Азаматтық формуласы
06.10.2017
1084
0

…Оның өмір жолын Ұлттық руханиятымыздың тарихи тағдырынан тысқары қарастыру еш мүмкін емес. Баршамызды толғандырған аса бір тарихи кезеңде ол лапылдап шыққан күндей болып ортамызға келді. Баршамыздың сай-сүйегімізді сырқырата тебіренткен аса бір тарихи кезеңде ол лапылдап батқан Күндей болып ортамыздан кетті… Соның бәрі Сағаттың бұл дүниеге келіп-кетіп жататын көп пенденің бірі еместігін, орны ойсырап тұратын асыл мұраттар жолында арпалысып өткен аз ардақтарымыздың сойынан екендігін қапысыз аңғартқандай. Оны ерекше ойсыратып тебіренткен екі оқиға болды. Біреуі – Алматыдағы Желтоқсан, екіншісі – Мәскеудегі тамыз оқиғасы еді. Екеуінің тұсында да оның айрықша ақпейіл көңілі мен сезімтал жүрегіне қарлы қаратау жүк түскен-ді. Алматы оқиғалары тұсындағы алаңда болған жәйттерді түсіріп алып, сары алтындай сақтаған да – Сағат. Бір сырласқанында көп жұрттың көзапара өзгеріп кеткеніне таң қалып, бұрын сыйлап жүрген адамдардың басындағы құбылысты түңіле сөз етіп еді. От пен судың ортасында қалған Сағат тамыз оқиғалары тұсында да тап сондай әлеуметтік қорқаулықтың қоршауына түсті. Мәскеудегі оқиғалар тұсында ауыздарын бағып тырп етпей отырғандар болары болып, бояуы сіңген соң бір-біріне: «Сен кеше өйтпедің, бүйтпедің», – деп күйелеуіш ала жүгірісіпті. Кісі басын тірідей жұтатын қиянатқа дейін барыпты. Бұл – нағыз арыңды түршіктіріп, қаныңды мұздататын қатігездік еді. Жиырмасыншы ғасырдың ең қанқұйлы науқандары да тап осындай қаныпезерліктен өрбіген-ді.

Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның Халық жазушысы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір