Тағдырдың таспа жолында
01.09.2017
1155
0

Онда алабұртқан албырт шағымыз еді. Бір кездері республика басшылары отырған, одан кейін Қазақстандағы ең мықты оқу орындарының бірегейі болған ҚазМУ-дың көне ғимаратының алдында үміт пен күдіктің көкпарын­да­мыз. Не болар екен? Қанша алар екенмін? Түсемін бе, түспеймін бе?.. Әрқайсымыз осындай ойлардың шарпуында жүргенде дудыраған қалың шашы шоқтықтанған әдеміше жігіт қияқ мұртының ұшын саусағымен саумалай ширатып қарап тұратын. Ол азаматпен көп ұзамай таныстық. Екеуміз 1971 жылы бірге бақ сынасқан екенбіз. Жолымыз болмаған. Ол Арқалыққа таяу жердегі өзі оқыған Қайыңды орта мектебіне барып пионервожатый болған, содан азаматтық борышын өтеуге аттанған. Әскери бөлімнің жолдамасымен универси­тет­тің дайындық бөліміне түсіпті. Өзімен бірге оқыған он үш қыз-жігіт студент атанып, ҚазМУ қалашығы құры­лы­сында жүр екен. Міне, солар­дың арасынан Жүкең – Жұмабек Омарұлы Кенжалин, біз кімдермен оқыр екенбіз деп, әр емтихан сайын жанашырлық ниетпен келіп тұрды.
Сол жылы әр орынға бес талапкерден келіп едік. Отыз жетіміз оқуға тү­сіп, бақыт деген осы екен дедік. Керемет заман еді-ау! Жайлы жатақхана. Жақсы оқығандарымыз ай сайын 40 сом­нан стипендия аламыз. Екінші се­местрден бастап бәрімізден оза шапқан Жүкең жоғары стипендияға ие болды. Тағы бір артықшылығы – жүретін қызы бар екен. Көзі мөлдіреп, жүзінен нұр төгілген қалаулысы Әли­ма­ға арнап «Айнұрым» деген ән де шы­ғарыпты. Сөзін жазған да өзі. Домбыраның шегін баппен шертіп, сол әнді беріле шырқайды. Арамызда ақындар да, әдемі ән салатын жігіттер де көп болды. Қай-қайсымыз да ға­шық­тық жырын шерттік. Алайда, Жүкең секілді сүйген сәулелерімізге ән шығара алмадық…
Екінші курсқа көшкен жазда ол бір топ курстастармен Нарынқолда құры­лыс отрядында болды. Күзде келе салысымен қолға тиген қомақты ақ­ша­ға көкбазардың аумағындағы
«Әс­ем» мейрамханасында үйлену тойын жасады. Артынша пәтерге шықты. Әли­ма екеуміздің өміріміздің дастаны ғой дейтін тұңғыштары Дастан дүниеге келер жазда екеуміз Қазақ радиосына қырық күндік өндірістік тәжірибеден өтуге бардық. Жүкең насихат редакциясында, ал мен жастарға арналған «Ұш­қын» бағдарламасында болдым. Жатақханада ешкім жоқ. Астыңғы қабаттағы бір бөлмеде екеуміз ғана. Тоқ қасқаршаға шәй қойып ішеміз де, ре­дакциядағы ағайлардың ертең эфир­­­ден өтуге тиіс деп берген мате­-
р­иал­­дарын жазуға отырамыз. Сонда күллі радио шығармашылығы қызмет­кер­лері өткізетін апталық лездемеде мақталған Жұмабектің белгілі мүсінші жөніндегі «Мергенов Мұраты» радио очеркі үшін Пушкин атындағы кітапханаға барғанына, түннің екінші жартысына дейін толғана отырып үстелде отырғанына куә болдым.
Жүкең өз сөзіне ие, әрбір ісіне жа­у­ап­кершілікпен қарайтын азамат­ты­ғынан бір айнымай өтті. Сондықтан республикамыздың бас газетінде бас­талған журналистік еңбек жолы, бас­шылық қызметі жақсы жалғасты. Бы­­лайша қарағанда, ол сол газетте жә­не жастар басылымында ғана бас редактор болмапты, қалған республи­калық газет-журналдардың бәрін дерлік басқарыпты. Соның ішінде өзім онымен «Халық кеңесі» газетінде қызметтес болған екенмін. Сол кезеңде Жүкеңнің жадырай сөйлесіп жүріп-ақ қарамағындағыларға талап қоя біле­тінін, газет жұмысына асқан жауап­кер­шілікпен мән беретінін көзбен көрдім. Нәтижесінде газетіміз ел-жұрт іздеп оқитын, халықтың көкейіндегі қай мәселеге де еркін араласып, ашық жазатын, таралымы ауқымды ба­сылым­ға айналып еді…
Айта берсе, оның курстастарға де­ген көңілі де өзінше әңгіме. Осы ойым­­­ның бір дәлелі – дайындық бө­лі­мімен бірге оқыған Жайлаубай аға­мыз Бақытгүлге үйлен­генде жаңадан алған пәтерінде дастархан жайып, басымызды қосуы. Оған Үм­бет­бай Уайдин аға да қатысты. Екі жас­қа ақ батасын берді. Оны қалай ұмы­тайық?..
Одан соң университет бітіруіміздің бес жылдығы келді. Курстастардың қалам қуатын енді-енді көрсетіп келе жатқан кезі бұл. Артынша ешқайсымыз байыбына барып болмайтын өзгерістер жетті. Қоғам да, оның адамдары да қат­ты өзгерді. 20, 25 жылдығымыз өт­пей қалды. Ғасыр ауысып, жыл санауымыз 2000-нан асқанда ғана оң-со­лы­­мызға қарадық. Сөйтсек, ау­­­ди­­ториялас достардың біразынан мәң­­гілік­ке көз жазып қалыппыз.
Әу­елі Қалдыбай Бердалиевтен айырылыппыз. Одан соң Мәншүк Бағжаева, Мылтықбай Ысмағұлов, Әмір Оралбаев, Абдолла Сүлейменов, оның артынша Жұмабай Әбілев… Алматылық курстастар үнемі дидарласып тұрамыз. Осындай басқосуда өмірдің өткін­шілігі, уақыттың жүрдектігі сөз болды. «Биыл диплом алғанымызға отыз жыл толады, кездесейік» дедік. Осы ойымыз сәтімен жүзеге асты. Жел­кілдеген жігіт, әп-әдемі қыздар едік, бәріміздің жүзімізге жылдар ізін салыпты, мосқал тарта бастаппыз. Тіпті, кейбіріміз шырамыта алмайтындай дәрежеде өзгеріппіз. Осының өзі қы­зық көрінді бізге. Сағына қарайлайтын студенттік шағымыз, одан соңғы өміріміз, шығармаларымыз және көз жұмған жора-жолдастарымыз, аяулы ұстаз­дарымыз жөнінде жазылған «Құс қайтып оралды Алматыға…» деген кітап шығарып, тұсаукесерін жасадық. Университеттегі шырайлы жиыны­мыз­дың соңы мейрамханада жалғасты. Ертеңінде Тұздыбастаудағы Қайнар­дың еңселі үйінде ұзақ отырдық. Әр көңілде бір қуаныш, асып-төгілген әсерлі сезім, қимастық сөздер легі… Не керек, Еркін, Сәбит үшеуіміз кітап­тан кейін кітап жасап, оған «Отыз жыл өткен соң» деп ат қойдық. Міне, осы­ның бәрі-бәрінің бел ортасында Жүкеңіміз жүріп еді-ау!..
Жұмабек біздей емес, үлкенге де, кішіге де «сіз» деп сөйлейтін.
– Тәке, кітаптарды жақсы, әдемі, сауатты шығарасыз. Монографиям дайын, соны сіздің баспадан шығар­т­сам қалай қарайсыз? – деді бірде. Әрине, өз ақшасына шығарып бердім. Одан кейін ҚазМУ-де өзі бастамашы болып ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырған екен. Соның материалдарынан жинақталған 60 баспа табақ ауқымындағы «Қазақстан қоғамындағы ақпараттық үрдістер: Қазақстанның қоғамдық-саяси бас­пасөзінің қалыптасуы мен дамуы» деген жинағын қолына тигіздім. Ри­зашылық көңілі тасып-төгілді. Ондай кезде ажарлы келбеті одан да әдемі болып кететін, соны көрдім.
Міне, бәріміздің жүрегіміздің төрінен ойып орын алған Жұмабек досымыз сондай арда азамат еді ғой!
Бір күні… Иә, бір күні болғанда, мезгілсіз көз жұмарынан ай жарым шамасы бұрын, оңаша отырған сә­ті­мізде: «Тәке, арақ деген жаман нәрсе, соны азайтыңқырасаңыз жақсы болар еді», – деді. Ән сөзінде айтылатындай: «Бәріміз пендеміз ғой, періште көкте ғана…». Күнде емес, той-томалақ, әдемі басқосуларда елмен бірге ішетінім бар. Тойға барған соң, тойда жүргендей болайын дейтін әдетім. Дегенмен, достың сөзі – жанашыр сөз. Алайда, Жүкең ауырлау айтып қойдым ба деді ме, алақанмен ай маңдайын сипалап, ыңғайсыздана жымиды. «Тәке, пенсияға шықтыңыз ба?» деді. «Ой, рахат екен! Ай сайын ақша шіркін өзі-ақ есік қағып келіп тұрады» дедім. «Ендеше, үйіңізден шәй ішеді екенбіз ғой. Айтып қояйын, тек қана қымыз алыңыз. Қазір қымыздың кезі», – деді күліп. Бұл күлкісі әдемі күлкі болды.
Сөйткен Жүкең, «зейнет демалысына шыққан күні қызметті тастап, ғылымға ден қоямын, жоспарлаған жұмыстарым жетеді» деген Жұмабе­гіміз бейнетінің зейнетін көруге үлгермеді. Бәрімізді оқытқан Қапан Қамбаров ағайымыздың көркем тілмен жазылған өмірбаяндық романында «Тағдырдан асып кете алман, мен де соның бірімін» дейтіні бар еді. Расында, ешқайсымыз маңдайдағы жазудан асып кете алмайды екенбіз. Жүкең де тағдырының таспа жолы жеткен жерге дейін келіп, қош деген қимастық сөзін де айта алмай мәңгілік мекеніне кете барды…

Талғат АЙТБАЙҰЛЫ,
публицист-жазушы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір