Тұңғиық сыр шерте білу
11.08.2017
1983
0

Жазушы-драматург Жолтай Әлмашұлымен театр және драматургия мәселесіндегі ортақ ойларымыз, заманауи қазақ драматургиясы төңірегіндегі өзекті мәселелерге деген ой-пікірлеріміз бір арнадан табылып, рухани тұрғыдан жақындастық.

Оның ойынша «Жақсы қалам­гер болу үшін ең бірінші керегі – байқампаздық! Сезімтал болмаса­ңыз, қолға қалам ұстап керек ем­­ес. Байқампаздық пен сезімтал­дық – түйсіктің шапшаңдығы…», – дегенге саяды.
Ж.Әлмашұлының драматур­гия­­ға бет бұруы 2000 жылдан бас­­тау алады. Дулат Исабековше айтқанда: «…ол әдебиеттің ең бір қиын жанры – драматургияға ат басын оқыс бұрды. Оның қала­мынан туған драмалық шығар­ма­ларының байыптылығы, ау­қым­дылығы, оқиға барысының әр көрініс сайын ширығып, ширатыла түсуі, кейіпкер бейнесінің бірте-бірте айшықталып, сомдала түсуі – өзі өткен проза сала­сын­дағы сәтті ізденістерінің нә­­ти­жесі екенін байқаймыз. Он­ың көркем проза саласындағы жемісті ізденістері драматургия жан­рына еркін баруына көп ық­па­лын тигізгені даусыз».
Біздіңше, драматургия жанры Ж.Әлмашұлын қаламгерлікпен айналысқан алғашқы қадамда­ры­нан-ақ өзіне тартқан. Ол жайлы драматургтің «Тегінде, мен драма жазумен студент кезімнен айналысқанмын. Бірақ ол кезде қағаз бетіне түскен бір-екі пьесам достарымның сынынан өт­пей қалды. Жастық па, жоқ әлде ту­рашылдық па, білмеймін, сол драмаларды қайта қарап шығып, жетілдірудің орнына, шалт қи­мылдап, жыртып тастаған едім. Ашуға ерік беріп, «енді драма жаз­баймын» дегенім есімде. Сөй­­тіп, шынымен-ақ жиырма жыл бұл салаға бет бұрмаппын. Соңғы жылдары тәуекелге бел бу­ып, қолға қалам алдым. Алғаш­қы пьесаларыма жазушы-дра­матург һәм сыншы ағаларым
Т.Әб­діков, Мұрат Әуезов, Д.Иса­беков, А.Смайыл, Ә.Сығайлар оң баға берді. Әрине, кемшілік­терін де көрсетті. Сосын марқұм
Р.Сей­т­мет және Х.Теміров,
Ж.Хад­жиев, О.Сәрсенбек, т.б. ре­­жиссер ағалар оқып, сахналауға болады деген пікірлерін айтты. Мені осы сөздер қанаттандырды», – дейді. Байқасақ, кезінде шығарма­шы­лық қызығушылық тудырған күрделі драматургия жанрынан Ж.Әлмашұлы біраз жылдарға қол үзіп кеткенімен, жинақталған жазушылық тә­жі­ри­бе мен шеберлік, оқу-тоқу­мен келетін ғылыми-зерттеушілік ой қорытулар қаламгерді заңды түр­де осы жанрда табандата отырып еңбектенуге алып келді.
Қаламгер туындылары, онда кө­терілген тақырыптары сан ал­уан. Автордың өмірге деген көз­қа­расының кеңдігі байқалады. шығармашылық қиял мен ұрпақ жадын байланыстыра алған ол өт­кеннен сыр тарқатып, өз уа­қы­ты мен замандастарының бойынан пьесаға, хикаят пен романға келетін тақырыптарды суырт­пақ­тап ала біледі.
1937 жылғы ел басына төнген нәу­бетті жылдарға арналған «Са­на­дағы сырқат» атты драма-трип­тихінде бірі екіншісін іліп алып кететін ой жалғастығын кө­реміз. Барша түркі әлемінің ор­тақ тұлғасы, ақын Мағжан Жұ­ма­баевтың түрмедегі ақырғы түні шынайы да тебіреністерге толы «Абақты-ғұмырда» бейнеленеді. Осы тақырыпты жалғастырған «Сана дерті» Кеңес дәуірінде КСРО-ның Сауд Арабиясындағы елшісі болған, қазақтан шыққан дипломат Нәзір Төреқұловтың соңғы күндерін баяндайтын, сай­қал саясатың қитұрқы қыр­лары көрсетіледі. Осы екі шы­ғар­­ма­ның жалғасы әрі қорытын­дысы – «Сүю серті» шығармасы ҚАР­ЛАГ темір торының ар жағын­дағы жазықсыз жандардың қай­ғылы халі, сезім иірімдері мен те­біреністері сөз болады. Осы жә­не өзге де туындыларында драматург ел басына нәубет болып келген қаралы күндер мен сұрқия саясаттың құрбаны бол­ған асыл азаматтардың тұлғалық, азамат­тық келбетін аршып, барынша арашалап ұзақ жылдарға көз жазып қалған халқының ортасына оралуына себепкер болады. Бұл аға ұрпақ алдындағы жауапты міндетті театр сахнасы арқылы жүзеге асырудың тиімділігін драматургтің жақсы сезінуі. Бел­гілі қаламгер Әбіш Кекілбай Жол­тай драматургтің осы трип­тих­ті жайлы айта келе: «Осы үш шығармасы арқылы Жолтай тар заман туралы өрелі ой, терең маз­мұн, тұңғиық сыр шерте алған. Әлі де қалтарыс-құпиясы толық ашылып болма­ған 1937 жылғы сойқанды драма тілінде бар бі­тім-болмысымен мейлінше аша түскен, сол кезең­дегі сырқат сананы біз бен сізге кеңінен, молынан жайып салған», – дейді.
Дра­матургтің жазған пьесаларына сұраныс, жарияланған бәйгелерде алған жүлделі орындары оның бүгінгі театр репертуа­рына қажетті пьесаларды таңдап жазудағы шеберлігін таныт­қан­дай. 2005 жылы Астана қала­сын­да сол кездегі ең үлкен зал – Кон­гресс-холл сахнасында «Бәй­терек басындағы кездесу» атты пси­хологиялық драмасы көрсетіледі. Көрші Қырғыз елін­де, Ыстықкөл жағасында өткен Ортаазиялық театр фестиваліне қатысып, «Бала бейнелі бақа» деген психологиялық драмасы Қыр­ғызстан, Тәжікстан, Өзбекс­тан театрларының сахналарында қойылуына мүмкіндік беретін арнайы сертификатпен марапатталды. 2006 жылы маусымда Астана күні қарсаңында қала меценаттары ұйымдастырыл­ған тәуелсіз «Керемет» сыйлығы «дра­матургия» аталымы бойынша Ж.Әлмашұлына беріледі. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан жылда өткізіліп келе жатқан дәстүрлі «Тәуелсіздік толғауы»бәйгесінің («Жапон аруының арманы» екінші орын (2009), «Ай астындағы алтын ша­һар» үшінші орын (2011), «Шамда сөн­ген шырақ» немесе «Әл Фараби арманы» (2015), Қазақ хан­ды­ғының 550 жылдығына орай ұйымдастырылған «Алаш та­ри­хы­­ның ақиқаты» атты жабық бәйгесінің («Мырзабидің жазасы» тарихи драмасы(2015) жеңімпаздар қатарынан көрінуі – үлкен жетістік.
Ж.Әлмашұлы шығармалары­ның жанрлық ерекшеліктері әр алуан. Ол жаңа шығармасын қай жанрға жатқызу мәселесінде қа­лып­қа сыймайтын еркін суреткер. Экспериментке барудан, жаң­аша бір көзқарасты қалып жасаудан қашпайды. Оны біз әлемдік драматургияда қалып­тасып, қазір де жалғасып келе жатқан дәстүрлі жанрлар «трагедия», «драма», «комедия» деп қоя салмай, шығарманың тақырып­тың атмосферасын айқындап аша­тын анықтаулармен айшық­тай­тынын көреміз. Оның бір ғана «Жеті жебе» жинағындағы жеті пьесаларының жанрын: «намыс новелласы, драма-элегия, та­биғат новелласы, психология­лық драма, ана туралы әпсана, соғыс ре­квиемі, ғұмырнамалық әп­сана» деген анықтаулармен беруі автор тарапынан шығармасының кілтін оқырман мен көрерменге, режиссер мен театр мамандарына болашақ спектакльдің жанрын, бағыт-бағдарын барынша айқындауға жол ашады.
Бұл автордың шығарма жазу­дағы, оны жанрлық тұрғыдан анық­тап берудегі теориялық бі­лім деңгейінен мол хабар бергендей. Сонымен бірге, әрбір пьеса­ның басында автор «режиссерге кеңес» ретінде авторлық көзқара­сы­мен, пьесаның негізін ашатын кілті боларлық бірнеше авторлық құнды ремарка-ескертулерімен ерекшеленеді. Қаламгер дүниеге алып келген туындысының тү­йін­ді шешімдерін барынша түсіндірмелермен пысық­тауы­нан, негізгі ой-тұжырымдарды айқындап беруінен пьесаның толыққанды авторы екендігін көрсетеді.
Жолтай Әлмашұлының әр жылдарда жазылған пьесалары­ның республика театрлары сахнасында қойылуы прогрессиялық өсу үстінде екендігін көреміз. Осы кезге дейін жазылған пье­са­ла­рының жартысы республика театрлары сахнасына қойылды. Сахнаға қойылған пьесалары жайлы қысқаша хронологиямен сөз тарқатар болсақ:Түркістан музыкалық драма театрында
Р.Сейтметов сахналағанМағжан ақын өмірінің соңғы сәті сурет­телетін«Абақты-ғұмыр» (2004), дипломат Нәзір Төреқұловтың өмірінің соңғы сәтіне арналған «Сана дерті» (2006) және «Тірі жан» (2010), Қызылорда облыстық драма театрында «Күлкі мен көз жасы» роман-дилогиясының ізімен сахналанған «Сүю серті» (2004), Қ.Қуанышбаев атындағы Астана театрының Конгресс-холл сахнасында қойған «Бәй­те­рек басындағы кездесу» (2005), Қостанай, Семей облыстық қазақ драма театрларында «Мұңмен алысқан адам» (2014), Жетісай му­зы­калы-драма театрында «Ай астындағы алтын шаһар» (2014), Қарағанды облыстық драма театрында «Сәкеннің соңғы сапары» (2015) спектакльдері.
Жолтай-драматургті бүгінгі театр мен ұлт драматургиядағы болып жатқан заманауи үдерістер толғантады. Ол шығарма­шы­лы­ғын осы мәселелерден бөлек қа­рас­тырмайды. Сондықтан қазақ драматургиясы жайлы айтқанда алдындағы аға буын қаламгерлер­ді, орта буын замандастарын, кейін­гі толқын інілерін ұмытпай, ауызға ала отырып, олардың шы­ғар­­машылығындағы ортақ мә­селе­лер жайын кеңінен толғай­ды. Ол: «…бізде орыс д­р­а­­ма­тургиясынан, қала берді әлемдік драматургиядан бірде-бір кем емес татымды шығармалар жазылды деп толық айта аламын. Бұл жерде жазылды деп отыруы­мның да себебі бар. Неге десеңіз, драматургиялық шығарманың қай уақытта да екі сатысы болмақ. Біріншісі – мәтіндік саты. Ол – драматургтың қолынан шыққан төл туынды, ендігі тағдыры – ре­жи­ссердің еншісінде. Дереу сахналана ма, жоқ па – оны ешкім де білгірлік танытып, айта алмас. Қағазға түскен шығарманы оқып, табиғатын дөп түсінген режиссер кездеспесе, он, тіпті жиырма жыл­дап сүрленіп жата беруі де әбден ықтимал», – дейді.
«Драматургия саласы дамымай қалды» деген пікірге байланысты Ж.Әлмашұлы бұл қалып­тас­қан жайға әдеби сыншыларын, көрермен-оқырмандарды емес, театрда драматургиямен тікелей жұмыс істейтін режиссерлер қа­уы­мына салмақ артады. Ре­жис­серлеріміз «жазылып жатқан жаңа драматургиялық дүниелерді не оқымайды, не ішіне бойлап енгісі келмейді. …Мен бұл жерде режиссерлердің еңбегін төмен­шік­тетіп, драматургтерді аспандатып отырған жоқпын, дегенмен, екеуінің арасындағы шы­ғар­машылық байланыс тап осы уақытта керемет деуге тағы ауыз бармайды», – дейді. Бұл қалыптасқан өліара қалыптан шығу үшін істелінетін жұмыс барысын шешуге арналған бастамалар бар. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде қазақ теат­ры­ның репертуарын қарастыра­тын арнайы көркемдік кеңес құ­рылуы түбінде оң шешімін та­буға ықпал етеді деп білеміз.
Ол дамыған елдер қатарына ұмтылған қазақ елінің драматургиясы мен театры да уақыт талабына сай болуы керегін белсенді шығармашылық тұлға, мемле­кет­тік қызметкер ретінде терең­нен түсінеді. Сондықтан: «Қазақ елінің драматургиясы әлемдік драматургияның ағысына үлес қосатындай, ілесетіндей деңгейге жетсін десек, біз бірінші кезекте ұлттық драматургияға мейлінше көңіл аударуымыз керек. Ұлттық драматургияда, әрине, тек қазақ ұлтының проблемасы емес, ада­мзаттың проблемасы айтылуы тиіс. Бірақ соның ішінде қазақ ұлтының тағдыры тыс қалмағаны жөн. Неге десеңіз, қазақ ұлтының талайлы тағдыры да әлемдік өр­кениеттің бір бөлшегі емес пе», – дейді.
Келіспеске болмайды. Ұлт дра­матургиясы театр сахнасынан тек қазақ ұлтын толғандырар мә­селемен шектелмей, қазақ тарихы, қазақ тағдыры, қазақ ауылы, әрбір қазақты толғандырған та­қырыптармен көрінгенде, ол бар­ша адамзатты толғандырғанда өзектілігі артады.

Аманкелді МҰҚАН,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты
Театр және кино бөлімінің меңгерушісі, өнертану кандидаты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір