Қадырдың қадірі
18.08.2015
1867
0

7Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың және тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері, қазақтың классик ақыны Қадыр Мырза-Әлінің 80 жыл­дығына арналған салтанатты мерейтойлық шаралар 27-28 маусым күндері ақынның туған топырағы – Ақжайық өңірінде жоғары деңгейде аталып өтті. Шараға ағылған халықта есеп жоқ. Қазақстанның әр түкпірінен аты жеткен қаламгерлер, қоғам қайраткерлері, ақынның жары – Салтанат апа мен балалары, немерелері, келіндері тойдың құрметті мейманы болды.
Бірінші күні облыс орталығы – Орал қаласында Қадыр Мырза-Әлі атындағы Мәдениет және өнер орталығы мен ақынның ғажайып ескерткіші ресми түрде ашылды. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев арнайы сөз сөйлеп, келген меймандарға өз ризалығын білдірді.
– Елдігіміз бен тұтастығымызға, ұлттық әдебиеттің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың бірі де бірегейі – Қадыр Мырза-Әлі. Қаламының қуатымен, дара дарынымен, ұшқыр ойымен сан қабат тіршіліктің келеңсіз көріністерін көркем тілмен кестелей отырып, халқының бар қадір-қасиетін, мінез-келбетін Қадыр ақындай көрсете білген талант кемде-кем. Ендеше, оған ел құрметі де мәңгілік. Елдің қалауымен, зиялы қауымның сұрауымен Қадыр ақынға ескерткіш ашылып, Мәдени орталықтың тұсауын кескелі тұрмыз. Қазіргідей жаһандану кезінде «Кітап оқып не керек?» деген әңгімелер айтылып қалады. Бұл – түбегейлі қате ұғым. Кітап оқу – қажеттілік. Кітап – адамның жан-дүниесін байытып, азғындыққа қарсы тұратын алапат күш! Бүгін ашылған Қадыр ағамыздың атындағы Мәдениет және өнер орталығы жастарымыздың көзі ашық, көкірегі ояу, рухы биік болуына ықпал ететін болады. Жыр жаттап өсіп келе жатқан жас ақын­дарымыздың қатары көбейіп, еліміздің ой-санасы азат ұл-қыздары өсіп келеді. Ақжайық жұртшылығы атынан мәртебелі меймандарға қош келдіңіз айтып, ескерткіш пен ақын атындағы Мәдениет және өнер орталығын ресми түрде ашуға рұқсат етіңіздер, – деді жиынды ашқан өңір басшысы.

Қазақстанның Еңбек Ері, аса көрнекті жазушы Әбіш Кекілбаев, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді, сенатор, Қазақстан Жазушылар одағы басқар­масының төрағасы Нұрлан Оразалин, ақынның жұбайы Салтанат Мырзалиева, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Халы­қаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Серік Тұрғын­бекұлы және облыс басшысы Нұрлан Ноғаев ескерткіш пен орталықты ресми түрде ашты.

Жазушы Әбіш Кекілбай, сенатор Нұрлан Оразалин, қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді жүрекжарды құттықтау сөздерін жеткізді.
– Бүгін қазақ халқының рухани өмірінде алтын әріп­тер­мен жазылатын сәттердің куәсі болдық. Бұл орталықтың ашылуы – қазақ өркениетінің, тәуелсіздігінің жаңа дәуірін­дегі ең бір үкілі, ең бір айшықты, елдің есінде қалатын тари­хи сәт. Бұл – әдебиет, музыка, бейнелеу, өнердің бар сала­сына көрсетілген құрмет, бүкіл ұлттың рухын асқақта­татын ақын ұлына күллі қазақ халқының құрметі. Облыс басшысына, ақынды қадірлеген еліне рахмет, елін есінен екі ұзатпаған Қадырға рахмет! – деп ой түйіндеген Нұрлан Оразалин сөзін ақын рухына арналған «Жайықпен амандасу» атты өлеңін оқыды.
Өз кезегінде ақынның жары Салтанат Мырзалиева Қа­дырды қастерлеген туған елінің алдында басын иді. Қат­ты толқыған Салтанат апа осы істердің басы-қасында жүрген азаматтарға жүрекжарды алғысын айтты.
Жиылған қауым Қадыр Мырза-Әлі атындағы Мәдениет және өнер орталығын тамашалады. Онда ақынның мұра­жайы, шығармашылық одақтардың (Жазушылар, Композиторлар, Суретшілер) облыстық бөлімшелері орналасқан. Айтыскер ақындар бас қосатын орын, бала­лар­­дың шығар­ма­­шылығына арналған үйірме бөлмелері, кітапхана, мә­дени шаралар өткізілетін залдар бар. Сол 150 орындық кон­церт залында мәртебелі меймандар орталыққа тарту-таралғыларын ұсынды. Соның ішінде белгілі кәсіпкер, ақын қорын құрушылардың бірі Құндыз Нұпов пен Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан атырау­лық­тар­дың атынан орталыққа автокөлік кілтін табыс етті. Ендігі жерде Қ.Мырза-Әлі атындағы Мәдениет және өнер ор­та­лы­ғы­на белгілі талантты әнші-композитор Донеділ Қа­жымов басшылық жасайтын болады. Салтанатты шарадан соң ақын-жазушылар орталықты аралап көріп, БАҚ өкіл­дері­мен кездесті. Баспасөз мәслихатында сөз алған облыс басшысы Нұрлан Ноғаев Қадыр орталығы Батыс Қазақ­станның мәдени Меккесіне айналсын деген тілегін жеткізді.

Түстен кейін облыстық қазақ драма театрында «Қадыр тағылымы» атты әдеби-сазды кеш өтті. Әдеби жиынды ашып берген облыс басшысы Нұрлан Ноғаев ақынның мерейтойына арнайы жолдаған ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықованың құттықтау хатын оқып берді.
Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбай, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді, сенатор, Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, Парламент мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов, республика­лық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбай, жазушы, ком­позитор, жазушы, Қазақстан мен Қырғызс­тан­ның ең­бек сіңірген қайраткері Илья Жақанов, Мемле­кеттік сыйлықтың лауреаты Әнес Сарай, жазушы, кинодраматург Смағұл Елубай, ҚР еңбек сіңірген қайрат­кері, жазушы, Қажығали Мұхамбетқалиев, ақын, Халықара­лық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Тұрғынбекұлы, Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан ақын шығар­машылығы мен қайраткерлігі жайлы ой толғады. Қадыр ақынның немересі Мүсілім Мырзалиев атасының туған ел туралы өлеңін көпшілікке оқып берді. Сондай-ақ, түрлі пішінде ұйымдастырылған шараларға Ертай Ашықбаев, Дидар Амантай, Жанарбек Әшімжан, Есей Жеңісұлы, Бауыржан Халиолла сынды қаламгерлер де қатысты.
Белгілі айтыскер ақын Мэлс Қосымбав мерейтойға жырмен шашу шашты.
Әдемі естеліктер айтылып, әнмен әрленген кеш барысында «Өлмес өлең» республикалық жыр мүшәйрасының жеңімпаздары марапатталды. Қадыр ақынның шығарма­шы­лық асыл қазынасын ұлықтау мақсатында ұйымдас­ты­рыл­ған мүшәйраға еліміздің барлық өңірінен 40-қа жуық жас ақын шығармаларын ұсынған екен. Солардың ішінен оқ бойы озық шыққан оралдық жас талант Мадияр Төлеуов бас жүлдені иеленсе, бірінші орын семейлік Біржан Ахмерге, екінші орын астаналық Олжас Қасым және қара­ған­дылық Абай Оразға, үшінші орын алматылық Алпамыс Файзолла, жаңақалалық Алтынбек Ермекқалиев, оралдық Талғат Мықиға бұйырды. Мүшәйраның бас қазысы ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ақұштап Бақтыгереева Қадыр ақын туралы, оның әдеби мұралары жайлы кеңінен толғап, сөз сөйледі. Мерейтойлық кеш Қадыр Мырза-Әлі орталығының амфитеатрында Құрманға­зы атындағы академиялық ұлт-аспаптары оркестрінің концертіне ұласты.
Екінші күні ақынның 80 жылдық мерейтойы Қадекеңнің кіндік қаны тамған Сырым ауданында, аудан орталығы Жымпиты ауылында жалғасты. Облыс басшысы Нұрлан Но­ғаев бастаған той қонақтары Жымпитыға барар жолда­ғы Сырым батыр шыққан төбеге тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
Абат Шыныбеков басқаратын Сырым ауданының халқы да біртуар ақынның тойына тыңғылықты даярланыпты. Аудан орталығы Жымпитыда Қадыр ақынның қола­дан құйылған еңселі ескерткіші бой көтерді. Ескерт­кішті ашу құрметі Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанға, жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қажығали Мұхамбетқалиевке, қаламгер, «Арыс» баспасы­ның директоры Ғарифолла Әнеске, БҚО мәслиха­тының хатшысы Мәлік Құлшарға ұсынылды. Салтанатты шарада өңір басшысы Нұрлан Ноғаев, қазақ әдебиетінің абызы, Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаев арнайы сөз сөйледі.
Бұдан әрі қонақтар аудандық мәдениет үйінде орналас­қан Қадыр ақынға арналған көрмені тамашалады. Ақын ұстаған заттарды, тұтынған бұйымдарды, бір сөзбен айт­қанда, баға жетпес құнды жәдігерлерді көзбен көрді.
Сырым еліндегі салтанатты мереке ақшаңқан үйлер тігілген Тойтөбе жазығындағы ат жарыс, балуан күрес, Нұрғали Нүсіпжанов бастаған күміс көмей әншілердің кон­цертіне ұласты. Құнан бәйге және аламан бәйгеде маңғыстаулық сәйгүліктер оқ бойы озып келіп, бас бәйгеге тігілген «Лада Гранта» және «Нива» көліктерін ұтып алды. Қазақша күрестен түйе балуандар бәсекесінде сырымдық Сұңғат Махамбетов топ жарды.
Сөйтіп, артына 18 том еңбек қалдырған, әдебиеттің барлық жанрында талмай еңбек етіп, еңбекқорлықтың ғажайып үлгісін көрсеткен классик Қадыр Мырза-Әлінің 80 жылдық мерейтойы да тасқа басылып, тарихқа қаттал­ды. Екі күнде еңселі екі ескерткіші, аумағы абаттандырыл­ған орталығы ашылған, көзі тірісінде де, өзі өмірден озған соң да лайықты бағасын алған ақында арман бар ма!? Қадекеңнің «Дүниеге шын ақын, ұлы ақын келген күні сонымен бірге қабаттасып даңқ та туады» деген нақыл сөзі бар. Қадыр ақын тіршілігінде даңқтан кенде болған жоқ, мерейтой да сол даңқ биігінен түскен жоқ. Қадыр ақын осы құрметтердің бәріне де лайық!

Поэзиямыздың темір­қазығы

Әбіш КЕКІЛБАЙ,
Қазақстанның Еңбек Ері:

– Алқалаған әлеумет! Біткен істің міні жоқ, бітірген ердің кемі жоқ деген осы. Арамыздан ғайып болып, бәрімізді қатты сағындырған қай­ран ақынның асыл бейнесі, міне, көз алдымызда. Бұған бәріміздің көңіліміз толып, мерейленіп, көзайым болып отырмыз.
Орал төріне аттап тұрғаным бір бұл емес. Соның үшеуінде аяулы досым Қадырмен бірге келіппін. Біреуінде қала тұрғындары даңқты жерлестері келген-кеткенінде түсіп тұрсын деп үй салыпты. Соның ауласында кеудемізді самалға тосып, бір кеш әңгіме-дүкен құрғанбыз. Қалған екеуінде Сырым батырдың тойына келдік. Екеуінде де әншейінде жайма-шуақ жататын Ақжайық өңірінің ауа райы аяқ астынан нілдей бұзылып, екілене жел көтерілген-ді. Сонда қасымдағы Қадырға көзім түскені. Ол әйгілі бабасының хан ордасын көргенде өрттей килігетін дауылпаз мінезін бірден танып, қос білегін кеудесіне айқара құшып, буда-буда бұйра шашын одан сайын дудыратып, дүрліккен дүниеге қасқая қарап қалған. Сол тұрысынан Қадырдың қайсар да өжет мінезін танығанмын. Енді, міне, сол бір ержүрек бейне осы арада мәңгі бақи орын теппекші.
Қадыр Мырза-Әлі – ұлттық руханиятымыздың қақ төріндегі өз орнын өз көзімен көріп, біліп кетті. Оның адам таңғаларлық әдеби феномені – бүгінгі және келешек поэзиямыздың жолдан жаңылыстырмас темір­қазығы. Әңгіменің шыны керек, инемен құдық қазғандай машақат­ты ұзақ жолға ақырына дейін шыдады. Қашан келсем де, қаршығадай қадалып, үстелінде жазу жазып отыратын. Бір парақ қағазды алып, тікесінен екі бүктейтін. Бір бетіне кесте тіккендей қылып мөлдіретіп жазатын. Ұнамаған жерін өшіргішпен өшіріп, қайта жазатын. Қарсы алдында ұшталған бір қорап қарындаш самсап тұратын. Кейде телефон соғып, өлеңін тыңдауға шақыратын. Ара-тұра кітап дүкендерін бірге аралайтынбыз. Үйі нағыз кітап мұражайы дерсіз. Әлем майталмандары тү­гел тізіліп тұратын. Ашып қарасаң, асты сызылған сөйлемдерден, тұс­тарына соғылған әрқилы белгілерден көз тұнатын. Ақын бұл кітап­тар­ға зерек әріптестің әрі биік бәсекелестің қырағы көзімен қара­ған­дай.
Кейде өзі ештеңе жазбағандай, өмірін тек оқуға арнағандай көрінеді. Ондай кезде Қадырдың өз кітаптарына үңілгейсіз. Жазғанда қандай – қараны қандырып, төрені төндіріп жазған оның кітаптары әлем классиктерінің қайсысымен де қатар тұра алады. Қадырды білмейтін қазақ жоқ. Шығармаларына ең көп сілтеме жасалатын үш автор бар. Оның бірі – халық, бірі – Абай, бірі – Қадыр. Осы үшеуінің сөзімен тұздықталмаған әңгіменің дәмі кірмейтіндей. Міне, сол Қадыр тарих төріне ешқандай дау-дамайсыз бейбіт аттап отыр. Ұлты ұлықтаған ақын мәңгі өмір сүрмек.

Жайықпен амандасу
(Қадыр Мырза-Әлінің рухына)

Еңкейгенмен – елдесіп,
шалқайғанмен дауласқан,
Қазақ үшін белдесіп,
Қазақ үшін жауласқан;

Еділ үшін егесіп,
Жайық үшін жандасқан,
доспен дос боп кеңесіп,
қаспен қас боп қандасқан;

тұлпарлары шекелі,
сұңқарлары келісті,
батырдың мекені,
ақындары өрісті…

Сенде – менің тамырым,
сенде – менің сүйегім;
сенде – менің сабырым,
арқа сүйер Киелім!

Хазарлардан із қалған,
Махамбеттен сөз қалған,
Жұбан айтқан ызғарлы ән,
Желтоқсанда қозғалған.

Шабыт берген Қасымға
жалын мінез алдаспан,
сөз айналып жасынға,
Жыр-Қадырға жалғасқан…

Көзге түсер құланның
маңдайының ағы бар;
сенде туған ұланның,
Беу, Ақжайық!
Бағы бар!
Айтар саған алғысым
жүрекжарды көп тегі.
Ұлы жұртым!
Армысың!
Екі дүние өткелі!

Айбынымды сүйедім,
Намысымды жанып Ар.
ақ айдыным – Киелім,
сәлемімді қабыл ал!

Нұрлан Оразалин,
ҚР Мемлекеттік сыйлықтың
лауреаты.
27.06.2015 ж.

ҚУАН, ҚАЗАҚ!

Егер менде ақындық дарынның тарыдай бір түйірі болса (ақындық дарымаған соң, міне, оның немен өлшенетінін де білмей отырмын), онда:
«Қуан, Қазақ, Ақжайықтай көсіле,
Көңіліңде Қадыр жыры есіле!
Ақ Ертіске қуанышың құйылсын,
Қадыр Нұры – баршамызға несібе! –
деп бір шалқыр едім. Алайда, бүгін бәрібір шат-шадыман күйдемін. Қадыр Мырза-Әлі елінің әкім Нұрлан Ноғаев бас болған азаматтары қазақтың мәңгі бақи жасар перзенті Қадыр есімі берілген Мә­де­ниет және өнер орталығын ашып, ортасына ақынның асқақ ескерткішін орнатыпты! Уа, бәре­келді!.. Елі мен Ерінің егіздей болғаны қандай, шіркін!
Ау, ҚАДЫРИЯ! Осындай елі бар сен қандай ба­қытты едің! «Ғаббасияң сенің қоладан құйыл­ған мүсіндеріңді телеэкраннан, гәзет беттерінен көріп, Алтайының шыңына шыққан­дай, Орал өңіріне көз жібергендей, сені іздеп, тауып ал­ған­дай, қымбат құрдастық әдемі әзіл-қал­жыңың­ды тыңдардай болып, Көктем-қуаныш пен Күз-сағыныштың құшағында отыр. Кәне, басташы: «Ғаббасия!» деп, мен қостайын: «Қа­дырия, хал жақсы, иә?» деп. Дауысыңды есті­ме­геніме, дидарыңды көрмегеніме төрт жыл болды ғой! Сағындым ғой!..

Ғаббасияң (Қабышұлы).
30.06.2015 жыл.

ПІКІР ҚОСУ