Үштілділікті дамыту – болашаққа жол ашу
Еліміз үшін маңызды қадамның бірі – білім мен ғылымды инновациялық технология бағытымен дамыту. Сондықтан мемлекетіміздің қарыштап дамып, өркениеттен кенже қалмауы үшін өскелең ұрпақтың көп тілді меңгеруі қажет. Жастар ел келешегі болғандықтан, олардың көп тілді меңгеруі маңызды.
Бұл – заман талабынан туындап отырған қажеттілік.
Елбасы алға қойып отырған көптілділік мәселесі Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлемнің алдында тұрған көкейкесті мәселелердің бірі. Себебі, жаһандану жағдайы мен әлемдік кеңістікке етене ену әлем тілдерін білуді талап етеді.
Қазіргі таңда әлемнің алпауыт мемлекеттері де көп тілді, әсіресе халықаралық тілдерді меңгеруді маңызды міндет деп санайды. Көптілділік қазіргі әлемнің басты мәселесі – адамдар арасындағы келісім мен өзара түсінушілікті шешуге көмектеседі.
Елбасының мақсаты – еліміздің азаматтарынан өмірден өз орнын таңдай алатын өзара қарым-қатынаста өзін еркін ұстап, белгілі бір ғылым саласында білімі мен білігін көрсете алатын, көптілді және көпмәдениет-ті, басқа дамыған елдердің азаматтарымен тең иық тіресіп, білімімен санаса алатын жеке тұлға қалыптастыру.
Себебі, бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетін маман бәсекеге қабілетті тұлғаға айналатыны сөзсіз. «Адам өмірінің шегі бар, ал білімнің шегі жоқ. Мен бүгінгі ұрпақтың үш тіл білуін қолдаймын. Мемлекеттік тіл – мемлекет құрушы ұлттың тілі, ал орыс тілін білуі – ұлы байлық. Ағылшын тілі ілгерілеушілік пен технологиялардың тілі болғандықтан біз оны үйренуге тиіспіз. Ал қазақ тілі барлық Қазақстан халқын біріктіріп, жақындастырып, өзара түсіністік пен сүйіспеншілікке жетелейді», – дейді Елбасымыз өзінің дәстүрлі Жолдауында. Тіл арқылы өсіп келе жатқан ұрпақты әмбебап, жаһандық құндылықтарға қосу, әлемдік кеңістік пен көршілес мәдениеттер өкілдерімен қарым-қатынас жасап, сөйлесе білу дағдыларын қалыптастыруға болады. Әрине, дамыған өркениетті 30 елдің қатарына қосылу мақсатында жүргізіліп отырған «Үштұғырлы тіл» саясаты, шын мәнінде, елдің ертеңі үшін керек нәрсе. Бұның мақсаты – көп ұлтты елімізде ұлтаралық татулықты сақтау, ұлттық-мемлекеттік біртұтастықты қалыптастыру, қазақстандық патриотизмді негіз ете отырып, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылады. Бүгінгі таңда Қазақстан үшін үштұғырлы тіл – елдің бәсекеге қабілеттілікке ұмтылуының бірінші баспалдағы. Бұл мәселенің бүгінде мемлекеттік деңгейде талқыланып, білім реформалары аясында қарастырылып отырғандығы қуантады. Білім берудің мазмұны жаңарып, жаңаша көзқарас пайда болды. Осы орайда құрылған «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» басты мақсаты:
Қазақ тілінің мәртебесін көтеру;
мемлекеттік мекемелерде іс-қағаздарды қазақ тілінде жүргізу;
ағылшын тілін меңгерту;
орыс тілін жетік білу;
әр ұлттың тілдерін дамыту, оларды сақтап қалуға мүмкіндік жасау;
тілдер гармониясының бірлігіне жол ашу.
