Ұлт жадысының қорғаны
29.09.2017
832
0

Заман жаңарған сайын адамның танымы да соған сай жаңғырып отырады. Мұны бүгінгі таңдағы қоғам қолданысынан шығып, ескіре бастаған тұрмыстық және басқа да ғылым салаларынан аңғаруға болатындай. Ал бұл кейіпкеріміз қай кезеңде де ескірмейтін мамандықтар болады дейді. Өзінің қызыққан әрі оқыған тарих саласын солардың біріне жатқызады. Ол өзі тәлім беретін жастарға осы сөзін қайталаудан жалыққан емес. Тарихи сананы қалыптастыруды ең бірінші баспалдақ – мектеп оқушыларынан бастаған кейіпкерімізді Елбасы ұсынған «100 жаңа есім» жобасына кіруге лайық деп таптық. Тарих ғылымының кейбір түйткілді мәселелері туралы Шоқан Уәлиханов атындағы №12 гимназияның тарих пәні мұғалімі Алмаз ЫСҚАҚОВ айтып берген еді.


Алмаз ЫСҚАҚОВ, тарих ғылымының магистрі, Шоқан Уәлиханов атындағы №12 гимназияның тарих пәні мұғалімі


Әрине, заман талабына сай бір кездері қажет деп саналған мамандықтардың бүгінде керегі болмай қалды. Бұл – қоғамның даму барысындағы қалыпты құбылыс деп ойлай­мын. Мәселен, кеңес үкіметі кезіндегі кейбір мамандықтарды қазір іздеп таба алмайсыз. Өйткені, ол жаңа заман сұранысына жауап бере алмады. Ал оның орнына дәл бүгін IT саласының заманы туды деуге болады. Әйтсе де, қай кезде де қоғам өмірінен жұлып алып тастауға келмейтін мамандықтар болады. Оның басында тұрғандар – тіл мен тарих. Бұлар қай заманда да халықты тәрбиелеп отыратын құрал іспетті. Яғни бұлар – ұлт жадысының қорғаны.
Мен өзім тарих саласында қызмет етемін. Қазақтың сан ғасырлық тарихы том-том болып шетел мұрағаттарында сақталуда. Біздің өткен тарихымызды зерттеу үшін өткен ғасырларда қолданылған қытай, грек, латын және араб тілдерінің ерекшелігін білетін, сол сөздердің мағынасын түсініп, тарихи зерттеу жүргізе алатын маман өте қажет. Бірақ біздің қазіргі тарих мамандығын бітірген, ғалым болғысы келген әрбір жас зерттеуші бұл мін­дет­ті атқара алмайды. Себебі, олар тарихты түсінгенімен, тарихты зерттеу үшін ежелгі заман, орта ғасыр, жаңа заманда қолданылған тілдерді біле бермейді. Мәселен, жас зерттеуші Қазақ хандығының құрылуын зерттегісі келді делік. Бірақ ол сол кезеңде өмір сүріп, тарихты жазып қалдырған тұлғалардың еңбегін түпнұсқада оқи алмайды. Сол себепті, орыс, қазақ тіліндегі аудармаларды пайдалануға мәжбүр болады. Біріншіден, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында кейбір деректер аударылғанымен, бәрі толық қамтылды деп айта алмаймыз. Екіншіден, филологияны бітірген әрбір аудармашы қазіргі кезеңдегі тілдерді білгенімен, олар бірнеше ғасыр бұрын қолданылған парсы, грек, шағатай, орыс тілдерін біле бермейді. Тілді білген күннің өзін­де тарихи дерекпен жұмыс істеу үшін деректану ғылымынан аз да болсын хабары болуы керек. Ол міндетті де атқару оңайға түспейді. Бізде қазіргі кезде университеттерде маман дайындау ісіне үлкен мән беріледі де, ғалым дайындау ісі артта қалуда. Біз универ­ситеттерде тарихшы ғалым дайындау үшін жас студентке зерттеу тақырыбына байланысты ежелгі заман, орта ғасыр, жаңа заман тілдерін қоса үйретуіміз қажет. Мәселен, Ермахан Бекмаханов, Шәкәрім Құдайбердіұлы тарихты жазу үшін бірнеше тілдегі деректерді қол­данған. Қазіргі тарих мамандығын бітірген жас зерттеушінің олай істей алмауы отандық тарих ғылымының алдында өрескел қателік болып табылады.

ПІКІР ҚОСУ