Әуезов – Ленинградта!
Гүлзия Пірәлі
Мұхтар Әуезов 1925 жылдың күзі мен 1927 жылдың мамыры аралығында Ленинградтағы Васильев аралындағы орталықтан алған екі бөлмелі пәтерді жалға алған Әлкей Марғұлан мен семейлік Мұхаммед Хабибуллин үшеуі тұрып, үй күтімін де, тамақты да негізінен өздері жасаған. Уақыттың бағасын білетін олар көбінде сабаққа кетерлерінде қазанға ет салып, отын жай ғана басып кетеді, ал келгенде еттері балбырап пісіп тұрады екен. Уақыт та алмайды әрі студенттік өмірге тән ашқұрсақтықтан да аулақ.
М.Әуезовтің шығармашылық табысының арқасында көп қиыншылық көрмеген қазақстандық студенттердің осы тіршілігінен қызықты бір әңгіме Валентина Николаевна өз естелігінде: «…Ол кез ЖЭС (НЭП)-тың кезі болатын. Бұлардың бағына орай бір іскер татардың сол маңда жылқы сататын дүкені болды. Негізгі сатып алушылар – қала әйелдері мен кедей студенттер. Кейіннен
М.Омарханұлы менің тамақ істеуге кететін көп уақытыма әрдайым таңырқап жүрді. Өздері лекцияға кетерінде кастрюльге ет салып, әлсіз отқа қойып кетеді екен, үйге келгенде тамақ дап-дайын. Олардың пәтерінде кастрюль, примус және сағаттары болатын. Біз үйленіп, әркім өз еншісін алып кеткенде бізге примус тиді.
Біздің семьяның ленинградтық достары ішінде, міне қырық жыл бойына достығы үзілмей келе жатқан академик Константин Кузьмич Юдахин, оның жұбайы Ольга Кирилловна және ол кездегі ленинградтық студент, қазіргі академик Әлкей Марғұлан болды. Айтпақшы, мені жас күнімнен біліп, ата-анамның үйінде болған жалғыз қазақ осы ғана. Сол тұста Ленинградта оқып жүрген қазақтардан біздікіне Ибрагим Тәжиев, Қазақстанның Халық суретшісі Қанапия Телжановтың әкесі Әмірболат Телжанов келіп-кетіп жүретін. Мәскеуден Қаныш Имантайұлы Сәтбаев келіп, қонақ болып кететін еді. Ол жылдары Мұхтардың көңілі жақын шын досы болды, ол – Роберт Куллэ еді», — деп еске алады.
Орыс ақсүйектерінің арасында тәрбиелініп, үлкен мәдениетке үйренген Валентина Николаевнаның дастарқаны ауылдағыдай қарапайым әрі жұтаңдау емес керісінше көк-
өністері мен қоспалары көп, қуырылған, пісірілген түрлі тәтті де дәмді тағамдарға толы болыпты. Соның бәрі ерекше көңіл мен алтын уақытты алады. Райхан мен Кәмиламен үнемі бірге тұрып, үй шаруасының мұндай мехнатына көңіл аудара қоймаған Мұхаң қаланың аядай бөлмесіндегі шаруашылықтан шет қала алмай көп нәрсеге көзі жеткен. Әрі десе өзге ұлттың қызына қосылып, елден жырақта тұрып жатқан жас жұбайлар жұртқа дабыра етпей оңаша тұруды қалаған. Отбасын құрған Мұхтар Әуезов те еліне баруды сиреткен.
Қазақтың қара шаңырағы қайда да қонақсыз болмаған. Әсіресе, Әуезовтей дара тұлға тұрған үйге студент болса да небір қазақтың марқасқалары, танымал тұлғалары, сол кезде Ленинградта білім алған жастар атбасын жиі тірейтін.
Естелікте аталған достардың бәрі жас жұбайлармен бірге күн сайын әдеби кештер өткізіп, қаладағы барлық театрларда, неше түрлі салтанатты концерттік залдарда бірге болып, сахна саңлақтарының өнерлерін тамашалайтын. Ленинград қаласының әр ғимаратының әрбір тасы оларға тарихи дәуірлерден сыр шертетіндей.
Оңаша ой кешуді аңсаған сәттерде студент-суреткер Мұхтар Әуезов осы салтанатты көшелерде серуен құрып, түрлі шығармашылық жоспарлар құрып, шабытты шақтарды бастан кешіреді. М.Әуезов көбінде А.Чехов, Н.Гоголь, Ф.Достоевскийлер кезген, өз шығармаларына кейіпкер іздеген, мекен-жайларын бейнелеген, олардың тағдырына қатысты оқиғаларды көңілдеріне құйған, ұлылардың ойларына қозғау салған, жоспар құрған көшелерде қыдырыстайтын. Олардың бәрі қаламгердің қиялын қанаттандырып, нағыз шығармашылық шабыт сыйлайтын. Орыс ойшылдары мен зиялы қауымы: «Петербург – самый фантастический город на свете» деп мойындаған қазақ қаламгерін де қиял-ғажайып сезімдерге бөлейтін. Оқудан өзге шаруа жоқ, білімге ғана бас ұрған студенттік уақыт шынында да адамзат өміріндегі ең бір бақытты да кемел кезең екен. М.Әуезовтің сүйікті суреткері Ф.Достоевскийдің: «Петербург, не знаю почему, для меня всегда казался какою-то тайною», – деп айтқанындай, студент Мұхаңды да бұл қала өз тұңғиығына тартпай қоймаса керек. Әлемдік мәдениет пен өнердің, әдебиеттің маржандарын молынан жинаған рухани өмірі бай Петербург кімге де таңсық.
Ленинград қаласындағы екінші адрес – М.Әуезов оқыған Ленинград Мемлекеттік университетінің оқу корпустары қоныстанған Университетская набережная көшесі. Тілтану мен материалдық мәдениет факультеті қаланың орталық ауданындағы Васильев аралы, Петр сарайы маңында орналасқан. Университеттің бас корпусы «Двенадцатый коллегий» деп аталатын тарихи орын. 1724 жылы І Петрдің бұйрығымен ашылған университеттің бас корпусының алдында тұңғыш ректор, атақты орыс ғалымы, ақын М.В.Ломоносовтың (1758–1765) ескерткіші тұр. Үлкен бір ықшамауданды алып жатқан корпустардың араларын гүлзарларға толы аллеялар қоршаған. Сабақтан шыққан студенттердің пікір алмасатын, ұстаздар мен шәкірттердің кеңесетін жерлері де көбіне осы корпустар айналасындағы шағын алаңдар болатын.
М.Әуезов Ленинградқа оқуға келгендіктен бірінші бас сұққан мекемесі де осы университеттің бас корпусы болды. Бес жылдық саналы өмірі өтетін университет корпустары студенттердің екінші үйі екені мәлім.
Университеттің жан-жағы тарихи әдеби әлем болды. Нева өзенінің қарама қарсы жағы – мыс салт атты (Медный всадник), ал диагоналында – Дворцовая набережная, А.Пушкиннің серуендеуді ұнататын көшесі, бүкіл орыс зиялылары мен тарихи тұлғалардың табаны тиген Мойка көшесі де осы университет маңында.
Мұхтар Әуезовтің өнер жолы оның өз өмір тарихымен тығыз байланысты екенін ескерсек, Әуезовтің жарық дүниеге көзін ашқалы көргені, сезгені, білгені, түйгені революцияға дейінгі көне ауылдың көне тіршілігі, тағдыры, ақиқаты болса, бұның өзі жазушы шығармашылығындағы өзекті тақырыптар болып, 1917 жылы басталған «Еңлік – Кебек» трагедиясынан 1957 жылы аяқталған «Абай жолы» роман-эпопеясына дейін қырық жыл бойы желісін үзбей созылып келуі – Әуезовтің әсемдік әлеміндегі заңдылық, шығармашылық тұлғасындағы тұтастық. Мұхаң психологиялық суреттеулерінде адам көңіл-күйін мейлінше тереңдетіп, жанын, қанын шығара, кей сәттерде тылсым-тұңғиықтарға да алып кететін секілді. Суреткер қазақ әдебиетіндегі ұлттық дәстүрді байытып, дамыту жолындағы өзіндік жаңашылдығын да алып келе алды.
Классикалық әдебиеттің төрінен орын алған ұлы суреткер – Мұхтар Әуезовтің атын Әлемге танытқан «Абай жолы» роман-эпопеясы. Оған басты себеп, жазушының Абай елінде дүниеге келіп, көзі, санасы, жүрегі де Абай өлеңімен оянған, ақын өскен елдің топырағын кешіп, ауасымен тыныстағандығы еді. Өз өлкесінде болған ірілі-ұсақты елең еткізер уақиғаларды көріп, естіп жүрген қаламгер сол дүниелерді түрлендіріп, қазақтың бай тілімен қағазға түсірген. Адам мінез-құлқын, жан сұлулығын суреттеген ұлы жазушы оларды шыққан ортасы мен күнделікті тұрмыс-тіршілігінен бөліп алмайды. Көркем әдебиеттегі суреттелетін шындық өмір шындығынан алынғанымен, оның қарапайым көшірмесі болып саналмаса керек. Осы тұрғыдан келгенде, Әуезов – әлем әдебиетінің аса ірі өкілі!..
Академик Зейнолла ҚАБДОЛОВ.
***
Мұхтар Омарханұлының сүйікті қызы Ләйладан кейін әкелік мейірімін төгіп, шапағатын шашқан, үлкен сеніммен үміт күткен ұлы Мұрат Әуезов болды. Мұхтар Әуезовтің соншалықты сағынышпен күткен ұлына өзі ат қойғысы келгені жөнінде Фатимаға (Мұхтар ол кісіні Батима деп атаған – Г.П.) жазған хатында мынадай мәлімет бар: «…мен сенің жайыңды ойламайды емеспін. Көңілде сенің балалы болған халің бірде-бір уақыт ұмытылған емес. Сен кеткелі өзіңді сағынтып та, дос жүрекпен соншалық жақын тұтып та көп-көп ойлаймын. Кейде уайым етіп, кейде адамшылық қайратыңа, бас қасиетіңе сеніп, үміттеніп қуанышта еске аламын. Болашақ кішкененің тірлігіне, саушылығына үміт артып қуанамын.
Сүйікті, сағынышты, ыстық балам болады, Бәтиматай. Осыныма сен. Қыжылданбай, қатты болмай дос жүрекпен сен.
Балаң ертең бала болса атын қарапайым қазақша қойма. Өз аттарымдай кітапша ат қой. Мен Хайдар деген атты ұсынар едім. Амандық саулықпен босанған жайыңды айтып хат жаз. Сағынып, сүйген досың М.10.ХІ.42 ж». Міне, осы хатта айқындалғандай жазушы ұлының есімін Хайдар деп ұсынғанымен, анасы Фатима әкесі Мұхтарға ұқсас болсын деген ниетпен Мұрат қойыпты. Мұхтар Әуезов те қарсы болмаған. Фатима Ғабитованың алғашқы ерлері – Біләл Сүлеев пен Ілияс Жансүгіровті Мұхтар Әуезов жақсы танып, сыйлаған, аса қатты құрметтеген. Сондықтан кейін екеуі де ұсталып, саяси репрессияға ұшырап, Фатима айдауда болған жылдары өзгелер қамқор қолын созуға үркіп шетте жүргенде ештеңден жүрексінбей қазақтың екі ұлы қайраткер, қаламгерлердің ұл-қыздарын қолтықтан демеп, өмір сүруіне, білім алуына бар күш-жігерін жұмсаған бірден-бір тұлға – Мұхтар Әуезов болатын.
1938 жылдың 10 август күні НКВД-ның жендеттері «24 сағат ішінде Алматыны тастап, қайда болса да екі жылға кетесіз» дегенде Семейге, ал 1942 жылдың шілде айында тағы да Алматыдан кетуге тура келгенде Мұхтар Әуезовтің кеңесімен оның туыстарын жағалап Меркеге баруға мәжбүр болған. Осы айдаулардың бәрінде тек Мұхтар Әуезов қана 4 баласы бар Фатима Ғабитоваға қамқорлық көрсетіп, ұлылардан қалған ұрпақтардың ұнжырғасы түсіп, тапталып кетпеуіне көп көмегін көрсеткен. Оған М.Әуезовтің өз қолымен жазған бірнеше хаттары куә. Кейін өмірге Мұрат келген соң бұл қамқорлық нығайып, таза әкелік сүйіспеншілікке ұласқаны мәлім. Жырақта болса да жүрек жылуын сезініп өссін деген дана жүректің Мұратқа деген махаббаты ерекше болатын. Хаттарында: «Кішкентай Мұраттың саушылығы, өсуі қалай? …Мұратайым жақсы өссін… Мұрат туралы осылайша жақсы қып, жиі жазып тұр… 5.1,45», – деп үнемі мейіріммен, әкелік қамқор көңілмен қадағалап отырған.
Алыста болса да айналайынын аямаған сүйікті ұлы Мұратқа деген өлшеусіз махаббат оған сыйлаған алғашқы автографында да мөлдір күйінде сақталыпты: «Алтын балам, ақылды, жақсы Мұратайға. Ағасынан» 1953 ж. 28/ХІ». Бұл Фатима Ғабитқызы айдауда жүрген кезде өмірге келген кенже ұлы Мұратқа арнап жазған алғашқы жүрекжарды сөзі, сағынышы, сүйіспеншілігі, әкелік махаббаты еді. Бұл – 1953 жылы Алматыдағы «Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет» баспасынан түзетіліп, үшінші рет шыққан «Абай» романының бірінші кітабына жазған қолтаңбасы еді. Осы бір сөйлемге ұлы жазушының ұлына деген шексіз, әрі шынайы сүйіспеншілігі сыйып кеткендей.
Мұхтар Әуезовтің әр шығармасы мен үшін құнды, мен үшін қымбат, мен үшін бағалы. Оның туындылары әлемдік әдебиеттің айдынына мөлдір бұлақ боп кұйылып, күллі адамзатқа ортақ рухани қазынаға айналды. Ол Абайдай ұлы ақынның өшпес мұрасын, тарихи тұлғасын өз халқының тыныс-тіршілігімен, бүкіл өмір жолымен бірлікте алып көрсетті. Сондай-ақ, Әуезов жастайынан-ақ жазушылық міндеттің не екенін ерте танып, жете ұғына білді. «Абай жолы» романының өзегі – ұлт өмірі, ұлттың жүріп өткен жолы. Қаламгер ел есінде сақталып қалған кейбір уақиғаларды, фактілерді, әсіресе, Абай турасындағы мұрағаттық материалдарды, түрлі мәліметтерді, ұлы ақынның қалған мұраларын кең, өнімді пайдаланған. Әйтсе де, әрбір көркем әдебиетке тән ойдан қосу, сол арқылы өзінің нысаналанған ойын толығырақ, қонымдырақ етіп жеткізуге деген ұмтылысының да өте орынды екенін атап өткен жөн. Эпопеяның бас қаһарманы Абай болғандықтан, шығарманың өн бойындағы шытырман уақиғалар желісі, сан алуан кейіпкерлер іс-әрекеті, тағдыры Абай төңірегінде шоғырланып, ілгері дами түседі. Бұл тамаша эпопея бізге тұтас бір әлемді сыйға тарта отыра, табиғаттың, тұрмыстың небір ғажайып картиналары мен адам құштарлықтарын сипаттауымен бізді іңкәр етті. Әуезов қаламымен тарих қайта тірілді, ауыл өмірі, адамдар тағдыры бой көрсетті. «Абай жолы» – шығармашылықтың тылсым сырына, өмір мен өлеңнің өзара байланысына терең бойлаған туынды, әлем әдебиетіндегі шоқтығы биік үздік шығарма.
Момын ҚАНАҒАТ, Тәжік әдебиетінің классигі.