Білім берудің белсенді бағыты
Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған Республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернаты 1998 жылдан бері 12 жылдық білім беру жүйесіне көшкен. Мектеп музыкалық білім беретін болғандықтан, 1-ші сыныптан 12-ші сыныпқа дейін әр оқушы жалпы біліммен қатар, бір мамандық бойынша кәсіби музыкалық білім алады. Бұл мектептің өзге мектептен артықшылығы – бітіруші түлектерге орта білім туралы аттестатпен бірге музыкалық біліктілігі туралы куәлік беріледі. Осы куәлікпен мамандығы бойынша балалар музыка мектебінде жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Жалпы білім беретін мектептердің 12 жылдық білім беру жүйесіне көшуінің тиімді тұсы да осы дер едім. Өйткені, мектепті бітіргенде «Кім болам?» деп ойланбай, мектеп қабырғасында жүріп-ақ қандай мамандыққа икемі бар екеніне көз жеткізіп, болашақта нақты шешім қабылдауына болады.
Бұл жаңа жүйеге көшудің бұдан басқа да көптеген пайдасы бар. Оқушының өзін-өзі таныту мүмкіндігі менқоса, білімді игерудегі даралығын ашып, ғылым-білімге деген талабын арттыруға, әр баланың өзіне деген сенімін күшейтіп, жеке тұлға ретінде қалыптастыруға ықпалы зор.
Орта білім берудің жаңа моделі оқушының «дайын білімді алушы» ретіндегі пассивті қалпынан оның танымдық процестегі «белсенді субъект» қалпына көшуін қамтамасыз ететін мектептің іс-әрекетіндегі негізгі процесс ретінде оқытудың рөлін күшейтуге де үлкен әсер етеді. 12 жылдық білім берудің негзгі мақсаты – өзінің және қоғамның мүддесіне қызмет етуге дайын, өзгермелі даму үстіндегі ортада өмір сүруге бейім, бәсекеге қабілетті және құзыретті, шығармашыл, білімді тұлғаны тәрбиелеу болып табылады.
Бұл оқушының өмірде түрлі жағдайларда шешім қабылдай білуін қамтамасыз етеді.
12 жылдық білім беру жүйесі арқылы әр оқушының бойынан интеллектуалдық, шығармашылық қабілеті басым, зерттеушілік ыңғайға бейім, өмірлік құндылықтар – адамгершілік, ізгілік, еңбекқорлық, парасатты мінез-құлық сияқты қасиеттерді дамытуға болады деп есептеймін. Ең бастысы, әр тұлға өз ойын ашық және еркін айтуға, өз ісінің нағыз шебері болуға жол ашады. Әр баланың қоршаған ортаны және өзін-өзі тануына зор мүмкіндік береді.
Іңкәр Ерболқызы,
Ахмет Жұбанов атындағы дарынды
балаларға арналған мектептің
12-ші сынып оқушысы.