Таңғы тілек (әңгіме)
Талжібек кәнігі әдетінше ерте оянды. Келіні күнде жатар алдында дайындап қоятын су толы жез құманды алып сыртқа шыққанда, мезгіл таң алды еді. Төңірек қатықтай ұйыған тыныштық. Мамыражай тамыз таңы тамылжып тұр. Күншығыс көкжиекке назарын ұзатып тұрып: «Е, Алла, тағы бір күнге дін аман жеткізгеніңе мың да бір шүкір», – деді күбірлеп.
Кейуананың көңіл күйі кешелі бері балқаймақтай балқыған қуаныш әсеріне толы болып тұр. Жан дүниесін елжіреткен бір-бір уытты сезім. Түу алыстағы ел шетінде жүрген немересінен: «Әже, менің армейский срогым бітті. Скоро дембіл. /Демобилизация дегені/. Қайтуға қамданып жатырмыз» деп жолдаған хаты қолына тигелі төсегінен қунақ тұрып жүр. Өзіне меншіктеген төлбасы әскерге алынғалы хаттарын ылғи да осылай әжесіне жолдайды. Ауыл жаңалықтарын әжесінен сұрайды. Талжібек те ерінбейді, ауылдың мысықтары мен күшіктеріне дейін қалдырмай жазып тұрады.
Міне, күндегі әдетінше таңмен таласа күншығыс көкжиекке көз тігіп тұрған Талжібектің жүзіне шырайлы рең табы жүгірді. Тура алдынан немересін көріп тұрғандай: «Айналдым сол. Пішініңнен сенің. Атасынан аумай қалғанын айтсайшы бұның», – деп тағы да күбірледі.
Қайран аналардың қамқор көңілі қай кезде тыншу тапқан. «Әжесінің баласынан» қуанышты хабар жеткелі Талжібек өзінше пысықсып болар емес. Баласы мен келініне той жабдығына кірісе беруді бұйырды. Не нәрселерді дайындау керектігін де ақылдасты. Баласы әдеттегідей: «Есть товарищ капитан!», – деді арсалаңдап. Содан бері Ол анасына ана жағдай анадай болды, мына жағдай мынадай болды деп есеп беріп қояды. Талжібектің патша көңіліне немересі бүгін-ертең келіп қалатындай.
Талжібек ауладағы аяқты кең сәкіде бір-біріне тұмсық тығып алаңсыз ұйқыда жатқан үпір-шүпір немерелеріне жан дүниесі елжіреп төніп тұрды да, төсек шетіне жантайды. Алдына мектеп табалдырығынан аттайтын немересін тамағынан иіскеп-иіскеп алды. Келінінің сүт құртқаны. Шүпірлеген немерелерін қанша иіскеп, құшып-сүйіп аймаласа да, мейірімі бір қанбайды. Иә-иә, қашан көзі жұмылғанша қанбас. Қосағынан жиырма жасында айырылып қалған жесірдің құшыры өзімен кетер…
Талжібек күрсінді. Ойы ойды да, қырды да қыдырып кете барды.
…Аллаға мың да бір тәубе, тұла бойы тұңғышы – кеткен қызды айтпағанда, кіндіктен жалғыз ұлдың ақ жаулығы ойынан шықты. Қадамы құтты, ұясы мәйекті болды. Бірінің ізін бірі басқан немерелер келінінің оң балағынан да, сол балағынан да төгіле-төгіле қалды. Құдай берді. Келіні алтын жұлдызды ана атанды. Құдіреттен тілеген тілегіне жетті.
Талжібек жеңсізінің төс қалтасына салып қойған немересінің хатын сыртынан сипап қойды. Бұл хат уақытында әскерге алынған ұлының да елге қайтар алдында жазған хатын есіне оралтты. Жан дегенде жалғыздың сондағы жолдағаны ана жүрегіне жазылып қалған, көңіл түкпіріне өшпестей болып орныққан. «Апа, ауылға қайтатын мезгіліміз де жақындап қалды. Амандық болса, алдағы айда қайтаратын шығар. Ауылға барғасын мамандығыма орай жұмысқа орналасамын. Бізді бақтың, қақтың, үкідей мәпелеп өсіріп қатарға қостың. Енді өзіңнің де бір тыным-тыныс алуың керек емес пе, Апа…» деп жазған еді-ау сол хатында.
Талжібек ұлының сондағы перзенттік ықыласына жаны семіріп толқыған еді. Әскерге алынарда ақылы әлі жетіле қоймаған қоңыр қозысы енді есті сөз айтыпты. Күнім сол, арада өткен төрт жылдың есейткені-ау. Шешесінің қамын ерте ойлапты. Иә, жаратқан, сол «жаман» жаман болмас. Ал менің пенсияға шы-ғып пештің түбінде отыруыма қайда-а-а әлі…
Ана-көкірек деген, тебіренсе теңіздей шайқалар, жадыраса Күндей күлімдер, қапаланса Ай тұтылғандай болар. Мына байтақ Жер тынбай айналып тұрғанда, бұл жаһанның Ана көңілі шарламайтын қиян-қалтарысы қалмас. Заман түзу, ел аман, жұрт тыныш болып тұрса, баяғыда ұлын әскерден тосып алғанындай, күні ертең немересіне де аман-есен қауышар-ау. Е, Алла, тілегімді бере гөр, – деді тереңнен тыныс созып.
Беу, заман-ай, – деді сосын. Баяғы Гитлер лаңы басталғанда, бұл ертең – бір күн жиырмаға аяқ созғалы тұрған-ды. Замадин екеуінің Ақтан тілеп жұптасқанына екі жылдан енді асқан. Елде екі адамның бірі ерікті-еріксіз майданға аттанып жатты. Төркін жұртынан қарағайдай екі ағасын, қайын жұртынан да екі қайнағасын және туған нағашысын, Замадинмен алтауын бірдей алып кетті. Алла-ай, сол алты арыстан ең болмағанда біреуі аман оралмады-ау. Алтауы да жаттың жерінде опат болды.
Ал Талжібек болса, үш жұртынан да көземелдеп жөн-жоба айтар қара қалмай, айналаса тып-типыл болып аңырап қалды. Замадинді аттандырғанда осы күні үйлі-баранды болып отырған тұла бойы тұңғышы Жанжібек бесігінде уілдеп жатқан. Ал жалғыз тұяқ Ізтұрған ұясында мәйектеніп қалған екен. Оны кейін білді. Сол іште ұйыған мәйектен кейін үпір-шүпір ұрпақ өреді деп кім ойлаған. Талжібектің өзі де ойлап көрмепті.
Бұрынғылар «Адам – итжанды» дейтін. Сол рас екен. Қансоқта соғыстың әлегінен әуірі басылмай қалған жесірлік ғұмырында не көрмеді. Шаңырақтың бар ауыртпалығы тал бойына ошарылды. Бейнеттің ұшы-қиыры жоқ. Көз алдында қаусап отырған ата-енесінің күтімі, отын-су тасу, азық-түлік қамдау, мал жайғау… бәрі-бәрі бір өзіне қарап қалды. Құдайдың бір қарасқаны: құдды ертеңгі күнін ойлағандай жетіжылдықты соғысқа дейін бітіріп алғаны мұндай жақсы болар ма. Мұғалімнен жұтаған жұрт Талжібекті ауыл мектебіне қабылдай қойды. Бұған оқыт деп бастауышты берді. Бұл өңі тұрғай түсіне кірмеген іс болды. Кейін мұғалімдікке төселген кезінде «әрі сұлу, әрі қатесіз жазады екен» деп ауыл советтің хатшылығына алды. Пенсиясына сол қызметінен шықты.
Ол кез Талжібектің бұрала басып толықсыған бұла шағы еді ғой. Бірде қызынып, бірде суынып тусыраған тән азабымен алыса жүріп шыдап бақты. Күнбатысқа қарай-қарай көзі қарауытты, діңкесі құрып белі талды. Түнгі төсекте от болып күйіп-жанды. Не айтатыны бар, сол бір қаралы жылдарда балдай тәтті келіншектерді нәпсі азабынан күйбең тірліктің тек бейнеті ғана құтқарды. Солардың бірі Талжібектің тал бойына ошарылған тауқымет те таусылып бітпеді. Жыл өткен сайын ауырлай түсті. Иманды болғыр, ата-енесі бір Алла деп сыйынумен, сол күдер үзбей, Замадинжан келеді-келедімен өтті дүниеден. Жалғыздың жат елде опат болғанын білмей кетті. Ал Талжібектің жайсаң шағы Құдай қосқан қосағын зарығып күтумен өте шықты.
Рас, ата-енесі бақи болғаннан кейін, ұлы-қызының бейғам кезінде сөз салғандар болған. Ауыл-ауылдан да, аудан орталығынан да. Ал қамкөңіл келіншек Замадиннің артында қалған жалғыз тұяқтың қамын ойлап қамықты. Оғы да жоқ, жағы да жоқ жалғыз; алды-арты тып-типыл, соғыс сойқаны бәрін жалмап тындырған. Талжібек төсек жаңғыртқандай болса, құрсағында жаралып үлгірмей қалған жетімекті қайтеді. Қара шаңырақ иесіз қала бермек пе…
Талжібекті бәрінен де осы ойы қажытты. Жаттың қолында жалтақ болып өскен жетімектерінің жүзі жасып, жігері құм болмасына кім кепіл болғандай. Осыны ойлай-ойлай келіп, ақыр соңында тағдырымен қасарысты. Бар ойы күндіз-түні ойланып-толғанып отыратын қайын атасының қара шаңырағын құлатып алмау болды. Қызынан бұрын соңыра тағдыр талқысына оқсыз-жақсыз араласатын жалғызын аяды. Оны неде болса бетінен қақпай жеткізуге бекінді. Сол ойымен Замадиннің опат болғаны туралы «қара қағаз» қолында бола тұра еркек кіндіктіден безуге бел байлап қақшиып қалды. Уақыт өте келе бұлақ көзі бітеліп, сезім селі суалды. Жастық дәурен солай өте шықты. Содан айтып-айтпай не керек, қоң етінен арылып, кейуана кейіпке енді. Есесіне тағдыр тауқыметін жеңді. Азаматы аманаттаған қара шаңырақтың іші жанға, қорасы малға толды.
…Алла-ай, енді мына қисынға қараңыз. Күндердің бір күнінде кәнігі дағдысымен таңнан бұрын тұрып, сиырын сауған. Сүтін шағын қазанға қайнатып пісіргесін отын өшіріп, қақпағын жауып қойған, суысын деп. Сосын көз шырымен алуға төсегіне қисайған. Күндіз-түні ойлап жүретіні жалғыз ұлы ғой. Соны ойлап жатып мызғып кеткені. Құдайдың құдіретімен түс көрді. Түсінде әуелі сонау көкжиек қырқасынан Күннің алып шаңырағы көрінді шапақ шашып. Дүние таңғажайып нұрға бөленіп жүре берген. Содан алтындай жарқырап құбылған сәулелері шашылған Күн астынан көзіне оттай ыстық болып бір тұлға елестесін. Ұлы жолмен бері қарай салып ұрып келеді, төбесінде Күн шұғыласы ойнап. Енді байқады, әлгі тұлға жол дорбасын асынып алған жауынгер екен. Көзіне әуелі Замадин болып ілікті. Асығып келе жатыр.
Содан ендігі сәтте, қызықты қара, Замадин дегені – Ізтұрғаны екен. Жақындап келе бере: – Апа-а! – деп қолын бұлғады. Бұл да құшағын айқара жайып ұмтылды.
– Ізтұрған-н-н!
– Апа-а!
– Қарашығым… – Ышқынып шыққан даусынан оянып кетті.
Төсегінен тұрып тысқа шыққанда, зау биікке көтеріліп алған Күннің нұры сағыныш сазы кернеген кеудесіне құйылғандай бір таңғажайып әсерге бөленген сонда. Күн шұғыласына шомылып тұрып: «Е, Алла, қиырда жүрген құлынымның жорытқанда жолы болып жүргей. Ол жақта да, бұл жақта да тыныштық болғай»,– деп тілеген еді Тәңірден.
Сондағы сол түсін осы бір-екі күнде тағы қайталап көргені қызық болды. Тура сол жолғыдай. Әуелі Замадин бе деген. Артынша, Құдай-ау, Ізтұрғаным ғой деген. Сол жолғыдай жол үстінде асыға адымдап келе жатқан жауынгер маңдайы жарқырап жақындай бере:
– Әже-е! – деп ұмтылды. Кім десе, әскерде жүрген немересі. Бұл да құшағын жайып ұмтыла берген. Ояна келсе… түсі. О, Алла-а… Төсегінен қуанып тұрды. «Жан Ием, өзің желеп-жебей гөр құлынымның құлыншағын» деп Құдіретке мінәжат етті. Баласы әскердегі төрт жылын соғыс өртін тұтандырған елде өткізген еді. Енді құлынының құлыны да ел шетінде– сол айта беретін Батыста жүр. Жүрекшайды болып қалған ана-көкірек тәубешіл. Күнде төсегіне жатарда: «Е, Алла, өзің жар бола гөр. Айдай әлемге түн тыныштығын бере гөр. Біз пақырды желеп-жебей гөр, күнәларымызды кеше гөр, иман байлығынан жарылқай гөр. Бәле-жаладан, қайғы-қасірет, қауіп-қатер дегендерден сақтай гөр. Осы тілектерімді қабыл ете гөр…» деп бір Құдайға жалбыранады. Таң ата төсегінен: «Е, Алла, пенделеріңді тағы бір дүние жарыққа аман жеткізгеніңе мың да бір шүкір…» деп тұрады.
Міне, бұл жолы да тобасынан жаңылмай тілек үстінде тұр. Баяғыда жан жарын күтіп батысқа телміріп еді. Кейін ұлын да сол батыс елінен күтті. Ал бүгін немересін де тағы сол батыс беттен күтіп жүр. Иә, не деріңіз бар, өмір бойына күтумен, өмір бойы Жаратқаннан тілек тілеумен өтіп бара жатқан бір ғұмыр.
Осындай тағдыр бұйырған екен маңдайына.
Айжарық СӘДІБЕКҰЛЫ