Әдебиет пәнінің мұғалімі «Қазақ әдебиетін» оқи ма?
Бұрындары «Қазақ тілі» және «Қазақ әдебиеті» пәнінен сабақ беретін ұстазымыздың үстелінің үстінде қосымша әдебиеттермен қатар «Қазақ әдебиеті» газеті де жататын еді. Ал ондағы жарияланған ақын-жазушылардың шығармаларын оқып отырғанда апайдың жүзінен әлдебір қуаныш, әдебиетке деген сүйіспеншілік сезімі байқалатын. Оның сол ыстық ықыласы бізге де әсер еткендіктен әлгі шығарманы оқуға, ондағы ұнамды кейіпкерге ұқсауға тырысатынбыз. Бүгінгі күні де дәл сондай қажырлы, мықты, аузынан шыққан әр сөзі ізгілікке толы ұстаздарды іздейтініміз рас. Әрине, қазір де өз ісіне мығым, білікті мамандар мектептерде білек сыбана қызмет етуде. Дегенмен, бүгінгі қарбалас өмірде оларды бұрынғыдай «Қазақ әдебиеті» газетінің өмірімен етене араластыру қиын секілді.
– «Қазақ тілі» және «Қазақ әдебиеті» пәндерінің мұғалімі ретінде «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз» басылымдарын оқисыз ба?
Күміс ӘБІКЕНҚЫЗЫ, зейнеткер ұстаз:
– Мен «Қазақ әдебиеті» газетін қазақ әдебиетінің жаршысы әрі жоқтаушысы деп білемін. Қаламгерлердің газет бетіне жарияланған дүниелері арқылы қазақ халқының кешегі және бүгінгі тыныс-тіршілігінен хабар алып отырамыз. Бұл басылымның біздің рухани өмірімізде орны ерекше. Бұрындары Алаштың «Бес арысы» мен «Үш бәйтерегі» жайлы мәлімет аз кезде ұстаздар осы «Қазақ әдебиеті» газетінен көптеген деректерді алып, пайдаланатын едік. Ол уақытта компьютер жоқ. Сол себепті, газет-журналдарға шыққан әдеби материалдарды сақтап, көрнекі құрал ретінде қолданатынбыз. Ал осы күнгі мұғалімдер балаларға тапсырма бергенде «Интернеттен қараңдар…» дейтін болды. Бүгінде мұғалімдердің жұмысы жеңіл деп айта алмаймын. Дегенмен, тіл-әдебиеті маманы болған соң, уақыт тауып әдеби басылымдарды қарап, күнделікті сабақ барысында оқушылармен бірлесе талдап отырғандары дұрыс.
Ботагөз ҚАНҒОЖАЕВА, «Қазақ тілі» және «Қазақ әдебиеті» пәндерінің мұғалімі:
– Әрине, бұл басылымдар біздің бала кезімізден бері үздіксіз шығып келе жатқандықтан оны сүйіп оқимыз. Жыл сайын жазыламыз. Әр санын асыға күтеміз. Бізді бір қуантатын жайт – соңғы кезде «Қазақ әдебиеті» газетінде көптеген жас ақын-жазушылардың шығармалары жарық көруде. Олардың жазғандары қазіргі заманға сай, тың жаңалықтарға толы. Оқып отырып, жастардың талантына тәнті боласың, сүйсінесің. Бір өкініштісі, бұл басылымдарды тек алдыңғы буын өкілдері мен орта буын ғана оқитын сияқты. Қазіргі кезде халық әнші-бишілердің жеке өмірін қызықтауды әдетке айналдырды. Қоғамда қалтасы қалың болғанымен рухани аш-жалаңаш, жан-дүниесі кедей адамдар көбейді. Осы себептен де біз көркем дүниелердің адам өміріне қаншалықты оң әсер беретінін сезінуден қалып бара жатырмыз.
Меніңше, еліміздегі әдеби басылымдардың әр санында мектеп бағдарламасына сәйкес, ақын-жазушылардың еңбектерінің толық нұсқасы бөліп-бөліп болса да жарияланса, сондай-ақ ежелгі дәуір әдебиетіндегі ойшыл-данышпандардың трактаттарынан да үзінді берілсе, жастардың көркем әдебиетке деген құштарлығы арта түсер еді. Әрі мектеп мұғалімдеріне де бұл дүниелер өте қажет деп ойлаймын.
– Бір сыныпта шамамен 25-30 оқушы отырса, соның кем дегенде оншақтысының әдебиетке деген қызығушылығы болатыны анық. Бүгінгі мектеп бағдарламасы сол балалардың әдебиетке деген құштарлығын оята ала ма? Олар қандай шығармаларды оқығысы келеді?
Күміс ӘБІКЕНҚЫЗЫ:
– Оқушыға мұғалім: «Сен мына жазушының шығармасын оқып, сол туралы өз пікіріңді жазып кел» немесе «төрт шумақ өлең жаз», – деп тапсырма берсе, бала ізденеді. Егер мұғалім тақырыптың мәнін ашып, жақсылап түсіндірмесе бала қызықпайды. Ал қазіргі мұғалімдердің жұмысының ауырлығы соншалық, бала тұрмақ өздері ізденуге уақыт таба алмай жатады. Шындығында, қазіргі балаларға кітап оқыту қиын. Сол себепті де, осындай тапсырмалар беру арқылы ізденімпаздыққа, оқығанын әңгімелеп айтуға дағдыландыруға болады. Жалпы, әдебиетке қызығушылық «Әліппеден» басталады дер едім. Сондықтан олардың қызығушылығын арттыру үшін алдымен ертегі, аңыз-әңгімелерден бастап, кейін қисса-дастандарды, содан соң қазақ әдебиетіндегі ірі-ірі шығармаларды оқуға баулыған жөн. Менің байқауымша, қазіргі балалар фантастикалық жанрда жазылған кітаптарды оқуға, сондай фильмдерді көруге құмар сияқты. Балалардың еліктейтіні шетелдік мультфилмьдердегі «Өрмекші адам», «Бэтман» және т.б. кейіпкерлер. Олар неге Бауыржан Момышұлына немесе Қасым Қайсеновке және басқа ұлт ардақтыларына ұқсауға тырыспайды?.. Өйткені, санамызды өзгелердің «қаңсық» дүниелері жаулап алды. Солардың орнына ұлтымыздан шыққан батырларымыздың адам сенгісіз керемет ерліктерін кейінгі ұрпаққа дәріптеуге болар еді.
Ботагөз ҚАНҒОЖАЕВА:
– Жастар әдеби шығармаларды оқиды. Бірақ олардың қазақ әдебиетіндегі ірі-ірі көркем туындыларды сатып алатын қаражаты жоқ болғандықтан интернеттен қарайды. Алайда, интернеттен керек нәрсесін жылдам тауып, ол туралы қысқа ақпараттарды алып үйренген балалардың әлгі шығарманы бастан-аяқ оқып шығуға шыдамдары жетпейді. Міне, кітап оқымайтын ұрпақтың көбеюіне себеп болып отырған жағдай осы. Заман талабы солай болғандықтан шығар, бүгінде ата-аналар балаларына математика, ағылшын пәндерін тереңірек оқытуға тырысады. Әрине, бұл жақсы. Бірақ көркем әдебиет адамның жанын ізгілендіретінін, оны адамгершілікке тәрбиелейтінін ұмытпауымыз керек.
Ал баланың қызығушылығын ояту – мұғалімнің тәжірибесіне, оның шеберлігіне байланысты. Егер мұғалім сабаққа берілген уақытты әйтеуір амалдап өткізіп, айтқан сөзінен еш нәтиже шығарғысы келмесе, кім қызығады?.. Меніңше, кез келген балада әдебиетке, өнерге, музыкаға деген құштарлық бар. Тек сол қабілеттерін аша білу әркімнің қолынан келе бермейді. Ол өз мамандығын сүйетін, жанкешті ұстаз бен ата-ананың сүйіспеншілігі арқылы дамиды.
Серік АСЫЛБЕКҰЛЫ, жазушы:
– Жалпы, біздің мектептеріміздегі қазақ әдебиеті пәнінің оқу бағдарламаларында көркемдік дәрежесі ортақ болғанымен, мазмұны белгілі, әлдеқашан күні өтіп кеткен идеологиялардың ықпал аймағында қалып қойған шығармалар әлі де жетерлік. Мұның басты себебі, кешегі Совет одағы кезіндегі көркем әдебиет партиялық әдебиет болды. Сондықтан ол белгілі бір дәрежеде сол тұстағы қоғамның бірден-бір үстем билеушінің саяси күші – коммунистік партияның идеологиясына қызмет етуге тиісті-тін. Ал шын мәнінде, әрине көркем әдебиет белгілі бір идеологияға емес, тек ақиқатқа, шындыққа қызмет етуі керек. Өйткені, кез келген идеология уақытша, өтпелі. Ал ақиқат – мәңгілік. Сондықтан шындық бәрінен жоғары. Сол себепті, біз ақиқаттың дәмі қанша ащы болса да тек соған ғана жүгініп, соның дегеніне ғана көнбегіміз ләзім. Сонымен бірге, астын сызып, ерекше мән беріп, айта кететін бір нәрсе, біз әдебиеттің көркем өнер екенін ешқашан естен шығармауымыз керек. Ал классикалық өнердің басты міндеті – оқырмандарына бесенеден белгілі таптаурын болған бір арзан моральдарын тықпалап, олардың бастарын әрқилы үгіт-насихаттармен қатыру емес, адамзаттың сан алуан жағдаяттары мен бояуларға толы қайталанбас ғажайып әлемін көркем образдар арқылы шынайы бейнелеу. Осы тұрғыдан келгенде тек орта мектептердегі ғана емес, жоғары оқу орындарындағы да қазақ әдебиеті оқулықтары мен хрестоматияларына енген көркем шығармаларды Эстония, Литва, Латвия, Грузия, Әзірбайжан елдеріндегідей отарсыздандыру (деколонизациялау) елегінен өткізу арқылы олардың мазмұнын да, эстетикасын да жалпыадамзаттық құндылықтармен сәйкестендіру бүгінгі күннің кезек күттірмейтін мемлекеттік мәселесі. Меніңше, қазіргі уақытта елдік деңгейде қолға алынып жатқан ұлттың санасын жаңғырту процесін ең алдымен осыдан, жас ұрпағымыздың санасы мен сезімін жаңғыртудан бастағанымыз дұрыс.
– Орта мектептердегі «Қазақ тілі» және «Қазақ әдебиеті» пәндерінің оқу бағдарламасы туралы не айтасыз?
Күміс ӘБІКЕНҚЫЗЫ:
– Қазіргі мектеп бағдарламасын тым күрделендіріп жіберген. Ол тапсырмаларды балалар түсіне алмай милары ашып жүр. Тіпті, кейбір балалар кітап бетін ашуға жиіркенетіндей көрінеді. Тағы бір айта кететін жайт, «Қазақ әдебиеті» оқулығының ішінде насихат өлеңдер өте көп. Ал шын мәнісінде, әдебиет адам сезіміне білдірмей, терең әсер етуі керек емес пе?.. Бүгінгі бастауыш сыныптың «Ана тілі» кітабындағы кейбір ақындардың өлеңдерінде сөз байланысы жоқ. Ұйқастары шашыраңқы. Бұл өлеңдерді бала жаттамақ түгілі, қашып кетеді. Оны жаттатып отырған өзің де: «Ойпырым-ай! Мына өлеңнің ұйқасы қайда кеткен?», – деп ойлайсың. Ал бұл баланың есте сақтау қабілетіне зиянын тигізіп, оның кітап оқуға деген ықыласын жойып жіберуі мүмкін. Жалпы, оқулықтағы тапсырма баланың жас ерекшелігіне қарай ықшамдалып жасалуы тиіс. Мектеп оқулықтарына енген шығармаларды қайта сұрыптаудан өткізген жөн секілді. Өйткені, балалар әлі күнге дейін Совет үкіметіне қызмет еткен шығармаларды оқып жүр. Ал солардың орнына қазақ әдебиетіндегі ірі-ірі қаламгерлердің шынайы шығармаларын берсе, қандай жақсы. Мектеп оқулықтарында поэзия, проза бар. Ал драматургия жоқ деуге болады. Мәселен, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек» және т.б. дүниелерді неге енгізбеске?.. Баланың санасына анадан-мынадан үзіп-жұлып алынған шала нәрселерді күштеп сіңіруге тырысқанша, өзіміздегі бардан бастауымыз керек. Ең алымен ұлттық педагогиканы бірінші орынға қойсақ, қалғаны өз ретімен біртіндеп келе береді. Білімнің негізі кітапта десек, оқулық жасауға қатысып, соның басы-қасында отырған азаматтар осы жағдайдың бәріне мұқият қарауға тиісті. Кейде біз оқулықтардағы қателіктерді көргенде, шала сауатты адамдардың ісі шығар деп ойлаймыз. Ал оның астарында үлкен саясат жатуы да мүмкін…
Баланың санасы жазылмаған ақ парақ секілді. Оны қалай, немен толтыру өзімізге байланысты.
Ботагөз ҚАНҒОЖАЕВА:
– Кей жағдайда ата-аналар баланың сабақты түсінбегеніне мұғалімді кінәлап, оның біліктілігіне күмән келтіріп жатады. Ал мұғалім бекітілген бағдарламаны өзі де онша түсінбей отырса, не істейді?.. Демек, сол бағдарламаны жасаған ғалымдар оны түсіндірудің де жоспарын жасап беруге тиісті. Көптеген ұстаздар жаңа бағдарламаны қабылдай алмай, дәстүрлі оқытуға көшуде. Қазақ «Жеті рет ойланып, бір рет кес» дегенді бекер айтпаса керек. Мектеп бағдарламасын жасамас бұрын осы бір қағиданы ұстанғанымыз дұрыс секілді. Еш бақылаусыз, тексерусіз баланың дамуына пайдасы бар ма, жоқ па дегенді ойламай, аз уақыттың ішінде жасай салған дүние бәрібір шикі болары анық. Еліміздегі Білім-ғылым министрлігінің мектеп бағдарламасынан музыка және бейнелеу өнері пәнін алып тастауы – балалардың жан-жақты ашылуына, дамуына кері әсер беруде деп ойлаймын. Өйткені, кез келген адам шабыттанып, ән айтпаса, ән тыңдамаса, арман-қиялын шарықтатып сурет салмаса нағыз мылқауға айналады. Бұл баланың шығармашылық қабілетінің дамуына зиянын тигізері анық. Қазір біз балаларды Кембридж тәсілімен оқытамыз. Ал бұл әдістің кейбір тұстары тиімді болғанымен, ұлттық педагогикамызға қарама-қайшы келетін жерлері бар. Мәселен, қазақы тәрбиенің бәрін былай ысырып қоямыз да, балаға махаббат сезімдерін оятатын сөздерді айтқызамыз. Ал осындай тәрбиемен өскен баланы әдеби шығармалар қызықтыра ма?..
Әзірлеген
Гүлім Нұрланқызы.