«Мемлекеттік тіл – менің тілім»
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Әскери институтында мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдерінен тұратын әскери қызметкерлер арасында «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты байқау-сайысы өтті. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында ұйымдастырылған тіл додасында барлығы бес әскери қызметші бақ таластырып, қазақ тілін қаншалықты деңгейде меңгергендіктерін паш етті.
Үш айналымда да топ жарған Александр Ершов сайыс қорытындысы бойынша ең үлкен ұпай жинап, «Мемлекеттік тіл – менің тілім» байқауының жеңімпазы атанды. Руслан Сухоручкин екінші орынға қол жеткізсе, Гарик Арутюнян үшінші орынға табан тіреді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер және сайысқа қатысушылар ынта танытып, белсенді өнер көрсеткендері үшін диплом мен сыйлықтарға ие болды.
Байқау қорытындысы бойынша сөз алған Петропавл қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Сыздықова Алтынай Қожабайқызы тіл додасының дайындық деңгейі жоғары болғанын, қатысушылар мемлекеттік тілді жақсы меңгергендерін атап өтті.
Әскери институты бастығының (тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі) орынбасары подполковник Атабек Салықбаев қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мақсатында білім ордасында барынша жағдай жасалып жатқанын, алдағы уақытта байқауға институттағы өзге ұлт өкілдерінің барлығының қатысуын алға тартты. Сахналық қойылымдарда өнер көрсеткен бір топ курсанттар бірінші басшы қолынан грамоталарды иемденді.
Медет Жексенай.