Аспандағы аққумен жерді тілдестірген ӘСЕТ
12.05.2017
4339
0

Бексұлтан НҰРЖЕКЕ-ҰЛЫ

Қазақ ауыз әдебиетінің аса көрнекті өкілі, халықтың шексіз құрметіне бөленген ақын, ғасырдан ғасырға жеткен әндер шығарған сазгер, аспан мен жердің арасын жалғастырған әнші Әсет Найманбаев 1867 жылы ағұс (тамыз-әсет) айында туып, 1922  жылы   қайтыс болған. Бұл дерекке ден қойсақ, Әсеттің туғанына биыл 150 жыл, қайтыс болғанына 95 жыл толып отыр. Әсеттің әкесі Найманбайдың қарындасы Құлжа маңына ұзатылған екен. Соның ауылына барған бір сапарында Әсет өзінің танысы Афари деген  кісінің үйіне соққан. Сол үйде мүсәтір орнына алмас ішіп қойып, соның салдарынан бірер күнде қаза болады. Сол Афаридің ұлы Әбдірауф ақсақалмен мен Алматыда арнайы барып жолықтым. О кісі өзіне керек оқиғаларды жазып жүрген дәптерлеріне қарап отырып: «Әсет 1922 жылдың  26 июлінде (шілдеде) Құлжа маңындағы Ұланбура жайлауында жерленді», – деген мәліметтер оқып берді. Және 55 жасында қайтыс болғанын да анықтап оқыды. Оған күдік келтіретіндей менде де, басқада да ешбір себеп жоқ. Ақын Ғабиден Құлахметов екеуміз 1983 жылы Әсеттің ұлы мен қызын Мақаншыға іздеп барып, олардан да осы мәліметті растап қайтқанбыз. Сондықтан ақынның туған және қаза болған жылын ғылыми дәлелді мәлімет деп қарағанымыз орынды деп санаймын.

Әсет кеңес өкіметінен қорыққан да, ол өкі­метті жамандаған да жан емес. Әншейін қазақ ауылдарын аралап жүріп Шығыс Түр­кістанда қалып қойған.
Ол – хат таныған адам. Өлер алдындағы бір-екі өлеңін жазып қалдырғанына қара­ған­да, ол біраз шығармасын жазып та шы­ғар­ған. Оның ауыз әдебиетін жазба әде­биет­ке жалғастыру жолын ғалымдар әлі  анық-қанық саралай қойған жоқ. Алайда, оның табиғатынан суырыпсалма ақын екенін еш­кім жоққа шығара алмайды. Оның ақын­дық мұрасы өте мол. Әр жерде әр оқи­ғаға қа­тысты шығарған өлеңдерін былай қойғанда, одан қалған дастандардың өзі бір шоғыр.
Әсеттің білімді ақын болғаны дастан­да­рының тақырыбынан да анық байқалады. А.Пушкиннің «Евгений Онегинін» қазақша жырлауы оның талғампаздығын да танытады. Пушкин шығармаларындағы адамгер­ші­лік пен тұрмыстық жағдайдың терең сырын, оны білудің қазаққа да қажеттігін ол тамыршыдай түсінген. Сүйіспеншілік сезім­нің астарында жатқан әлеуметтік жағдайлар мен адалдық адамдықты бағалай білген.
Әсет орысша білген деген дерек жоқ. Бі­рақ оның үиез тілмәшімен дос-жаран болғаны, Пушкин шығармасын сол арқылы оқытып білгені жайында естеліктер бар.
Демек, Әсет Пушкинді аудармаған, оқиға желісі бойынша өзі жырлап шыққан. Орыс-қазақ әдебиетінің Абайдан кейінгі насихатшысы Әсет болғанын осы жағдай анық аңғартады.
Әсеттің «Француз» атты да қиса-дастаны бар. Соған қарағанда, ол белгілі  дәре­же­де әлем әдебиетінен құлағдар болған адам. Оған қосымша дәлел – оның араб әдебиетінен үлгі алып, «Ағаш ат», «Барат қыз», «Жәмсап», «Шеризат», «Сәлиқа – Сәмен» секілді қиса-дас­тандарды шығарды. Оның «Мың бір түн» хикаяларымен таныс болғанын «Інжу-мар­жан» әнінің қайырмасы да дәлелдейді. Онда ол:
«Сейфіл Мәлік – Жамалдай,
Бейнетіңе көнсем-ай!
Қозы Көрпеш – Баяндай
Бір молада өлсем-ай!», –
деп шығыс пен қазақтың әйгілі ғашықта­рын­ша  ғұмыр кешуді арман етеді.
Жалпы, кез келген өнер адамы оқымай-біл­мей , ізденбей, өзгенің жақсы-жаманын естіп-білмей, өз-өзінен жан-жақты  талант болып қалыптаса қоймайды. Әсеттің бүкіл ғұмыры соған дәлел. Ол – ән мен жырды ер­мек қылу үшін ғана емес, елдің көкіре­гіне ілім мен білімнің, ақыл мен парасат­ты­лық­тың дәнін себу үшін айтып өткен ақын. Бұл жөнінен ол Абаймен үндес, мақсаттас. Ауық-ауық  Абайдың атын атап, оны өзіне үнемі үлгі тұтып отыратыны тегін емес.
Әсеттің «Кешубай» атты дастаны – таза қазақ өміріне арналған шығарма. Әділдікті аңсаған  Әсеттің ұлттық арманы бұл шығар­ма­да өте ашық көрініс береді. Елінің қамын жегені үшін орыс шенеуніктеріне жазықты болған Кешубай патша ағзаның өзінен ғана қолдау табады. «Шіркін-ай, сондай әділ заман болса!» деген Әсеттің арманы күллі қазақтың арманымен астасып жатыр. Бұл шығарма – Әсеттің  азаматтық биік тұлғасын танытатын шығарма.
Оның «Үш жетім қыз», «Үш баланың әң­гі­месі» атты қисалары да шыншылдық, әділ­дік, адалдық секілді адамдық қасиеттерді ардақтайтын туындылар. «Үш баланың әңгімесіндегі» уәдеге берік қыз оқиғасы Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» дастанында да жырланады. Бұл үндестіктің түбінде таланттардың пікір тоғысы жатыр.
Суырыпсалма ақын бола тұрып, Әсет шығармаларын жазып та таратқан болу керек деген ойдамын. Өйткені, ол – сауатты, мұсылманша хат таныған адам.
1983 жылы Сүлеймен Әбділдаев деген Алакөлдік ақсақалдан Әсеттің бірнеше дас­танын жазып алдым. Сонда байқағаным: Әсет дастандарында бәлендей бір бірінен алшақ жатқан нұсқалар жоқ. Демек, жаттап алушылар бір көзден ғана жаттап алған.  Олай болса, ол дастанды Әсет жазып шығар­ған болмай ма? «Балуанға оңы да бір, солы да бір» дегендей, Әсет суырыпсалып та, жа­зып та жырлай берген деген ойға осындай жағдайлар еріксіз итермелейді.
Ауыз әдебиетінен жазба әдебиетке көшу үр­дісі де өстіп бірте-бірте  жүзеге асқан ғой.
Шабыты келген заматта немесе ішін өкі­ніш өртеген сәтте Әсеттің төгіп-төгіп салатын төкпе ақын екеніне оның «Ақырғы сөз», «Қисмет», «Кемпірбайдың көңілін сұрауы» деген өлеңдері мен  «Әсет пен Ырысжанның  ай­тысы» атты қиса толық дәлел бола алады.
«Болжаусыз осы екен ғой өлім деген,
Күнбұрын көрге келіп көрінбеген.
Артыма сөз қалдырмай ала кеттім,
Қаптағы дән сияқты себілмеген.
Тірліктің қызығына қызып жүріп,
Айқайға қайран даусым ерінбеген», –
деуі мен:
«Аспандағы ай бірдей ме жұлдызбенен?
Шын кәмшат тері бір ме құндызбенен?
Жолықпай теңдесіне жүрген ұнасымды,
Қоңыр қаз жапалаққа ілінбеген», –
дегенді салыстыра қарағанда, төгілген өлең мен төгілген ұйқасқа еріксіз таң қаласың. Айтып отырған  адам емес, даяр сөзді ақтара салып отырған керемет сияқты.
«Ертең жазып, бүрсігүн бітірем деп,
Баянсыз тіршілікке сенуменен», –
деп өкінгеніне қарағанда, Әсет өлеңді жазып та шығарды дегеніміз дәлелді болу керек. Өзі жазбаған адам «жазып» дегенді аузына алмас еді деп ойлаймын.
Шеберлігінің шыңына жеткен мұндай шығармалар Әсетті ешқашан өлтірмейтіні – ақиқат.
Айтыс – суырыпсалма ақындардың өнер жарысы. Ақындық шеберлік пен айта білетін қабілеті сыналады. Айта білмесе, қа­те басса, жақсы ақын да жеңіліс табады. Сондықтан айтысқа аз түспеген Әсет бірде жеңген, бірде жеңілген. Жеңген кезде жақсы ақын, жеңілген кезде жаман ақын болмайды,
ақын – барлық кезде де ақын.
«Әсет пен Ырысжанның айтысы» деген қисаны көпшілік Әсеттің айтысы деп ба­ға­лай­ды. Мен оны қиса деп білем. Оның мәні: бұл өмірде болған айтыс емес, осылай айтыс­тық деп Әсеттің өзі шығарған туындысы. Жалпақ тілмен айтқанда, бастан-аяқ өз шы­ғармасы, ешқандай да Ырысжанның қа­тысы жоқ.  Біріншіден, Ырысжан атты ақын қыз өмірде болмаған. Ондай ақынды шығар­м­ада аты аталатын Шашубай да білмейді. Екін­шіден, ол қисадағы қолтаңба бастан-аяқ  тек Әсеттікі. Сөз саптау да, тапқыр жұм­бақ пен шешімі  де – бәрі Әсеттің өзінікі. Ыр­ыс­жанға тән-ау дегендей ерекшелік жоқ. Үшін­шіден, ол шығармаға «қиса» деген атты Әсет­тің өзі қойған. «Қиса» дегені – өз шы­ғар­мам дегені.
Әсет өмір сүрген заманда дәл мұндай көркем шығарма қазақ әдебиетінде кездесе бермейді. Әсеттің аса талантты ақын бол­ға­нына соның өзі де айғақ.
Әсет Кәрібай Сасанов деген ақыннан жеңіл­ген. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» дегеннің кебін киеді. Кәрібайдың домбырасын «қу ағаш» деп  қалады да, аузынан шығып кеткен сол қате сөз түбіне жетеді. Ай­тысқан адам ақындық шеберлікпен қоса айта білу, қарсыласының мінін таба білу секілді қасиеттерді меңгеруге тиіс деуімізге бұл – нақты дәлел.
Әсет пен Сәмет төре жазып айтысқан. Ал­ай­да, ол жазбалары сақталмаған. Әл­еуметтік мәселелерді Әсеттің жетік білетініне жә­не халық мүддесін ойлап жүретін адам еке­ніне бұл айтыс күдіксіз көз жеткізеді. Әсет пен Арап ақынның айтысы да осы тектес.
Әсет пен Бақтыбай айтысып, екеуі тең түскен екен. Айтыстан кейін Маман би Әсет­ті ауылына шақырып, біраз уақыт қонақ қылып, сый-сыяпат  көрсетеді.  Солай бол­ғанын Ибрагим Есенғұлұлы Маманов аға­мыз жұмыс орныма арнайы келіп айтқаны бар. Және мұны жағалбайлы Төребай ақын да өзінің Сарамен айтысын да растайды. Он­ың айтуынша, Әсет пен Сара да айтысқан. Өкінішке қарай, ол айтысты ешкім есінде сақтап қалмаған. Ілияс Жансүгіровтің Әсет ақынның өлеңдеріне деген айрықша ықы­ласы осы кезеңде  ауған-ау деп ойлауы­мызға тарихи негіз бар. Бала Ілияс Әсетті сол дәуірде көрген де болу керек.
Әсет Мәликемен, Қызырмен, Қалимен айтыс – қақтығыстары оның халық арасында қоян-қолтық араласып өмір сүргенін көрсетеді.
Әсет талантының айрықша бір саласы – ән­шілігі мен сазгерлігі. Оның ақындығы  қаншалық айрықша болса, сазгерлігі де сондай. Әншілігін біздің заманымызда Кенен атамыздан өзге ешкім тыңдап көрмеген, сондықтан оның әншілігін тек көңіл көзбен ғана шамалай аламыз. Ал сазгерлігі тек таң­дантады.
Ең әйгілі әні – «Інжу-маржан».  Ол Сегіз серінің «Гауһартас», «Ғайни», Ақанның «Сы­рымбет», Естайдың «Қорлан» сықылды саң­лақ әндердің  қатарында тұрады. «Сәулем сені сағындым», «Сағынбасқа не шара?» деп аһ ұратын қайырмасына біздің әншілер айтып жүрген сөз, әрине, үйлеспейді. Дәнеш ағамыздың айтуындағы төл мәтінін Дәнеш ағаның кенже шәкірті Нұржан Жанпейісов қана айтып жүр. Өлеңінен адасып жүрген қазақ әндері өнер тарихымызда өріп жүрген соң, оған да үйреніп кеттік қой.
Өкінішке қарай, Әсет әндерінің шығу та­рихын зерттеп жүрген ғалым біздің өнер­та­ну ғылымымызда әзірге байқалмайды. Сондықтан әндерін «мынау қызға арналған», «мынау өмірдің өтпелі екеніне арналған» деп қана жіктеп жүрміз. Оның әндерін арнайы зерттеудің кемшін екені соншалық, қазақ өнерінің бір саңлағы Манарбек Ержанов шырқаған «Ырғақты» әнін әлі күнге  біресе «халық әні» деп, біреулер «Біржанның әні» деп адасып жүрміз. Ол шындығында, Әсеттің «Ырғақты» дейтін әні. «Ақтұйғын құс қолымда зыр қақты ма?» деп бастала­тын­дықтан, «зыр қақтыманы» «сырғақты» деп шала естіп шатасып жүрміз.
«Үлкен Ардақ», «Кіші Ардақ», «Мақпал», «Қоңыр қаз», «Қарагөз» сынды әндері – бі­рінен-бірі өткен туындылар. Сұлу қамшының сындарлы  өріміндей.
Әсеттің «Қисмет» әні де «Ырғақтының» кебін киіп жүр. Жүйелі зерттеудің жоқты­ғынан Манарбек пен Ғарифолла ағаларымыз шырқап кеткен «Ісмет» («Смет») әні мен Дә­неш аға арғы беттен алып келген «Қисмет» әні екеуі бір әннің екі басқа нұсқасы екеніне әлі көз жеткізе алмай келеміз. Адамға сен­бей­тін ғалымдар неге олардың ұқсастығын ар­найы аспаппен салыстырып  тексер­мейді?
1950 жылдардың саяси науқанында «Смет» әніне Иса жаңа мәтін жазды да, мә­ті­нінің бөлектігі әнді де бөлек қылып жі­берді. Оны бір ән деп біріктірмеу – өнерге қыя­нат, онымен  қатар Әсет шығарма­шылы­ғына қиянат.
Әсеттің «Өтті-ау дүние» атты әні болға­нын, оны Дәнеш аға өзі үйретіп кеткенін Нұр­жан Жанпейісов 2017 жылдың  26 кө­ке­гінде Дәнеш ағаның кітәбінің тұсау­ке­серінде алғаш рет айтып, Ықылас атын­да­ғы ұлт-аспаптар мұражайында жұр­т­шылық­қа шырқап берді.  Соның өзі де әлі Әсетті зерттеп болмағанымызды біл­діреді.
Өлеңнің ұйқасын төгілтіп, сөзден сөз суырып, көмейіне ағыл-тегіл келіп тұрған өлеңді  азар айтып үлгеріп жатқандай жыр ту­дырған Әсет:
«Абайдай арт жағына сөз қалдырып,
Жақсы еді-ау, әттеген-ай, өлу деген!
Зымырап бәйге атындай өте шықты,
Жабығып көріп еді көңіл неден? –
десе, жас талап күнінде одан үлгі алған Ілияс:
«Алатау күй тыңдады ауылдай боп,
Тас балқып толқып жатты бауырдай боп.
Аңқылдап алтын күрек домбырадан,
Құйып тұр жазғы жылы жауындай боп, – дейді. Ілиясты оқып, оның ағыл-тегіл жыр ақ­тарған жүрегіне бас иген Мұқағали:
«Қызым болсаң, қырымда құралайсың,
Ұлым болсаң, ұлы бір мұрадайсың.
Естисің бе, есі жоқ ей, дүние,
Менен неге сүйінші сұрамайсың? –
дейді. Бірінен-бірі іліп әкеткен жыр үлгісі біздің заманға жал-құйрығы сүзіліп, әсем қалпын сақтай жетіпті. Әсеттің туғанына 150 жыл, қаза болғанына 95 жыл өтсе де, өнерінің жалғасып келе жатқанына шүкір дейміз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір