Қос ананың құшағында
Сағаттың туған жері – байтақ еліміздің қиян бір түкпіріндегі көкке бой созған, Хантәңірі сілемдерінің қойнауындағы қазақ ауылы. Сынық мінез, елгезек, аңқылдаған ақкөңіл баладан кемел азаматқа айналған перзентімізді бала жастан танып білдік. Елі оның болашағынан көп үміт күтті. Үмітіміз ақталғандай да еді. Әттең сұм ажал арамыздан ерте жұлып әкетті…
Біз бүгінгі әңгімемізде Сағат ұшқан ұя, оны өсірген орта туралы айтқымыз келеді. Ол 1947 жылғы 1 мамырда Алматы облысының Райымбек ауданындағы Нұрбапа Өмірзақов ауылында дүниеге келді. Әкесі Ұлы Отан соғысынан келген майдангер еді, ерте көз жұмды. Сағат пен інісі Бақберген үлкен әжесі Қанымжан мен анасы Сәйіпжамалдың тәрбиесінде өсті. Біз бұл кісілерді жақсы білеміз. Әсіресе, әжесі Қанымжан бала Сағаттың сезімтал, білімпаз болып қалыптасуына зор ықпалын тигізді. Қанымжанды бүкіл ауыл сыйлайтын. Ол ағайын-туманың арасын біріктіруші қормал, тумағанды туғанындай бауырына тартатын мейірім шуағы мол жан болатын. Ағайын арасын жақындатушы дәнекер, жаны жұмсақ ондай жандар бүгінде сирек. Әрі қолы шебер, керемет ісмер кісі еді. Қазақ ауылында ол кезде киім тігетін қазіргідей тігінші дегендер атымен жоқ. Киім-кешектің де тапшы кезі. Бүкіл ауылдың кәрі-жасының киімін сол жеңешеміз тігуші еді. Оны «Сәлбен ауылының жағасын жинаған жан» дейтін. Қайран Қанымжан жеңге, өзің балапандай бауырыңа басқан Сағатың қалың қазақтың мақтанышы болды ғой. Ол да сенің шарапатың шығар…
Ал, Сағаттың өз анасы Сәйіпжамал соғыстан кейін ер-азаматтай арба айдап, түз жұмысына бейімделіп кеткен жан болатын. Колхоздың қара жұмысын зейнеттік демалысқа шыққанға дейін атқарды. Колхоз қайда жұмсаса, қысы-жазы сонда жүрді: тұқым тазалады, егін салды, шөп дайындады…
Мұқағали ақын жырлаған:
Қайран біздің шешелер!
Арды ойлаған.
Шілік шауып, ши орып
Бау байлаған.
Жігіттерден айырылып қалмай қараң,
Қырман басып егін сап,
Арба айдаған! –
деген өлең жолдары осындай жандарға арналса керек.
Бұл екі аяулы ана да балаларының ат жалын тартып мініп, азамат болғанының шетжағасын ғана көрді. Сағаттай азаматты дүниеге әкеліп, өсіргені үшін, халқына осындай біртуар азамат сыйлағаны үшін екі Анаға да үлкен тағзым!
Орайлы сөз
«Әдебиет сыншысы Сағат Әшімбаевтың талдауы терең, толғамы кең, ойы, пікірі салиқалы әдеби сын мақалалары әуел бастан-ақ төрден көрінді… Ол өзінің балаң жасына қарамастан әдебиетке салиқалы ой, орынды, орнықты пікір айтып келді. Көрегендігін көрсете білді. «Балаң жасы» деп отырғаным, Сағат өзінің жиырма жасында-ақ ақылгөй ағалыққа тән әділ баға, тұщымды сөз айта білді».
Қуаныш Сұлтанов,
ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты.
«…Сағат арманының күрең тұлпары, көз жетпес асқары не екенін білмегенмен шамалауға болар. Ол өзінің қайталап айта беретін сөзі – елінің алдындағы парызы мен қарызын барынша өтеу шығар. Олай болса, Сағатжан, сен соның бәрі-бәрін екі жастың біріне келмей-ақ артығымен өтедің!».
Шерияздан ЕЛЕУКЕНОВ,
профессор.
«…Біз Ахметтің, Мағжанның, Жүсіпбектің, Сәкеннің қабірінің басына бара алмаймыз… бірақ біз дәл солардай елі үшін сана күші мен сезім қуатын сарқа жұмсап еңбек етіп, өмірден ерте кеткен Сағаттың ескерткішінің қасына келіп, сол арыстар үшін де тағзым ете алатынымызға тәубә…
Сағат екі тізгінді тең ұстаған азамат. Бірі – әдебиетші-сыншылық, екіншісі – қайраткерлік. Қоғам қайраткері ретінде де, әдебиетші санатында да, Азамат қалпында да Сағат өз халқының алдында парызын өтеп кетті. Ол халқына қарыз емес…»
Рымғали НҰРҒАЛИ,
академик.
Сағатты әлпештеп өсірген бұл екі аяулы Ананы тегіннен-тегін тілге тиек етіп отырғанымыз жоқ. Сағаттың өсіп қалыптасуында осы екі адамның орны ерекше. Мәселен, орыстың ақыны А.Пушкиннің ақындығында ертекші әжесі А.Родионованың, Абайдың кемел талант болуында әжесі Зеренің, анасы Ұлжанның орны қандай болса, Сағаттың да биік парасаттылығы осы Аналардың адамгершілік рухани тазалығынан бастау алды. Ол адал сүт емген азамат еді!
Сағат мектепті алтын медальмен бітіріп жоғары бағалы аттестатқа ие болды. Жоғары білім алды. Қарапайым қазақтың үйінде дүниеге келіп, өмірдің қилы өткелінен өткен, сөйтіп мемлекет қайраткері дәрежесіне көтерілді. КСРО Жазушылар одағының мүшесі болды. Біз, жерлестері Сағатты әрдайым ардақ тұтамыз.
Әбдіжаппар ЖАЗЫЛБЕКҰЛЫ,
соғыс және еңбек ардагері.
Жұмәділ ҚАРАБАЙҰЛЫ,
ветеринария ғылымының
кандидаты, еңбек ардагері.