Ауруы асқынбаса, обыр дерті емделеді
Көпшілік арасында кең тараған түсінік бойынша, «жаман ауруға» шалдыққан адамның ғұмыры қысқа болмақ. Бұл сөздің жаны бардай көрінетінінің бір ғана мысалын атап өтейік. Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сенсек, өлімге бастар дерттердің арасында бірінші орында жүрек-қан тамырлары аурулары болса, қатерлі ісік екінші орынға шығып отыр. Демек, қатерлі ісікпен күрестің маңызы күннен-күнге артып келеді. Алайда, «онкологиялық аурудың бәрі өлімге бастап апарады» деген де қате пікір екеніне Алматы Онкология орталығының бас дәрігері Дамир Дәулетбаевпен сұхбат барысында көз жеткіздік. «Ауру неғұрлым ерте анықталса, ем-шара соғұрлым оң нәтиже береді» дейді дәрігер. Дәрігермен әңгіме барысында Міндетті медициналық сақтандыру мәселесі де шет қалмады.
– Міндетті медициналық сақтандыру мәселесін айтқанда, онкологиялық аурулармен ауыратын дертті жандардың да жағдайы толғандырады. Обыр жанын жеген азаматтар ешқандай да міндетті медициналық сақтандыру жасамай-ақ емделе алатынынан хабардармыз. Алайда, мұның да өзіндік кемшілігі мен обырды емдеудің тетіктеріне тигізер ықпалы бар шығар?
–Дұрыс айтасыз. Дәрігер ретінде Міндетті медициналық сақтандыру мәселесі обыр ауруларына қатысты белгілі бір дәрежеде қолданғаны дұрыс деп есептеймін. Әрине, аурудың бұл түрін тегін емдеу керек. Алайда, айта кетерлік бір жайт, егер біз бұл ауруды бірінші сатысында-ақ емдесек, көптеген қаржы-қаражатты үнемдеген болар едік. Мәселен, обыр ауруларының бірінші сатысында бір науқасты емдеуге шамамен 19 мың теңгедей қаржы жұмсалады деп есептесек, уақтылы дәрігерге көрінбей, ауруын асқындырып алған, обыр дертіне шалдыққан науқасты емдеу үшін бұл сома мың есеге көбейіп кетуі мүмкін.
Сондықтан да аурудың алдын алу шараларын жасау, яғни медицина тілімен айтсақ, профилактика маңызды екенін көрсеткіміз келеді.
Екінші мәселе, қазір онкологиялық ауруларды кез келген жеке орталықтарда, облыстық-аудандық емдеу-сауықтыру мекемелерінде емдей береді. Бұған үкімет тарапынан тосқауыл қойылуы тиіс. Біздің орталыққа сондай емдеу мекемелеріне көрініп, ауруын емдеудің орнына, керісінше, асқынтып алған науқастар да келеді. Жеке медициналық орталықтардың бұл жұмысы арнайы үкіметтік тексерулерден өтіп тұрғаны абзал.
Бүгінгі таңда, обыр ауруын емдеу үшін көптеген жаңа технологиялар, атап айтсақ, протонотерапия қолданылады. Міне, осындай емдерді қолдану үшін де үкімет тарапынан қаржы-қаражат қарастырылса дейміз.
Онкологиялық науқастарға операция жасауға рұқсат беретін медициналық ұйымдарға аккредиттеу талаптары қатаң болуы қажет, дерті асқынған жағдайлар денсаулық сақтау басқармасы деңгейінде қатаң қаралып, лицензиясын алуға дейінгі шаралар қолданылуы қажет.
Тәуелсіздік жылдары денсаулық сақтау жүйесін, оның ішінде онкологиялық қызметті жетілдіру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды.
«Қазақстан Республикасында онкологиялық көмекті дамытудың 2012–2016 жылдарға арналған бағдарламасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы
29 наурыздағы № 366 Қаулысын іске асыру Қазақстан Республикасында онкологиялық қызметтің әлеуетін ішінара нығайтуға, нарықтық тетік элементтерін енгізуге, заманауи медициналық технология трансфертін іске асыруға, жекелеген онкологиялық диспансерлердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, обырдың ерте диагностикасы бойынша заманауи әдістерді енгізуге, кадрлар даярлауға және т.б.ықпал етті.
Әрине, бізді онкологиялық қызметтің МӘМС жағдайында жұмыс жүргізуі алаңдатып отыр. Мысалы, Ресейде онкологиялық науқастарды кез келген көпсалалы клиника емдей алады. Өңірлерде кәдімгі ауруханалар онкологиялық науқастарды қабылдай береді, себебі оларға ақша төленеді (ММС бойынша). Егер ақша төленбесе, оларды емдемес еді. Ал кейін сондай сыртқаттарға қатысты онкология орталықтарында өршіген ауруларға операция жасалады.
Жалпы, емдеу жүргізетін медициналық ұйымда, жеке клиникаларда, шетелде операция жасап, ауруын асқынтып келген науқас көп.
Қазақстан Республикасында МӘМС енгізілуіне және көпсалалы хирургиялық стационарлар, оның ішінде жекеменшік клиникалардың онконауқастарға операция жасауға рұқсат алуына байланысты обыр ауруын асқынтып алған науқастар санының артуына әкелуі мүмкін.
МӘМС жағдайында онкологиялық қызметті дамыту үшін қаржыландыру нысаны мен түрі маңызды. Яғни міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде онкологиялық қызметті дамыту үшін қаржыландыру механизмі әлі жасалмаған.
Сондай-ақ, онкологиялық науқастарға үш деңгейлі медициналық көмек көрсету идеясын қолдаймыз. Нақты өңірлендіру онкологияны айтарлықтай жетілдіруге мүмкіндік береді, мамандардың кәсіби деңгейін жоғарылатады, заманауи құралдарды тиімді пайдалануға, жаңа технологияны жылдам енгізуге, әр деңгейде медициналық көмек көрсету стандарттарын әзірлеуге ықпал етеді. Мысалы, ұйқы безінің обыры сияқты қатерлі ауру сирек кездеседі, диагностикалаудың өзіндік қиындықтары бар, операциялар да сирек жасалады, яғни ауруы асқынған немесе дерті өршіген жағдайлар жиі қайталанып, тиісінше өлім көрсеткіші де жоғарылайды. Науқасты уақтылы 3 деңгейге жолдау медициналық көмек сапасын жоғарылатуға, адам өмірін ұзартуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда 3 деңгейде медициналық көмек көрсетуді бөлудің ұсыну сипаты бар және көбіне орындалмайды, бұл емдеу сапасына әсер етеді. Онкологиялық науқастарға медициналық көмекті 3 деңгейлі көрсету заңмен бекітілуі керек.
Онкология әлеуметтік маңызы бар ауруларға жататындықтан, онкология қызметін қазіргі уақыттағы қалпында сақтап, қызметті қаржыландыруды мемлекет есебінен жүзеге асыру қажет деп санаймыз.
Қазіргі уақытта медициналық ұйымдардың бірқатарын шетелдік инвесторларға беру мәселесі көтеріліп отыр. Бұл онкология қызметіне де қатысты болуы мүмкін.
Сондай-ақ, бірінші кезекте пациенттің, медициналық қызметкердің, мемлекеттің мүддесін қорғап, барлық жұмыс талаптарын анықтауды ұсынар едім. Инвесторларға мемлекеттік тапсырысты алып, обырдың күрделі формаларын диагностикалау мен емдеу жүргізіп, замануи медициналық жабдықтармен жабдықталған 4 облысаралық онкология орталығын (оңтүстік, солтүстік, шығыс, батыс) ашуды ұсынуға болады. Бұл орталықтарда жалпы емдеу саласы мамандарына обырды ерте диагностикалау бойынша үздіксіз оқулар жүргізу қажет. Инвесторларды ҚР-да жоқ технологияларды енгізуге, мамандарды бұл технологияларға оқытуға, медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу кезінде қазақстандық шығарылымдарды алуға міндеттеу керек.
Жастардың онкология жөнінде хабардарлығын жоғарылату бағдарламасын әзірлеу қажет, бұл асқынған сатысында онкопатологияның төмендеуіне әкеледі.
«Онкология» мемлекеттік ұлттық бағдарламасын әзірлеуді қажет деп санаймыз, онкологиялық қызмет мәселелерін шешу тәсілдері мультипәндік болуы қажет, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, мемлекеттік және жергілікті басқару органдары, қоғамдық ұйымдар осы маңызды мәселені шешуде бірлесіп күш жұмсауы қажет.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – стратегияны анықтау және онкологиялық аурулар мен науқастардың өлім көрсеткішінің өсу қарқынын төмендету үшін обырға қарсы күрестің негізгі бағыттарын анықтау. Сондай-ақ, емдеу сапасын, медициналық және әлеуметтік-еңбекпен сауықтыру емдерін жақсарту.
2017 жылғы 21 мамырға дейін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің тапсырмасы бойынша әзірленген «100 мәселе – 100 шешім – 100 күн» әлеуметтік жобасы аясында денсаулық сақтау мәселелерін шешу бойынша қысқа мерзімді іс-шаралар жоспары онкологияға қауіптену, қатерлі ісіктерді ерте диагностикалау, онкологиялық аурулардан болатын өлімді төмендету мәселелері бойынша халықтың сауаттылығын жоғарылататыны сөзсіз.
– Жалпы, міндетті мемлекеттік сақтандыру жүйесінің басты ерекшелігі не?
– Қазақстандағы міндетті мемлекеттік медициналық сақтандырудың негізгі ерекшелігі – осы салаға қатысты дүниежүзіндегі тәжірибені зерттеп, елеп-екшей келе,тиімді тұстарды тәжірибеге енгізуге тырысудамыз. Яғни біріншіден: әлеуметтік әлсіз топтар, балалар, жұмыссыздар, студенттер, мүмкіндігі шектеулі азаматтар медициналық қызметті тегін пайдаланады, екіншіден, төлемдерді тек жұмыс берушілер мен қызметкерлер төлейді, мемлекет құқықтық реттеу мен қадағалауды жүзеге асырады, үшіншіден, медициналық сақтандыру жүйесіне бірден өтіп кетпей, жыл сайын сатылап көшетін боламыз.
Денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында 2017 жылдан Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілді. Мемлекет оны Германияның моделіне сүйене отырып енгізуді жоспарлап отыр.МӘМС енгізудің ерекшеліктерінен жұмыскерлердің тапқан табысына қарамай, медициналық көмектің барлық түрлерін алуына мүмкіндік беретінін, оның ішіне жоспарлы стационарлық көмек, дәрі-дәрмекпен қамту, жоғары мамандандырылған медициналық қызмет түрлері мен оңалту, диагностикалық-консультациялық көмек, медбике күтімі мен паллиативтік көмек те бар екенін айта кеткен жөн.
МӘМС жүйесінде сырқатты емдеу, күту мен оңалтуға кететін шығындарды МӘМС қоры өз мойнына алады. Жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің жарналары бірінші кезекте денсаулық сақтау жүйесіндегі бастапқы звеноны кеңейтуге, ауруханаға түсу фактілерін төмендету мақсатында профилактикалық жұмыстарды арттыруға жұмсалады.
Нәтижесінде, тиімді емханалық-амбулаторлық көмек есебінен қызметкерлер жұмыстан қала бермейтін болады.
– Ал азаматтарға шұғыл медициналық көмек көрсету мәселелері қалай шешімін таппақ?
– Қазіргі уақытта Қазақстанда ТМККК шеңберінде шұғыл медициналық көмек көрсетілетін көрсеткіштер (ауруларға да және зардап шеккендерге де) тізбесі бар. Алайда, МӘМС енгізумен шұғыл көмек жағдайлары (асқынған аурулар, созылмалы аурулардың өршуі, босанулар, жарақаттар және т.с.с.) халықаралық оң тәжірибеге сүйене отырып, мемлекеттік бюджеттің есебінен өтелетін болады.
МӘМС жүйелерінің негізгі қағидаттары әмбебаптылық, әлеуметтік әділдік және ынтымақтастық екенін естен шығармаған абзал.
– Мемлекеттің қаржыландыруымен емделуге құқы бар азаматтардың тобы туралы білгіміз келеді. Олар кімдер?
– «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жылғы 16 қарашадағы № 405 V ҚРЗ сәйкес, мына азаматтар қорға жарна төлемейді:
1) балалар;
2) жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар;
3) жұмыс істемейтін аяғы ауыр әйелдер;
4) бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оны (оларды) іс жүзінде тәрбиелеп отырған жұмыссыз тұрғындар;
5) бала (балаларды) тууға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты, бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оның (олардың) күтіміне байланысты демалыста жүрген азаматтар;
6) мүгедек баланы күтіп, жұмыссыз отырған азаматтар;
7) зейнетақы төлемдерін алушылар, оның ішінде Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері;
8) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінде (қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерді қоспағанда) сот үкімі бойынша жазасын өтеп жатқан адамдар;
9) тергеу изоляторларындағы адамдар;
10) жұмыс істемейтін оралмандар;
11) «Алтын алқа», «Күміс алқамен»марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерінің иегері болған көпбалалы аналар;
12) мүгедектер;
13) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғарыбілім беру, сондай-ақ, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алып жатқан адамдар;
14) оқу аяқталған айдан кейінгі күнтізбелік үш ай ішінде орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында оқуын аяқтаған адамдар үшін Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде айқындалатын тәртіппен ай сайын ағымдағы айдың алғашқы бес жұмыс күні ішінде төленеді.
– МӘМС енгізілуіне орай, медициналық қызметтің көлемі мен сапасын арттыруға байланысты қандай да бір шаралар қолға алына ма?
– Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу мемлекеттің жауапкершілігін арттырады. Сонымен қатар, медициналық қызметтің сапасы жақсара түседі. Бірінші кезекте, медицина ұйымдары арасындағы бәсекелестіктің артуы есебінен алғашқы медициналық-санитариялық көмек пен жеке медицина дамиды. МӘМС енгізу көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде медициналық қызметтердің сапасы бойынша біріктірілген комиссия (Германия тәжірибесі бойынша) құрылды, ол диагностика мен емдеудің клиникалық хаттамаларын стандарттау, медициналық білім беру, дәрі-дәрмектік қамтамасыз ету, медициналық ұйымдарды тіркеу мәселелерін реттейді. Бұл ұйымға жұртшылықтың, медицина ұйымдарының қоғамдық бірлестіктерінің және Қазақ-
станның дәрігерлер мен провизорлар қоғамдарының өкілдері, медициналық бизнес өкілдері кірді.
МӘМС енгізу кезінде сапаны бағалауға арналған параметрлер мыналарды қайта қарайтын және қамтитын болады:
а) пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
б) клиникалық нәтижені;
в) экономикалық тиімділікті;
г)медициналық қызметтердің қызмет берушілерін нысаналы көрсеткіштері мен индикаторларына қол жеткізуі.
– Маусымдық жұмыс немесе тұрақты жұмысы жоқ адамдарға тегін медициналық көмек қалай көрсетіледі?
– Тұрақсыз табыс кезінде аталған санаттар Медициналық сақтандыру қорына екінші деңгейдегі банктер арқылы ең төменгі жалақы төлемінің 2 %-ы көлемінде жарналар төлей алады.
Жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңның 28 бабының 4 тармағына сәйкес, қорға жарна төлеуден босатылады.
– Жалпы, міндетті медициналық сақтандыру жүйесі дегенде көпшілік «кез келген азамат үшін тегін ем мүлдем болмайды» деп түсінетін сыңайлы. Осы түсінікке орай, қандай аурулар медициналық сақтандырусыз тегін ем ала алады деген сұраққа да жауап бере кетсеңіз…
– Конституцияның нормаларына сүйене отырып, Қазақстанда барлық халық үшін ТМККК пакеті және сақтандырылған адамдар үшін МӘМС пакеті. Мемлекет тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемімен қамтамасыз ету құқығын өзінде сақтайды. Олар: әлеуметтік мәні бар аурулар, шұғыл жағдайларда, жедел медициналық көмек, санитариялық авиация және вакцинациялау кезінде медициналық көмек көрсету.
2020 ж ылға дейін денсаулықты сақтауға арналған жалпыға бірдей құқықты қамтамасыз ету мақсатында «сақтандырылмаған» азаматтарға амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ете отырып, ТМККК шеңберінде амбулаториялық-емханалық көмек көрсетіледі.
МӘМС шеңберінде:
– «сақтандырылған» азаматтарға амбулаториялық дәрілік қамтамасыз етумен амбулаториялық-емханалық көмек;
– стационарлық медициналық көмек;
– жоғары технологиялық медициналық қызметтер;
– стационарды алмастыратын технологиялар;
– ұзақ мерзімді мейіргерлік күтім көрсетіле береді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Қарагөз СІМӘДІЛ.