Өзбекәлі өнегесі
Ауруханаға түскеніме бірнеше күн болып қалған. Ептеп ес жиып, кешкі салқында сыртқа шығып, аурухананың ауласында әрілі-берілі жүріп, сергуді әдетке айналдыра бастағам. Ол күні де кешқұрым көңіл сұрап келген бала-шағамды есіктің сыртына шығарып салып, жатын орныма қарай беттедім. Күн едәуір салқын тартып қалыпты. Сәл-пәл желкем бар ма, қалай? «Сыртта аз-кем шамалдап кідірсем бе екен, әлде ішке кіре берейін бе?», – деп ойланыңқырап жан-жағыма қарасам, анау төменіректегі есік жақтан бері қарап тұрған кісіні Қадырға (Мырза-Әли) ұқсаттым да, баспалдақпен солай қарай ылдилай бердім. Бес-он қадам жүрген соң анық көзім жетті – Қадекең екен. Ол кісі де мені шырамытты білем, маған қарай жылжи түсті.
Ықыласпен қызу амандық-саулық сұрасып болғанда:
– Қадеке, Сізді тонадайдан танығанымды байқадыңыз ба? – дедім әңгімені әдейі әзілге бұрып.
– Е, мендей «таудай» адамды танымағанда! – деп әзіліме әзілмен жауап берді. Әр сөзі шегедей, бұрынғыдай.
– Ойпырай, бір қалада тұрып, қаншама уақыт ұшыраспай жүре береміз, ә? Қанша жыл болды көріспегенімізге? – деп бас-аяғымды барлап жатыр.
– Төрт-бес жыл болып қалды-ау, Қадеке.
– Иә, иә. Оның бір себебі, өзің білесің, мен жиын-тойлардан қашамын. Одан да жұмыс істегенім артық деп есептеймін.
– Ал сен де көп көзге түспейсің ғой. Соған қарағанда сірә, сенің де өте бір зәру шаруаларың болуы керек деп ойлаймын. Бос жүрістің адамы емес екеніңді сезем. (Екеуміз де күлдік).
Қадекеңнің менімен қатар жүргендегі әдеті: не сені қолтықтап алады немесе иығыңа қолын салып жүреді. Бүгін де сөйтті. Ықыласының көрінісі шығар деп жоримын. Бір сәт әңгіме Өзекеңе, Жәнібековке тірелді. Екеуміздің пікіріміз үйлесті. Ілтипатымыз ұқсас екен. Мен ол кісінің 5-6 кітабын шығарғанымды айттым.
– Сендер сияқты жұртқа істеген қаншама жақсылықтары көрінбейтін, бірақ сонысын ешкім ескермейтін де, есепке алмайтын кісілер бар. Әйтпесе біреу бір кітабыңды шығарып берсе де, өле-өлгенше ұмытасың ба?! – деп маған қарап, рахаттана күлді Қадағам.
Мен де ұқтым. Мұнысы: «Сен менің кітабымды шығарған жақсымсың ғой» дегені деп білдім.
Қадыр ағам сөзінің арасына үзіліс жасамай әңгімесін әрі жалғап кетті:
– Өзекең – адал, кісі танитын, өте еңбекқор, халыққа жаны ашитын адам еді ғой.
Комсомол сыйлығын да Өзекеңнің қолынан алғанмын. Анатолий Молодов екеуміз. Сен білесің ғой, Молодовты?! Басымды изедім. Сосын:
– Анатолий Молодов туралы бір деталь есіме түсті, – дедім. «Е, айта ғой» дегендей маған бұрылып, әңгімемді тосты.
– Өзекеңнің «Тағдыр тағылымы» атты екі томдығын шығарғанбыз, тұсаукесерін Өзекеңнің өзі «Ғалымдар үйінің» көгеріш өскен залында өткізіп жатқан. Өзекең 4-5 минут тұрып сөйлегенге шаршаңқырап, сол жерге орындық алдырып отырып қалды. Өте жүдеу еді. Жиналғандар, байқаймын, түгел жаны ашып, уайымдап тұр.
Сонда ғой Шерағаңның:
– Орыс жазушылары түз-түгел «Гогольдің шинелінен» шыққанбыз дейтіні сияқты, қазіргі жазушылар мен мәдениет қайраткерлері, тіпті, ірілі-ұсақты көсемдер, осы кісінің шинелінен шықты, – дейтіні.
Жиын аяқталған соң жиналған топтың бір бөлігі есік алдына шығып, Өзекеңді көлігіне мінгізіп, шығарып салды. Көбі қол бұлғап жатыр. Бір кез қабатымда тұрған А.Молодов кері бұрылып, маған қарап еді, екі көзінен жасы сорғалап тұр екен. «Өз көзімді қайтсем екем суланған» деп Әбділда ақын айтқандай, менің де көзім сау емесін көрген және бағанадан бері Өзекеңді сүйемелдеп, қасында жүргенімді байқаған болуы керек, Анатолий жай келіп мені бауырына басты. Сосын: «Наверное больше мы его не увидим…» деп көзін сүртті де, Өзекеңнің мініп бара жатқан көлігінің артынан телміре қарап тұрып қалды.
Бұл – Өзағаңның жұрт алдына шыққан соңғы жиыны екенін бәріміз де іштей түсініп, іштегі өкінішімізді баса алмай тұрдық.
– Иә, Анатолий қазақ өнері мен оның қайраткерлерін жақсы көретін, жақсы білетін, сол өнерге риясыз қызмет еткен орыстардың бірі, – деді Қадағам.
Мен басымды тағы изедім:
− Өзекең ондай жандарды жазбай танитын еді…
Бүгінде о дүниелік болып кеткен бұл екі арысымыздың да орындары үңірейіп тұр. Теңдесі жоқ қайран ағаларым-ай!..
Жарылқасын НҰСҚАБАЕВ.