Арисотофобия ауруы
15.03.2023
183
0

Қоғамдағы қасірет үшін Жазушылар Одағын кінәлау белең алып барады…
Дарынсыздар ұлтының сорпа бетіне шығар, уақытында бір туатын ұлдарынан өш алуға ұмтылады. Бұл келеңсіздік пен рухани кемтарлықты испан халқының ұлы ойшылы Хосе Ортега-и-Гассет «Тобырдың төңкерісі» («Восстание масс») деген еңбегінде жеріне жеткізе айтып еді, оны түсінген ешкім жоқ әлі…
1937-ші жылы коммунистік билік ұлт зиялыларын «Халық жауы» деп ұстап, жаппай қырып тастап еді. Енді ХХI ғасырда аты-жөні белгісіз біреулер тағы да өңмендеп, қоғамда болып жатқан келеңсіздіктерге Жазушылар одағын кінәлап, жандары рахат тауып жүр… Хосе Ортега-и-Гассет «Восстание масс» («Тобырдың төңкерісі») еңбегінде: «Ел-жұртын өрге шығарған ірі тұлғаларын елемей, көпе-көрінеу кемсітіп, қатарынан озып туған ұл-қыздарын жұрт болып өнеге тұтпаған халық – аристофобия деген айықпас ауруға шалдығады!» дейді.
Бізде қазір дәл осы ауру дендеп тұр. Әлеуметтік желілерге қараңыз, жақсыны жамандап, әулиені пір тұтпай, екі сөзінің бірінде тұрпаты биік тұлғалар қақында аузына келгенін айтудан ит батпақтап, күшік сүрінеді. Адамның ұлтына, еліне сіңірген еңбегін бір ауыз сөзбен жоққа шығаруға бола ма?! Өлімге бола туған өнегесіз жұмырбасты пенденің өзін зор, өзгені қор тұтуы дегеніңіз – жақсыны көзіңе ілмей, түкке тұрғысыз жасығына мәз болып, жұртыңның баяғыдан келе жатқан батпағына батып, қамалып қалудың қара басы болады.
Қазақ әлі тарихтан сабақ алып үйренбепті. 1937-ші жылғы сталиндік репрессияда да тура осындай болған. Орта Азия республикалары ішінен «оза шауып», ұлтымыздың ары мен ұятындай болған азаматтарды қынадай қырып жіберген де – біз. Халық арасынан тобыр бас көтергенде, міне, осындай оспадарлықтар болады.
Кейінгі кезде ел ішінде «қазақта зиялы жоқ, зиялының бәрі – зиянды…» деген сұрқия ойлар қалыптаса бастады. Енді олар ұлттық интеллигенцияны көшедегі арам ойлы арандатушылармен айырбастағалы жатыр. Міне, мәселе қайда?
Алаштың азаттығын аңсаған Мағжандар – қазақтың ақын-жазушылары! Бірақ біз көксеген тәуелсіздікті есіл-дерті ішек-қарыннан аспайтын тоғышарлар пайдаланып кетті. Біздің қолымызда олардікіндей орасан зор қаражат (доллар!), қару-жарақ, билік жоқ! Ел қандай болса, біз де сондаймыз! Жазушылар Одағы – бар болғаны мемлекеттік мәртебесі жоқ қоғамдық ұйымның бірі ғана…
Жақсының жағасынан алудан, жөн-жосықсыз айыптаудан қашан тыйылар екенбіз?!.
Мен қажыдым… Сендерге қажы­майтын Пушкин жауап берсін:
«Молчи, бессмысленный народ,
Поденщик, раб нужды, забот!
Несносен мне твой ропот дерзкий,
Ты червь земли, не сын небес;
Тебе бы пользы все – на вес
Кумир ты ценишь Бельведерский.
Ты пользы, пользы в нем не зришь.
Но мрамор сей ведь бог!.. так что же?
Печной горшок тебе дороже:
Ты пищу в нем себе варишь…»
(«Поэт и толпа»)

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір