…ИІЛГЕН СҰРАУ БЕЛГІ
08.09.2017
1440
0

Шешем менің – иілген сұрау белгі,
Сәл ғана шаттық көрді, жылау көрді.
Қалай ғана қалпына келтірерсің,
Дауылдар майыстырған мынау белді.
М.Мақатаев.

Батыр САПАХОВҚА арнаймын

Айдай Ырысымқызы Босынова

Қара сөздің құдіретін түсініп, қа­сие­тін танығың келсе, алдыңғы буын – үлкендер өміріне үңілесің. Бәрі бол­маса да, көнені көрген кейбір қария­лардың жүріп өткен жолы, халықтық маңызы бар дүниені қабыл­дауы, сөзге тоқтауы, тіпті әкесі мен анасына деген перзенттік парызын ұстана білуінің өзі – бүгінгіге үлгідей көрінеді. Мұның құпиясын толық білу үшін алысқа қараудың қажеті жоқтай. Бәлкім, сіздің де төріңізде отырған қазыналы қарияңыз солардың бірі болар.
Мен білетін осындай жан бар. Ол қашан көрсем де Кененнің әнін салып, Жамбыл мен Нартайдың жырларын жатқа айтып отырады. Бүгінде торқалы тоқсанға келген оның осыдан ширек ғасырдан астам уақыт бұрын көз жұмған анасына деген аяулы сезімі санама қозғау салған еді.

Ауыл жолдары топырақты болған­дық­­тан кісі табаны тисе ізі қалады. Ба­ла­­лығымда әкемнің артында жүріп, бас­қан әр­бір ізін тура басып, ілесе бере­тінмін. Іш­тей әкем де бала күнінде дәл осындай әдет­ті қай­талаған шығар деп ойлайтынмын. Бірақ балалық шағы туралы еш­қа­шан әкеммен әңгімелесіп көрмеппіз. Ал атамның өмір жолы мен үшін әлі толық оқылмаған шығарма секілді көрінеді. Ал­дағы әңгіме сол кісі туралы болмақ.

***
Оның күнін күнге алмастырып, түнін таң­ға жалғастыратын кемпірінің қайт­қа­нына биыл жеті жыл болыпты. Содан бері тұйықтау болып алған. Соңғы жеті жылдағы тыныштық оған көп нәрсені түсіндірді. Анасы Айдай өмірден өткенде де жүрегіндегі беймәлім тыныштықтың ыз­ғарлы салқынын байқаған. Қазір оның жанын зәулім үйдің ішіндегі жал­ғыз бөлме, төрт қабырға ғана ұғатындай. Жо-оқ! Ол жалғыз емес. Балалары, ке­лін­­дері мен немерелері бар. Бірақ олар бір тө­бе, жан жары бір төбе болатын. Оның әң­гімесін жалықпай тыңдайтын, жалық­са да үнсіз бас изеп отыра беретін соңғысы еді.
Оның ең көп еске алатыны кемпірі де емес, анасы Айдай… Жұпыны лашық ішін­де екі жәудір көзінің аш қарынын той­дырамын деп жүгері қайнатып отыр­ған қара келіншектің бұлыңғыр бейнесі жыл өткен сайын жүрегіне бұрынғыдан да жақындай түскендей. Тәңірі пендесіне ты­нығу үшін берген түннің өзі оның ұй­қысыздығына тосқауыл бола алмайды. Қай­та күн ұясына батқаннан кейін уақыт сүз­гісінде күңгірттенген бала күнгі уа­қи­ғалары бірте-бірте есіне түсе бастайды. Өткеніне бұрылып қарағанда, ғасырға жуық мезгілдің қою қара көлеңкесін түріп, қол бұлғап тұрған анасы елестейді. Бір әулетте қалған жалғыз еркек кіндікті өзі екенін жадына салып, әлдебір қы­лы­ғына көңілі толмағандағы қатқыл көз­қарасының өзі әлдеқандай үмітті бай­қатып қалатын анаға деген сартап са­ғынышы ешқашан басылған емес. Кө­зін жұмса болды, қақаған қыста қалың қардың арасын жалаңаш қолдарымен қаз­балап, бидайдан қалған дәндерді те­ріп жүрген анасының қабарған алақаны есі­не түседі. Суыққа тоңып, қызара бас­таған балапан жүзін күс-күс саусағымен си­пап тұрып та өңінен аса бір мейірім та­­бын байқатпайды. Мейірленіп құшу­дың орнына атадан қалған тұяқ екенін жа­дына салып, жалғыз ұлын боркемік бол­­мауға шақыратындай.
Ол өз қасіретінен гөрі анасының кешкен тағдырын айта бергенді ұнатады. Отыз жетінші жылдың салқынын қай от­басы сезбеп еді? Егер ол жазушы болса, ана­сын сол дәуірдегі кішкентай адамдар тағдырынан сыр шертер шығарманың бас кейіпкері етіп алар еді. Айдайдың тір­шілік табынан қарайған жүзіне баққан сайын өзінің әкесіздігін ұмытып кететін. Сондай сәттерде тезірек есеюді, шешесі мен қарындасына қорған болуды армандайтын. Құдай оның тілеуін бергендей. Он үшке толған бозбала шағынан бастап қып-қызыл еңбек майданына ерікті түрде араласқан еді.

Батыр Сапахов

***
Ол «тағдыр» деген сөзді ешбір шығар­ма­лардан оқымай-ақ түсініп алған. Әлі бұғанасы қатпаған үш жасар жалғызын мауқы қанғанша құша алмай кеткен әке бей­несін есіне түсіре алмай қиналады. Егер әлдекімдер әкесіздігін бетіне басар бол­са, келіп паналайтын жері де ана­сы­ның аялы алақаны. Сол алақан оны аш­тықтан аман алып қалған. Бұлыңғыр за­манның пердесін түріп, жақсылықтың бар екеніне сендірген, адалдыққа шө­лірк­еген кезде мейірім суын қандырып ішкізген де осы алақан. Осы алақан оның көзінен тамған жасын сүртіп, тек ана алдында ғана еріксіз байқатып қоятын осал­дығын сыртқы әлемнен жасырып қал­ған. Өзі ашқұрсақ болып жүріп, шы­рылдаған екі балаға тойдырып нан берген де осы алақан. Оның тірліктің табынан тозығы жеткен ана алақаны алдында қа­рызы қаншама. Жеті мың жыл бірге өмір сүрер болса да бұл қарызын өтей ал­масын біледі.

***
Бұрынғы әдетімен бүгін де ерте оянды. Түс көрген екен. Түсінде тағы да сол өт­кенін көріпті. Өткені неліктен өзін тәрк етпейтінін түсіне алмайды. Әлде жа­сы келген адамның барлығы өткеніне қайта орала бере ме екен?
Жиырма жеті жас өміріңнің екінші са­тысына аяқ басып, келешекке ұмтылар жалынды шағың. Жиырма жеті жасында анасы жесір атанып, қарындасы екеуі бір-ақ күнде тұл жетімге айналған еді. Осы­ған ұқсас тағдырды басынан кешкен онымен қатарлас келіншектер екінші рет тұрмысқа шығып жатқанда анасының не себептен олай жасамағаны да қатты ойлантатын. Алдында күтіп тұрған аштық пен сұрапыл соғыстан қарындасы екеуін аман алып шыққан жалғыз келіншектің ерік-жігеріне таңдана береді. Осындайда шешесінің бір кездері айтқан сөзі жадына оралып, ойында жүрген сауалдардың жауабын тапқандай қуанады.
Айдайдың арқасында ешкімнен кем болмай, оқып адам болғаны есіне түседі. Ол кездері мектеп директоры болудың өзі қандай мәртебе еді. Кейбір отырыстарда ащы суды аздап ауызға алып қоятыны да бар болатын. Сондай бір жиналысқа кет­кен ұлын таңға дейін көз ілмей күтіп отыр­ған ана жүрегі сан түрлі ойлардан жай таппай қиналған. Бұл ұлының әке атанып, қызметке кірісіп, азамат болған шағы. Таң бозарып ата бергенде үйіне оралған ұлын шақырып алып:
– Сен үшін өмір сүрдім. Ел-жұрттың алдында жалғызымның еңсесі езілмесін деп қайта тұрмысқа шықпадым. Сондағы көрсеткенің осы болды ма? Берген ақ сү­тімді ақтағың келсе ішкілікке жолаушы болма, ұлым, – деп сөзін қысқа қайы­рады. Ес білгелі, көзінен тамған бір тамшы жасты байқамаған, өз түсінігінде темірдей қатты анасының еңкілдеп жы­лағанына куә болған ұлы бұдан былай ішім­дікке әуестенбеуге серт береді. Ана­сының бір ауыз сөзіне тоқтап, осыдан кейін арақ пен темекіге жоламапты.

***
Ол қазір айнымас серігіне айналған таяғына сүйеніп алып, аулада жалғыз өзі отыр. Күзгі мизам самалына шыдай ал­ма­ған ағаш жапырақтары жер бетін құшақ­тап құлауда. Бір-бірлеп үзіліп түсіп жатқан сап-сары жапырақтарға қарап отырып, осы уақытқа дейінгі жүріп өткен жолының ұзақ әрі қысқа екенін байқады. Қазір жантая кетіп, көз шырымын алуға да жүрексінетін болған. Егер осылай жа­сар болса тағы да қарсы алдынан жалғыз ұлына жүрегін жұлып беруге дайын тұр­ған анасын кезіктіреді. Сондай сәтте күн санап дертке айнала бастаған сары ала сағыныштың іші-бауырын қаншалықты езетінін түсінеді. Адам баласына тән ең аяулы құндылық сағыныш болса, ең қасіретті сезім де сағыныш екеніне осы күн­дері көзі жеткендей.
Жапырақтарын жел ұшырған қара ағаш та оған бұрынғыдан еңкейе түскен­дей көрінді. Ауладағы ағаштың өзі анасынан айнымай тұрғандай. Жалғыз ұлы­нан көрген немерелерін мейірлене құ­шып, маңдайынан сүйген қарт анасы­ның осы аулада жүрген сәтін бірауық көз алдына елестетті. Ертеректе арқадан өт­кен суығы қартайғанда шығып, шешесі «иіл­ген сұрау белгіге» айналып қалған­дай. Ол кенет өңіндей көрінген анасын сүйеу­ге ұмтылған еді. Баяғыда мәңгілікке тәрк еткен қара кемпірдің аяулы жүзін тағы да бір көріп, қолынан демеуге асыға бер­ген ол ескі таяғын жерге кезек-кезек қа­дап, өзінің де сұрау белгі болып бара жат­қанын байқаған жоқ.

Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір