Музей аясындағы рухани жаңғыру
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады…
Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі.
Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі.
Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ.
Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті.
…Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», – дейді. Жастардың бойына патриотизм рухын сіңіру туралы музей меңгерушісі ретінде бірқатар ұсыныс айтқым келеді. Еліміздің әр өңірінде, әр қаласы мен облыс, аудан орталығында жергілікті өлкетану музейлері бар. Сол музейлерде тұтас ұлттың, өлкенің тарихы, материалды мәдениеті сақталған. Бүгінгі күні музейлеріңіз де Елбасы мақаласында ерекше мән берілген «Туған жер» жобасына атсалыса алады. Мәселен, осы күні біздің музейге келген әрбір адам ежелгі Жібек жолы бойында орналасқан, осы күндері Алакөлдің астында қалды делінетін көне қала туралы тарихи дәйекті, дәлелді әңгімені тәуелсіздік, бостандық үшін күрескен батыр бабаларымыздың ерлігіне жалғап, Алаш туын көтерген ұлт тұлғаларының тарихына ұштастырып, бүгінгі тәуелсіздігімізге дейінгі жүріп өткен жолды нақты материалды жәдігерлерге көз жүгірте отырып бағамдай алады. Қазіргі кезде музейімізде оқырмандарға жұмыс істейтін жеті зал, бір галереяда айдынды Алакөлдің көрінісі бар коллаждар мен аң-құстардың тұлыптары, ортағасырдағы Қойлық қалашығы мен Алакөл маңындағы Асусай жерінен табылған қыш бұйымдар, Жоңғар шапқыншылығы кезіндегі Аңырақай шайқасының диарамасы, батырдың бес қаруы мен сауыт-дулығасының көшірмесі, ұлт-азаттық көтеріліске қатысты қару-жарақтар мен қазақтан шыққан тұңғыш теміржолшы-инженер М.Тынышпаев туралы заттай деректер, Кеңес Одағының Батырлары мен ардагерлерінің фотосуреттері, сондай-ақ, соғыс кезіндегі қару бөлшектері мен хаттар, Қазақстан Республикасының Президенті
Н.Назарбаевтың шығармалары, жазушы, журналист Ә.Әлімжановтың еңбектері, қазақ ұлттық мәдениеті және әр ұлттың костюмдері мен заттары – жалпы алғанда музей қорындағы мыңға жуық жәдігер бар. Міне, осындай құжаттық, дәлелді, дәйекті экспонаттар арқылы да әр адамның бойында өткенге құрмет сезімін оятып жүргенімізді айтқым келеді. Патриотизмді дамытудағы негізгі тірек – ұлттық тарихымызды зерттеп, зерделей отырып барынша дамыту.
Елбасы мақаласынан түйген тағы бір пікірім, ол – ұлттық бірегейлікті сақтау. Демек, біз ұлттық сананың көкжиегін кеңейтуіміз керек деген сөз.
«Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында», – дейді Президент Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында. Расында, біздің дәуір ғылым мен технологияның дәуірі деп аталады. Ендеше, бұл ғасырда ұлттық ерекшелікті сақтай отырып, жаңаруға қадам басы – өте өзекті тақырып. Ол үшін адамға ең алдымен рухани негіз керек. Рухани негіз – ұлттық тамыр, ұлттық кодта жатқан жоқ па?! Елбасы мақаланы қазақ ұлтының рухани баюына һәм ұлттық тінінен ажырамауына арнап отыр. Ендеше, ұлттық тамырдан ажырамаудың жолын әр сала мамандарына да, оның ішінде елдің тарихы мен өткенін – тұтас шежіресін сақтап отырған музей қызметкерлері де бағамдауы керек деп білемін.
Жазира Қожахметова,
Қабанбай батыр атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі.