ҚазҰУ-да геологияны дамыту бағыттары талқыланды
11.04.2024
70
0

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына және Ғылым қызметкерлері күніне арналған «Геология ғылымы Қазақстан экономикасының базалық салаларын дамытудың катализаторы ретінде» атты халықаралық дөңгелек үстел отырысы өтті.

Іс-шараны география және табиғатты пайдалану факультетінің Картография және геоинформатика кафедрасы ұйымдастырды.

Дөңгелек үстел отырысына Қ.И.Сәтбаев атындағы Геология ғылымдары институтының, Satbayev университетінің, География және су қауіпсіздігі институтының, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ ғалымдары мен профессорлары, сондай-ақ Джордж Вашингтон университетінің (АҚШ), Бингемтондағы Нью-Йорк мемлекеттік университетінің (АҚШ), БҰҰ Геоақпараттық жүйелер орталығының (АҚШ) өкілдері қатысты.

Шараны Ғылым және инновациялық қызмет жөніндегі департамент директорының міндетін атқарушы Марғұлан Ибраимов ашты. Академик Қаныш Сәтбаевтың ел ғылымының дамуына қосқан баға жетпес үлесін атап өтті. Сонымен қатар департамент басшысы өз сөзінде Қ.Сәтбаевтың ұйымдастырушылық қабілеттілігінің арқасында Ғылым академиясы құрылғанын және оның базасында жаңа академиялық институттар ашылып, геология ғылымының барлық бағыты бойынша белсенді жұмыстар жүргізілгенін жеткізді.

«Халықаралық дөңгелек үстел отырысы 1948 жылы негізі қаланған география және табиғатты пайдалану факультетінде өтіп отыр. Факультет алғашқы жұмысын геологиялық және географиялық бөлімдерімен бастаған болатын. Болашақта факультет географиялық болып өзгертілді. Қазіргі таңда факультет жаңғырып, «Геология және геоморфология» атты жаңа білім беру бағдарламасын ашты. Қаныш Имантайұлы атап өткендей, Қазақстанда болашақта жаңадан ашылатын кен орындары бар. Демек, алдағы уақытта отандық  ғылым мен өнеркәсіп секторында дамудың жаңа белесі болмақ», – деп атап өтті Марғұлан Қасенұлы.

Дөңгелек үстел отырысында география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Әлия Ақтымбаева, Қаныш Сәтбаев атындағы Геология ғылымдары институтының бас ғылыми қызметкері Ақылбек Жүнісов, Ресей ғылым академиясының Жер қойнауын кешенді игеру мәселелері институтының бас ғылыми қызметкері Наталья Милитенко, Satbayev университетінің Гидрогеология, инженерлік және мұнай-газ геологиясы кафедрасының меңгерушісі Ерғали Әуелхан және т.б. ғалымдар сөз сөйледі.

Қатысушылар геологияны дамытудың өзекті бағыттарын, геология ғылымы мен геоморфологияны дамытудың қазіргі заманғы үрдістерін, сондай-ақ геология саласы үшін кадрлар даярлау мәселелерін жан-жақты талқылады.

Мақала жолдаушы:Маулит Б.

Мақала авторы:

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір