ҚАЙ ҚИЫРҒА АРМАНЫМ АПАРМАДЫ
02.06.2017
1331
0

Қызылыңа қызықпай-ақ…
Аңқау кетіп,
Айыптыңыз аман қап,
Қара деген болып жатыр ақ бүгін.
Қуларыңа қонып алды сараң бақ,
Пана тауып бере алмады пәктігім.

Жағымпазың ие болды жақсы атқа,
Қалтарыста қалып қойды шер, өкпе.
Жету үшін желіктірген мақсатқа,
Адалдарға арамдығың керек пе.

Базарлы өмір…
Бағына ма бақ күшке,
Қайда барам арманымды азалап.
Уылжыған ұятыңа дақ түссе,
Мәртебелер бере алмайды тазалап.

Қайрат бар да қажыр, шіркін, кемір ме,
Күреспенен көксегенге жетейін,
…Қызылыңа қызықпай-ақ…
Өмірге
Қалай келсем солай болып өтейін.

Әдісім жоқ
Өмір өзі екшейді ұтылды кім,
Келгенімен кетеді түтінді мұң.
Бұралқы да біледі бөлшектеуді,
Дүниенің тіледім бүтіндігін.

Кептірейін кешегі терлігімді,
Қалдырайын елеусіз ендігімді.
Өкіндіріп қойғанмен өткендерім,
Толтырайын келер күн кемдігімді.

Тіршіліктің дауылы борағанда,
Ынтымақсыз ырысың жолаған ба.
Басқа түскен бәленің бәрін көрдім,
Ескерусіз қалмаспын ел аманда.

***
Саналардың түскенде сарабына,
Қабіріне сүңгиді қара күнә.
Тұғырындай тауларым тағдырымның,
Даналықтың мекені – дала мына.

Тұра алам ба бір суып, бір ысынбай,
Кісіліктің өтеді қыры сынбай.
Мөлдіреген бұлағы үмітімдей,
Өрекпіген өзені ырысымдай.

Қалай еске түсірем қайғы жайлы,
Баяғыда ұмытқан бай Құдайды.
Сырды білген сиқырлы самал ғана,
Ормандары ойымнан айнымайды.

Талма түсте татырды саяң дәмін,
Амалым жоқ алдыңа жаям бәрін.
Қаптап кетті, қайтейін…
Бұл күндері
Бөрілерің, борсығың, шаяндарың.
Сескендірді сертінде тұра алмаған,
Берер ме екен қанатың қыран маған…
…Үміттерге өжеттік бітер ме екен,
Құйрығындай түлкінің бұлаңдаған.

Тәңір-ау…
Болғанымен барысыңның өтіндей,
Жебейтұғын қиял менен жетімді ой.
Көре тұрып қиқыметін тірліктің,
Адалдықпен ауызданған едім ғой.

Қалатындай…
Таппасаң да тиянақ,
Пешенеге жазылғаны ұялап.
Жыным келіп жылап жүрген шақта да,
Жасыққа да жасамағам қиянат.

Қымбатынан айырды екен кінә қай,
Болмысында болмаған-ау, сірә, бай.
Айғыздаған ащы терім
Мен үшін
Атамыздан аман жеткен мұрадай.

Аңсамадым қысырақтың қымызын,
Басқаны емес бақ іздедім бір үзім.
…Ең болмаса татырсаңшы, Тәңір-ау,
Таң алдында тағдырымның уызын.

ЕШТЕҢЕ БҮЛІНГЕН ЖОҚ
Әрі досым бар шығар, әрі қасым,
Баса алмасам ілгері бағыма сын.
Ескермеуі елімнің мүмкін емес,
Танымаса басқалар танымасын.

Жақсылықтың жатқандай бәрі қашық,
Талпынғанмен таңдайға дәрі басып,
Бүгінгіме жайым жоқ бұлданатын,
Өткізгенмін өмірді арып-ашып.

Сылқым емен сындырмас бұта басын,
Негізсізді неменен ұта аласың.
Қайырымды өлеңім…
Қалдырмады
Жүрегімде жоқтықтың жұқанасын.

Астым алқап, төбемнен үңілген көк,
Көрінбейін қырсыққа түңілген боп.
Мезгіл мынау…
Мен ғана елегізем…
Елеңдеме, ештеңе бүлінген жоқ.

Арындаған арманның Құлагерін,
Мінгізбеді, тағдырым, мына менің.
…тілеп келем артымда қалса екен деп,
Өлмейтұғын өлеңім – мұрагерім.

СҰҢҚАРЛЫҚТЫҢ СОРЫНА…
Соққысына өмірдің ұрынбаған,
Болып па еді белгісіз бұрын маған.
Толып жатыр…
Жолдағы жақсылықты,
Иесіне жеткізбей жырымдаған.

Көрінгенмен көзіңе сый кісі боп,
Тұратындай желкеңнен түйгісі кеп.
Сұлтаныңыз мүжіген сүйекті де,
Қытымырдың өзгеге қиғысы жоқ.

Бермесе де бұйымтай бұла дарын,
Сотталсам да сөзімде тұра аламын.
…Сұңқарлықтың соры үшін…
Өмір барда
Өлмейді екен бәрібір сұғанағың.

НЕГЕ ҒАНА…
Тірлігінің түйткілін амалдаған,
Шабыт тауып бермейді шабан маған.
Таршылықта талайды кезіктірдім,
Тиесілі орынын таба алмаған.

Қатулы қыс көргенбіз ала күзді,
Сарапшының бірі деп сана бізді.
Атасының әруағын танымайтын,
Даңғой отыр басқарып данаңызды.

Көк езуге, әрине, күлкі етене,
Соны көрсең бүйрегің бүлк ете ме.
Алданбаса әділдік…
Сыныңыздан
Бөріңізді бұқтырып түлкі өте ме.

Кеудесімен қақпайды қалысты кім,
Арман деген адалға алыс бүгін.
Міндеттерді жіберген миластырып,
Тереңдеткен тамырын таныстығың.

Жалтағыңның өнері – өсек білем,
Төресіне жатады төсеп кілем.
…Мәртебелі мырзаның…
Неге ғана
Естілігі кемірек есектіден?

ОСЫҒАН КҮЙІНЕМ
Көргем жоқ ұшпақтың желегін,
Барар ем бабымен гүл ұстап.
Ашылмай
Абыржып келемін,
Тағдырдың қабағы тырысқақ.

Тіршілік қиындау, түсіндім,
Мен кіші, бұл күні ірі көп.
Ынтамен бастаған ісімнің,
Қисыны келетін түрі жоқ.

Бары рас үмітте бір ұшқын,
Түсірдім тұлпардың тағасын…
Жобалап жасалған жұмыстың,
Пенде жоқ беретін бағасын.

Күз келді, туылғам көктемде,
Кіміңе құрақтай иілем.
…Әділдік алжасып кеткен бе,
Өзге емес осыған күйінем.

НЕСІ МІН…
Бағалысын бере алмайды қу маған,
Кезікпей ме қызыл көзді улы адам.
Жүргендердің жұмағыңдай жер басып,
Бәрі бірдей сезімтал боп тумаған.

Тұрғандықтан түйсігімде төзім боп,
Құбылысты көре алмайтын кезім жоқ.
Айтылатын ауызекі сөзден-ақ,
Ақылдың да алшақтығы сезілмек.

Ағат кетсем айыптама кеш, інім,
Адалдарға ашық менің есігім.
Байқау үшін өзгелердің өресін,
Аңғалданып көрінудің несі мін.

Жабыққанға жасалмайды сәл көмек,
Берілмейді ұсағыңа мән демек.
…Әзіліңнің арғы жағын аңғарып,
Өкпеңді де ұға алатын жан керек.

БАЗАРЛЫ ӨМІР
Пенде ме едім өткелектен өтпеген,
Тыраштанып жүр ме екенмін текке мен.
Әлі келем арманымды арқалап,
Билік емес биігім бар жетпеген.

Қырсық талай қырына алды, көнбедім,
Болса мүмкін болған шығар менде мін.
Өшетіндей ошағының қызуы,
Базарлы өмір…
Басқалардан кем бе едім.

Қарлы шыңың ақ сәулесі тараған,
Тау мен тасың, өзендерің бәрі аман.
…Қолдай көрші бабалардың әруағы,
Туған елге тұғырлыққа жараған!

Оразбай БАЙБАҚҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір