Әлеуметтік медициналық сақтандыру
Кез келген мемлекет үшін ұлт саулығы бірінші кезектегі мәселе. «Тәні саудың – жаны сау» демекші, ел азаматтарының сапалы, бәсекеге қабілетті, білікті болуы үшін әуелі олардың жаны мен тәнінің саулығына басар назар аударған жөн. Осы орайда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін енгізу арқылы еліміздегі денсаулық сақтау саласының түйткілді мәселелерін шешу қолға алынып отырғаны көпшілікке мәлім. Бүгін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығының директоры Жәмилә БАТТАҚОВА ханымнан осы жаңа жүйенің ерекшеліктері мен артықшылықтары туралы сұрап білген едік.
Жәмилә БАТТАҚОВА, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығының директоры
– Ата заңымыздың бірінші бабында адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы екені айтылған. Тәуелсіздік алғалы ел азаматтарына тегін медициналық көмек көрсетіліп келе жатқаны да сондықтан. Ал соңғы кездері қолға алынған міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге қандай себептер түрткі болғаны жөнінде айтсаңыз.
– Рас, еліміз егемендік алғалы өз азаматтарының саулығына ерекше көңіл бөліп келеді. О бастан-ақ бабаларымыз «бірінші байлық – денсаулық» екенін атап көрсеткен. Қазір заман өзгерді, біз жаһандану дәуірінде өзге дамыған мемлекеттердің озық тәжірибелеріне ден қоя отырып, өз жолымызды табуымыз керек. Осы тұрғыдан келгенде, денсаулық сақтау саласының жаңа, тиімді жүйесін құру қажеттілігі туындайды. Бізді әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге бірнеше себептер бар. Атап айтсақ, денсаулық сақтауға азаматтар мен жұмыс берушілердің ортақ жауапкершілігінің жоқтығы, жүйенің қаржылық тұрақсыздығы мен көрсетілетін медициналық көмектің жеткіліксіздігі, денсаулық сақтауды қамтамасыз ету ауыртпашылығының тек мемлекетке түсуі, т.б. Қазір ел азаматтары арасында денсаулық сақтау саласына тұтынушы ретінде қарау сипат алды.
Бүгінгі қолданыстағы денсаулық сақтау жүйесінің бірнеше басты мәселелерді шешуге мүмкіндігі жоқ.
Біріншіден, пациенттерді тартуға медицина ұйымдарының арасында бәсекелестік жоқтың қасы.
Бұған дейінгі мемлекеттің қолданыстағы жүйесінде медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін барлық медицина ұйымдарының арасында қаражатты теңдей бөлетін бірегей қызмет ұсынылған еді. Сонымен қатар, тәжірибеде теңдей бөлу бір бағыттағы және қуатты медициналық ұйымдар ұсынатын медициналық көмектердің сапасына қарамастан, бірдей көлемде қаржы бөлініп келді. Бұл өз кезегінде көптеген медициналық ұйымдардың қызмет көрсету сапасына көңіл бөлмей, қымбат тұратын ауруларды емдеуді кеңейту есебінен көбірек ақша «алып кету» үрдісін туғызған-ды.
Екіншіден, төлем жасаудағы теңгермешілік және бейресми төлемдердің өсуі.
Өкінішке қарай, дәрігердің тәжірибесі, білімі мен дағдысына қарамастан жұмыс өтілі бірдей болған жағдайда бір бейіндегі барлық мамандар бірдей жалақы алып келді. Осыған байланысты көптеген білікті дәрігерлер жекеменшік құрылымдарға ауысып кетті, я болмаса кәсіби дағдыларына сәйкес табыс табатын жеке кабинеттер аша бастады. Бұл өз кезегінде халық қалтасына артық күш түсіре бастады.
Үшіншіден, әлеуметтік қамқорлықты сақтау.
Медициналық көмектің мемлекеттік кепілдік берілген көлемі көпшіліктің «денсаулығымызға мемлекет жауап береді» деген сенімінің орнығуына себепкер болып отыр.
Бұл мәселелердің бәрі қоғамның денсаулық сақтау жүйесіне сыни көзқарасын қалыптастырды. Осы аталған жағдайлар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу шеңберінде қаржыландыру тәсілдерін және медициналық көмекті ұйымдастыруды түбегейлі өзгер-ту қажеттілігі туындағанын аңғартады.
– Олай болса, осы жаңа жүйенің тиімділігі мен артықшылықтарына тоқталсаңыз. Халық үшін қандай пайдалы тұстары барын түсіндірсеңіз.
– Әуелі медициналық көмекті өзіңіздің таңдауыңыз бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен (бұдан әрі – ӘМСҚ) келісімшарт бекіткен кез келген клиникадан ала аласыз. Бұл жағдайда медициналық қызмет көрсеткен клиника шығыстарын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (бұдан әрі – МӘМС) жүйесі жиынтығы (пакеті) шеңберінде Қор толық жабады;
Екіншіден, Сіз ТМККБК (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген кө_лемі) және МӘМС пакеттерінің шеңберінде қарастырылған медициналық көмекке қосымша төлемнің барлық түрінен босатыласыз;
Үшіншіден, фармацевтикалық қызмет жеткізушісі ретінде Қормен тіркелген, сізге көрсетілген кез келген елдегі дәріханадан құрамы бойынша кеңейтілген және жақсартылған дәрі-дәрмек тізбегі толық қолжетімді болады;
Төртіншіден, МӘМСҚ-ға Сіздің пайдаңыз үшін аударылған жарналар және медициналық ұйымдардан Сізге көрсетілген қызметтер туралы мәліметтерді ай сайын алуға мүмкіндік болады;
Бесіншіден, Қор МӘМС-ға қатысушы ретінде сапасыз қызмет көрсетілген немесе құқық бұзылған жағдайда сақтандырылған азаматтардың құқығы мен қызығушылықтарын қорғайды.
– Бұл жүйенің ерекшеліктері туралы ақпараттық-түсіндірме жұмыстары қалай жүргізілуде? Жаңа жүйені іске асыру механизмдері қандай?
– Бүгінде сақтандыру медицинасын енгізу бойынша медициналық қызметкерлер, жұмыс берушілер арасында, сонымен қатар жұртшылық ішінде ҚР ДСМ құрылған республикалық штабпен кеңінен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары (БАҚ-қа мақала жариялау, ақпараттық-білім беру бүктемелерін тарату, аудио-бейнероликтерді көрсету) жүргізіліп отыр. Бірінші кезекте көпшілікке медициналық сақтандыру жүйесін іске асыру механизмдері туралы кеңінен түсіндіруді қолға алудамыз.
Қазақстанда міндетті медициналық сақтандыру үлгісін таңдау кезінде 50-ден аса елдің тәжірибесі қаралып, ескерілді. Қазіргі таңда әлемде денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың үш үлгісі бар. Олар –бюджеттік, сақтандыру және аралас.Бюджеттік үлгі Ұлыбритания, Испания, Италия, Швеция секілді елдерде қолданылады.
Әлеуметтік қоғамдық сақтандыру Германия, Франция, Бельгия, Корея, Жапония, Словакия, Шығыс Еуропаның бірқатар елдерінде, ал жекеменшік сақтандыру АҚШ-та қолданыста.
Дегенмен, көп елдерде «бюджеттік» және «сақтандыру» үлгілерін аралас қолданады. Себебі, бұл екі үлгі өз тиімділігін көрсеткен. Қазақстанда ең үздік әлемдік тәжірибелерді есепке ала отырып, медициналық сақтандырудың осы аралас үлгісі енгізілмек.
Бұл денсаулық сақтау саласындағы қаржылық тұрақтылықты, жоғары деңгейдегі сапалы және қолжетімді медициналық қызметтерді, медициналық көмектің кең жиынтығын (пакетін) қамтамасыз етеді.
Қазақстанда медициналық сақтандыру қорына алынатын жарна мөлшерлемесі бойынша басқа елдермен салыстырғанда, ең қолайлы жағдай жасалады деп күтілуде.
Мәселен, Германияда жұмыс берушілердің жарнасы 7,3%, жұмыскерлердікі – 8,2%-ды құрайды. Словакияда 10% және 4%, Литвада 3% және 6%.
– Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш қандай болмақ?
– Қазақстанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау және әлеуметтік-еңбек саласы бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасына (Парламентте енгізуде) сәйкес медициналық сақтандыру бөлімінде келесі жарна және аударым мөлшерлемелерінің көлемдері қоса беріледі;
– жұмыс берушілердің аударымы: 2017 жылдың шілдесінен бастап – 1%, 2018 жылдан – 1,5%,2020 жылдан – 2%,2022 жылдан бастап -3%;
– жұмыскерлердің жарнасы: 2019 жылдан – 1%, 2020 жылдан бастап – 2%;
– ЖК, жекеменшік нотариустар, шарт бойынша табыс табатын жеке тұлғалар жарнасы табыс көлемінен 2017 жылдың шілдесінен бастап 2 МЖА-дан кемінде 5%;
– жұмыс күші құрамына кірмейтін тұлғалар жарнасының мөлшерлемесі (өнімсіз өзін-өзі жұмыспен қамтушы) – 2018 жылдың қаңтарынан бастап 1 МЖА-дан 5%;
– мемлекет халықтың әлеуметтік-қорғалмаған тобына 2018 жылдың қаңтарынан бастап 3,75%, 2019 жылдан 4%, 2022 жылдан 4,5 %, 2025 жылдан 5% аударып отырады деп күтілуде.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Айнара АШАН.