Рух ақиқаты
Нұрлан ОРАЗАЛИН,
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
«Қайран Сағат, жандың, сөндің, от едің,
Парызың мен қарызыңды өтедің…».
Жарасқан Әбдіраш.
Сағат өмірден озғалы жиырма алты жыл өтті…
Жиырма алты жыл?!.
Бір адамның өмірімен өлшер болсақ, үлкен мерзім, тарихтың талқысына салсақ, көзді ашып-жұмғандай қысқа – қас қағым сәт!
Сағатсыз өткен осынау ширек ғасырдан асып жығылар қысқа мерзім ішінде әрісі – әлемде, берісі Ұлы Дала Елі атанып, тәуелсіздік тұғырына көтерілген қазақ жұртында қаншама өзгерістер болды. Сағат көре алмай кеткенімен, өзі қойын-қолтық араласып жүріп, үзеңгі-бауын бүтіндескен, ер-тұрманын түгендескен Тәуелсіздігіміздің көк туы көгімізде желбіреді.
Өмірімзде, қоғамымызда түбірлі жаңалықтар болды.
Сағат ұрпақ пен ұлттың өмірлік ұстанымдарын анықтап, қағиттарын түгендеуде пір тұтқан, ұлттың ұлы ұстазы санаған данышпан Абай «үлкен көлге» теңеген ұлы дүниенің кескін-келбеті, болмыс-бітімі «Заман атты соққан желдің» құдіретімен адам танығызсыздай түлеп, жаңғырды. Біздің дәуіріміздің екі мыңжылдық белдеуін артқа тастаған жаңа тарихты жасаушылардың мінез-құлқы, қарым-қатынасы да күрделене түсті. Адам Ата мен Хауа Ана ұрпақтарына мекен болған қасиетті қара жердің рең-түсі өзгеріп, жаратылыс-ана да қырық түрлі құбылыстарға түсе бастады. Қара жердің өзгерген өзен-көлі мен тау-тасы, құм-шөлі мен орман-тоғайы адам санасы мен дүние танымын жаңа арналарға бағыттады. Алты құрлық арпалысына түскен өмірлік ұстанымдар мен ұлтқа, ұрпаққа бағыт сілтер даму мен өркендеудің сауалы көбейді.
Қай кездегідей сұрақ көп те жауап аз…
Сұрақ-сауалдың ең ауыры да, ең күрделісі де ғаламдық құбылыстар мен жаратылыс әлеміндегі адам болмысын сақтауға, адам жанын қорғауға ойыса бастағанын аңғарамыз…
Иә…
Сағат – сыншы…
Сағат – ойшыл…
Сағат – қайраткер…
Сағат – азамат дейтін тұлға табиғатын танып бағалауға себі тиер осы бір төрт сипат пен төрт таңбалы Әшімбаев әлемі туралы бүгінгі Сөзіміздің тіл ұшына дәл осылай «адам болмысын сақтау», «адам жанын қорғау» дейтін күрделі сауалдарды жетегіне алып оралуы да шамасы бекер емес?!
Әдебиетті «адам жанын тәрбиелеу» мен «адам мінезін қалыптастырудың» қайнары санай отырып: «Адам өткенге қарап өседі, бүгінге қарап бой түзейді, болашақты болжап, күн кешеді. Өткенге қарап өсу кеткендерді келемеж ету үшін емес, өткен-кеткендердің кереметін алып, керегі жоқ кемшіліктерін қайталамау үшін қажет…» деген ойшыл Сағаттың кешегі ұстаным-пікірі бүгінгі жаһандану дәуірі қалыптастырып отырған өмір ақиқатымен үндесіп жатқан жоқ па?!
Бұл үндестік – уақыт пен уақыт сабақтастығынан туындаған ой өміршеңдігі мен рух жасампаздығының үндестігі ғой…
Иә…
Сағатты бізден екі дүние қағидасымен алыстатқан жиырма алты жыл оның бейнесін мына жалған дүниеден алып кеткенімен, шын дүние – рух дүниесі әлемінен көшіре де өшіре де алмағанын сезінеміз. Осының өзі Сағат қиялы мен ойын тербеген ұстанымдардың дәйектілігін, мақсат-мұратының өміршеңдігін танытар, халық санасындағы тұлға тұғырын уақыт өткен сайын биіктетіп, бекіте түсер өмір өлшемі мен мәңгілік кескінінің көрінісі екені шүбәсіз.
