да жалғастыру туралы ұсы­ныстар қызу қолдау тапты. Екі ел­дің заманауи жазушыларының әде­би шығармалары жарық көріп отыра­тын веб-сайт ашылатын болды. Қы­тай-қазақ жазушылары шы­ғарма­ларының жыл сайынғы жинағын шығаруды қолға алу келісілді.
Жақсы бастаманың алғашқы же­місі ретінде, симпозиум нәтижесі жи­нақ кітап болып, жарыққа шығып үл­герді. Жинаққа бірнеше қытай жазу­шыларының шығармалары мен қазақ жазушыларының, ақындары­ның шығармалары енген.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір