Дыбыс, әліпби және емле мәселелері талқыланды
11.08.2017
1071
0

Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйытқы болуымен «Латын әліпбиіне көшу: дайындық барысы» атты семинар-кеңес өтті.Президент жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияға қарасты Қазақ жазуын латын графикасы негізіндегі жаңа ұлттық әліпбиге көшіру жұмыс тобының мүшелері, белгілі саясаткерлер, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қызметкерлері, тіл жанашырларының қатысуымен өткен семинар-кеңесті Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар ашып, жүргізді.

«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: ру­хани жаңғыру» атты мақаласы те­рең мазмұнға толы құнды еңбек еке­ні сөзсіз. Кемел келешекке бағ­дар болған ауқымды құжатта ұлт­тық идео­ло­гияның, рухани жаңғыру­дың маңызды тетіктері қарас­тырылған. Мемлекет басшысы еліміздің рухани дамуы мен ке­м­елдену жолында, қазақ әліпбиін латын әліпбиіне көшіруге байланысты бірқатар міндетті бел­гіледі. Ендеше, семинарда латын әліп­биіне көшудің дайындығы сараланып, кеңінен сарапталатын болады», – деді Жақсылық Мұқашұлы. Сон­дай-ақ, ол өңірде ла­тын әліп­биіне көшіруді жал­пыұлт­тық тал­қылау жөніндегі «Жаң­ғырудың жаңа белесі» атты ақ­параттық-на­си­хаттық жұмыс то­бының құ­рыл­ғанын да тілге тиек етті.
Қазақ жазуын латын графикасы негізіндегі жаңа ұлттық әліп­биге көшіру жұмыс тобының жетек­шісі Ерден Қажыбек әліпбиді ауыстыру еліміздің бола­ша­ғы үшін жасалған нық қадам еке­нін айтты. «Біз латын әліпбиіне кө­ше отырып, өркениетті елдердің қатарына қосылып, тілі­міз­дегі дыбыстық жүйелерді нақ анық­тап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде басы артық кірме сөздерден арыламыз. Латын әліпбиіне көшу, сайып келгенде, ана тіліміздің болаша­ғын ойлап, оның қолданыс аясын одан әрі кеңейте түсуге, мәрте­бесін кө­теруге мүмкіндік жасау деп түсіну ке­рек», – дейді А.Байтұр­сын­ұлы атын­дағы Тіл білімі инсти­ту­тының директоры Ерден Қажыбек. Сон­дай-ақ, ол бүгінгі таңда Ұлттық ко­­миссияға латын әліпбиіне қа­тыс­­ты 100 жоба түскенін, соның ішін­­­де халыққа үйлесімді бір нұс­қа­­ның таңдап алынатынын да айт­­ты.
Семинарда «Әліпби ауыстыруды жазу реформасына айналдыру керек» деген тақырыпта баяндама жа­саған Қазақ жазуын латын графикасы негізінде жаңа ұлттық әліп­биге көшіру жұмыс тобының мү­шесі, филология ғылымының док­торы, профессор Әділхан Жү­нісбектің айтуынша, бүгінгі қазақ жазуына тек әліпби ауыстыру ғана емес, түбегейлі реформа керек. Ре­форма бір ғана әліпби ауыстырумен тынбайтынын, бұл үш мәселені қамтитындығын атады. Үш мәселе – дыбыс, әліпби және емле-ереже: ды­быс – өзге тілдерден бөлектеп тұра­тын тілдің тұрпат-тұрқы; әліп­би – сол дыбыстың қауызы, басқа­ша айтқанда, қорғаны мен оққа­ғары; емле-ереже – дыбыстардың басын біріктіріп, сөз құрап тұратын дәнекері деп көрсеткен баяндамашы осы үш мәселе бір-бірімен бай­ланысты және қатар шешілмей төл жазу қалыптаспайды дейді. Сонымен қатар, ол әліпби ауыстыру қа­зақ жазуына реформа жасау­дың алғышарты және ең төте жолы болып табылады дей отырып, егер латын таңбаларын баптап қабыл­дай алсақ, онда көптеген тіл бұзар әріптер мен емле-ережелер өзінен-өзі түсіп қалатынын да айтады. Про­фессор өз сөзін латын әліпбиін жатырқамай, дер кезінде қабылдау керектігімен түйіндеді.
Ал «Әліпби категориясы» атты та­қырыпта баяндама жасаған Сү­лей­мен Демирел атындағы уни­верситеттің профессоры, филология ғылымының докторы Құ­ралай Күдеринова ең алдымен «Қазақ тілін латын әліпбиіне ауыс­тыру мәселелері» деп жазып жүр­ген кейбір БАҚ өкілдеріне ескерт­песін айтты. Бұл – қате байланыс дейді ол. Дұрысы: «Қазақ жазуын ла­тын әліпбиіне ауыстыру» деп мәлім етті. Профессор қазақ жазуын латын графикасына көшірудегі бір­қатар мәселені тілге тиек етіп, тұшымды ойларымен бөлісті.
Бұл семинар әліпби реформасы тағы да халықтың бейғам тір­ші­лігіне кері ықпал етпей ме деген кү­­дік-күмәннің күрмеуін тарқа­тып, осы тұстағы түрлі пікірлер ортаға салынды. Айтылған пікір­лерден әліпби ауыстыруға деген ел ынтасының, жалпы ғалымдары­мыз­дың да ізденісі жоғары екендігі байқалды.
Кеңес барысында саясаттанушы Дос Көшім мен Айдос Сарым, фи­лология ғылымының докторы Ғарифолла Әнестің тұшымды ой­лары­ көпшілікке жетті.
Латын әліпбиіне көшу туралы саясаттанушы Дос Көшім бұл ре­фор­мамен қатар қазақ тіліндегі қолданыстағы Тілдер туралы заң­ды өзгерту керек екенін айтты. Со­нымен қатар, өз ұсынысын біл­дірді. «Менің ойымша, келер жылдан бастап, орыс мектептеріне жаңа әліп­биді үйретуді бастау керек», – дейді.
Ал саясаттанушы Айдос Сарым: «Латын әліпбиіне көшуден әр ізденген адам өзіне қажеттілікті та­бады. Өз басым, ұлт азаматы ре­тінде латын әліпбиіне көшуді отарсыздану деп қабылдаймын», – деді.
«Латын әліпбиі – заман талабы» де­ген Елбасы сөзін басшылыққа ала отырып, әлем кеңістігіне еркін сая­хат­тай алатынымызға кәміл сенуіміз керек». Келелі жиынды қорытын­дылаған Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Мұқашұлы осылай деді. Сонымен бірге, бәсе­ке­ге қабілетті 30 елдің қатарына ену үшін Елбасының алға қойған мақ­сат-міндеттерін жүзеге асыру жолында жұмыла жұмыс істеу керегін айтты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір