«Құры айқай бақырған…»
немесе мәні қашқан мәтінге тоқтам бар ма?
Бүгінде әннің мәтініне қарап, өлең құрау деген осы деп білетін ұрпақ өсіп келе жатыр. Олардың санасының осылай жұтаңдануына себепші ессіз әндер мен мәнсіз мәтіндер. Көркемдік туралы жастар түсінігіне қаяу түсіретін осы бір мәселе төңірегінде Сөз қадірін түсінетін ақындар мен қазақ өнерінде өзіндік орны бар азаматтардың пікірін сұрап көрген едік.
– Өнердің тарихи шежіресіне айналған кешегі Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Дәнеш Рақышев, Ғарифолла Құрманғалиев, Күләш Байсейітова, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова сынды ән дүлдүлдері сахнаға шыққанда, халық оларға ерекше ықылас білдіріп, құрметпен қарайтын еді. Әрі олар айтқан әннің кейіпкерін көруді армандап, соған ұқсауға тырысатын. Ол кісілер бір қарағанда адамгершіліктің, сұлулықтың, тектіліктің үлгісіндей болып көрінетін. Қазіргі кезде біз сол аяулы сезімдерді бәсеңдетіп, ән мен әншіге деген талапты тым жеңілдетіп алғандаймыз. Бүгінде ұлттық нақыштағы есті әндерден гөрі, өзге ұлттың ырғағы басымырақ жеңіл-желпі, ойнақы, той сарынындағы әндер күннен-күнге көбейіп жатыр. Бұл халықтың талғамына қалай әсер етуде?
Байғали ЕСЕНӘЛИЕВ, Қазақстан Авторлар қоғамының бас директоры:
– Иә, бұрынғы орындаудағы әндер заманның да, халықтың да көңіл таразысынан өткен еді. Ал қазір небәрі үш-төрт адамнан құрылған комиссиядан өте салып, он-он бес адамның көңілінен шыққан әндерді халық талғамына сай деп айта алмаймын. Бүгінгі әншілер шала-шарпы жазылған әндерді той-томалақта орындау арқылы жастардың ән туралы көзқарастарын бұзып болды. Оған жол бермеу үшін ірі-ірі өнер майталмандарының, мықты ақындардың, кәсіби композиторлардың басын біріктіріп, арнайы сарапшы тобын құру қажет. Олар әндерді өз дәрежесінде іріктеп, халыққа ұсынуы керек еді. Қазіргі уақытта түрлі байқаулар қаптап кетті. Оған қатысып, бақ сынағандар бір ғана турдан өте салысымен лауреат атанып жатады. Ал бір турдан нағыз дүлдүлді анықтап, ажырату былай тұрсын, олар айтып жатқан әннің көркемдік дәрежесін анықтау мүмкін емес қой… Көпшіліктің алдына шыққан соң, оған барлық адам еліктейді. Қазір шетел әндерін шала-шарпы, сауатсыз аударып айта беретін әншілер көбейді. Әлемдік авторлар құқығын қорғайтын ұйымдардың тәжірибесіне сүйенетін болсақ, кез келген автордың әнін орындау үшін сол автордың рұқсаты керек. Әрине, оған қол жеткізу қиын. Әйтсе де, елімізде қаптап кеткен қоғамдық ұйымдарды айтпағанның өзінде, жиырма жыл өмір сүріп келе жатқан «Қазақстан Авторлар қоғамы» бар. Бұл қоғам дүниедегі жүз елу елдің авторлар қоғамымен тығыз байланыста. Егер де кез келген әнші шетелдік әннің түпнұсқасын алып келіп, «мен мына әнді орындағым келеді, сіздер мына бір мемлекеттегі автормен келісіп, осы әнге рұқсат алып беріңіздер» десе, біз көмектесеміз. Өкінішке қарай, ешкім бұлай жасамайды. Көптеген әншілер өз беттерімен әннің түп мағынасын, мән-маңызын арзандатып халықтың назарына ұсынуда. Ол күндердің күнінде сол шетелдік автордың құлағына жететін болса, халықаралық сотта осы мәселе қаралуы әбден мүмкін. Шетелдегі авторлар өзінің әнінің моральдық құнын түсірген үшін өте қомақты сомада айыппұл төлетеді. Сондықтан әншілер осыны білуі, ойлауға тиіс.
Бауыржан Жақып, ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты:
– Біз өзіңіз айтқан Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Роза Бағланованы өз көзімізбен көрдік. Қазақ әнінің бұлбұлы Бибігүл Төлегенова қазір де ортамызда жүр. Біздің бала кезімізде танымал әншілер ел-елді, ауыл-ауылды аралап концерт беретін. Бірде ауыл клубында Жүсіпбек Елебековтің концерті болады деп естідік. Бардық. Сондағы Жүсіпбек атамыздың әуелете салған әні, күмістей ақ шашы, қайталанбас ғажайып дауысы әлі күнге дейін есімде. Шын мәнінде қазақ әнін шырқау биікке шығарып, бүгінгі ұрпаққа бабаларымыздың аманатын жеткізіп кеткен ол тұлғалардың әрқайсысы халқымыздың жүрегінің төрінен орын алды. «Әннің де естісі бар, есері бар» деп Абай айтқандай, қазіргі кезде жеңіл-желпі, сөзінде мағына жоқ, басқа жұрттың мәнсіз мақамына ыңғайланған әндер көбейіп кетті. Оның басты себебі – өзіміздің дәстүрлі асыл мұрамыздың аз насихатталып, жаһанданудың жалынына ұшырап отырғандығымыздан деп ойлаймын.
Рамазан СТАМҒАЗИЕВ, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі:
– Кезінде әйгілі тұлғаларымыз ел аралап, ауыл-ауылға, бөлімшелерге барып, сонау ғасырлар қойнауынан жеткен қазақтың ғажайып әндерін айтып, халықтың ықыласына бөленетін. Оларда қазіргі арзан атақ жинайтындардай емес, шынайылық басым еді… Сол тұлғаларды сол кезеңнің ақпараттық кеңістігі керемет дәріптеді. Әрқайсысының жеке концерттерін арнайы тапсырыспен жазды. Алтын қорға ешкімнің уысына түспейтін әндердің барлығын мемлекет өз қамқорлығына алып, арнайы үлкен мұрағаттарға қалдырып отырды. Идеология өте мықты жұмыс істеді. Экранда, радиоларда, ақпарат жүйелерінде сапалы әндерді жиі-жиі дәріптеп, соларды алдыңғы қатарға қоятын. Ал қазір халықты даңғаза мәдениетке үйретіп тастадық. Ұлттық нақыштағы әншілердің көпшілігі «экранға форматы келмейді» деген саясатпен кейінге ысырылып қалды. Қайрат Байбосынов ағамызға дейінгі және кейінгі аузымен құс тістеген талантты іні-қарындастарымыз, бауырларымыз жүр. Бірақ қазір солардың бірде-бірінің концерті экранда жоқ. Мемлекет тарапынан мықты орындаушылардың сапалы концерт беруіне жағдай жасалып жатқан жоқ. Жастарға қолдау көрсету, оларды насихаттау, кейінгі ұрпаққа жақсы әндер қорын жинақтап қалдыру деген мәселені ешкім ойламайтын секілді. Қазір халықтың назарына ұсынылып жатқан арзанқол театрлар мен фонограммалық жеңіл форматтағы әншілердің концерттері елдің санасын улағаны сондай, қазақтың бұрынғы мықты әншілерін ұмытуға айналды. Нағыз әншілерді әдіптеп жүрген жалғыз орталық бар. Ол қазақтың қарашаңырағы – «Қазақ радиосы». Әрине, қазақ өнерін, шын таланттарды насихаттау үшін бұл жеткіліксіз. Сондықтан халықтың талғамының төмендеп, даңғаза мәдениетке қарай бет бұрып кеткеніне өзіміз кінәліміз.
Саят МЕДЕУОВ, әнші, Мәдениет қайраткері:
– Әр заманның өз құрқылтайы да, сұрқылтайы да болатыны секілді әншілер де заманына қарай өзгеріп жатыр. Қазір халықтың жүрегіне жетсін, бір есті ән айтайық деп ойласаң, той-томалақта үлкен кісілердің өзі «билейтін ән айтшы» деп сұрап жатады. Бұл халықтың рухани санасының тозғанын көрсетеді деп ойлаймын. Демек, бұл мәселе тек әншілерге ғана қатысты емес, бүкіл қоғам болып ойланатын жайт. Меніңше, халық ауыр мұңнан, күнделікті күйбең тірліктен шаршаған секілді. Еңсесін көтеріп, көңілді жүруге тырысады. Бірақ қазіргі сапасыз, мән-мағынасыз әндер олардың онсыз да жұқарып, әлсіреп тұрған жүйкесін одан сайын быт-шыт қылуда. Сондықтан теле-радиолардан берілетін әндерді електен жақсылап өткізіп барып халыққа ұсынылуы тиіс. Өйткені, өсіп келе жатқан жас ұрпақ ненің жақсы, ненің жаман екенін ажырата алмайды. Экраннан берілген соң оны олар дұрыс деп қабылдайды. Сол себепті, әншілер халыққа үлгі боларлықтай болуы керек.
Алмат ИСӘДІЛ, ақын-аудармашы:
– Әр дәуірдің өз бей_несі, өз үні болады. Бүгінде заман өзгерді, уақыт ауысып, құндылықтар алмасты, адам да соған сай қарекет жасауда. Жаhанданған әлемде қазақ қоғамы да өзінше өркениетке ұмтылуда. Осынау өтпелі кезеңде көп дүниенің діңгегі босайтыны заңдылық. Ал сол діңгекті қатайтып, берік ететін не? Әрине, ол – ұлт болмысын айқындайтын ұлы руханият. Оған дін де, тіл де, салт-дәстүр де, әдебиет, мәдениет, өнер де кіреді. Осы құндылықтардың бүгінгі Тәуелсіздік тұсында қалт-құлт етіп тұрғаны өкінішті…
Кезінде қазақ руханияты кеңестік қызыл саясаттың қыспағында болса да, басқасын айтпағанның өзінде әдебиет пен өнерде жауhар дүниелеріміз мол болды. Төл әдебиетімізде қаншама сүбелі шығармалар дүнеге келді! Қазақ ән өнерінің аспанында халық сүйсінген қаншама талғамы биік таланттар жұлдыз болып жарқырады!
Қазір ше? Сахна мен эфирлерді, баспасөз бен интернетті түр-түсі албастыдай, сөзінің пәтуасы жоқ, әуені төрт нотадан аспайтын тақ-тұқ ырғаққа арбалған «дүбәра жұлдыздар» жаулап алды. Есесіне өнердің өз өкілі саналатын нағыз дүлдүлдер жарқылдаған жарнамасы көп даңғазаның тасасында қалып бара жатыр. Өзгенің әнін өзіне ыңғайлап «өзімдікі» деп плагиаттық жасауды ар санамайтын той-бизнестегі халтурщиктер «елдің еркесі болып», атақ-абыройға бөленіп жүр. Себебі, айтушы да, тыңдаушы да еліктегіш-солықтағыш осы күні.
– Әр ұлттың тарихын, бүкіл болмысын, мәдениетін, әдет-ғұрпын көрсететін құндылықтардың бірі ән десек, бүгінгі таңда біз ол жөнінен мақтана алмайтынымыз анық. Себебі, радио-телеарналар ұлттық нақыштағы әндерді, бейнебаяндарды насихаттаудың орнына жастардың санасын жат өнердің бей-әдеп әндерімен улап жатыр. Оған қоса, әлеуметтік желілер арқылы да мән-мағынасы жоқ әндер тез таралуда. Өнерімізде ұлттық ырғақтың, ұлттық әуеннің жоғалып кетуіне жол бермеу үшін не істеу керек деп ойлайсыз? Ән мәтіндерін байырғы қазақы қалпына қайтсек қайта оралтамыз?
Байғали ЕсенӘлиев:
– Ән мәтінін жазудың шеберлері – Абдрахман Асылбеков, Шөмішбай Сариев, кешегі Тұманбай, Қадыр ағаларымыз бұл өнерді оп-оңай меңгерген жоқ. Ол үлкен еңбекпен, ізденіспен келетін дүние. Әнге сөз жазғанда айшықты теңеулер, керемет ұйқастармен қоса әнмен бірге өріліп жататын әдемі мән болуы керек. Қазіргі ән төңірегінде болып жатқан әңгімелер, әншілердің жіберіп жатқан қателіктерінің не себепті орын алып жатқанын анықтау мүмкін емес шығар. Дегенмен, ой жүіртіп қарасақ, авторлық құқық мәселесін тек Әділет министрлігінің қадағалап отыруында болса керек. Әділет министрлігі құқық жайлы жауап беретін шығар, ал авторлардың шығармасының біліктілігін, кәсіби деңгейін анықтап, әннің құқығын қорғау ісін Мәдениет министрлігі өз қадағалауына алса игі іс болар еді. Көп жағдайда Әділет министрлігі кәсіпкерлердің, әнді пайдаланушылардың құқығын қорғауға назар аударады да, ал өнер адамдарының құқығына көңіл бөлмейді. Тек жеңіл өнеркәсіпке, шағын бизнесті дамытуға назарымыз ауып кетті де өнер адамдарының жағдайы елеусіз қалды. Бұл – өнер адамдарының түңілуіне алып келетін қауіпті жағдай. Сол себепті де, авторлық құқық мәселесін болашақта Мәдениет министрлігіне беруіміз керек. Әділет министрлігінің ұсынысымен авторлар тіркелсе де, тіркелмесе де кез келген қоғамның оның құқығын қорғай беруге хақысы бар. Тек Әділет министрлігінен аккредитация алса болғаны деп біздің Ата заңымыздағы бәсекелестік заңына қатысты нәрсені авторлық құқыққа байланыстырып қойғанымыз өте үлкен қателік болып отыр. Авторлық құқықты қорғауда бәсекелестік болуы мүмкін емес. Кез келген қоғам өзінің алға шығуын көздеп, қазіргі уақытта авторлардың әлеуметтік жағдайын мүлде төмендетіп жіберді.
Рамазан СТАМҒАЗИЕВ:
– Бұл әншінің немесе бір адамның қолынан келетін шаруа емес, оны мемлекеттік деңгейде қолға алуы керек. Қазақша сапалы әндерді әр сағат сайын телеарналардан беріп отыру керек. Сонда ол өсіп келе жатқан ұрпақтың санасына сіңіп, жадында қалады. Қазір телеарналардың көпшілігі тендер жариялайды да, кез келген бағдарламаны ұтып алғандар өзінің таныс-тамырын, талғамсыз дүниелерді көрсетіп, соларды насихаттаумен айналысып отыр. Ал бұрын өмірге қажетті, жастарға тәлім-тәрбие беретін, мән-мағынасы бар бағдарламалар ғана экранға жіберілетін.
Оқу орындарында, азды-көпті ғылыми конференцияларда жекеменшік ұйымдардың ұйымдастыруымен ән мәтінін қарау деген мәселе көтеріп жатыр. Бірақ соны заңдастырып жатқан ешкім жоқ. Бізде авторлық жүйелер әлі қалыптаспаған. Экранда жүрген әндердің сексен пайызы – шетелдік әндер. Румыниядан бастап Қырғызстанға дейінгі композиторлардың әндерін алып келіп қазақшалап, соны халықтың санасына сіңіріп жатыр. Бұл – өте қауіпті жағдай. Шетелдерде Моцарттың, Чайковскийдің және т.б. шығармалары мемлекеттік деңгейде қорғалған. Егер де бір нотасын ауыстырсаңыз, сізді әлемдік деңгейдегі сотқа тартады. Авторлық құқығын бұзғаныңыз үшін өте қомақты айыппұл төлетеді. Ал бізде ондай авторлық құқықтар әлі күнге жұмыс жасамайды. Егер сол авторлық құқық өз міндетін атқаратын болса,сырттан келген әндердің көпшілігін Қазақстанға жария етпейтін еді.
Саят МЕДЕУОВ:
– Өкінішке қарай, қазір әншілерге «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқ. Бет-бетімізбен кеттік. Қандай ән болса соны орындай беретін болдық. Болашақта бұдан да сорақы кейіпке түспеуіміз үшін бізге мықты елек керек. Таныс-тамырлықты қойып, осы мәселені ұлтқа деген жанашырлықпен қолға алмайынша осылай кете береміз. Әр телеарнаға жеке-жеке сараптау тобын құрып, сол арқылы халықтың санасына кері әсер ететін дүниелерді көрсетуге тыйым салу қажет.
Алмат ИСӘДІЛ:
– Кез келген дүние адам санасына жарнама, насихат арқылы сіңеді. Қазіргі ақпараттық технологиялар дамыған заманда сыртқы мәдени экспансияға тосқауыл болу мүмкін емес. Ең болмаса өз қазанымыздың көбігін алу қолымыздан келетін шығар? «Ақшасын төле, эфир сенікі!» дегенді доғару керек!
– Әннің мәтінін нағыз ақындар, музыкасын кәсіби композиторлар жазуға тиіс. Бірақ қазіргі кезде олардың көмегіне жүгінбей-ақ, сөзін де әнін де өзі жазып, орындай беретін әншілер көбейді. Сол мәнсіз әндер тыңдаушының ой-санасының жұтаңдануына әсер етіп жатқан сияқты. Жалпы, «ессіз» әндерге қалай тосқауыл қоюға болады?
Бауыржан Жақып:
– Кезінде Сыдық Мұхаметжанов, Әбілахат Еспаев, Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Теміржан Базарбаев, Бекен Жамақаев, Мансұр Сағатов, Мыңжасар Маңғытаев, Ілия Жақанов, Ескендір Хасанғалиев, Әшірхан Телғозиев сияқты ғажайып композиторларымыз қазақтың танымал ақындарымен бірлесіп жұмыс істеді. Және жаңа шыққан әннің қайсысы әнші бағын жандыратынын білді. Сол бағытта «Ақын – композитор – әнші» үштігі берік жұмыс істеді. Қазіргі кезде Исраил Сапарбай, Ибрагим Иса, Шөмішбай Сариев, Абдрахман Асылбеков, Серік Тұрғынбеков, Несіпбек Айтұлы, Жүрсін Ерман, Серік Ақсұңқарұлы сияқты ақындардың сөздеріне жазылған әндер көпшілік қауымның көңілінен шығып жүр. Жастардан Жарас Сәрсек, Бақыт Беделханұлы, Шымберген Сүлейменов, Елена Әбдіхалықова, Алмат Исәділ, Қалқаман Сарин сөздеріне жазылған әндер халық ризашылығына бөленуде. Кеңес Дүйсекеев, Алтынбек Қоразбаев, Бейбіт Оралұлы, Арман Бексұлтан, Қалдыбек Құрманәлі, Жарылқасын Дәулет, Бекжан Әшірбаев жазған әндерді ұнатамын. Ақселеу Сейдімбек пен Қажытай Ілиясов ағаларымыздың ғажайып әндері ешқашан өшпек емес. Ал өзі сөзін, өзі әнін жазып, өзі орындайтын кейбір азаматтардың шалалығы бәрібір бір жерден көрініп тұрады. Ондай жылт еткен әндердің жылуы жоқ, тез сөніп қалатыны белгілі жайт. Ессіз, көшірме, мағынасыз әндерге тосқауыл қоюдың жалғыз жолы – радио-телеарналарда Көркемдік Кеңестердің ролін күшейту.
Рамазан СТАМҒАЗИЕВ:
– Сөзін де, әнін де өзі жазып, тіпті өзі орындайтын әншілер ешкім тыңдамаса, өзіме керек дейді. Оның сөзіне мән беріп жатқан орта бар шығар, бірақ сондай сапасыз әндер үлкен сахналарда да қаптап жүр. Көргенде біртүрлі қынжыласың. Мәселен, «Аспан ашық, бірақ жаңбыр жауып тұр» деген әндер бар… Бір жылдары «На-на» деген ресейлік топтың «Жорға, жорға» дегенге тілі келмей «жорга, жорга» қылып, бір әріп үшін қазақтың қанша баласын сақау жасады. Ал қазір әннен, әуеннен бөлек қазақтың санасын уалайтын толып жатқан нәрселер бар… Аспанға қарайсыз ба, жұлдызды санайсыз ба, бәріне рұқсат. «Хит парад», «Той думан», «Гәкку» дегендердің барлығының өз механизмдері бар. Олар тек қана өздері бәленбай мың долларға бейнебаян түсіруі керек. Содан соң сол клипті түсіруге ақша төлеген әншілерін ғана айналдырады. Ал оның ішінде әннің сөзі қандай, кейінгі ұрпаққа не тәлім-тәрбие береді деген мәселе жайы ешкімді де қызықтырмайды. Мәселен, автокөліктің ременін тартып жүр, танировканы алып таста деген заң шықты. Әрі оны қатаң қадағалады. Жақында Алматы қаласының әкімі мектеп пен балабақшадан басқа мекемелердің жан-жағындағы қоршаулар алынсын деп бұйрық берді. Ол орындалып жатыр. Міне, ән мәтіндеріне, ұлттық әншілер, ұлттық әуен деген мәселені де солай алдыңғы қатарға шығаратын болсақ, халықты әлі де болса тәрбиелей аламыз.
Саят МЕДЕУОВ:
– Әнін де, сөзін де өз жазатын орындаушыларға деген теріс көзқарастан арылуымыз керек сияқты. Мәселен, Бауыржан Есебаев дәл сондай композиторлардың бірі. Ал оның әндеріне қандай өкпеміз бар?! Кезінде Ақан сері, Біржан салдардың әндері де өздерінікі емес пе?! Абайдың әндерін алайық немесе Кенен атамыз әнін өзі жазып, сөзін Жамбылға апарып жаздырған жоқ қой… Егер ол адамның мүмкіндігі соған жетіп тұрса, таланты асып тұрса, оған ешкімнің де таласы жоқ. Біздің ата-бабаларымыз әндерді өздері шығарып, халыққа өздері жеткізген. Сол себепті, біз бұл нәрсені теріс көрмеуіміз керек. Әйтсе де, кейбіреулер өз шама-шарқын білмей жатады. Міне, сондайлардың кесірінен басқалар жайлы да теріс пікір қалыптасады. Әншілерге «сен тура Мейрамбек, Досымжан немесе Рамазанға ұқсап айт» деп талап қоя алмаймыз.Тек қандай ән болса да соны талғаммен, үлкен жауапкершілікпен орындағаны дұрыс болар еді.
Алмат Исәділ:
– Мен музыкант емеспін, бірақ қалам ұстап жүргеннен кейін ән мәтіндеріне қатысты ой-пікір айтуға хақым бар. Әуенін өзі құрастырып, сөзін өзі қиюластырып, әнін өзі орындап, әмбебап-әккі болып «жұлдыздар» ешкімді мойындамайды. Осы құбылыстың бір ұшы ақындарға келіп тиюде. Негізі, шын ақындар ессіз әндерге шалажансар мәтін жазбайды.
Қазіргі кезде «Сазгер – Ақын – Орындаушы» дейтін шығармашылық үштіктің байланысы бір-бірінен алшақтап барады. Соның салдарынан әннен мән, сөзден сән кете бастады. Артық айтып, ақылгөйсімей-ақ қояйық. «Мәні майысқан» мына мәтіндерге зер салсаңыздар да жетерлік:
Өзін әншімін деп жүрген Нұрболат Абдуллин деген бауырымыздың «Сен қорқақсың»деген әні бар екен. Шамасы, мәтінін де өзі шимайлап алған:
Ұялып жүрсің маған қарауға
Айтшы, сен соншама кімсің.
Сүйіп қалдым күйіп жану
Қиын маған да…
Қайырмасы:
Сен қорқақсың,
Келе алмайсың,
Келе алмасаң неге алдайсың?
Қорқақ болмасаң,
Сүймей қалмасаң,
Сен жанымда менің
Мәңгі болмайсың ба?
Ал дүйім елге аты мәлім жұлдызды әнші Сейфуллин Жолбарыстың «ақындығында» шек жоқ:
Сені іздедім көп, көп, көп, көп,
Сені іздедім топ, топ, топ жерлерден.
Сені іздедім көп, көп, көп, көп,
Сені іздедім топ, топ, топ, жерлерден
Сені ойлай жаным!
Боянып-сыланған атышулы Ninety One тобындағы «жас балдар» да сөзге мүлде мән бермейтін сияқты. «Айыптама» деп аталатын рэп сымақ ән мәтіндерінің сиқы мынау:
Өкпелі бейнең ұнайд(ы)
Бұлданба маған олай!
Күлемін саған қарай мен (Ооо)
Мені айыптама! Сенбе ғажайыптарға, сен,
Жоқ! Мен, бәрібір өзгере алмайм(ын)!
(Ммм) Басыма бәле болды бұның бәрі,
Дымға түсінбей құртасың мидың әлін.
(Ааа) Бүйтпе – сөйтпе деп бұйырма!
Саған не жетпей, не бұйырмады?
(Айтшы…) Не қалайтыныңды?
Қалмай тыным да
Талай қылдым бірақ,
Таппадым көңіліңді.
Алайда, қымбат заттарға көмілдің де,
Қанағаттанбағандықтан
Тоймай, ойнай, қоймай
Шаршаттың мені! (Ааа)
………………………..
Қайырмасы:
Не деген бітпейді,
Айтпашы өкпеңді!
Саған не жетпейді?
Бәрібір өзгере алмайм(ын)!
Айыптама мені!
Әнші, композитор, тележүргізуші ретінде үлкен сахналар мен эфирдің гүлі болып, талай жасөспірімнің кумиріне айналып үлгерген тағы бір эстрада жұлдызы Айқын Төлепберген «Пах-Пах» деген әнімен шулатып жүргелі біраз болды:
Пах-пах-пах, бәрі сенің еркіңде
Жаныма жол тауып, өтуге.
Сәнің, тәнің, талғамың өзіңде,
Және мендей жігіттің қарсы емессің етуіне.
……………………
Пах-пах-пах қандай ғажап иіс
Шат-шат-шат қиялыма ілес, –
деп кете береді. Бұл жолдардың авторы кім екенін білмеймін, бәлкім Айқынның өзі шығар. Осы шатпаққа да біреулер «пах-пах!» деп тамсанып жүр.
Бір сұхбатында: «500-дей әнім бар!» деп лепіріп жүрген әнші-композитор (бұл да осы күні – тележұлдыз) Нұрлан Еспанов та:
Оппа,
Жаным менің,
Асса!
Биге шықшы
Шаттық сыйла менің
Таңдарыма, –
деп әйтеуір тойшыл қауымды билету үшін тисе «терекке, тимесе бұтаққа» ұра береді кейде.
Бірнеше халықаралық байқауларда жүлде алып жүрген әнші Алмас Кішкенбаев та мәтінге талғаммен қарауға уақыты жоқ! «Мәңгілікке» деген бір әнінде:
Түні бойы өзің жайлы ойладым,
Толғанды жүрегім кірпік қақпады.
Қателіктерімді менің түсіне алсаң кешір жаным.
Өтінемін… Ұйқастан жұрдай, әншейін бір жылаңқы сөздер ғана. Бұл жерде көркемдік туралы айтпай-ақ қояйық.
Ал мынау тіпті мақсара! Өздерінің тобын «Mc Madi x Loony Lao x BIG KAJY» деп атайтын бозбала-рэпперлер:
Маған негізі сенің көтенің ұнайды
Бірақ мен сені толықтай қалаймын.
Мен сенен ұялмаймын,
Мені бәрі ұятсыз дейді, ұятсыз десін мейлі… деген әнсымақтарына бейнебаян да түсіріп үлгеріпті.
Міне, осындай дүбәра дүниелер «құлақтан кіріп, бойды алуда…».
Ән – жаныңа қанат бітіріп, көңілге ерекше бір әсер беретін дүние ғана емес, ол – мықты идеологиялық құрал! Күндіз-түні мағынасыз, даңғаза ән тыңдай берсеңіз ой-санаңыз қандай күйге түседі?
Кейде мен ойлаймын, заманауи сыртқы пішіні болмаса, сонау Абай заманындағы қазақтың болмысы бүгінде бәлендей өзгере қоймаған сияқты.
Құр айқай бақырған
Құлаққа ән бе екен?
Өнерсіз шатылған.
Кісіге сән бе екен? –
деп қынжылған hакімнің сөзі бүгін де өзекті болып тұр емес пе?
«Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, Бұл ақынның білімсіз, бишарасы» дейді Абай. Кейбір әндерді тыңдап отырып өзің ұяласың. Не ұйқасы жоқ, іші толған бейәдеп мәтіндер ұрпақ санасына дендеп барады. Сондай әндерге қол соғып, билеп жүрміз…
Біз «талғамға талас жоқ» дегенді жиі айтамыз. Меніңше, талғамға талас жүруі тиіс. Есті дүниелерді төрге шығара отырып, талғамды тәрбиелеу керек. Жұрттың қалауы осы екен деп, кір-қоқырды өнерге айналдыруға болмайды.
Тақырыпқа орай
Бейбіт ОРАЛҰЛЫ, композитор:
– Бұрын барлық әндер Көркемдік кеңестің қатаң сүзгісінен өтіп барып, халыққа ұсынылатын. Қазіргі уақытта есектің ақырғаны да, доңыздың қорсылы да ән болып жатыр. Ал осындай мәселелер жөнінде бірдеңе деп өз ойыңды айта қалсаң, біреулер көреалмаушылық деп түсінеді. «Әр заманның өз сұрқылтай» десек те, сол әндерді електен өткізіп, құнарлысын, нәрлісін таңдап алу кем болып тұр. Не болса соны тыңдаудан халық әбден шаршады. Кімнің ақшасы бар, сол сахнада ойқастап жүр. Оны бәріміз де көріп отырмыз. Ал соған тыйым салатын жүйе жоқ. Дәл осы қалпымызбен кете берсек, ертеңімізге не қалдырамыз? Бұл мәселені Көркемдік кеңес те шеше алмайды. Осы қателіктерді түзетуді қолға алатын кезеңнен өтіп барамыз. Кімді жазалағандайсың? Сол үшін теле-радиоларда қатаң бақылау жасайтын арнайы құрылым керек, болмаса осы кеткеніміз кеткен…
Әзірлеген Гүлім Сыдықова.
ПІКІРЛЕР2