Измир сапары
21.12.2022
196
0

Таяуда, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің 3 жылдық ғылыми жобасы аясында Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті Филология институты Орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының оқытушылары, әрі әдебиеттанушылар: Аида Нұрбаева, Ақмарал Омарова, Мәдина Молдағали және мен Түркияның Измир шаһарына сапар шектік.

Ғылыми жоба жетекшісі Дина Сабирова – PhD, постдокторант, «Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ астанасындағы Джордж Вашингтон университетінде (THE GEORGE WASHINGTON UNIVERSITY) 1 жылдық тағылымдамадан өтіп жатқан білікті маман, беделді ғалым.
Біз бір апта бедерінде қаланың тыныс-тіршілігімен, мәдениетімен, тарихымен, ғылыми, әлеуметтік әлеуетімен таныстық. Халық саны бес миллионға (келімді-кетімді кісілерді қоспағанда) жуықтағанымен де, анау бір кептелісті байқамадық. Сөйтсек, оның себебі бар екен. Мұнда көліктің барлық түрі қолданылады: әуе, кеме жолдары, автокөлік, автобус, велосипед, мотоцикл, троллейбус, трамвай, электричка және метро. Тоғыз жолдың торабындағы Измир – Эгей теңізі жағасында орналасқан порт-қала. Эгей теңізіне Түркия мен Грекия иелік етеді. Бұл атақты әрі қойнауы тарихқа толы теңіз туралы Ежелгі грек аңыздарынан оқып-білген едік, бірақ көзбен көрген бөлек-ті. Эгей – мифологияға сәйкес Тесейдің әкесі һәм Ертедегі Афина патшасы (полис я қала-мемлекет). Кейін қайғыдан қан жұтқан ол теңізге батып өледі. Эгей теңізі сол кісінің құрметіне аталған делінеді, тауарихта.
Біз Асланчак ауданындағы қонақ үйге тұрақтадық. Қаланың сұлулығына көз тоймайды. Аса заңғар болмаса да іркес-тіркес салынған жинақы үйлер, әсем архитектура, әркез күлімдеп жүретін адамдар, жоғары деңгейдегі қызмет, көшедегі жайқалып-найқалып өскен пальма, апельсин, лимон ағаштары, күні-түні дамыл таппайтын кемелер, қармақ сап, темекі сораптап, қызықты әңгімеге батқан балықшылар, көз сүрінетін кафе, ресторан, дүкендер, бәрі-бәрі алғаш барған адамға айтарлықтай таңсық. Әлемдегі ең таза әрі сапалы зәйтүн майы осында өндіріледі, жаһанға экспортталады. Измир қаласына, туристерді былай қойғанда, Түркияның жан-жағынан арнайы демалуға келетіндердің де қарасы көп. Бір таңғалғаным, таңғы сегізден түнгі екі-үшке дейін кафе мен ресторандары – адамға толы. Фуркан деген замандасымнан:
– Ел біткен кафеде отырса, сонда кім жұмыс істейді? Қаржы қайдан құйы­лып жатыр? – деп сұрадым. Ол аз-кем бөгелістен соң:
– Бізде екі не бірнеше адам түріктің дәстүрлі қара шайын ішіп, әңгіме-дүкен құрып отырып-ақ келісімшарт жасасып, бизнеске, дипломатияға, саясатқа, экономикаға қатысты мәселелерді шеше береді, – деді.
– Шай үстінде?
– Evet!
Дәстүрлі қазақ қоғамында көп нәрсе шай, дастарқан үстінде шешілгені анық. Сол жағынан ұқсастық бар-ау деп ойладым. Бірақ бұлайша ұзақ отыру – мен үшін жат. Адамдар дабырлап және тым көп сөйлейді. Әуелгіде, не деген бітпейтін әңгіме, не деген таусылмайтын сөз деп таңырқағам, екі күннен соң ет үйренді. Мұнда темекіні сұмдық шегеді екен. Жасы да кәрісі де, қызы да, жігіті де, үлкені де, кішісі де. Түркия еуропаланып бара жатқандай сезілді. Себебі халқы – ашық, қысылу-қымтырылудан ада, комплекс жоқ. Түркияда демографиялық мәселе бар екен, еркек – көп, әйел – аз.
– Менің үш әйелім бар. Әрқайсысы – әр жерде: Германия, Моңғолия, Ресейде. Олардан туған балаларым – қолымда. Ал түрік әйелім – осында, қалада, – деді қос мейрамханасы бар Омер (Өмір) деген жігіт.
– Шетелдегі әйелдерің балаларын отанына әкете ала ма?
– Жоқ, әкете алмайды. Ол түрік боп есептеледі. Бұл жағына келгенде, біздің заң – өте қатал. Нақты есімде емес, қайбір жылы бір әйел баласын заңсыз әкетіп, аэропорттан өтер кезде ұсталған-ды. Сотталып кетті. Қайта, кешірім жасалғаны – осы.
– Демографиялық мәселені шешу­дің осындай ғана жолдары бар дейсіз ғой…
– Evet!
Бір байқағаным, түрікке тұрмысқа шыққан қазақ, қырғыз, ұйғыр, өзбек, түркімен, орыс, украин қыздары жетерлік екен. Кейбірі сол жаққа сіңісті боп кетсе, ал кейбірі әлі де ұлттық ерекшелігінен айырыла қоймаған. Ел-жер көрсін деп келіншегімді қасыма ертіп алғам. Ол «мәдени шок» алды.
– Мыналар біздің жақтың түріктеріне мүлде ұқсамайды екен ғой, иә? – деді әйелім.
– Біздікілер – «Сталиндік көші-қон» кезінде ауып келген Месхетия түріктері, – дедім. Осымен сөз тәмам болды.
Измирдегі кәсіпкерлер өз балаларына табыс көзіне айналған өндірісті (зауыт, кеме порты, ресторан, қонақ үй, т.б.) мұралыққа қалдырады екен. Оны Ахмет деген жігіт айтты. Түрік лирасы – құнды, киім-кешек, аяқ-киім, заттар арзандау болғанымен, тамақ, жатын орын, транспорт қымбаттау көрінді. Түркия ауылшаруашылық (темекі, жаңғақ, көкөніс, жеміс-жидек, т.б.), косметика, текстиль, құрылыс, туризм, жеңіл өнеркәсіп (металл, қоспа, пластмасса) бойынша көш бастап тұрғаны анық. 2018 жылы Түркия Республикасының Президенті – Режеп Тайып Ердоғанның бастамасымен Түркияның ғарыш агенттігі (ТҒА) іске қосылған еді. Ендігіде, түрік бауырлар космологияға ауыз салатынын анық аңғартты.
Әсілі, «тарихи эволюция заңдылығына» сәйкес, «даму бар жерде – кері кету де бар». Қоғам, мемлекет дамып-дамып, шегіне жеткенде тығырыққа тіреледі, кризис басталады. Егер де республика сол дағдарыстан шықса, дамудың жаңа сатысы басталады және осылай жалғаса береді. Даму апогейге жеткенде – мемлекет, өркениет күйрейді, орнына өзге өркениет пайда болады. Осы цикл ақырзаман-армагеддон-апокалипсисқа шейін жалғасады, кейін тасқа тұмсығы тіреледі. Ежелгі Грекия, Ежелгі Рим, Византия, Ежелгі Бабыл, Ежелгі Шумер-Аккад, Ежелгі Мысыр, Атлантида, Карфаген, Хет, Ғұн, Сақ, Араб халифаты өркениетінің, «Пайғамбарлар дәуіріндегі» отты тастың, судың астында қалған, зілзалаға ұшырап, жойылған мәдениеттер тағдырын осылайша түсіндіруге болады. Әлемде даму қарқынды жүріп жатыр, әсіресе қазіргі заманда. Америка үздіксіз даму­дың арқасында бүгіндері ауқымды дағдарысты басынан кешіп отыр. Осынау өзгерістер бізге де тікелей қатысты, одан қашып құтыла алмаймыз, бұл – Құдайдың ұлы заңы.
Биыл Түркия елі ЮНЕСКО-мен бірлесіп Сүлеймен Челебидің мерейтойын тойлауда. Қала – туға, Ататүріктің портрет, суретіне толы. Көсем бейнесі кафе, ресторан, мұражай, кітапхана, әкімшілік, метро, дүкен, қонақ үй, қысқасы, барлық жерде ілулі тұр. Қып-қызыл тулар адамға рух, күш береді екен. Іштей Әлихан Бөкейхан, Дінмұхамед Қонаев секілді серкелердің суреті бізде де осылайша кең тараса ғой деп арманға баттым, ішкі даусым: «Олар – отарланбаған ел, патша-ел!» деді. Содан, бәрі баз қалпына түсті…
Ғылыми жоба аясында Эгей университетіне барып, оның тыныс-тіршілігімен, кітапхана қорымен, кампустарымен танысып, каталогтарын зерттеп, профессор Фикрет Түркімен есімді ғалыммен жолығып, көптеген ақыл-кеңесін тыңдадық. Сондай-ақ Измирдің ұлттық кітапханасын, Чанкая маңындағы Мұстафа Кемал Ататүрік атындағы Халықтық кітапханасы мен Измир балалар кітапханасын араладық. Зерттеп жүрген тақырыбымызға тұздық болар көптеген құнды кітап пен материал таптық. Теңіз полициясы Эгей теңізінің жағалауын бақылап жүрді. Ал біз болсақ үйімізге – Қазақстанымызға қайтқымыз келді, шын сағындық. Сөйтіп, Алматы – Ыстамбұл – Измир – Анкара – Алматы бағытымен аман-есен елге оралдық.

Әлібек БАЙБОЛ,
Абай атындағы
Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің
оқытушысы, жазушы-драматург

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір