Жұмабек
Жұма – мұсылмандар үшін қасиетті күн. Дәл сол күні қазақ әдебиеті ауыр қазаға ұшырады. Жүрек құрғыр сыр берді. Жедел жәрдем…
О дүние-ай! Мына бір бес күндік сұм жалған кімге тұрақ болған-ды?! Біреу ерте, біреу кеш кететініндей, қашан келместің кемесіне отырып жөнелетініңді ешкім және ешқашан білмек емес.
…Еліміздегі нарықтық мекеме – Журналистика Академиясының құрылғанына, міне, он жеті жыл толыпты. Оның құрамына медиа лордтар мен мэтрлер (менің 2006 жылы жарық көрген «Свет Звезды. Элита отечественной журналистики» атты кітабым солар туралы) кіреді. Академия ротация негізінде толығып, құрамы алпыс адамнан аспайды әрі өзгермейді. Өмір-өзен бір қалыпты ақпайтыны белгілі. Бақилық боп кеткендер қаншама?! Тағы да, біреу ерте, біреу кеш дегендей… Иосиф Будневич, Камал Смайылов, Галина Күзембаева, Дүкеш Байымбетов, Олег Квятковский, Евгений Доцук, Мадрид Рысбеков сынды әріптестеріміздің есімі ел есінде.
Соңғы жылдары Академия қатары Мұрат Әуезов, Олжас Сүлейменов, Сергей Харченко, Бибігүл Жексенбай, т.б. көсемсөз шеберлерімен толықты.
Журналистиканың отымен кіріп, күлімен шығатын әріптестеріміз өз денсаулығын ойлаудан қалып барады. Қаламды қару еткен мамандар өміріндегі жұмыс пен қанбазардай қайнаған қарбалас тіршіліктің қатар жүретін әдеті ғой. Ал сынаптай сырғыған уақыт өтіп жатыр, өтіп жатыр. Өмір өз мөр-таңбасын бақырбастының ең әлсіз тұсы – жүрекке басатыны тағы бар. Шілде айында сұм ажал Жұмабекті арамыздан алып кетті. Оған «пайғамбар жасы» – 63-ке жету бақыты бұйырмады, әттең! Жазмыштың жазуы сол болар!..
Өзінің өмір жолында еліміздің айтулы делінген «Білім және еңбек», «Халық кеңесі», «Ақиқат», «Қазақ әдебиеті» мен «Ана тілі» секілді медиа брендттерді басқарған журналистерді бірден еске түсіру қиындау. Осынау бір мол тәжірибеден кейін Жұмабектің бірнеше газеттер мен «Ақиқат» пен «Мысль» сияқты қос журналдың басын қосқан «Қазақ газеттері» холдингін басқаруы заңдылық деп білемін. Кенжалин ұзақ жыл бойына осынау белді орталықты абыроймен басқарып келді.
Мен Жұмабектің досы әрі сырласы ретінде оны Сәкен Сейфуллинге ұқсататынмын. Жүріс-тұрысы, түр-тұлғасы, қылаяғы мұртына дейін Сәкен ақыннан аумайтынына таң қаламын.
Жалпы, Жұмабекті қоғам мен белді журналистер мойындап үлгерді. Журналистика Академиясының академигі ұйымның құрылған күнінен бастап-ақ БАҚ саласындағы ең жоғарғы әрі белді сыйлық – Мемлекет басшысының сыйлығының иегері атанды. Өкініштісі сол, дарынды көсемсөзшінің өмірі қамшының сабындай қысқа болды. Бір қызығы, ол таза, тәртіпті азамат болуымен қоса, достарының арасында да не темекі шегіп, не ішімдік ішкенін көрмедім.
Журналист әрі мықты ұйымдастырушы Жұмабек Кенжалиннің ұлттың рухани көшбасшылары, қазақ баспасөзінің негізін салған саңлақтар һәм Алаш арыстары – Ахмет Байтұрсынұлы пен Міржақып Дулатовтың арзу-арманын, ішкі жоспарын жүзеге асыра алғаны қуантады.
Кейінгі ұрпақ та Жұмабектен үлгі алып, соның жолын қуса ғой, шіркін. Жатқан жерің жәннатта болып, рухың пейіш төрінде шалқысын бауырым! Себебі, сен оған әбден лайықсың деп ойлаймын!..
Сағымбай ҚОЗЫБАЕВ,
ҚР Саясаттану ғылым академиясының академигі, тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Журналистика Академиясының президенті.
Түркия, Белек. 2017 жыл, 30 шілде.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.