Коммерциялық құпия
– Су сұраса, шұбат беретін былық-сылқ, жеңешем, – деп сырттан сайрап Сойдақ кіріп келді.
Аман-саулықтан соң: «Ағам қайда?» – деді.
– Ағаң жұмысында жүрген шығар, әлі келген жоқ, – деді көзі күлімдеген жеңгесі Күлпәрша.
Екеуі сораптап шәй ішіп, әңгіменің әлегін шығарып біраз отырды. Ауладағы ит те екеуіне қосылып, әңгімелеріне араласқандай ауыз жаппады.
– Мына байғұсқа не болған? – деді Күлпәрша.
– Мал жүрген шығар?
– Қалада қайдағы мал, қайным-ау? Адам болмаса?
– Ой, жеңеше, дұрыс айтасыз.
– Нені?
– Дәл таптыңыз. Аулада адам жүр.
– Қайдан білдің? Мүмкін бөтен ит шығар?
– Жоқ. Адам. Біреу емес, екеу.
– Қайным-ау, көріпкелмісің?
– Ұмытып кетіппін. Менің студенттерім ғой.
– Олар қайдан жүр?
– Менің соңымнан көлеңкемдей қалмай еріп келді.
– Не қыл дейді?
– Сабақты оқымайтын, айтқанды тоқымайтын жалқаулар ғой. Сынақ қойып беріңіз деп сүйретпе сияқты соңымнан еріп келіп жүр.
– Қойып бере салмайсың ба?
– Бірде-бір сабаққа келмегендер. Менің бетімді көрмегендер. Сынаққа келіп адамның ойында жоқ сылтау айтып, сызылып тұрады.
– Қандай сылтау?
– Сынақ, емтихан алу үшін ауыздарын қисайтпай шауып жүрген әкелерін-шешелерін өлімге қиып, өлердегі сөзін айтатындар бар. Суалмайтын сылтаулары сөмкелерінде жүреді.
– Мыналар қандай сылтау айтады? Қойып бере салмайсың ба?
– Бұлар төрт курс бойы айтатын ертегілерін айтып біткен.
– Енді неге сенімен еріп келіп жүр?
– Қандай тапсырма берсеңіз де орындайық деп жатта жалынып, осы үйге дейін еріп келді. Әй, көкелерім, мен ала көз арақ та ішпеймін, сасық темекіні де тартпаймын, жөндейтін май-май мәшинем, сыра ішіп салқындайтын саяжайым жоқ, маған ештеңе істемей-ақ қойыңдар. Оқып келіндер де тапсырыңдар деймін де. Жеңгей мені білесің ғой.
– Сенікі дұрыс та, қайным, обал ғой, ауылдың балалары болса қойып бере салмайсың ба?
– Сізде обал, обал деп ойбайлап қоймадыңыз ғой. Үйде істейтін жұмысыңыз барма, қойып-ақ берейін.
– Жер үйде жұмыс болмаушы ма еді? Жұмыс бастан асады. Көктем келді, ана жерді де қаза алмай отырмын. Ағаң анау жұмыстан қолы босаса түн бойы тас қуады, – деп кейіп кетті Күлпәрша.
– Тасыңыз не? Бүйрегінде тас бар ма?
– Қайдағы бүйрек? Бильярд деген пәле болды.
– Е, онда, басқаны қуғаннан, тас қуғаны жақсы ғой, – деп қайнысы күлді.
– Ой, қу неме, қатын қумаса болды деп отырсың ғой.
– Психологсыз ғой, жеңеше! Жұмыс барма, айтсаңызшы.
– Бар, жерді қазып берсін.
– Онда сыртқа шығып өзіңіз айта қойыңыз. Қойып-ақ берейін. Күлпәрша сыртқа шықса, есік алдында екі бала есінеп отыр.
– Сәлеметсіз бе, апай! – деп бастарын шұлғып амандасты.
– Ағаларыңмен еріп келдіңдер ме? – деді Күлпәрша ештеңе білмейтіндей.
– Не керек сендерге?
Ана екеуі орындарынан атып тұрып: «Апай, біздің ағай сізге кім болады?», – деді дауыстарын бір-біріне мінгестіріп, жарысып.
– Бұйыртса, қайным болады.
– Айым, күнім апатай, сынақ қойғызып беріңізші. Тіршілігіңізді бітіріп, басына су құйып берейік. Жақсылығыңызды жалғанда ұмытпаймыз. Бұл үйде істейтін жұмыс жеті атаңызға жететін сияқты.
– Мына атшаптырымдай ауланы көріп тұрсыңдар ғой. Ана жерге көкөніс себемін, сол жерді қопарып тастаңдар. Келістік пе? – деді апайлары ойланғандай болып.
– Ой, апай, келіспегенде. Ертең күтіңіз. Жұмыс киімімізбен келейік, мынау сынақ кітапшамыз. Ол жерге көк егесіз бе немесе шөп егесізбе, бізге бәрібір. Жер жырту бізден, сынақ сізден, апай, – деп екеуі шешелері ұл тапқандай шулап қуанды.
Екі сынақ кітапшаны алып Күлпәрша қуанып ішке кірді.
– Келістіңіз бе, жеңгей.
– Жақсы болды, қайным. Мына жерді қалай қопарамын деп, қолым бармай қиналып отыр едім. Ертең келетін болды. Мә, мынаған сынағыңды сызып, қолыңды қойып кет.
Ертеңгіде үш жігіт келіп, күнде көріп жүргендей, қуанып апайларымен амандасты. Киімдерін ауыстыра бастады. Күлпәрша қолдарына күрек, тырма ұстатты да ішке кіріп кетті. Бір уақытта сыртқа шықса анадай жерде үшеудің біреуі терлеп-тепшіп жерде өші кеткендей өршеленіп қазып жатыр. Кешегі екі студент темекі шегіп көлеңкеде керіліп отыр. Тағы бір шыққанда осы көрініс өзгермеген, сол қалпы. Екі студент сыра сораптап салқында сайрап отыр.
– Сендер неге отырсыңдар? – деді Күлпәрша ештеңкеге түсінбей.
– Жер қазғызып отырмыз.
– Өздерің неге қазбайсыңдар?
– Сізге кім қазса да бәрібір емес пе, апай? Жеріңіз жыртылып, тырмаланса болды емес пе?
– Анау кім? Бірге оқисыңдар ма?
– Жоқ.
– Енді ол кім?
– Сейфуллин көшесінен алып келдік. Жұмыссыз жүрген жігіт қой. Жалдадық.
– Қаншаға?
– Ол коммерциялық құпия.
Таңдай Кенеев