Бізге қажеті – сананың ашықтығы
Санамызда әуелден бүгін мен өткенді салыстыратын түсінік болғанымен, одан тек сабақ алудан гөрі «дұрыс» не «бұрыс» деп шорт кесетін әдет бардай көрінеді. Ал осыдан екі мың жыл бұрын Римде «жастар бұзылып кетті» деп қоғам алаңдаушылық білдіріпті. Қандай өзгеріс болсын, ең алдымен үміт пен күдіктің салмағы тең түсетін жер – жастар ортасы. Өйткені, елдің көркеюі мен кері кетуі – жастардың қарымына тәуелді құбылыс. Қоғамның әлеуметтік, мәдени, саяси өміріндегі ірілі-ұсақты оқиғалардың қай-қайсысын алып қарасаңыз да, бел ортасында жүрген жастарды көресіз. Кез келген оқиғадан тез ысынып, тез суынатын да – жастар. Жастық жалынымен кейде толағайлық мінез танытып, сол мінезі арқылы кейіннен ел алғысына бөленіп жататын да – солар. Кім не айтса да, қазақта кеше де, бүгін де, ертең де «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуға» дайын Сұлтанмахмұттардың болмауы мүмкін емес. Сол жастардың саяси мәселесі төңірегінде саясаттанушы Шалқар НҰРСЕЙІТОВПЕН әңгіме өрбіткен едік…
Шалқар НҰРСЕЙІТОВ,
саясаттанушы
– Елбасы Н.Назарбаев «Еліміздің келешегі жастардың қолында» деген болатын. Қазақ-
станның бүгінгі жастарының саяси сауатына қандай баға берген болар едіңіз?
– Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдардың нақты ғылымдардан айырмашылықтарының бірі – ғылыми ұғымдар мен терминдердің зерттеушінің ыңғайына қарай икемге оңай келуінде. Мәселен, сіз қозғап отырған «саяси сауаттылық» ұғымының жүздеген анықтамасы болуы мүмкін. Дегенмен, «саяси сауаттылықты» зерттеушілер тобын шартты түрде екі топқа бөліп қарастыруға болады. Бірінші топтағы ғалымдар өз мемлекетінің жалпы саяси құрылымын, атқарушы биліктегі негізгі саяси қызметкерлердің аты-жөнін, парламенттегі басты саяси партиялар мен өз аумағынан сайланған депутаттардың (мажоритарлық сайлау жүйесі бар елдерде) аттарын, өз қала, ауыл әкімдерінің есімін білетін азаматтарды саяси сауаттылардың қатарына жатқызады. Яғни әлеуметтік сауалнамаларда респонденттердің «саяси сауаттылығын» фактуальды саяси білім негізінде түрлі шкалалармен бағалап жатады.
Ал зерттеушілердің келесі тобы болса «саяси сауаттылықты» анықтауда ел азаматтарының саяси белсенділігі (сайлауға қатысу және сайлануға ұмтылу, өз депутаттары мен мэрлеріне қоңырау шалып, хат жазып, петициялар жіберіп, саяси блог жүргізіп, т.б. тәсілдер арқылы ықпал етуге тырысу) мен олардың түрлі саяси күштердің идеологиясының аражігін ажырата алу қабілеті арқылы бағалайды. Яғни оларға фактуальды білімнен гөрі азаматтардың саяси мәселелер бойынша рационалды шешім қабылдай алу қабілеті маңызды. Өзіме ғалымдардың соңғы тобының зерттеу тәсілдері ойға қонымды көрінгенімен, «саяси сауаттылықты» өлшеуге тырысу немесе оны «жоғары», «орташа» және «төмен» деп баға беру орынсыз көрінеді. Өйткені, адамның саясат туралы дүниетанымын оның туып-өскен ортасы, әлеуметтік статусы, жынысы, білім деңгейі, ұлты, тілі, діні, қандай ақпарат көздерін пайдаланатындығы, елдегі саяси режим, сөз бостандығы жағдайы секілді бір-бірімен астасып жатқан түрлі факторлар қалыптастырады.
Осы орайда дәл қазіргі таңда бізде қалыптасқан қоғамдық-саяси жүйе рационалды саяси шешім қабылдайтын азаматтарымыздың санының көп болуына мүмкіндік бермейді. Ел азаматтары саяси белсенді болуы үшін ең алдымен саяси сахнамызда бәсекелестік қажет. Мысалы, биліктің «заң шығарушы» тармағы саналатын Мәжілістегі 3 саяси партияның атынан сайланған депутаттарымыздың соңғы рет қашан қызылкеңірдек болып пікір таластырғаны есіңізде ме? Саясаттанушы бола тұра, менің де есімде жоқ. Азаматтарымызға тікелей депутаттарымызды сайлауға мүмкіндік беретін мажоритарлы сайлау жүйесі болмауы себебінен «халық қалаулылары» қоғам алдында есеп беруге мүдделі емес. Барлық деңгейдегі әкімдерді алып қарайықшы. Қоғам алдында жауапкершіліктерін жылына бір рет тұрғындар алдында ресми есеп беру кезінде ғана сезінеді десем, артық айтқандық болмас. Одан бөлек, бюджеті миллиардтаған теңгеден тұратын мемлекеттік бағдарламаларды тиімсіз басқарғанына қарамастан, саяси карьерасы өрге домалап тұрған кейбір үкімет мүшелеріміз бар. Мұның бәрін неге мысал ретінде айтып отырмын? Кәмелетке толған әрі сайлау құқығы бар азаматтарымыз шынайы саяси таңдау жасау мүмкіндігіне ие болмай, олардың «саяси сауаттылығына» баға беру ерте деп ойлаймын. Кей сарапшылар жастардың бойынан саяси апатияны көріп жатады. Меніңше, егер жастар жаппай саясатқа қызығушылық танытпаса – ол жастарымыздың кінәсі емес.
– Елімізде арнайы жастар мәселесі бойынша «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының «Жас Отан» жастар қанаты жұмыс істеуде. Саясаттанушы ретінде «Жас Отанның» тарихы мен болашағына тоқталып өтсеңіз.
– Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқып жүрген кезімде «Жас Отан» ЖҚ Алматы қалалық филиалында жұмыс істеген болатынмын. Сол кезде мүмкіндігінше түрлі әлеуметтік кластағы Алматы жастарының мәселелерін көтеріп, тиісті тараптардың араласуы арқылы сол мәселелерді шешуге тырысатынбыз. Ол жұмыстар үнемі БАҚ беттерінде жарық көре бермейтіндіктен, көпшілікке «Жас Отан» тек жастарды жинап алып жиындар өткізумен айналысатын ұйымдай көрінетін.
Шыны керек, дәл қазір «Жас Отан» ЖҚ жобаларымен жақсы таныспын деп айта алмаймын. Дегенмен, менің бақылауым бойынша, әлі күнге дейін ұйым жастарымызды патриоттық рухта тәрбиелеу мен әлеуметтік саясатқа үлес қосуды өзінің миссиясы санайтындай көрінеді. Қазіргі жас азаматтардың құндылықтар жүйесі мен өмірлік ұстанымдары басқа. Патриоттық форумдар мен конференциялар өткізу арқылы олардың патриоттық сезімін 20-25 пайызға арттыра алмайсыз (күліп). Интернет пен ақпараттық технологиялардың және өздерінің тіл білімдері арқасында жастарымыз қажетті информацияны тез жүктеп алады. Өмірдің кез келген саласын алып қарасақ, қазір жаңашыл әрі тартымды көрінген дүние бір сәтте ескі дүниелердің қатарына қосылып жатады. Өздерін жастардың мүддесін шынайы қорғайтын заманауи санайтын ұйым қоғамдағы жылдам жүретін өзгерістерді ескере отырып, соған сай әрекет етуге дайын болуы тиіс. Ал ондай ұйымдарды қазіргі жастар саясатын жүзеге асырушылар қатарынан, өз басым, көріп жүрген жоқпын.
«Жас Отаннан» бөлек, өздерін жастар саясатын белсенді жүзеге асырушылар санайтын «Қазақстан Жастар Конгресі», «Қазақстан Студенттер Альянсы», т.б. республикалық деңгейдегі бірнеше ірі жастар ұйымдары бар. Бірақ сол ұйымдардың түрлі мінберлерден, БАҚ-та немесе әлеуметтік желіде жас азаматтарымыздың мүддесін қорғап жүргенін көрмейміз. Сондықтан дәл қазір ірі жастар ұйымдарын бар болғаны жастар саясатындағы «мемлекеттік тапсырыстарды орындаушылар» деп атар едім.
Ел азаматтары саяси белсенді болуы үшін ең алдымен саяси сахнамызда бәсекелестік қажет. Мысалы, биліктің «заң шығарушы» тармағы саналатын Мәжілістегі 3 саяси партияның атынан сайланған депутаттарымыздың соңғы рет қашан қызылкеңірдек болып пікір таластырғаны есіңізде ме? Саясаттанушы бола тұра, менің де есімде жоқ. Азаматтарымызға тікелей депутаттарымызды сайлауға мүмкіндік беретін мажоритарлы сайлау жүйесі болмауы себебінен «халық қалаулылары» қоғам алдында есеп беруге мүдделі емес. Барлық деңгейдегі әкімдерді алып қарайықшы. Қоғам алдында жауапкершіліктерін жылына бір рет тұрғындар алдында ресми есеп беру кезінде ғана сезінеді десем, артық айтқандық болмас. Одан бөлек, бюджеті миллиардтаған теңгеден тұратын мемлекеттік бағдарламаларды тиімсіз басқарғанына қарамастан, саяси карьерасы өрге домалап тұрған кейбір үкімет мүшелеріміз бар. Мұның бәрін неге мысал ретінде айтып отырмын? Кәмелетке толған әрі сайлау құқығы бар азаматтарымыз шынайы саяси таңдау жасау мүмкіндігіне ие болмай, олардың «саяси сауаттылығына» баға беру ерте деп ойлаймын.
«Soft Power» теориясымен әлемге танымал Гарвард университеті ғалымы Джозеф Най және Шалқар Нұрсейітов
– Еліміздегі жастар саясатымен айналысып жүргендер оның жұмысын жоғары бағалайды. Сіздіңше, біздегі жастар саясаты бүгінгі жастардың негізгі деген баспана мәселесі, жұмыспен қамту сынды әлеуметтік жағынан қаншалықты көмек қолын созуда?
– 14-29 жас аралығындағы азаматтарымыздың әлеуметтік мәселелерін шешуді жастар саясатына міндеттеуді мемлекеттік бюджет үшін де, жас азаматтарымыздың қоғамда өз орындарын табу үшін де аса тиімді тәсіл деп есептемеймін. Жастарымыз еліміздің толыққанды азаматтары ретінде қалыптасуы үшін олардың мәселелерін басқа жас категориясындағы азаматтардан мүлдем бөлек алып қарастыруға болмайды. Кейбір сарапшыларымыз жастар саясаты туралы сөз қозғағанда, жастарға тек үй және жұмыстан басқа ештеңе керек еместей көрінеді. Шын мәнісінде, еліміздегі басқа жас категориясындағы азаматтар секілді жастарымызға да сапалы денсаулық сақтау жүйесі, еңбек нарығында пайдаға жарайтын білім, әлеуметтік сатымен білім мен біліктілік арқылы көтерілу, заң үстемдігінің орнауы, конституциялық құқықтардың сақталуы секілді мәселелер өте маңызды. Егер мен атап өткен салалардағы саясат пен бағдарламалар тиімді жүзеге асса, баспана мен жұмыссыздық «жастар мәселесі» ретінде қаралмас еді.
– Шетелдегі жастар саясаты мен біздің елдегі жастар саясатын салыстыра отырып, ондағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарды сөз етсеңіз?
– Шетелдердегі және біздегі жастар саясаты мәселелері арасындағы ұқсастықтарға жұмыссыздық пен баспана секілді әлеуметтік проблемаларды жатқызуға болады. Батыс елдерінде де жастар арасында жұмыссыздық бар. Мәселен, Грекия, Португалия, Испания секілді мемлекеттерде жастар жұмыссыздығы бүгінде жиырма пайыздың аумағында. Егер біздегі «өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды» ресми жұмыссыздар қатарына қоссақ, біздегі көрсеткіштер ресми мәліметтердегі бес-алты пайыздан біршама жоғары болары анық. Сондай-ақ, жұмысқа орналасу бойынша біздің қоғам мен шетелдік қоғамдағы түсінікте айырмашылықтар бар. Мысалы, бізде, әсіресе алдыңғы буынның санасында, адам төрт жыл бойы оқып шыққан мамандығы бойынша жұмыс істеуге тиіс деген пікір мықтап орнығып алған. Ал жастарымыз диплом бойынша амалының жоқтығынан жұмысқа орналасқаннан өздері үшін де, қоғам үшін де пайдасы зор болмасы анық. Ең бастысы, жастарымыз жұмыс берушінің талаптарына сай келетін біліммен қаруланып, өзінің сүйікті ісімен айналысуына барынша мүмкіндік жасалып, «Еңбек кодексінің» талаптары сақталуы тиіс.
Ал баспана мәселесіне келсек, батыстағы «Millennials» (1980 жылдан 1999 жыл аралығында туғандар) деп аталатын әлеуметтік топтың кейбір өкілдері үй сатып алуды өздерін бір жерге байланып қалуға апаратын жол ретінде қарастырады. Жиі жұмыс ауыстыратын, жиі көшіп-қонатын қазіргі батыстық және өздерін «әлем азаматтары» (global citizen) санайтын әлемнің әр түкпіріндегі жастар үшін жеке үйдің болуы аса маңызды дүниелердің қатарындағы тізімде төменгі орынға сырғып барады. Олар үшін өздерінің кәсіби және рухани даму мүмкіндіктеріне ие болуы маңызды. Олардың біздің қазақстандық замандастарға қарағанда әлеуметтік-экономикалық жағдайы салыстырмалы түрде жоғары. Оған мемлекеттің экономикалық жағдайы, нарықтағы еңбек құны, жалпы жұмыс күшінің бағалануы, олардың кәсіби біліктілігі секілді факторлар әсер етеді. Дегенмен, АҚШ-та соңғы үш жылда өмір сүріп, білім алған азамат ретінде айтарым – жеке баспанаға қол жеткізу капиталистік мемлекеттерде қаржылық тұрғыдан оңай мәселе емес.
Саяси белсенділікке келсек, мен өзім «Болашақ» бағдарламасы бойынша екі жыл білім алған Вашингтондағы Джордж Вашингтон Университеті АҚШ-тағы ең саяси белсенді кампус саналады. Яғни университеттің Ақ үйге өте жақын орналасқандығын ескерсек, онда білім алып жатқан жастардың саяси іс-шаралардан тыс қалып кетуі мүмкін емес. Әсіресе, Трамп президент болғалы бері «Демократиялық партияның» жақтастары көп саналатын Вашингтонда саяси акцияларға қатысушы азаматтардың қатарында жастардың қарасы көбейгенін байқадым. Жалпы, америкалық жастар мектеп қабырғасынан бастап қызығушылықтарына қарай түрлі танымдық, қоғамдық, ғылыми, спорттық және саяси іс-шараларға қатысу мүмкіндігіне ие. Ол қызығушылықтарымен университет қабырғасында да айналыса алады. Мәселен, мен оқыған Джордж Вашингтон Университетінде бес жүзге жуық студенттік ұйым бар. Олардың әрқайсысы өз мүшелерінің мүддесін университет басшылығы алдында қорғай алады. Өз талаптарын жеткізу үшін әлеуметтік желілерде студенттердің мәселерін көтереді, тиісті мекемелерге хат жазады, протесттер ұйымдастырады, университеттегі тәуелсіз газетте ашық мақалалар жариялайды, жиындарда университет президентіне тікелей сұрақтарын жаудыру секілді сан түрлі құралдарды қолданады. Яғни жастар іс жүзінде АҚШ-тың конституциясындағы «Бірінші толықтыруды» (First Amendment) пайдаланады. Бұл мысалдарды басқа жас категориясындағы әлеуметтік топтарға қатысты қолдануға болады. Өйткені, оларда заң шеңберінде саяси мәселелер бойынша өз пікірлерін бірнеше жолмен білдіре алады.
– Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде көптеген жастар отырады. Ол жерде түрлі әлеуметтік, саяси ақпараттар талқыланатыны белгілі. Бұл жастардың саяси танымына қандай да бір әсерін тигізіп жатыр ма?
– Әлеуметтік желілер, соның ішінде Facebook, еліміздегі телеарналар мен ресми баспасөзге қарағанда салыстырмалы түрде саяси мәселелер жиі әрі ашық талқыға түсетін орта. Қазақстанда фейсбуктің арқасында саны бір аудандық немесе қалалық газеттің тиражына тең оқырмандары бар танымал тұлғалар бар. Сол кісілердің пікірі жас азаматтарымыздың саяси танымына белгілі бір деңгейде әсер етіп жатыр деуге болады. Бірақ ол әсердің ықпалы туралы арнайы зерттеусіз сөз қозғау орынсыз деген ойдамын. Алайда, әлеуметтік желілердегі түрлі пікірлердің болуы саяси көзқарастардың әр алуандылығын қалыптастыруда, біздің қоғамда сөз бостандығының мықтап орнауына оң ықпал етіп жатқанын жоққа шығаруға болмайды. Ең бастысы, сол пікірлердің ішінде адамзат мойындаған моральдық өлшемдерге сәйкес келмейтін, тіл, діни наным-сенім, жыныс, нәсіл, жас ерекшелігі негізінде дискриминацияға шақыратын, еліміздің конституциялық құрылымын, территориялық тұтастығын күштеп өзгертуді қолдайтын пікірлердің үстемдік құруына қоғам болып жол бермеуіміз керек.
– Қоғамдағы кез келген саяси радикалды ағымдарға, ең алдымен жастар көптеп ілесіп жатады. Жастық максималистікті ақыл, санаға салып, ұстамдылықпен әрекет ету үшін не істеу қажет?
– Бұл мемлекеттік органдар мен қоғам тарапынан өте жүйелі жұмысты талап етеді. Сондай-ақ, бізге Президентіміз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ерекше атап кеткен «білімнің салтанат құруы» мен «сананың ашықтығы» қажет. Білім саясатынан бастап құқық қорғау органдары жұмыстарына дейін азаматтарымыздың бүгінгі күннің талаптарына сәйкес қажеттіліктерін есепке алатын шынайы өзгерістер керек. Яғни жастарымыз бұрыс жолға түспеуі үшін әлеуметтік әділеттілікті, заң үстемдігін, азаматтарымыздың фундаменталды құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуді күшейту маңызды болып тұр. Ал оны шаблонсыз ойланып, барынша әділетті шешім қабылдауға қабілетті еркін ойлы Қазақстан азаматтары қамтамасыз ете алады. Сол мақсатта бізге үш бағытта жұмыстың тиімділігін арттыру керек секілді.
Біріншіден, мектеп қабырғасынан азаматтарымыздың сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дамытуға ерекше көңіл бөлу қажет. Ол үшін мұғалімдеріміз өз құндылықтарын оқушылар бойына танудан аулақ болып, өзге пікірлерге ашық әрі оларға құрметпен қарауға дайын болу керек. Сыни тұрғыдан ойлау жүйесін қалыптастыру арқылы жастарымыз өмірдегі көптеген дүниелер тек ақ пен қарадан ғана тұрмайтындығына көз жеткізеді. Сыни тұрғыдан ойлау қабілеті қалыптасқан азаматта мәселелерді біржақты қарастыруға қарсы иммунитет қалыптасады. Мәселен, сыни ойлай білетін азамат қазақша сөйлейтіндерді «мамбет», ал орыстілділерді «мәңгүрт» деп шаблон тағудан аулақ болып, ілтипаттылықты әлсіздікпен, өз құқығын қорғауды қыңырлықпен шатыстырмайды. Азат ойлы азаматтарымыздың саны көп болған кезде ғана бізде заң үстемдік құратын, өз мәселелерін ашық талқылап, соларды шешу жолын іздейтін қоғам қалыптасады. Екіншіден, ата-аналарға бала кәмелетке толғанша діни догмаларды оның бойына сіңірмей, таңдау еркіндігін беру қажет секілді. Өйткені, діни толеранттылық түрлі идеяларға санасы ашық адамдардың бойынан табылады.
Үшіншіден, «заң алдында барлық азамат тең» деген принципті іс жүзінде жүзеге асыруды мықтап қолға алатын уақыт әбден пісіп-жетілді. Өмірден өз орнын табуда әділетсіздікке тап болған азаматтарымыз иек арта алатын құқық қорғау органдары мен қоғамдық институттар қалыптасқан кезде радикалды саяси және діни ұйымдардың құрсауына түсетін жастарымыздың саны күрт азаяды деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Нұрлайым БАТЫР.