Бұл өлшем, бұл кескінге ие болу – қолына қалам ұстап, уақыт дейтін безбүйрек, қатал кеңістікпен жарысып сөз оздырған, таласып ой түлеткен кез келген көркемсөз жаратушысының түпкі арманы, түбегейлі мұраты.
Біз білетін дос, замандас, қаламдас Сағат өзін осындай қатал талап пен уақыт атты қатыгез сыншының қайрауына салудай-ақ салған, әрі осы жолда алған бетінен еш қайтпай жүріп, ұлтқа, ұлт әдебиеті мен руханиятына ұлан асыр еңбек сіңірген санаулы саңлақтарымыздың бірі еді. Ол ой мен сөз мәртебесін асқақтатар тұста қара қылды қақ жарар әрекет-қимылдың қандайынан болсын бас тартуды білмейтін. Өзіне ғана жарасар қоңыр дауысымен күмбірлете сөйлеп, кез келген мінбені терең танымымен, бәтуәлі парасат-пайымымен, айналасына жарқыратып шуағы мен нұрын шашар сирек бітімді тереңдігімен игеріп, тыңдаушысын баурап әкететін. Сағат әдеби ортаға ғана емес, жалпы сергек ойлы үлкен қоғамдық ортаға да ерте танылып, ерте мойындалған, Мырзатай Жолдасбековтің сөзімен айтқанда, «Заманынан оза туған», ойы мен сөзі үйлескен бірегей бітімді, тұғырлы тұлғалар санатынан болатын.
Әуелі…
Сағат Әшімбаев әлемінің болмысы мен жаратылысын танып білу үшін сыншының ойын қозғап, қаламына қанат бітірген көркем мақалаларына, тұлғалар мен уақыт қалыптастырған адами мінез-құлықтар хақындағы толғаныстарына ден қою парыз. Сыншы, ойшыл Сағаттың жаратылысын, оның жүрегін мазалап, санасын сан қиырға жетелеген тынышсыздық пен тынымсыздықтың себебі мен салдарын тану арқылы ғана ел аузында кең тараған қайсар, күрескер, қайраткер Сағаттың шын тұлғалық кескінін білуге болады.
Сағат тұрлаулы тарихтың – ХХ ғасырдың сонау сексенінші жылдарының қойнауынан бүгінгі аласапыраны мол, жұмбағы қалың жаһандану дәуіріне қаратып айтқандай елестейтін мына бір ойлар легіне назар тоқтатып көрейікші.
«Адамгершілік! Бұл сөздік қорымыздағы сөлі ерекше, мәні мәңгілік айқын, салмағы пара-парсыз салмақты сөз. Сөз ғана емес, адамның ең асыл қасиетін анықтайтын бірден-бір аяулы ұғым. Ұғым ғана емес, тіршіліктің мәнін, дүниенің сәнін төрттағандап, ұстап тұрған ең ұлы принцип. Шынын айтқанда, жеке-дара принцип қана емес, заңның да, заманның да, адамның да құдыреттілігін танытатын ең ұлы күш!
Осы ұлы күш – адамгершілік қасиет жеке адамның ғана басындағы емес, жалпы қоғамның да қордалы байлығы… («Ақын жанын жабырқатқан жайлар» (1981 ж.) деген ұлт, ұлыс шекарасын кеңейтер, адамзат өркениетіне құлаш ұрар ойларды бүгінгі оқырманның жат көрмесі ақиқат. Сағат Әшімбаевтың жалынды ғұмыр кешкенін, баспасөз, ақапарт құралдарында, телерадио комитетінде басшылық қызметте болғанын, сөйте жүріп, қаламын суытпай, шығармашылықпен айналысқанын, жолдас-жораларының арасында қадірлі болғанын, әсіресе отбасы жылылығын сақтауға, бала тәрбиесіне айырықша мән бергенін көзкөргендер жақсы біледі. Сағатты көргендер мен қызметтес болғандардың барлығы да азамат бойындағы осы бірі айтулы, дара-дара қасиеттерді айрықша бөліп айтады. Сондай үлкен ықылас-пейілмен айтылған әңгімелерді өз басым жаңа дәуірдегі қазақ зиялыларының сөзін айтар аға буын өкілдері – Қасым Қайсенов, Салық Зиманов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Зейнолла Қабдолов, Әзілхан Нұршайықов, Серік Қирабаев, Тұрсынбек Кәкішев, Мырзатай Жолдасбеков, Әлия Бейсенова, Шерияздан Елеукенов, Шәмшә Беркімбаева, Мұрат Жұрынов, Көпжасар Нәрібаев, Мұрат Әуезов, Әбсаттар Дербісәлі, т.т. ауыздарынан естігенімді жеткізгім келеді.
Әрине Сағат туралы пікір айтушылар мен Сағат жайлы тебіреніп сөз сөйлеушілер легі мол екені даусыз. Өйткені ол – ұлт хақында сөз сөйлеп, ұлт әдебиеті мен ұлт руханиятының намысын қорғау биігіне көтерілген ұлт перзенті еді.
Сағат Әшімбаев мына жарық дүние қызғын небәрі қырық төрт-ақ жыл көрді.
Ол осынау арғы-бергідегі арда туған ұлдарымыздың көбіне екі дүниенің өлара сызығындай болған осы бір межелі жаста алаш арыстары секілді кейінгілер үлгі тұтар жалыны мен жарығы мол ғұмыр кешті. Мұқағали ағасы, айтқандай, «әлдеқайда асығып» өмір сүрді, адамзат баласына ортақ ұлы құндылықтарды молынан қарпып, алты құрлық әдебиеті мен мәдениетін барынша терең танып, жеріне жеткізе игеруге ұмтылды. Соның нәтижесінде арғы-бергідегі әлемдік әдебиет пен ұлт әдебиетінің жампоздары мен жүйріктерін жан-жақты танып талдайтын мол мақалалар берді, артына сүбелі еңбектер қалдырды. Әуелгіде «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас», «Жетісу» тәрізді басылымдарда жаңа шыққан жыр жинақтары мен шағын прозалық кітаптар туралы жарық көрген рецензия үлгісіндегі студенттік жазбаларының бірте-бірте әдеби процестің күнгей-көлеңкесін жан-жақты таратып талдайтын танымы терең, бағдары айқын іргелі сыни мақалаларға ойысқанын көреміз.
Біздер – қатар оқыған курстары жас сыншының өзіне-өзі қалай талап қойып, қалай ізденгенінің, қай кітапты қалай жата жастанып оқып, қай кітапқа қалай белгі соғып, қойын дәптеріне нендей жазбалар түсіргенінің куәсіміз…
Бұл – жас Сағаттың үлкен әдебиетке – ар мен абыройдың кеңістігіне барар жолының алғашқы баспалдақтары еді.
***
Сыншы – Сағат дегенде, менің есіме ылғи 1965 жылдың жазы түседі.
Алматы асфальтіне алғаш аяғымыз тиген, Сағаттың сөзімен айтқанда, «арман қуған» абитуриент екі жігіт ойда-жоқта таныстық… Ол ұзақ әңгіме… Әрі ол туралы бұрында бір жазғаным бар. Қайталап жатқым келмеді… Алғашқы танысудан жадымда жақсы қалғаны – Сағаттың қолынан көрген Мұхаметжан Қаратаевтың «Туған әдебиет туралы ойлар» дейтін жасыл мұқабалы қалың кітабы мен жас жігіттің: «Мақсатым – сыншы болу» деген сенімді дауысы.
Орайлы сөз
«Сағат таланты мен талабының арқасында арман-мақсатына ерте жетті – айтулы әдебиет сыншысы, сарапшысы, әділетсіздікке төзбейтін сарбазы атанды. Сағаттың тұңғыш жинағы «Сын мұраты» – осының айғағы. Шәкіртімнің аталмыш жинағын жоғары бағалап, комсомол сыйлығын бергенде ұстазы ретінде өз қолымнан тапсыруымды – бір мәртебе санасам, 1985 жылы әдебиет сынының үлкен шоқтығы есебінде жарық көрген «Парасатқа құштарлық» кітабын да өзіме дәреже көрем. Неге десеңіз, кітаптың бірінші үлкен тарауын менің шығармашылығыма арнап жылы баға бергені үшін мақтану емес, бүкіл қазақ әдебиетінің соңғы дәуірін қамтып, Абай, Сәкен, Мұхтар, Бейімбет, Ілияс, Сәбит, Ғабит, Ғабиден сықылды аға жазушылармен орта және жас буын жазушылардың шығармаларына білімпаздықпен шолу, талдау жасағанына тәнті болғаным үшін. Әсіресе, әдебиеттің ең қиындығы мен қырқысы мол сын саласына батыл барып, шындықты айта белгені үшін дер едім…
Ол әдебиетке деген жанашырлығын доғарған жоқ, әдебиет сынының өрбуіне деген белсенділігін бәсеңдеткен жоқ. Мәдениет майданында (газет, журналдарда, теледидарда, т.б.) қаншама жауапты жұмыс атқара жүріп, сын жанрына қосқан үлесі өз алдына, өзінен ізбасар іні сыншылардың үлгі алып, өсуіне ықыласпен атсалысты.
Сарбаз секілді қайсар қайраткер, қажырлы сыншы Сағат Әшімбаевтың бітіргені, тындырғаны қай салада болмасын аз емес…»
Мұхаметжан ҚАРАТАЕВ,
академик, Қазақстанның
Халық жазушысы.
Он сегіз жасқа жаңа толған жас адам сыншы болудың қиямет-қайымға бара-бар ауыр жолын осындай үлкен сеніммен бастады. Ол өзі таңдаған кәсібіне – әдебиет сыны дейтін екінің біріне ноқта салғыза бермес асау ат сынды кірпияз жанрдың жалына қолын жасқанбай салды. Белинский, Добролюбов сынды орыс әдебиеті мен ұлт әдебиетінің көрнекті өкілдерін, Батыс пен Шығыстың озық үлгілі көркем дүниелерін жата-жастанып оқу – Сағаттың өз болашағын өзі танып-таңдауына, өзі болжап-анықтауына жол ашты. Университеттің соңғы курсында жүргенде жазылған жас сыншының атын қара орман қазақ оқырманына жайған алғашқы «Сыншыл ой туралы сыр» атты мақаласын оқып, сүйсінгенім есімде. Қазақтың әдеби көркем сыны туралы жазылған эссе-толғау іспетті осынау көлемді мақаланың бір тұсына белгі де соғыппын. Сынның көркем әдебиеттің тағдыр-талайын анықтаудағы рөлі туралы айтылған жиырма екі-жиырма үштердегі жігіттің: «…Пушкин заманындағы оқушы біткеннің бәрі бірдей талғамсыз еді деу ақылға сыйып, көңілге қонбас еді. Сол жұрт кезінде Пушкинді танымай, кім екенін қазір энциклопедиядан қадағалап, қарап білмесек, былайша Бенедиков деген ақынды танып, табынған ғой… Жақсы нәрсе қай уақытта болсын өз бағасын алады. Бірақ дер кезінде Пушкин поэзиясын танытуда Белинскийдің рөлі кереметтей зор болмады ма?! «Алтынмен қатар жатса, мыс та жалтырайды» дегендей, ұлы сыншы Бенедиков поэзиясының жалтыраған мыс екенін әшкерелеген ғой. Тіпті басқаны былай қойғанда, Лев Толстойдың өзі «Пушкин туралы мақала қандай ғажап еді, мен Пушкинді енді түсіндім» деп жазғанын қайтесіз?!» деген пікірінің тереңдігіне, кемелдігіне қалай ғана сүйсінбеуге болады?! Үлкен мұраттарды мақсат еткен осы мақаладағы: «Сын – өнер. Сын – уақыт қажеттілігінен туған қоғамдық, эстетикалық, философиялық ой-сананың өзгеше бір формасы…» деген тамырын тереңнен тартар концепциялық ұстаным да жас сыншының талғамы мен танымынан мол ақбар айтып тұрған жоқ па?!
Сайып келгенде, Сағаттың қаламгерлік, қайраткерлік бар өмірі де осынау қағидаларға бағынғанын, негізделгенін анық байқауға болады. Сағат есімінің ел аузында сыншы ретінде кең жайылған кезеңі де осы өткен ғасырдың жетпісінші жылдары. Бұл кезең тереңнен толғап пікір айтатын сарабдал ой иесінің «өрге салса, төске озған, ерте салса кешке озған» нағыз тұлпар шабысы көзге ілігіп, қоғам мен көркем әдебиеттің байланыс-бірлігіне ащы терін аямай төккен тұсы еді. «Әшімбаев есімді жас пері келіпті дейді осы жұрт…» деп Асқар Сүлейменовтің шаншыла сөз сөйлеп, шашау шығармай баға берген кезінің сан куәсі болғанымыз да осы жылдар еншісінде қалып барады… Сағат әдебиет сынының арғы дәуірі мен бергі – Мұхаметжан Қаратаев, Бейсенбай Кенжебаев, Темірғали Нұртазин, Есмағамбет Смайыловтардың кезеңін, аға буынның өкшесін баса келіп, кәсіби сынның өрісін кеңейткен Серік Қирабаев, Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішев, Рахманқұл Бердібаев, Айқын Нұрқатов, Баламер Сахариев, Зәки Ахметов, Шерияздан Елеукеновтердің кезін жиі айтатын. «Біздің негізіміз сол кісілерде жатыр. Мұқаңдар – әкеміз ғой…» деп лапылдай сөйлеп, ағынан жарылып отыратын еді.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демей ме дүниенің күнгей-көлеңкесін сөзге байлап дағдыланған қазақ халқы? Біздер «соғыстан соң туған» бүгінде қатары сетінеп, жетпіске өрт тиген ормандай сиреңкіреп жеткен буынның әдебиет босағасын аттар тұста бірінің тілегін естіп, бірінің ықыласына бөленген қазақ сынының байсалды талдау мен мәдениетті пікір айту кеңістігінен көрінуіне өлшеусіз үлес қосқан Әбіш Кекілбаев, Асқар Сүлейменов, Зейнолла Серікқалиев, Рымғали Нұрғалиев, Төлеген Тоқбергенов, Мұхтар Мағауиндердің мақала-сараптамаларын жібермей оқып, солардан тәлім алғандармыз. Бұл бір әдебиет дейтін киелі де қасиетті әлемге есі кете құлағандардың арман қуып алысқан, «шығар күндей шындықты» іздеп тайталаса жарысқан адал күндер екен.
Сыншы Сағат аға буынды қалай қадір тұтса, өзімен әдебиет босағасын қатар аттаған, тел қозыдай тең өсіп, уақыттың иыққа артар жүгін де бірге жүріп, бірге көтерген Әшірбек Сығай, Сайлаубек Жұмабек, Бақыт Сарбала, Бақытжан Майтанов, Алма Қыраубаева, Асқар Егеубаев, Бекен Ыбырайымов, Жаңғара Дәдебаев, Құлбек Ергөбеков секілді құрдастары мен өкше басар інілерін де назарынан тыс қалдырмайтын.
Ұлтын сүйіп, ұрпаққа қызмет етуді қаршадай кезінен өмірлік мақсаты санаған жанның уақыт өткен сайын туған халқының алдында қадірі аса түскенін көріп келеміз, сезініп келеміз. Әдебиет дейтін сиқырлы, сырлы өлкенің жаны мен жүрегін, болмысы мен бітімін, ұстазымыз Зейнолла Қабдоловтың тарихи бағасымен таразылар болсақ, уақытты «Сағаттың сағатымен өлшеуге» дағдыланған кешегілер үшін Әшімбаев әлемі қалай маңызды, қастерлі болса, аталмыш әлемді танып білу, зерделеу бүгінгі жаңа буын, жас ұрпақ әдебиетшілер үшін де солай маңызды, қастерлі іс екені шүбәсіз.
Сыншы, ойшыл, қайраткер, азамат Сағаттың алпыс екі тамырды бойлап ойға – қанат, бойға қуат бітірер қарымынан, сұлулыққа құштар асау ағысқа толы ой иірімдерінен, уақытпен бетпе-бет келудің нәтижесінде ақ қағаз бетіне қонған жан айқайынан, өмір, өнер, қоғам туралы толғаныстарынан, халық тағдыры мен ұлт болашағы жайлы тебіреніске толы пікір-пайымдарынан тереңдік пен кеңдікті, білімдарлық пен парасаттылықты, тектілік пен беттілікті, бір сөзбен түйіп айтар болсақ, ұлтын сүйген үлкен жүректің тынымсыз соғысын тануға, аңғаруға болады. Сағаттың әр мақаласы мен әрбір эссе-толғауларынан бірімен-бірі тамырласа байланысқан, үйлесе қабысқан ойшылдық пен қайраткерліктің, азаматтық пен адалдықтың табиғи жарасымы менмұндалап тұрады.
Тұлға табиғатын тануға мүмкіндік берер біз айтқан төрт сипат пен төрт таңба – Сағат әлемінің тұтастық болмысы, Сағат жаратылысының кемел кескіні. Сондықтан анықтауыштық сипаттағы бұл ұғымдардың бірінен бірін бөле-жармай қарастыру сыншы әлемін тану мен бағалаудың басты шарты деп ұққан жөн.
Түптеп келгенде, төркінінде өмір мен өнер, қоғам мен заман адам мен ғалам туралы ойлар мен толғаныстардың, талдаулар мен сараптаулардың өрісі бөлек өзгеше үлгі-өнегесі жатқан «Сын мұраты» (1979 жыл), «Талантқа тағзым» (1982 жыл), «Парасатқа құштарлық» (1985 жыл), «Шындыққа сүйіспеншілік» (1993 жыл) «Сын сымбаты» (2010 жыл) атты қалың-қалың кітаптар, сыншының таңдамалы шығармаларының екі томдығы – ұлт көркем ойы мен ұлт руханиятының тұтас бір дәуірін тануға, талдауға, саралауға жол ашар, өрісті көркем ой мен келісті көркем сөздің өрі мен төрін ұсынар іргелі еңбектер.
«Өткенсіз – бүгін, бүгінсіз – болашақ жоқ» деген жазусыз қағидаға ден қояр ұлт пен ұрпақтың рухы қашанда мықты болатынын Сағат әлеміне сүңгіп отырып, тағы бір мәрте соған көз жеткізеріміз анық.
***
Мен – Сағаттың боз арман қуған бозбала күнін көрген, жары Шәрбәнмен қалай табысып, қалай отау құрғанының куәсі болған, Алматы театрлары мен концерттік залдарына талай бірге барған, Сағаттың көз майын тауысып, кітапхана сөрелеріне сұқтана қарап, телміргенін, студент кезінде тұңғыш ұлы марқұм Дәурен туғанда есі кете қуанып, жолдас-жораларының ортасында шампан атқанын, өмірден ерте кеткен әкесін айтып, анасы мен әжесін емірене сағынғанын қасында жүріп, жан-жүрегімен сезінген, кіші ұлы Мәулен оқуға түскенде достарына жағалай звондап «сүйіншілеткенін» көрген, бүгінде сақал-шашы боз тартқан, қатары сиреген аз достарының бірімін.
Сағат біздің ортамызда жүріп есейді, қаламгер боп жетілді, қайраткер боп қалыптасты. Құйысқандасып жүріп, әдебиет дейтін бәйге алаңында әркім өзінше сорап іздеп, өзінше із салған «алпысыншы жылғылар» дейтін алқаракөк буынының, барын түгендеп, көшін жалғағандардың бірі де бірегейі де осы біздің Сағат болғанын жалпақ жұрт жақсы біледі. Оның ертеректе – екінші, үшінші курста жүріп жазған Мұхаметжан Қаратаев хақындағы шағын пікірі мен жас жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Бір шөкім бұлт» атты кітабы туралы жазған талдау мақаласынан басталған дарынды сыншы, қарымды қаламгердің сүрлеу-соқпағы бүгінде қалың қазақтың қадіріне бөленер, алаш жұртының айбынын асырып, айдынын кеңейтер, ел тағдыры сынға түскен желтоқсан оқиғасының тұсында жүрегін жалау қып, ар мен абырой биігіне көтерілген қайраткер, азамат Сағаттың даңғылына айналды.
Сағат еркіндікті, еркін сөйлеп, еркін жүргенді ұнататын. Ол мінезін біреу түсініп, енді біреулер түсінбей жататын. Ондай кезде Сағат орынсыз мінез байқатып, жөн-жосықсыз ұсақтыққа бармайтын. Көзілдірігін сұқ саусағымен жылжытып қойып, барлай қарап, сөзін қор қылғысы келмегендей бұрылып кететін. Сағат қызуқандылық танытып, сөз бен ойдың кезегін жықпай, шамырқана сілкінсе, ұлт, халық, тіл, ел деген ұғымдардың тұсында сілкінетін. Шарт кететін. Арының алдында абыройын жықпай, елдік, туын құлатпай сілкінгенін қара орман қазақ алғаш 1986 жылдың Желтоқсанында көрген еді… Екінші рет… Ұлттық арнаның алтын қорына енген «Парыз бен Қарыздың» тұсында тағы бір көргені халық жадында.
Сағатсыз өткен жиырма алты жыл Алашқа «Азаматтық формуласы» дейтін ұлтты сүю мен ұлтқа есепсіз қызмет етудің үлгісін үйретіп, өнегесін қалыптастырған өрісі кең өркенді тұлғаның шоқтығын биіктете түсті.
Бұл – туған ұлтының Ары мен Абыройын арқалаған Сағат әлемінің, Әшімбаев әлемінің біз танып, біз мойындаған шындығы!
Бұл – уақыт елегінен сүрінбей өтіп, алдағы жылдар мен дәуірлерге жол тартқан Ой мен Сөздің – Рух мәңгілігінің ақиқаты!
Орайлы сөз
«…Менің бір-ақ нәрсе айтқым келеді: сіздер Сағаттың затын айтып жатырсыздар ғой, мен оның атын символға алғым келіп тұр. Адамның әрқайсысы уақыт пен кеңістікте сағат арқылы өмір сүреді. Уақыттың қандай екенін сағатына қарап біледі.
Енді біз ой сағатын, ақыл-парасат сағатын, сезім сағатын, керек десеңіз, жүрегіміздің ырғағын, міне бүгін ашылып отырған Сағатжанның мынау тақтасына қарап, оны жай сурет деп қабылдамай, адамдар осы Сағатқа қарап, жүрек сағатын түзеп алып жүретін болар-ау, сірә, деймін. Осы кісіге қарап жан сағатымызды, сезім сағатымызды сәйкестендіріп жүретін болайық. Сол үшін рахмет сағат, Сағат!
Сағат халықтық ұғым, қоғамдық санаға дүмпу салған әйгілі хабары арқылы ұрпақ көкейінде «Парыз бен қарыз» деген ұғым қалыптастырды. Уақыттың қанша болғанын қолымыздағы сағатымызға қарап білетініміз секілді, Ой сағатының, Парасат сағатының, Сезім сағатының қандай екенін білгіңіз келсе, балалықтан даналыққа ерте көшкен, ойы – орман, арманы – асқақ, парасаты – биік, сезімі – сергек Сағаттың Отан, Халық, Қоғам алдындағы өнегелі өмірі мен ерен еңбегін еске ала отырып, жан сағатымызды осы тақтаның алдына келіп бір түзетіп алайық…»
(Мемориалдық тақта ашылған күні соның алдында сөйлеген сөзінен).
Зейнолла ҚАБДОЛОВ,
академик, Қазақстанның Халық
жазушысы.