Кітапқұмарлар өлкесі
Талдықорған қаласында, Жастар паркіндегі М.Мақатаев ескерткішінің алдында Алматы облысы әкімдігінің және Алматы облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының, сондай-ақ, Алматы облыстық ішкі саясат және жастар саясаты мәселелері басқармаларының ұйымдастыруымен «Жетісу – кітапқұмарлар өлкесі» атты «Буккроссинг» жобасының салтанатты түрде ашылу шарасы өтті.
Еркін кітап алмасу шарасына Талдықорған қаласының тұрғындары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы, мекеме қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Жобаның мақсаты – оқырмандардың, соның ішінде жастардың интеллектуалдық тұрғыдан толығуына, рухани баюына септігін тигізіп, кітапты білім құралы ретінде пайдалану жолдарын жеңілдету, қала тұрғындарының кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру.
Алматы облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы
А.Башбаев «Буккроссинг» жобасының маңызы мен мәні жайында сөз сөйлеп, аталған шараны ашық деп жариялап,
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отырған «Буккроссинг» жобасының қағидасымен таныстырды:
– Әрбір оқырман сөреден қалаған кітапты алып оқуына, ұнатқан кітабын өз сөресіндегі кітаппен алмастыруына болады. Бұл ұсынылған кітаптардың саны 600-ге жуық. Көпшіліктің кітапқа оңай қол жеткізу мақсатында әзірге қаламызда Арбат бойында, Жастар паркінде және Қаратал өзенінің жағалауында көшпелі кітапхана орналастырылатын болады.
Шара барысында «Жетісу» газетінің Бас редакторы Ә.Әрін мен «Кәсіпкер» журналының Бас директоры Г.Сүлейменова ашылу салтанатының лентасын қиып, жобаға қолдау білдірді.
«Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Ә.Әрін қазақ даласы мыңдаған жылдар бойы өркениеттің ошағы болғандығын атап өтіп, аталған жобаның жас ұрпақтың келешегі үшін үлкен мәнге ие екендігін жеткізді. «Бұл шараға ұжым болып, ауыл-аймақ болып атсалысамыз», – деп жобаға деген ризашылығын білдірді. Артынша сөз алған Г.Сүлейменова «ұрпаққа қалдырар ең үлкен мұра – кітап» деген дәйек сөзге сүйеніп, жастарды кітап оқуға, сол арқылы білімін жетілдіруге шақырды.
Сананы жаңғыртумен қатар, ішкі жан дүниені өзгертуді әркім өзінен бастауы қажет. Бұл жерде кітаптың да әсері мол. Себебі, кітап оқуды қойған адам – ойлауды да қояды. Талдықорғанның халық көп жиналатын орындарында жасалған кітап сөрелерінде әлем және қазақ әдебиеті классиктерінің еңбектері мен балалар әдебиетіне қатысты кітаптар қойылып отыр. Кез келген оқырман осы кітап сөрелерінен өзін қызықтыратын оқулықтарды тегін алып, оқуына, сонымен қатар, ұнатқан кітабын жеке кітапханаларындағы кітаппен алмастыруларына болады.