Желге байланған жеткіншек
Класты мектептегі ұмытып,
Кластер іздеп даурыққан.
Бәріне жалынды «сәлем!»
Студент деген қауымнан!
Қарын ашса, «Диета», – деп,
Жазатын жанын жеп,
Үшінші курс студенті,
Журфактан болам!
Мен – студентпін… 2014 жылы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетіне түстім. Кәдімгі күндізгі бөлімнің ақылы білімгерімін. Оқу ақшасын бірінші төлегеннен кейін түбіртекке қарап: «Құттықтаймын, оқуға түскен бірінші оқушысың», – деген болатын. Ауылдан келген қызылшырайлы қыз едім. Қуанғанымнан, құдды бір грант ұтып алғандай «алақайлап» айқайладым. Қазір сол қылығым күлкілі және «ессіздің әрекеті» секілді біртүрлі көрінеді. Жанымда әкем болды. Алматы облысы, Райымбек ауданының қызымын. Әкем мал шаруашылығымен айналысады. «Ірі-қарасыз, аз-маз, әйтеуір уақ-суақ». Соған қарамастан «қалтасына қараған» әкемді көндіріп ҚазҰУ-да қалдым. Ауылдан келген шыр-шыр еткен қоңырау шешемнің шыр-пыр дауысын шығарып тұрады.
«Құлыным-ау, оқуыңды қойшы, төлейміз, бірақ шәкіртақысыз біздің айлықты күтіп қашанғы жүресің?», – дейтін күрсініп. Мен болсам, әжемнің әуеніне басып, «бірдеңесі болар» деп жұбататынмын, «жұбанатынмын». Ойымда да, қалтамда да он тиын жоқ жатақханаға орналастым.
Бұндағы бірінші күнім басталды. Берілген бөлме екі кісілік болатын. Жаныма магистрант қыз жіберілді. Тез тіл табысып кеттік. Батыстың бойжеткені болғандықтан, орысшасы көбірек. Уақыт өте келе мен оған қазақша, ол маған орысша үйретті. Ал оқудағы өз ортама келетін болсам, көпшілігі мемлекеттік грантта оқитын. Арасында мен адасқан қаздай жүретінмін. Айтатындары: «стипендия қашан түседі? Түссе ана жерге барайық, мынаны алайық» болатын. Сол кезде менің ішім «жаныма жара батқандай» ашитын. «Алма піс, аузыма түс» дегендей, ауылдан ата-анамның беретінін не болмаса жіберетінін күтіп жататынмын. Бұл кезде мен сыйласатын орта «думандатып» отыратын. Тек сонда ғана мен өзіме «неге бұлармен бірге емеспін деп емес», «шіркін, ақылы оқысам да әке-шешемнен алмайтын шәкіртақым болса ғой» деп, көздің жасын кеуде тұсыма салып жүретін бет орамалыммен бір-екі рет сүртіп қоятынмын. Солай бірінші курсты «өте жақсы» үлгеріммен аяқтадым. Бір апталық тәжірибелі түрде сынақтан өткеннен кейін ауылға кетуге асықтым. Онда да құрқол! Қатты қысылдым, тіпті ұялдым. Тым болмаса жаңа піскен «тандыр нан» алуға тиын таба алсам ғой. Қойын қалтамда да түк қалмаған. Білесіздер ме? Олар мені әр барғанымда жылы қарсы алатын, сол күні де солай болды. Олар маған өмір сыйлады, бәрін берді, ал мен… ештеңе апара алмадым… Бұның әзірге ғана екендігін білсемде, Алладан алақанымды жайып: «Ата-анама мейіріммен қара, ұзақ ғұмыр бер, үміттерін ақтайтын күнімді көрсете гөр», – деп дұға етуді әдетке айналдырып алдым. Сол кезде ғана мен студентке шәкіртақы қажет екенін түсіндім. Сонда ғана Алматы арманымды «ұрлағанын» ұғындым. Міне, желге байланған жеткіншек – Жадыраның жағдайы осы.Мүмкін, мен «менің мақтанышым» деген әке-шешемнің теңеуіне тең келіп, мемлекет беретін шәкіртақым болғанда, ойымды шимақ қылған «шарасыздықтан» шығар ма едім?!
Жадыра Бағашар,
ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің студенті.