Өзендер басталатын өлке
Бұл өңір талай әңгімеге қанық, талай тарихи оқиғаларды бастан өткерген. «Түркібасы әулие бұлағына» бара жатқан, қайтып келе жатқан жолда Түркібасына қатысты шындыққа бергісіз аңыз-әңгіменің бірнешеуін құлағымызға құйып алдық. Ескінің әңгімесі бізге былай жетті: «Байырғының бай заманында, Иірсу мен Қаратаудың арасында барыс жортып, аю мекендеген күндері осы маңды ержүрек түркілер мекен етіпті. Күндердің бір күні жердің шетін жау басып, қалың қол қасиетті туған жерге дендеп ене бастайды. Қаратау асып келетін бауырлардан хабар жеткенше, осы маңдағы биік төбеге бекінген қолбасшы мен оның ержүрек жауынгерлері қасық қаны қалғанша күресіп, ел мен жерді жауға бермей, өздері де сол төбенің басында шейіт болған екен. Қасиетті бабаның қаны тамған төбеден суы тұп-тұнық, мөп-мөлдір бұлақ ағыпты». …Иә, тұп-тұнық, мөп-мөлдір бұлақтың суын біз де ішіп көрдік. Бабаның аппақ арманын жалау етіп, тұп-тұнық болып жатыр екен. Бұрынғының ел мен жердің амандығын тәңірден көзінің жасын мөлдіретіп тамызып тілегенінің куәсі болып, жылт-жылт етіп, мөлдірейді. Бұл бізге белгілі һәм кейбіріміз біле бермейтін Түлкібас жері еді.
Жолбастаушымыз, Түлкібас ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Марат Қалтаевтың айтуынша, өткен ғасырдан біздің дәуірімізге дейін сан қилы құпиясын қойнына алып, ежелгі дүниенің көне көз елшісіндей болған тарихи ескерткіштер Түлкібаста да жетерлік екен. Аудан аумағынан «Шарабкент», «Бұдұқкент», «Томтодж», «Абардадж» деген үлкен қалалардың орны анықталған. Аудан орталығы Тұрар Рысқұлов елдімекенінде дүниежүзіне мәшһүр тарихшы-ғалым, қолбасшы, қайраткер Мұхаммед Хайдар Дулати мен түрік жұртына ортақ тұлға Тұрар Рысқұловқа ескерткіш орнатылыпты. Елдімекенге келген-кеткен ел-жұрт алдымен баба рухына тағзым етіп, ілтипат білдіреді екен.
Түлкібас жері туралы әңгіме-
легенде, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың тікелей араласуымен және басшылық етуімен 1926 жылы қорық болып ашылған «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығы туралы үндемей өтіп кете алмаймыз. Талас Алатауы мен Өгем тауларының солтүстік-батыс сілемдеріне орналасқан бұл қорықтың жалпы көлемі – 85754 га., екі мемлекетпен – Қырғызстанмен және Өзбекстанмен шектеседі, қорықтың жері Оңтүстік Қазақстанның Түлкібас, Төлеби, Бәйдібек аудандарына тиесілі.
Өзендер өрнектеген өлке деп біз мақтансақ, бұл өңір «Өзендер бізден басталады» деп мақтаныш қылатынын байқадық. Шынында да, Оңтүстіктің бірқатар өңіріне суымен бірге қалың нуын ала барар ірі өзендердің бірнешеуі дәл осы Түлкібас жерінен бастау алады. Ақсу, Жабағылы, Дауылбаба, Манат, Құлан, Үлкен Көкбұлақ, т.б. өзеннің бірнешеуін көзімізбен көрдік. «Ағын су жеті аунаған соң арам емес» деген ата-баба жоралғысымен суының дәмін таттық, ұлы өзендерге бас иіп амандастық. Шақпақата әулие үңгірі, Әулиесайдағы Майлықара, Акбиіктегі «Сталактит» үңгірі, Түркібасы тауы, Састөбе тауы, Машат аңғары, Дәубаба шатқалы, Қара-үңгір тұрағы, т.б. киелі жерлердің тұрғындары ендігіне Елбасының «Туған жер» бағдарламасы аясында жаңаша зерттеле түсерінен үмітті.
«Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі. Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті», – деген Елбасының «Туған жер» бағдарламасына қатысты бұл ойын Түлкібас ауданы әкімшілігі бірден қолдап-қуаттағанына көз жеткіздік.
Түлкібас ауданы басшысы Н.Ә.Тұрашбековтың ұйытқы болуымен аудандағы әрбір елдімекендердің айналасын абаттандыру және ауылға кіре беріс қақпалар бойына белгі қою жұмыстары жасалып, Т.Рысқұлов ауылының шығыс және батысындағы ауыл атаулары жазылған қақпа бойына ауданның бренді болып саналатын қызғалдақ пен алма белгісі қойылған екен.
М.Қалтаевтың айтуынша, Түлкібас ауданының абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына ауыл жастары да белсене кірісіпті. «Жасыл Ел» жастар еңбек жасағы аудандағы саябақтар мен аллеялардың тазалығы мен абаттандыру жұмыстарын атқарып, ел мен жердің көркеюіне үлестерін қосып келеді екен. Одан өзге, «Сайрам-өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» Түлкібас аудандық филиалы ұйымдастыруымен дәстүрлі «Парктер шеруі» акциясы Балықты көлі маңында өтіпті. Мақсаты – табиғаттың ең көрікті жерлерін қорғап қалу, қалпына келтіру және туризмді дамыту, жастарды табиғатты қорғауға шақыру болған шарада Түлкібас ауданының басшысы Н.Ә.Тұрашбеков сөз сөйлеп,
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында туған жердің табиғатын көздің қарашығындай сақтау, оның байлығын үнемді, әрі орынды жұмсайтын теңдесі жоқ экологиялық өмір салтын ұстану керегін айтып, бұқара халықты табиғатты аялауға шақырған болатын.
Түлкібас десе, алма бағы еске түсетіні бар. Өңірдегі алма бағының да жай-жапсарын білмек болғанымызда, «Түлкібастың брэнді болып саналатын алма бақ шаруашылығы жылдам қарқынмен дамып келеді. Ауданда қазіргі таңда 3077 га. бау алқабы болса, оның ішінде қарқынды бау көлемі – 230 га. Белгіленген жоспарға сәйкес, ауданда биылғы жылы 356 га. жерге алма бағы егілсе, оның 115 гектары қарқынды бау» екенін алға тартты.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру мақаласында «Туған жер жобасы жайлы айта келіп: «Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі роль атқарған. Бірақ осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген. Біз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз» деген сөзімен мақаламызды түйіндегіміз келеді.
Мархабат БАЙҒҰТ
Түлкібасты Түркібасы деп өзгертер
кез келді
Қазақ көркемсөзінің көшбасшысы, қазақ көсемсөзінің қолбасшысы атанған халық жазушысы, ұлтының сүйікті суреткері (әттең, тонның келтесі-ай, бүгінде денсаулығы болмай, қоғамнан да, қадір-қасиетін бағалар адамнан шеттеп қалған қайран да қайран Шерағаң…) Шерхан Мұртаза кезінде былай деп жазған: «Түлкібас десе, мен түлкінің басын көз алдыма елестете алмаймын. Түркібасы десе, көненің көне замандары көз алдыма келіп, көлбеңдей береді… Дәуірлі шақта қазір Түлкібас деп жүрген ауданда Түркі ханының ордасы тұрды…».
Орыс ғалымы, мәшһүр саяхатшы Бартольд та: «Түлкібас – қате атау, дұрысы – Түркібасы. Бұған р-ға тілі келмейтін қытайлар да әсер еткен», – деп жазған.
Алатау мен Қаратаудың түйіскен төрі – Түркібасы. Атақты Арыс өзені мен Құлан өзенінің қуана қосылар тұсында қос өркешті Түркібасы төбесі тұр. Түркі – Түркеш қағанаттары тұсында Құланның сазына, Шұбайқызыл шоқысының тепсеңдеріне қағандардың (хандардың) ордалары қонған. Ақ шатырлары тігілген. Ұлы жиындар өткен. Кейіннен түрлі-түрлі аңыздар пайда болған. Соның бірі – «Түрікбасы әулие» ата хақында да айтылады.
Академик Оразалы Сәбденнің бастамасымен Түрікбасы әулие деген белгі орнатылып, шағын күмбез салынды. Бірақ экономист-ғалым Түркібасы емес, Түрікбасы деп қате жаздырған. Негізінде Түркібасы болуы тиіс.
Жақында Шымкентте өткен бір алқалы жиында ғұлама ғалым, көрнекті сыншы Құлбек Ергөбек: «Түркі әлемі, түркі дүниесі емес, түрік әлемі, түрік дүниесі дейік. Түркістан емес, Түрікстан дейік», – деген ұсыныс айтып еді. ОҚО әкімі, өзі де көрнекті түрколог Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев: «Құлеке, түркі әлемі, түркі халықтары, түркі тілдес, Түркістан – бағзыдан бері қалыптасқан ұғымдар. Түрік екеніміз рас, алайда қазір түрік ұлты бар, түрік елі бар, түрік мемлекеті бар, түрік тілі бар. Сондықтан сол түрік туыстарды, қазақ, өзбек, қырғыз, татар, түркімен, тағысын-тағы жиырмадан астам бауырлас ұлттардың бәрін түркі халықтары, түркі әлемі деген күйімізде қалғанымыз жөн ғой, Түркістан да солай», – деп, салмақты, салиқалы жауап берген.
Түркібасыңыз да солай. Ордабасы дегендей ғой. Жалпы, Түркібасы ауданы мүлде зерттелмеген. Әйтпесе, мұнда профессор Әділхан Байбатша жазғандай, Шарабкент, Бұдұқкент, Тамтәжі, Тастам, Шақпақ, Құлан, Сарытөр, Машат, Дәубаба сияқты көптеген қала-қорғандар болған. 1246 жылы Ұлы Жібек жолымен, Арыс өзенінің бойымен саяхат жасаған Плано Карпини де Түркібасы аймағынан «қираған, талан-таражға түскен қалалар мен қаңыраған қорғандарды, ауылдарды көрдік», – деген жазба қалдырған.
Тәңіртау, Қаратау, Алатау, Ататау, Боралдайтау, Қанайтау, Таупістелі, Бөкейтау, Құлантау, Шақпақтау, Қайыршақты, Дәубаба, Көктанды сияқты таулары, Ақсу, Жабағылы, Үрбұлақ, Иірсу, Арыс, Кемербастау, Күмісбастау, Көкбұлақ, Машат, Балықты, Қайыршақты сияқты өзендері мен көлдері бар Түлкібас ауданының атын Түркібасы деп өзгерту туралы пікір соңғы жылдары жиі айтылып, жан-жақты көтерілуде. Айтулы абайтанушы-ғалым Мекемтас Мырзахметұлы һәм: «Жаңа деректер таптық, жақында жариялаймыз», – деп қояды жылы жымиып.
Қарагөз СІМӘДІЛ.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.