Елбасының «үштұғырлы тіл» саясаты аясында шетел тілін үйрену, оның қолданыс аясын кеңейту бүгінде кезек күттірмейтін өзекті де келелі мәселелердің бірі болып отыр. Алайда, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», – деп ақын жырлағандай, өз тілінде еркін сөйлеп, өз тілін құрметтейтін тұлғаны баулысақ, өзге тілді қадірлейтін тұлғаны баулитынымызға көз жеткіземіз. Сондықтан да «Мемлекеттік тілді үйрету балабақшадан басталуы тиіс. Бұл – заман талабы», – деген елбасының қағидасына сүйене отырып, қазіргі таңда балабақшадан бастап мектеп табалдырығын аттаған сәттен ана тілін меңгертуге, сауаттылыққа күш салынуда. Осы орайда ауыр жүк артылып отырған мұғалімдер мен тәрбиеші-ұстаздардың бәсекеге қабілетті тұлғаны тәрбиелеудегі еңбегі зор. Елбасымыз-дың үштілділік жоспарын іске асыру мақсатында балалардың ана тілге деген сүйіспеншіліктерін арттыру, орыс, ағылшын тілдерін жетік білуге баулу басты орында. Сондай-ақ, өз туған ана тіліне қоса, өзге де тілдерді бағалай білуге баулу Ұлт көшбасшысы нұсқаған басты ұстанымдар қатарына саналады. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиясында мұғалімдерге сенім арта отырып, жастарымыздан үміттенеді. «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан да сол деңгейде болады. Сондықтан да ұстазға жүктелетін міндет ауыр», – делінгендей, жастарды сауатты баулысақ болашағымыздың жарқын болатыны белгілі. «Мен сөзімді, әсіресе, жастарымызға арнағым келеді. Мен сіздерге – жаңа буын қазақстандықтарға сенім артамын. Сіздер Жаңа бағыттың қозғаушы күшіне айналуға тиіссіздер. Ал кейінгі толқын жастарға айтарым: Сендер – болашаққа деген үкілі үмітіміздің тірегісіңдер», – деген жолдарда жастарымызға деген үміт пен сенім жатыр. Осыған байланысты ұстаздар алдында оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отыру және технологияларды меңгеру, оны тиімді қолдана білу міндеті тұр. Бұл – мұғалімге, оқушыларға білім мен тәрбие беруде үлкен жауапкершілік артады. Әрбір оқушыны оқытып тәрбиелеуге байланысты мәселелерді өздігімен және шығармашылық ынтамен шешуге қабілетті жаңашыл мұғалім керек. Бүгінде осыны басшылыққа алған ұстаздарымыз үш тілді еркін меңгерген, өз білімін түрлі саладағы қарым-қатынас жағдайында пайдалана алатын ұрпақ тәрбиелеуге кірісіп те кетті.Қазіргі таңда барлық ата-аналар мектепке дейінгі жастағы балаларға ек-үш тілдің бастауыштық әдістемесін үйрете бастаса, болашақта меңгеріп кететіндігіне сенеді. Бұл – өте дұрыс нәрсе. Себебі, бала жастайынан тілді базалық деңгейде білсе, болашақта кәсіби деңгейде үйреніп алуына мүмкіндік туады. Осыған байланысты үш тілде білім беруді дамытудың мақсатты үш бағыты нормативтік-құқықтық және әдістемелік базаны жетілдіру және білім беру бағдарламаларын жаңарту бағыттары қарастырылып отыр. Бұл ретте мамандардың ойы – тілді табиғи негізде жетік меңгере алатындықтан тіл меңгере алмайды, күрделі деген ойдан шектелуі керек. Балаларды бір тілді оқытумен шектеу – дұрыс емес. Қазақ тілін өз туған тілім деп санап, сонымен бірге, орыс тілі, ағылшын тілі тілін қатар үйренуі тиіс. Еліміздің орта мектептеріндегі оқыту процесінде көптілділікті дамытудың басты тұжырымдары: тәуелсіз Қазақстанның үш тілді қатар пайдалана алатын мемлекет ретінде дамуы; «Үштұғырлы тіл» ұлттық жобасы – қоғамдық келісімді нығайтудың негізгі факторы; көптіл-
ділік – тілдер мен мәдениеттер байланысын дамытушы құбылыс.Мемлекетіміздің білім беру үдерісіне енген жаңартылған білім беру бағдарламасы да заман талабына сай келешек ұрпақтың сұранысын қанағаттандыратын тың бағдарлама болып табылады. Өз іс-тәжірибемізде оқушылардың интеллектуалдық қабілетіне түрткі болатын ойын технологиясын қолдана отырып сабақты үш тілде жүргізудің тиімділігі зор деп білемін. Сондай-ақ, ақпараттық технологияны: электрондық оқулықтар, презентациялар, тест, т.б. түрлері оқушылардың қызығушылығын оятып, уақыттарын үнемдеуге, қосымша деректерді тиімді қолдануға түрткі болды. Шығармашылық жұмыстарға жетелейтін тапсырмаларды да оқушылар қызыға орындап, еркін аударма жұмыстарын жасауға дағдыланды. Көп тілді үйрету арқылы біз болашақта көкірегі ояу, көзі ашық , әлемдік мәдениетке көзқарасы қалыптасқан азамат тәрбиелейміз деген ойдамын. «Келешекке кемел біліммен», – деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұстаным еткендей, әлемдік білім кеңістігінің құпияларына үңіліп, қоғамға бейім, өз қабілетін таныта алатын, жан-жақты дамыған, бірнеше тілді меңгерген құзыретті тұлға қалыптасады деген сенімдемін.
Нұргүл Төлеуханова.
ШҚО, Тарбағатай ауданы.