БЕСҚАЛА САПАРЫ
Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ
Биыл көктемде елге, кіндік қаным тамған Бесқалаға бардым. Жол түспегелі он жеті жылдың жүзі болған екен. Әке-шешем, бауырларым, туыстар үсті-үстіне көшіп келіп жатты да, уақыт зырғып өте беріпті. Той-томалақ пен өлім-жітімге әкем мен шешем барып келетін. Енді олар да жоқ…
Сәуір айында Алматыдан Салтанат апам қоңырау шалды. Төлеген Айбергеновтің қызы. Биыл ұлы ақынның туғанына 80, өмірден озғанына 50 жыл толды. Соған орай, ұрпақтары ауылда мал шалып, Құран оқытпақ. «Немерелері де отызға тақап қалды. Солар ата-бабасының басына барып, зиярат етсе деп ек. Бауыржан Жақып жездең, Қасымхан Бегманов ағаң бара жатыр. Мүмкіндігің болса, келгенің дұрыс», – деді Салтанат. Әрі Әжинияз атындағы Нөкіс педагогикалық институтында Төлеген Айбергеновтің мерейтойына арналған шара өтпек. Өзім де қатты сағынып жүр едім. Тіпті, ауылдың айдау жолдарына дейін түсіме жиі кіретін болған. Енді Төлеген ағамның тойына бармағанда, қашан бармақпын? Дереу жолға жиналдым.

«БІЗДІҢ АУЫЛ СҰРАСАҢ, ҚОҢЫРАТТА…»
Жалпы, Ақтөбеден Бесқалаға жету аса қиын емес. Кеңес заманында Мәскеу-Самарқан пойызы жүріп тұрғанда, бір тәулікте біздің Қоңыратқа топ ете қалатынсың. Қазір ол жоқ. Енді Ақтөбеден Нөкіске дейін қатынайтын пойыз бар. Бейнеуде вагоныңды ажыратып, өзбектің пойызына тіркейді. Бұл біраз уақыт алады. Екінші жол Бейнеуге дейін отарбамен барып, әрі қарай таксимен зымырау. Бейнеуден шекараға дейін екі сағат, ал одан өткесін төрт сағатта Қоңыратқа жетіп барасың. Маған екіншісі ыңғайлы еді.
…Шекарада көп іркілгенім жоқ. Біздікінен оңай өттік. Өзбектің кеденшілері қойын-қонышыңа дейін тексереді екен. Декларация толтырып, бір данасын алып алдым. Қайтар жолда сол бойынша «есеп беруім» керек.
Таксишіміз өзбек жігіті болып шықты. Қоңырат қаласының тұрғыны. Қазақша сайрап тұр.
Бір кезде аталарымыз атпен жортқан Үстірттің үстімен зырғып келеміз. Автотрасса теміржол бойымен салынған. Жолдағы елдімекендер де теміржол бекеттері – Қарақалпақия, Ақжігіт, Жастық, Қырыққыз, Әжинияз. Мұның бәрі де Қоңырат ауданының аумағында жатыр. Жалпы, Қоңырат – Қарақалпақстан аумағының қырық пайызын алып жатқан ірі, өндірісті аудан. Жол бойында тұтас қалашықтар салынып тастапты. Өзбектер газдың игілігін көріп-ақ жатыр екен. Сода зауыты да еңсе тіктеген.
Үстірттің Қоңыратқа құлар тұсында Дәуіт атаның қорымына тоқтап, аят оқыдық. Дәуіт – әйгілі «Асау-Барақ» жырындағы Асау Барақұлының ұлы, ХІХ ғасырда өмір сүрген белгілі тұлға. Бесқала жұрты ұлтына, руына қарамай, атаның басына келіп, тәу етеді. Айтпақшы, «Асау-Барақты» жазған жырау Тілеумағамбет Аманжолұлы да, оны таспаға түсіріп, халыққа жеткізген Алдаберген Тасқынбаев та осы Бесқала өңірінің перзенттері.
Қорымның тұсынан қарағанда Қоңырат қаласы алақандағыдай көрінеді. Қоңырат – Хорезм ойпатының қақпасы іспетті шаһар. Бір кезде аш-арыққа пана болған, қырдан құлаған қалың қазақтың өзегін жалғаған қала. ХІХ ғасырда шекті Әзберген билік құрған. Кеңес заманында да қазағы басым болды. Қоңырат қаласындағы 13 мектептің 10-ы қазақ тілінде дәріс бергенін айтсақ та жетіп қалар…
Қоңыратта жиенім Жайылхан күтіп алды. Әкемнің кіші қарындасының баласы. Ауылға соңғы рет сол апам қайтыс болғанда барғам.
Дереу ауылға тарттық. Бірден көзге түскені, жол жарқырап жатыр. Сол жағымызда – бір кезде біз мақта терген күн көсемнің атындағы ауыл қалып барады. Оң жағымызда – Таң нұры ауылы, Төлеген Айбергеновтің кіндік қаны тамған қасиетті топырақ. Бұрын «Чкалов» аталатын. Солға қарай төрт шақырым жүрсеңіз, біздің ауыл. Бұрынғы «Ленинизм», қазіргі атауы – Көктікөл. Жетпісінші жылдарда мұнда жаңа кеңшар құрылғанда, «Хорезм» кеңшарының бір бөлімі саналатын «Чкаловтың» көп тұрғыны осында көшіп келген. Төлегеннің көзін көрген, бірге оқыған, бірге жүрген адамдар көп еді. Балалық қой, солар айтқан әңгімелерді жазып алу ойда болмапты. Ел ішінде кең тараған әндердің бәрін Төлеген Айбергенов жазған деп ұғатынбыз. Үлкендер де солай дейтін. Сөйтсек, біздің ауыл жақсының бәрін өз ұлына жапсыра берген екен ғой. Мен студент кезде каникулға келгенде: «Әй, Баукен, Алматың қалай? Біздің Төлешті айта ма, айтпай ма?», – дейтін марқұм Іскендір атам.
Күн сенбі еді. Түс ауып бара жатқан шақ. Бірден мектепке тарттық. Бізден бір сынып жоғары оқыған Лаура, сыныптасым Зульфия бас салып, құшақтап жатыр. Бізге қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген, 1986 жылы мені алғаш Алматыға оқуға алып барған ұстазым Сәрсенбай Төрәлиев жақында 60-қа толып, зейнетке шығыпты. Іле-шала өкпесін қолына алып, ол да жетті.
Ғанибай дейтін ағамыздың ұлы келіншек алып, той жасап жатыр екен, тура үстінен түсіппін. Ауылдың үлкендерінің біразын сонда көрдім. Мені танымай қалған, мен жыға танымаған қызық оқиғалар болды. «Бабажан ағаның баласы келді дей ме?» деп дәл қасымдағы адамнан сұрағандар да бар. Ой, дүние-ай!..
Той иелерінен рұқсат сұрап, кісісі қайтқан үйлерге бата оқып шықтым. Әрбір сурет көзіме оттай басылады. Мынау біздің мектептен қайтатын жол, анау – дүкен, мынау – клуб. Дүкеннің жартысы бұзылыпты, клуб қаңырап жатыр…
Әкем бірталай жыл басқарған, өзім еңбек жолымды бастаған бір кездегі ірі тауарлы сүт фермасының орны ғана тұр. Сәл әріде бір кезде Қарақалпақстандағы ең ірі, заманауи ферма болады деп жоспарланып, кейін, неге-дүр тоқтап қалған кешеннің қалдықтары шашылып жатыр.
Әкем уағында «үш ұлым қатар отырады» деп үш жер телімін алыпты. Үлкен үй салды. Қалған екі учаскені қосқанда, аумағы өте кең еді. 2001 жылы Ақтөбеге көшкенде сол еңселі үй, қора-қопсы, бау-бақшасымен 49 мың теңгеге бағаланыпты. Сатып алғандар дереу бұзып әкетіп, іргетасы ғана қалған. Соған әкемнің құрдасы Ізбасардың баласы Құрал үй салды деп естіп едім. Міне, соған беттеп келеміз. Жүрегім атқақтап кетті. Көліктен түскесін аяғымды басуға жүрексініп, біраз тұрып қалдым. Үйдің жартысы ғана тұрғызылыпты, әлі шатырланбаған. Сірә, қысқа жіп күрмеуге келмесе керек. Анау – киіз үйдің орны. Шешем наурыз туғаннан үй тігетін. Алғашқы қар жауғанға дейін сонда отыратынбыз. Мына жерде қазан-ошақ тұратын. Таңертең жұмысқа кетіп бара жатып, қазанға ет салып жатып: «Шешей-ау, қарап қоярсың…» дейтін көрші Дәулет әжеме. Келі түйіп жатқан кемпір басын изейтін. Сәлден соң маң-маң басып келіп еттің көбігін алатын. Біраздан соң тұзын салатын. Бригадирдің қатыны ретінде түстікке жарты сағат бұрын шығатын шешем келгенде ет былқып, пісіп тұратын. Нанын жайып, сала бергенде топ қонақты ертіп әкем де жететін.
Шешемнің тандырының орнында тұрған тандырды көріп, қуанып қалдым. Танауыма нан исі келді.
Жөткірініп үй иесі шықты. Бетіме ұзақ қарап тұрып: «Өй, Бауыржансың ба?» деп құшақтай алды. Үйге кірдік. Бірден дәліздің сол жақ бұрышына қараппын. Көже құйылған ыдыс тұратын. Асығыс кіріп, бір кесесін қотара салып, аузымызды жеңімізбен сүртіп, далаға ұмтылатынбыз.
Шай ішіп отырмыз. Көз алдымнан барлық сурет өтіп жатыр. Талай мейман отырған, әкем жамбастап жататын төр – осы. Оқтауды домбыра ғып, «Қыз Жібек» жырын айтатынмын. «Тыңдаңдар…» дейтін әкем апаларыма. Олар амалсыз тыңдайтын. Әкемнің көзін ала беріп, қабақ түйіп, тілін шығарып, мені тоқтатуға тырысатын. Шабыт үстіндегі «жырау» тіпті құтырып кетуші еді…
Шешем таң атпай тұрып, от жағатын. Ошақтың түбіндегі жыңғылдың үстінде түнде туған қозы-лақ жататын. Тұра салып, соларды қызықтаушы едік. Қайран, күндер!.. Көзімнен жас құйылып кетті. «Үйді Бабажан ағамның құйған іргетасымен салып жатырмын. Ештеңе өзгерткенім жоқ. Құдайға шүкір, құтты үй болып тұр. Келін алдым, немере сүйдім…», – дейді Құрал. Ауыл ағасы атанатын жасқа келіп қалыпты.
Менің бөлмеме жас жұбайлар орналасыпты. Рұқсат сұрап, оған да кіріп шықтым.
Ауыл сыртында бұрын Лениннің атымен аталған жап ағып жатыр. Жап – қолмен қазылған канал. Кеңес адамдарының ұлы еңбегі. Заман ыңғайымен сол тұста пролетариат көсемінің аты берілген. Ағыны қатты болатын. Жап қазылған жылдары арғы бетке өту мұң болыпты. Сонда Алдияр дейтін жетім шал: «Ұрпағым жоқ, тым болмаса, атым қалсын» деп бар малын сатып, көпір салыпты. «Алдияр көпір» халыққа ширек ғасырдан астам уақыт қызмет етті. Кейін жаңа көпір салынды, ақсақалдың аты ұмытыла бастады. Жалған дүние…
Кластастарым Қоңыратбайдың үйіне жиналыпты. Балалығымызды еске алып, мәре-сәре болдық. Алды келін алып, қыз ұзатқан. «Анабір жылдары қазақтар жаппай көше бастағанда ауылда ешкім қалмайды екен деп қорықтық. Сосын дереу бірнеше кластасымызға қарындастарымызды беріп, алып қалдық…», – дейді Кенжебай қалжыңдап. Біздің кластағы үш өзбектің бірі. Қазақ мектебінде оқыды, Абайдың, Ыбырайдың өлеңдерін жаттап өсті. Ел жаппай көше бастағанда: «Ең болмаса, қазақтың есімі қалсын» деп, қызына Нағима деп ат қойып жүрген Кенжебай ғой бұл!
Ауыл негізінен қолдағы малымен, сосын егін салып күнелтеді екен. Жастары алысқа кетіп, тиын-тебен табады. Бұрын шалдар өзге ұлтпен құда-құдандалы болуға ыңғай білдірмей, қадағалап отыратын. Қазір ол «дәстүр» ұмытыла бастаған сияқты…

ЗИЯРАТ
Қоңырат қаласынан 42 шақырым жерде, Мойнақ ауданының «Достық» деп аталатын елдімекенінде Қожа Ахмет Иассауидің шәкірті, сопылық әдебиеттің ірі өкілі Сүлеймен Бақырғанидың қорымы жатыр. Ел аузында бұл кісі туралы аңыз көп. «Достықта» екі жүздей түтін тұрады. Бәрі дерлік қазақтар.
Қорым – мемлекет бақылауында. Бабаның күмбезі жаңғыртылған. Басына келіп, тәу етушілер көп екен. Өзбекстанның түкпір-түкпірінен ағылып жатыр. Қызыл шатыр алынғалы бері шетелден де келіп жатқандардың қатары көбейіпті. Басында түнек үйі бар. Біз барғанда Үргеніш жақтан бір топ адам келіп жатты.
Одан кейін Қарамолаға тарттық. Бұл жерде менің аталарым мен әжелерім, апам, көкем, сәби күйінде шетінеген бауырларым жатыр. Аят оқып, бабам Есім жатқан «Пайғамбар қызына» қарай бет алдық. «Пайғамбар қызы» — Қоңыраттан 15-18 шақырым қашықтықта жатқан қорым. Неге олай аталғанын, қай пайғамбардың қызы екенін, не оның есімін ешкім білмейді. Тек ескіден жеткен аңыз ғана бар.
Әлқисса, баяғыда бір пайғамбардың (124 мың пайғамбардың бірі дейді айтушылар, анығын Алла біледі) ай десе аузы, күн десе көзі бар көркем қызы болыпты. Бір патша қызын сұрап, пайғамбарға кісі салыпты. Дегені екі болмаған мықты билеуші болса керек. Айыбы – діні өзге. Пайғамбар бір шарт қойыпты: «Біздің дінімізге өт. Қыз – сенікі!». Патша бұған көнбейді. Енді күшпен тартып алмақ болыпты. Сол кезде қыз әкесіне өтініш жасапты дейді: «Әке, өзге діндегі кісіге тұрмысқа шыққанша, өлгенім артық. Мені сандыққа салып, суға ағызып жіберіңіз. Мүмкін, құтылармын…». Сонымен қызды сандыққа салып, ағызып жібереді. Патша қасына әскер ертіп, су жағалап, қуып отырады. Қоңыраттың (ол кезде қалай аталғанын кім білсін) тұсына келгенде су тайыздап, қуғыншылар жақындап қалыпты дейді. Сонда қыз: «Ей, Алла, мына кәпірлердің қолына түсіргенше, мені жердің астына сіңіріп жібер…» деп тілепті. Құдайдың құдіреті, сол кезде жер жарылып, сандық сонда түсіп кеткен екен. Сонда да тоқтамаған патша қыздың сүйегін табуға әмір еткен. Әскері әлгі сандық сіңіп кеткен жерді қазып, топырағын електен өткізіп, сүйекті іздеген екен дейді. Қатты іздегені сондай, қазылған топырақтан тау пайда болған. Оны жергілікті жұрт «Домалақ тау» атайды. Бірақ сүйек табылмапты… Аңыз осылай дейді. Бертінде пайғамбар қызы жерленген орынға мазар салынған. Белгісіз пайғамбар мен оның қызының, осы қорымда жатқан бабам Есімнің, апам Бағыжанның рухтарына бағыштап, аят оқыдық.
Түсте ауылға оралып, Нөкістен келе жатқан Қасымхан Бегманов пен Махаббат, Хұсни Айбергеноваларды күтіп алдым. Бірден «Дастан ахун» қорымына беттедік. Бізді Дастан ахунның шөбересі, ел ерекше қадірлеген Уайс мақсымның немересі Рамазан бастап алып жүрді. Мұнда Төлегеннің әкесі Айберген, аналары Ақсұлу мен Жібек, апалары Үміт, Мақпалша, Балқия жатыр. Төлегеннің «Апаларым» атты өлеңіндегі: «Мен – ұл ем, сендер ең үш тамаша елік…» дейтін үш апасының мәңгілік мекендері қатар түсіпті. Айберген атамыздан бастап, бәрінің зираттарына соғып, аят оқыдық. Біраз таныс адамдар жатыр екен. Кластасым Сыдықтың атасы Пірмағамбет ишан, Төлеген ағамның жан досы, сол өңірге белгілі журналист Әрепбай Айбергеновтің қабірлеріне соғып, дұға еттік Алла бәрінің де топырақтарын жеңіл еткей.
Бейіттің іргесінен Төлеген шомылған, біз талай сайран салған Қазақжап ағып жатыр. Әу баста қазақтар қазған жап болғандықтан солай аталған. Қазір Азатжап деп өзгертіліпті. «Төлеген соңғы сапарында осы жаптан шықпай қойып еді. Үстімізге балшық лақтырып, бізді де шығармай қойған…», – дейтін Әрепбай ағам. Екеуінің де әкелерінің аты – Айберген, өздері – туыс, дос. Егіз қозыдай бірге жүріпті. Кейде жасып қалатын Әрепбайды Төлеген: «Обком құсап жүр, обком құсап…» деп қайрайтын көрінеді. Оның үйінен ақынның Алматыдан жазған сағынышқа толы хаттарын оқып едім.
Кешке Тәшкеннен таксимен Салтанат Айбергенова мен ақынның екінші қызы Махаббаттың қосағы, белгілі ақын Бауыржан Жақып, оның ұлы Роллан таксимен келіп жетті. Сол күні жоғарыда аталған Балқия апамыздың кенже қызы Гүлшат пен күйеу баласы Нағидың үйіне келіп қондық.
Таңертең жұрттан бұрын тұрып, Әмударияға барып, жүзімді шайып келдім. Қайран, Әму! Аңқасы кеуіп-ақ жатыр екен. Арнасы да тартылып қалыпты.
Шай ішіп болғасын Төлеген ақынның асыл сүйегі мәңгілік байыз тапқан Соршаға тарттық. Бұрын төртқұлақты бейіттің құлпытасында «Көрмеймін деген жоқ ем мен, Жеткізбей кетті-ау, сан қырлар…» деген жазу тұратын. Тоқсаныншы жылдарда бер жағынан үлкен құлпытас қойылғанда бұрынғы жазу тасада қалыпты… Баукең Құран оқыды. Бейіт басында да біраз әңгіме айтылды. Жалпы, Сорша – біраз жыл бұрын жабылған қорым. Анабір жылдары тіпті мұндағы бейіттер тегістеліп, орны әуежайға беріледі екен деген әңгіме шығып, у-шуға айналған. Тіпті екі елдің елшілігі арасында ақынның сүйегін тарихи атамекеніне алдыру туралы да сөз болған.
Қазір бұл әңгіме басылған сияқты. Қарақалпақтың атақты ақыны Ибраим Юсупов осында жерленіпті. Жабылған қорымға қойылғанына қарағанда, шайырдың өз аманаты секілді. Төлегенді ерекше қадірлеген, «Мен Абайды ядқа білген халықпан…» деп қазақ халқын қатты құрмет тұтқан шайырдың басында аят оқыдық. Баукең дұғасына қарақалпақтың ұлы ақындары Бердақ, Әжинияздарды да қосты.
Өзбекстанда қорымдар қазір түгелдей мемлекеттік мекемелердің қарауына өтіпті. Төлеген Айбергеновтің басына дейін баратын соқпақ жөнделіп, орындық қойылыпты. Шүкір дедік…
Сорша – аралас қорым. Дүниеден озған шағында Төлегенді Қоңыраттағы әке-шешесінің қасына қою туралы әңгіме болған екен. Бірақ кейін Алматыдан, жалпы Қазақстаннан ақын-жазушылар келгенде адаспай бірден тапсын деген оймен Нөкіс әуежайының жанындағы Соршаға жерлеуді дұрыс деп тапқан.
Қасымхан аға екеуміз Нөкістегі Бестөбеде жатқан, адайдың ұранына айналған аруақты батыр Ер Қосайдың басына барып, зиярат еттік. ХVI ғасырда өмір сүрген Қосай бабамыз бес төбенің ең биігіне жерленіпті. Сәл төменде Оғыл-меңлі әжеміз жатыр.
НӨКІСТЕГІ САЛТАНАТ
Қарақалпақстанның астанасы Нөкіс қаласында екі жоғары оқу орны бар – Бердақ атындағы университет, Әжинияз атындағы Нөкіс мемлекеттік педагогикалық институты. Университет Төлеген Айбергеновтің мерейтойына арналған шарасын ертерек өткізген. Ал
пединституттың шарасы біздің сапарымызға тура келді. Дәлірек айтсақ, 28-і күні өткізілуге тиіс жиын біздің ыңғайымызға қарай 1-мамырға көшірілді.
«Жайсаңым менің, жырлары көзін жұмбаған…» (Меңдекеш Сатыбалдиевтің өлең жолдары) атты кеште институт ректоры Қуаныш Оразымбетов қарақалпақ елінің Төлеген өлеңінде ізі қалған жерлері туралы таратып, әңгіме айтты. Қарақалпақстан Жазушылар одағының төрағасы Кеңесбай Каримов Айбергеновтің қазақ, өзбек, қарақалпақ әдебиетіне тең өкіл екенін айта отырып, екі ел әдебиеті арасындағы байланыс жөнінде сөз қозғады. Қарақалпақстан Республикасы үкімет үйінің бөлім басшысы, ақын Шарафадин Аяпов та Төлеген шығармашылығы, жалпы қазақ әдебиеті туралы жылы лебіз білдірді. Институттың қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының оқытушысы Ғарифолла Мамбеткаримов «Т.Айбергенов шығармашылығындағы туған жер тақырыбы» атты тұшымды баяндама жасады. Ақынның көзін көрген белгілі ұстаз Қайыржан Аралбаев әдемі естелік айтты.
Қасымхан Бегманов марттағы найзағайдай күркіреген Төлеген Айбергенов поэзиясының топырағынан талай дарынның өсіп шыққанын, оның басына келіп, тағзым ету өмір бойғы арманы болғанын жеткізді. Осы сапар кезінде туған «Бесқала» атты өлеңін оқып, жұртшылықты дүр сілкіндірді. Бауыржан Жақып Бердақ, Әжинияз туған өлкенің қадірі, Төлеген шығармашылығының өзіне қалай әсер еткені жөнінде айта келіп, ақынды ұлықтап жатқан пединститут ұжымына, күллі Қарақалпақ еліне алғыс айтты. Салтанат Айбергенова да өзінің жадында қалған дүниелермен бөлісіп, әкесінің өлеңін оқыды. Махаббат Айбергенова мөлтек әңгімелерімен жұртты тәнті етті. Сахнадан Айбергеновтің сөзіне жазылған «Марфуға», «Мені ойла», «Ақ ерке Ақжайық» әндері орындалды. Ақынның өмірінен тамаша қойылым қойылды. Қарақалпақ, өзбек әуендері төгілді. Қарақалпақтың биші қыздары мың бұрала биледі. Кеш тура төрт сағатқа созылды. Бір ғажабы, қыбыр еткен жан болған жоқ. Тіпті, кеш біткен кезде де бізді жібергісі келген жоқ.
Жиынды жүргізген институттың рухани істер жөніндегі проректоры Қуандық Қадыров бүгінгі мерекенің өзіне ғаламат көңіл-күй сыйлағанын айта келіп, Төлеген Айбергеновтің бейіті ешқашан қараусыз қалмайтыны туралы уәде берді. Онсыз да мұндағы жұртшылық ақынның басына жиі барады екен. Проректордың уәдесінен кейін көңіліміз тіпті тоғайып қалды.
Ертеңіне Қоңыратқа келдік. Ақын туған ауылдағы мектепте кездесу өтіп, кішкентай оқушылар аталарының өлеңдерін оқыды. Айта кетейік, тоқсаныншы жылдарда бұл мектепке Төлеген Айбергеновтің аты берілген болатын. Кейін Өзбекстанда мектептерге кісі есімін беруге тыйым салған үкімет қаулысы шыққанда, өзгеріп шыға келген.
Ақынның ұрпақтары берген ас үстінде де көптеген естеліктер айтылды. Тағы да «Дастан ахунға» соқтық.

БЕСҚАЛА ЖАУҺАРЫ
Төлеген Айбергенов жырларының бастауын іздейтіндер көп. Қазақ өлеңінде төңкеріс жасаған дарынның қайнар бұлағы, меніңше, жыраулар поэзиясында жатыр. Иә, Бесқала жыраулық мектебі туралы айтылар сөз алда деп ойлаймыз. Бұл өңірде небір дүлдүлдер өткен. Мысалы, ел ішінде Таз жырау атанған Құдайберген жырау тынбай жырлағанда бір айтқан сөзіне он алты күннен кейін қайтып келеді екен дейтін үлкендер. Төлеген «Жақсылық жыры» деп өлеңге қосқан, әйгілі Қашағаннан бата алды делінетін Жақсылық Мамытов жыршылығымен қатар дауыс диапозоны өте кең әнші болған. Ұстазым Алма Қыраубаева Қайролла Иманғалиев жырауды егде тартқан шағында көріп, төрт дастан жазып алғандарын сүйсіне әңгімелейтін. Ал алпысыншы жылдардан бастап Бесқала өңірін, түрікпен даласын дүбірлеткен әйгілі жүйрік Наурызбек жыршы тоқсаныншы жылдарда Құрманғазы атындағы консерваторияда сабақ берді.
Жалпы, біздің жақта той жырсыз өтпейді. Той беретін адам әуелі жыршысын таңдайды. Бірнеше сағат терме-толғау айтқан жыршы әбден бабына келген сәтінде өзі білетін дастандарды ортаға салады. Жиналған әлеумет ақылдаса келе, соның ішінен бір жырды таңдайды. Әрі қарай тайпалған жыршы да, оны тыңдап отырған жұртшылық та «Жақсылық жырында» айтылғандай, керемет бір әлемге еніп кетеді. Таң ата жыршының ауыстырған көйлегін кемпірлер жыртып алып, немересінің бетін сүртетін. Жұғысты болсын деген ниет.
Жалпы, Бесқала өңіріндегі жыраулық дәстүр туралы әлсін-әлі айтылып жүр. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты алпысыншы жылдардан бері бірнеше дүркін экспедиция жіберіп, біраз дүниені хатқа түсіріпті. Нөкісте тұрған ғалым, марқұм Қаржаубай Жұмажанұлы өмірін осы жауһарды жинауға арнады. Енді оны ғалымның келіні Тұрсынай Төрткүлбаева жалғастырып жүр.
Бесқаладағы әдемі кештердің бірінде мен осы туралы әңгімеледім. Қасымхан аға мен Баукең елең ете қалды. «Ойпырмай, мынау ғажап қой. Сол жырлар кітап болып шықты ма?» – деді Қасекең. «Жоқ, кітап дайын тұр, тек…», – дедік біз. «Мен шығарып берейін».
…Қасымхан аға сөзінде тұрды. Бірнеше айдан соң «Дәстүр» баспасынан Қаржаубай Жұмажанұлы мен Тұрсынай Төрткүлбаева құрастырған «Қарақалпақстандағы қазақ ақын-жырауларының мұрасы» атты оқулық-хрестоматия шығып, жұртшылық қолына тиді.
Түйін:
«Сырт көз – сыншы». Осы сапарда біраз нәрсені аңғардым. Бірінші байқағаным, өзбек мемлекеті жолға қатты мән береді екен. Автожолдары сайрап жатыр. Негізінен өз көліктері жүйткиді. Екіншіден, тәртіп өте мықты. Мысалы, қонақүй бағасы жергілікті тұрғындар мен сырттан келгендер үшін екі түрлі. Былай келісе салу деген тіпті мүмкін емес. Өйткені, кез келген уақытта құзырлы орган өкілдері кіріп келуі мүмкін. Жұмысынан айрылып қалудан қорқатын қызметкер заңсыздыққа өлсе де бармайды. Темір тәртіптің бар екені шекарада да айқын аңғарылады.
Қарақалпақ астанасы Нөкіс пен соған жақын Хожелінің тұрмысы тәуір көрінді. Құрылыс қарқын ала бастапты. Жер үйлердің бірқатары тегістеліп, орнына зәулім ғимараттар бой тіктеген. Үй иелеріне қомақты өтемақы берілетін көрінеді. Тіпті, содан пайда тапқандар да бар.
Негізінен, қалалық жерлердегі жағдай тәуір, ал ауылдары енді еңсе тіктеп келеді екен.
Жаңа Президент Шавкат Мирзиёевтің алғашқы қадамдарына халық риза болып отыр. Әсіресе, ел ішіндегі сапарын қаймағы қалың Қарақалпақстаннан бастағанына дән риза. Ал Қазақстанмен бұрынғыдан да етене араласа бастағанын тіпті ұнатып отыр. Спутниктік жүйе арқылы біздің елдегі жаңалықтарды үзбей қадағалайды.
Жағдайы барлардың бәрі дерлік көшіп болған. Әлі де қозғалғысы келіп, Астана жаққа үмітпен қарап отырғандар да жоқ емес… Көші-қон саясатын жиі сұрайтыны да содан.
…Қоңыратта Төлеген Айбергенов атында көше бар. Орталық базар, автобекет орналасқан үлкен көше. Сол көшенің бойынан Бейнеуге қарай таксиге міндім. Үстіртке көтеріле бере тағы да артыма қарадым. Қоңырат қаласы алақандағыдай көрініп тұр. Жиі келіп тұруға жазғай!
Ақтөбе қаласы.
ПІКІРЛЕР9
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.