МӨЛДІРЕГЕН ТАҢҒЫ ШЫҚТАЙ…
«Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген аталы сөзді атақты жұлдызшы, әулие Бекасыл Биболатұлы (1822 – 1915) айтып кеткен екен. Осыны «Сықаңның баласы», Есілханның ұлы – менің туған ағамдай болып кеткен Ұлықпан Сыдықовқа қаратып айтқан ба деп қаламын.Қаракерейдің 29 болысына Төбе би болған Қабанбай батырдың төртінші ұрпағы Сүлеймен Әділбекұлын (1841 – 1905) білесіздер ғой, 1906 жылы Тарбағатай тауының Барқытбел бауырындағы Бұғыбай деген өңірде өткен сол кісінің асында бүгінгі қазақ өлеңінің құлагері 12 жастағы Ілияс Жансүгірұлының бәйгеге шабатыны бар, ал «Сықаң» – Сыдық атамыз үлкен асты бастан-аяқ басқарады. Арғы жағын індете бермей, қысқа қайырсақ: Ұлықпан аға – Үш жүздің ханы Абылай баһадүр «Дарабоз» атаған, қараорман халық «Хан батыр» деп төбесіне көтерген ұлы қолбасшы Қаракерей Қабанбай (Ерасыл) Қожағұлұлының тікелей сегізінші ұрпағы болып шығады.
Бізді жақындастырған – Қабеңнің соғымбасы дастарқаны. Қабанбай хақында әйгілі «Дарабоз» дилогиясын жазған классик жазушымыз, өзіміз «Қарасөздің дарабозы» атап кеткен марқұм Қабдеш Жұмаділовтің шаңырағында жақыннан танысып, кейін аға-бауыр болып кеткенбіз. Оның алдында Қабдеш ағама арнап шарж салып: «Алмаған атағы жоқ, кіріспеген шатағы жоқ», – деп эпиграмма жазғаным бар-ды. Қабеңнен жасқанып жүргенімде, өзі сол әзілге риза болғанын білдірген. Мерейтойында өлең арнағам, сол өлеңді Ұлықпан ағам ұнатқанын айтып еді алғаш жүздескенімізде. Менің алдымда туған ағам болмағасын ба, қазақтың жақсыларын, жасы үлкендерін аға тұтамын. Соның ішінде жан дүниеңді түсінетін, сырлас, мұңдас, тілеулес бола білетін, қуаныш пен қайғыңа ортақтаса алатын Ұлықпан ағадай жағасы кең жайлау, мінезі дархан, мейірімдісі некен-саяқ.
Қабеңнің Ұлықпан ағаны қалай құрмет тұтатынына көз жеткен. Екеуі қырық жылдан астам уақыт аға-іні дос болып бірге жүріпті. Қабдеш аға қайтқанда қатты қайғырдық, әсіресе қабырғасы сөгіліп, бүк түскен кісі Ұлықпан аға болды. Марқұм көзі тірісінде өсиеттеп кеткен жерге мәйітті жеткізіп, жерлеу деген оңайға соқпады. Жоғарының қас-қабағын бағып үйренген шенеуніктер анау-мынаудың айтқанын құлағына қыстырмады. Өмірі бейәдеп сөз айтпайтын Ұлекеңнің осы тұста талағы тарс айырылған, телефонның ар жағындағы кісінің жеті атасын жездей қақтаған. Әңгіме ауанына бақсақ, Қабең өсиеттеп кеткен жерді дөкейлердің бірі жекешелендіріп алыпты. «Аталарынан қалған жер емес, оттамай қабірін дайындаңдар, қажет болса, Президентке айтамын», – деп шалт кетіп еді, биліктен пәрмен келді ме, қайдам, ауылдағыларды зыр жүгірткен. Жерлеп, қарақұрым елге ас беріп қайтқан жолда Қабдеш ағаның атында қор ашу идеясын айтқан. Жамырай келіскенбіз. Жүгіріп жүріп, қағаздарын дайындағам. Төраға өзіңіз болыңыз дестік, маған орынбасарым бол деді. Қабеңнің жылы болмай жатып өзі тұрған үйіне ескерткіш тақта орнаттырдық, 85 жылдық мерейтойын еске алу кеші есебінде Алматыда атап өттік. Қорды құру түктен оңай болғанымен, қорға ақша жинау қиынның қиыны болды. Қабеңнің басына алып ескерткіш орнатамыз деп шешкенбіз, тас ескерткіштің құнына да шаш жететін емес, қолда көк тиын жоқ, жоспар көп. «Басына ескерткіш емес, күмбез орнату керек», – деп ақшасыз ақыл айтқан ағайын болды, басында сәл ренжісек те қисынды сөзге тоқтадық. Ұйқы да, күлкі де жоқ сондай күндердің бірінде Ұлекеңнің үлкен ұлы, әйгілі «Қаражыра» өндіріс орнының коммерциялық директоры Әсет қол ұшын созды. Әкесінің қаяу көңілін дөп басты. Семей қаласындағы ірі азаматтардың басын қосып, әкесі мен өз атынан он миллион теңге атапты. Қалғандары қостап, бізге тек рухани қолдау көрсетіңіздер деп тоқтау айтты. Ақтаудан пойызбен 70 тонна тас алдырды, шеберлерді оңтүстіктен шақыртты, аралығы 500 шақырымнан асатын жерге күн демей, түн демей ат сабылтып жүрді. Ауылдағы қарапайым қазақ малын сойып, құранын бағыштап жатты. Кесене бел ортасынан асқанда Ұлықпан аға екеуіміз Қабеңнің басына барып, мал сойдыртып, аят оқытып, жұмысшыларға рақмет айтып қайтқанбыз. Алғашқы қар қылаулап, күн суытып кеткен кез болғасын, келесі көктемде жұмысты жалғастыруға уағдаласып кеттік. Бәрі де Ұлықпан ағаның атағы мен абыройының арқасында атқарылды. Мен де өзімше ол кісінің көлеңкесіндей болып қасында жүріп, қолымнан келгенін істедім. Тоғыз жолдың торабына, айдалаға еңселі ақ күмбез орнату деген – әуелі Құдайдың құдыреті, Ұлықпан ағаның беделі, онан соң азаматтардың еңбегі, аруақтың қолдағанының арқасы. Мойнымыздан ауыр жүк түскендей ескерткіш-күмбез ашылып, ас беріліп, кеш өткізілген күні жалпақ жұрттың алдында Ұлықпан аға ағынан жарылып, көсіліп бір сөйлеп еді. Ағаға адалдық, аруаққа құрмет осындай-ақ болар.
Баяғыда Қабанбай бабасына Мақаншы ауданында ескерткіш орнатуға себепкер болған да осы – Ұлекең. Туған інісі Қайранбақыт қаржыландырған. Екі мәрте Кеңес одағының батыры, атақты ұшқыш Талғат Бигелдинов лентасын қиған. Қабырғалы қаламгер Қабдеш Жұмаділов бата беріп, тебірене толғаған. Ел еңсесін көтеріп, айбат беріп тұрған қас батырдың ескерткішінің тұсынан өткен сайын о дүниелік болған ұлыларды еріксіз еске аласың да, Ұлықпан ағаның атасына мың да бір рақмет айтасың.
Құдай Тағаланың сынағы да бітпейді екен-ау, Ұлағаң кейінгі бір-екі жылдың ішінде інісінен, қарындасынан айырылды, ол аздай жалғыз қызы – Айнұрынан көз жазды. Өзге біреу болса, қара нарға жүк болатын осынау ауыр қайғыдан шөгіп, жүнжіп кетер еді, ол кісі тағдырға қарсы тұра білді, еңсесі бүгілмей, бәйбішесін жұбатып, туғандарына медет бола білді. Қайғыға ортақтасқан жұрт оның қайсарлығына қайран қалды, жұбатарға сөз таппай қиналды. Іші қанжылап, жүрегінің пәре-пәресі шықса да ет пен сүйектен жаратылған Алланың сүйікті құлы өмірдің заңына еріксіз мойын ұсынып, бақиға аттанғандардың ұрпақтарының тілеуін тілеп тұра берген.
Айнұр қарындасымның жаназасына, қырқына, жылдық асына жиналған елдің санында қисап болмады. Қырық тоғыз мүшелінде өмірден өтсе де, артына өшпес із қалдырғанын ауызша естеліктерден тыңдап, білдік. АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінде, шетелдік компанияларда қызмет ете жүріп, Айнұр қазақ журналистикасының дамуына орасан зор еңбек етіпті, жүздеген журналисті Америкаға жіберіп, тәжірибе жинақтатыпты. Бірнеше мерзімдік басылымдарды қаржыландыруға себепкер болыпты. Өзінің ғылыми еңбектері мен тұжырымдамалары Америка мен Еуропа елдерінің біршама басылымдарында жарық көріпті. Қазақ мәдениеті мен тарихына, ағартуына септігі тиетін жобаларды біздің жігіттердің жеңіп алуы үшін барын салыпты. Жолдасынан ерте айырылып, денсаулығы дімкәс тартқанына қарамастан, үш баланы қатарға қосып, ұлтына адал қызмет етіпті. Айнұрдың жасаған жақсылығын, шапағатын көп көргендер астың үстінде көз жасын көл қылып еді, иманы саламат болсын!
Ұлықпан ағаның жан жары, шаңырақтың ұйытқысы – Нағима Нұрғалиқызы математика маманы. Қаз ҰТУ-дың еңбек ардагері. Жарты ғасырдан астам уақыт ағамызбен бірге жасап келеді. Жер қозғалса қозғалмайтын мінезі кең, қолы ашық, мейірбан жан. Ерін сыйлайтын әйел осындай-ақ болсын, Ұлықпан ағаның ғылымда, өнерде биікке жетуіне Нағима апайдың сіңірген еңбегі ұшан-теңіз дер едік. Осындай асыл жары болмаса, ағамыз:
Құлпырғанда әлем,
өзгеше бір реңге боянғанда,
Аялаған сезім
жүрегімді тербеп оянғанда
Іңкәр көңілім тасып, тасып,
арнадан асқанда,
Шаттық нұрын сепкен,
бақыт гүлін еккен,
Өзің ой-арманға!
– деп «Қуанышым менің» атты өлең жазып, ән шығартпас еді.
Өмірінің дені Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университетінде өткен ағаның ғылыми еңбектері мен атақ-дәрежесін жіпке тізіп отырғанша, дүниежүзіне әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін қалаушылардың бірі болғанын айта кетейін. «Дос-Мұқасанның» бүгінге дейін орындап келе жатқан әндерінің көбінің сөзін жазған кісі – Ұлықпан аға. «Той жыры», «Әсем жұлдыз», «Қуанышым менің», «Бойжеткен», «Алау сезім» әндері халық әніндей ел арасына кең тарап, тыңдарманның жүрегінен орын алғалы қашан! Ал «Той жырын» қазақ жастары әлдеқашан махаббат гимніне айналдырып алған.
«Жақсыменен өткізген жарты сағат – жаманның өтіп кеткен өміріндей» демекші, Ұлықпан ағамен бірге жүрген әр күнің, әр сапарың бір ғанибет. Өзі шежіре, өзі шешен, өзі сал, қара домбыра қолына тисе, қоңырлатып ән де салады. Отырыстың гүлі, шырайы. Танымайтын кісісі, араласпайтын адамы жоқ. Пәленшенің кім екенін түгеншесіне дейін тәптіштеп айтып отырады. Ит арқасы қияндағы біреу баласының тұсауын кестірсе, біреу немересіне ат қойдырады, енді біреу тойына шақырып бата сұрайды… соған бәлсінбей барып-қайтады менің Ұлықпан ағам. Ешкімнің қызығы мен шыжығынан қалмай, өзгенің көңілін жықпай жүріп, қай кезде уақыт тауып, қомақты еңбек жазатынына әлі қайранмын.
Құдай қаласа, 75 жасқа келетін Ұлықпан ағаға нендей баға берерімді білмей дағдарып отырсам, өзі жазған «Бойжеткен» деген әннің өлеңіндегі: «мөлдіреген таңғы шықтай», – деген бір сөз көзіме шоқтай басылғаны. Рас-ау, гүлдің жапырағындағы, шөптің қияғындағы таңғы шық мөп-мөлдір, тап-таза болады. Ағаның жандүниесі сол шықтан аумай қалған. Құдай сізге қуат берсін, атаңыз Сыдық 88 жас жасаған екен, жүз жасаңыз, жағыңыз түскенше жамандық көрмеңіз!
Ғалым ҚАЛИБЕКҰЛЫ,
жазушы, Халықаралық
«Алаш» әдеби сыйлығының иегері,
Мәдениет саласының үздігі