Серт
Есей Жеңісұлы
Әңгіме
Қазақ ұлттық университетінің бас ғимараты тым айбарлы. Осы тұстан өткенде Дәлел ең төбесіне көз тастайды. Әсіресе, түнде әдемі. Неше түс кезек құбылып, университет атауы жазылған нән әріптерді жарқырата әйгілейді.
Бүгін де Дәлелдің көзі жоғарғы қабатты қыдырып кетті. Ол жерде университеттің ғылыми кеңесі өтеді. Дәлел жұрттан ерте барып алып, төменге көз тастағанды ұнатады. Адамдар құдды жыбырлаған құмырсқадай. Қанша асқақтап жүрсе де, зау биіктен үңілгенде бәрі ноқаттай ғана. Ендеше, жерге жабысып жүріп, пенде біткеннің кеудесін көтеруге әуестігі неден?
Дәлел дәл осы сәтте өзінің де ноқат болып бара жатқанын ойлап езу тартты. Жоғарғы қабаттың терезелерін көзімен қыдырып шықты. Ешкім қарап тұрмаған сияқты.
Аялдамаға таяғанда ғана қатты ойланып кеткенін сезіп, жерасты жолына түспек болды. Бірақ ерінді. Кері бағытқа, Атакент жаққа кетуі керек қой. Тимирязев көшесі қайнап жататын еді, қазір бос сияқты. Арғы бетке адымдай беріп, сыңғыр ете қалған телефонына үңілді.
«Ей, қайдасың?».
Телефонның жасыл нүктесінен сығалаған жазуға Дәлел назар аударған жоқ. Аман досы. Оның бұдан да зор «айғайын» күнде оқиды. Өзі кейде сұрақ белгісінің соңынан он леп белгісін қойып, есті шығаратыны бар. Сондай ойынының бірі шығар.
«Сабақтасың ба?».
Дәлел сол жағына бір қарап, адымдай берді.
«Сабақтасың ба деймін?!».
Жолдың тура ортасына келгенде көзінің қиығы шалғаны осы жазу. «Сонша дігірлеп кеткені несі, жер өртеніп жатыр ма?» деп күбірлегенінше-ақ телефон безілдеп кетті. Көтеру керек.
– Мәймөңкелеп тұратын ештеңе жоқ, Дәлел. Қарлығашты алып қашып кетіпті!..
– А-а… Не дейсің? Кім?!
– Білсем, айтпаймын ба? Үш күн болыпты…
Көзі қарауытып кетті. Не алға, не артқа жүрерін білмей дағдарды. Баж ете қалған сигнал ғана ес жидырғандай болды. Қап-қара «Мерседес» төніп келе қалыпты. Жан тәтті екен, екі аттап арғы бетке бір-ақ ырғыды. «Мерседес» иесі тұздықтап тұрып балағаттап кеткенін естіді, бірақ құлағына кірген жоқ.
Я өлімнен аман қалғанына, я естіген хабарынан шошығанына ақылы жетпей сүмірейіп тұрып қалды. Жан-жағын қаумалай кеткен жұртқа мағынасыз қарайды. Қолынан тартып оңашалаған студентін әзер танып, ығына көне берді.
– Ағай, көліктің астына түсіп қала жаздадыңыз ғой…
Шәкіртіне тесіле қарап, не айтқанын қапелімде түсіне алмай, құлағында күңгірлетіп қайталатып алды да, өңірін сипалақтап:
– Иә, Құдай сақтады, Құдай сақтады.., – деді көзілдірігін бір киіп, бір шешіп. – Елден хабарласып жатқан досым ғой… Бір жайсыздау хабар естіп…
Телефонына қайта үңілді. Жасыл түйменің арғы жағынан Қарлығаштың есімін басып еді, желіде үш күн бұрын, кешкі 18:37-де болыпты. Қалайша қарамаған? Үш күннен бері іздемеген бе сонда? «Сағынысып сөйлескен жақсы» деп қоңыраулатпай, чатта жауаптаспай қойған да өзі еді ғой. Ал сағын… Ал сағындыр…
Қарлығаштың телефоны сөндірулі. Бірнеше рет қоңыраулатты, сол үнсіздік. Аманның нөмірін басуға жүрегі дауаламай біраз тұрды. Өтірік шығар… Қорқытып жатқан шығар… Тіпті, Қарлығаш соның қасында тұрып, мұны сынап көріп жатпасын…
– Аман, ойнап тұрған жоқсың ба, шыныңды айтшы!
– Сонда қарғануым керек пе? Өзім де жаңа ғана естіп, таң қалып тұрмын.
– Кім екен?
– Осы Талдықорғанның жігіті дейді. Қазір сұрап білдім. Екеуі бір-бірін мүлде танымайды екен.
– Ей, жынды ма? Танымаса, қалай алып қашады?
– Қазіргілерге бәрібір емес пе?
– Сонда… сонда…
Дәлел дағдарды. Дәлел аңтарылды. Қайда бара жатқанын есіне түсіре алмады. Жерасты жолына түсіп, жатақхана жаққа сүлесоқ адымдады. Не болып кетті мына дүние?..
…Бұлардың басқосуы көп еді. Құдайдың құтты күні демесе де, аптасына кемі екі рет дуылдататын. Бір бөлмелі пәтерлері кең-ақ. Құдды Гэтсбидің айлақтағы сарайындай. Сондай жиындардың бірінде көрді. Бірден ұнатты. Ақсары, жұқа қыз екен. Дәлел мен Аманның кафедралас әріптесі Гүлсімге ере келіпті. Көзі ұшқын атып тұр. Есіктен кіре қалғанында Дәлел селк еткен. Көз алмай қарап қалыпты.
– Махаббат жебесі дәл жүректен қадалды! Құтқарыңдар оны! – деген Гүлсім.
Дәлел мырс етіп күліп, есік көзінде состиып тұрып қалған қызға жедел жақындап, өзі не істегенін түсінбей, бетінен сүйіп алды.
– Мәссаған, мынау бастан кетті дереу!
Аманның қалжыңын құлағына ілмей, беті алаулап кеткен қыздың күртесін иығынан ала салып, Дәлел төрді нұсқады:
– Уақыт осы күні тым ұшқыр. Әрбір сәт қас-қағым және ешқашан қайталанбайды. Бәріне үлгеру керек. Тіпті махаббатқа да!
Жұқа қыз еркін екен. Бір сағат өтпей ежелгі таныстардай жарқылдады. Әзілге әзілмен жауап береді. Бір кезде тіпті дастарқанды қолға алды. Билей басып жүріп, тәтті-дәмдімен шай қайнатып жіберді. Енді бір қараса, мұның шарфын басына орап алып, шай құйып отыр.
– Уақыт осы күні тым жылдам. Бәріне үлгеру керек. Келін болып та.., – дейді жүзі алаулап.
Дәлел мен Аман өз үйіне өздері қонақ болып, төрге бір-ақ шықты. Жастар осы күні оқиғаның дәл осылай өрістейтініне бұрыннан дайын секілді. «Бәйбішеңіздің шайы дәмді екен! Тө-ө, сызылып отырысы қандай!», – деп желп-желп етеді.
– Осы бәйбішемнің бойы менен ұзындау ма, қалай өзі? – деп келіп Дәлел бой салыстырғанда, бәрі күлкіге қарық болды. Дәлел бір күдігін ойынға айналдырып жібергеніне өзі де ырза. Жоқ, жұқа қыз арықтау болғасын ғана сұңғақ көрінеді екен. Әйтпесе, екеуінің иығы теп-тең. Жастар екеуін суретке кезек түсіріп, ортақ чатқа жолдап та жіберді.
– Бір бойдақтың шаруасы тәмам, – деген Гүлсім шығып бара жатып. Дәлел Қарлығаштың қайдан екенін сұрауға тартыншақтады.
– Сен де оған ұнап қалыпсың, – деді Гүлсім ертеңінде жұмыста жолыққанда.
– Былайынша жаман жігіт емеспін ғой.
– Жақсы жігіт қыздың қайда істейтінін де сұрамады ғой. Аузын ашып жүріп айырылып қалмасын.
– Өзім тауып аламын!
– Таппайсың, ол Алматыдан.
– Шын айтшы.
– Құдай ақы… емес. Қалжыңдаймын, өзіміздің университеттен. Факультеті басқа.
– Бұрын қалай көрмегенмін?
– Жұмысқа осы оқу жылында ғана тұрды.
Дәлел сыртқа жүгіріп шығып, жақын дүкеннен «мерси» шоколадын сатып әкелді де, Гүлсімге ұсынды.
– Бұл ненің ақысы?
– Телефон нөмірін берші.
– Бәле-е-е, Дәлел, сен шынында да жақсы көріп қалыпсың ғой-ей! Айтары жоқ, метаморфоза! Адам деген көз алдыңда өзгереді екен ғой! Бұрын «мерсиді» өзіміз ақша берсек те әкелмейтін едің. Әй, махаббаттың күші-ай!
«Біздің үйдің бәйбішесіне сәлем!» дегенді жолдап кеп жіберді. Жауап көп күттірген жоқ. «Отағасы, аманбысыз?» деп жымиған смайлик жіберіпті.
Содан кейін махаббат дәурені басталды. Әлде бақыт деген осы ма? Адамға білдірмей келіп, өмірімен біте қайнасып, бұрыннан, тіпті ежелден осындай күй кешіп жүргендей сезіндіріп, айналасына қаратпай, жүрегін бір ғажайып сезімге бөлеп, соқырдан да соқыр, кереңнен де керең, бірақ ең сезімтал, ең аяулы, ең көпшіл жанға айналдырып жібере ме? Дәлел кейде оңаша отырғанда өзіне күмәнданады. «Мен осынша сезімге лайықпын ба?» деп ойға батады. Айнаның алдына тұрып алып, өзіне зерттей қарайды. Көзін алайтады, жымияды, күледі, қабағын түйеді. Өзіне сенімсіз, болашағын елестетуге қорқақтайтын, іші де секемшіл, күдікшіл біреу қарап тұрады ылғи. Бірақ Қарлығашқа қай қылығы ұнап жүргенін тіпті түсінген емес.
Құлай сүю деген осы ма? Жұмыстан шыға салып, екеуі үнемі облыс әкімшілігінің алдындағы алаңда жолығатын болды. Сәкіде отырып әңгіме соғады. Сөздері таусылған емес. Бірақ үйге келгесін, Дәлел Қарлығаштың бейнесін көз алдына келтіре алмай әуреленеді. Көздері қандай еді? Қара ма, әлде қой көзді ме? Қара сияқты еді ғой. Мұрны үшкірлеу. Жоқ, тәмпіш. Санасындағы суретке қайта-қайта үңіліп, бәрібір елестете алмай, ақыры Дәлел жеңіледі де, телефонына үңіледі. Өзіне күле қарап тұрған сұлу қыз соншалық жақын, бірақ соншалық алыс. Жақыны – өзімсінеді, алысы – түрін ұмыта береді.
– Ағай, Қарлығаш апай екеуіңіз қатты жарасасыздар! – деді бір күні студенті.
– Тез үйленсеңіздерші. Тойларыңызды көргіміз келеді, – деп үстеді екіншісі.
Дәлел мырс етті. Аңғарғышын өздерінің…
– Сіз мені жақсы көрмейсіз! – деді бірде Қарлығаш.
– О несі? – Дәлел қызық күте емінді.
– Пәтерлеріңіздегі бастаңғыға дейін-ақ мен сізді жатақханада тұрған кезіңізде іздеп барғанмын.
Дәлелдің көзі тас төбесіне шықты. «Қашан?», – деді аңтарылып.
– «Біздің университетте белсенді де беделді, білімді жігіт бар» дегенді құлағым шалған. Елең ете қалғанмын. Сосын аты-жөніңізді анықтап алып, іздестіре бастадым. Шынымды айтайын ба?
– Иә, иә…
– Маған сіздің белсенділігіңіз ұнаған. Қолыңызға тиген шаруаны дөңгелетіп әкетесіз ғой. Мақтанып кетпеңіз. Бір-екі рет әдейі қарсы алдыңыздан шықтым. Тіпті қараған жоқсыз. Үнемі ойланып жүресіз бе, әйтеуір көзіңіз адамда болғанмен, ойыңыз мүлде басқа жаққа қыдырып кететінін байқағанмын. Сосын бір күні бөлмеңіздің есігін қақтым. Есікті аштыңыз. Кітап сұрадым. «Ондай кітап менде бар ма екен, көрейінші», – деп ішке кіріп кеттіңіз. Босағада қалдым. Шындығында, сол кітаптың маған түкке қажеті жоқ еді. Өзімде бар болатын. Сіз сөзге тартар дегенмін ғой. Арғы жақта Аманмен күбірлесіп, біраз іздеп, кітапты әкеліп бердіңіз. Тез арада қайтаратынымды айтып кетіп қалдым. Содан кейін сізден үміт үзіп қойғанмын.
Дәлел Қарлығашқа тесілді. Есіне түсірді. Иә, кітап бергені де рас, қыздың артынша тез қайтарғаны да рас. Ол кезде әлдебір жиынға дайындалып қапылып жүрген-ді. Қыздың жүзін есіне сақтап алмағанын да мойындады.
Күзде Алматыдағы нән университет шақырғанда, Дәлел тез шешім қабылдады. Өміріндегі жалқы мүмкіндік шығар. Студенттік дәурені өткен абат қой. Қазір астана болмаса да, сонда тұрғанға не жетсін… Қарлығаш та ойын бірден құптады. Сөйтіп, Дәлел жаңа жылдан бастап белгілі университеттің әлеуметтану кафедрасына аға оқытушы болып орналасты.
***
…Ағасына еңірей ұмтылды. «Алып кетші мені, алып кетші», – деді өксіп. Қолынан тас қып ұстап алып, айырылмауға бекініп, жалғыз қорғаушысы келгендей жабысты.
– Құда, айтпай ұрлық жасағанымызды кешіріңіз, – деді кеше мұның жолына кесе-көлденең жатып алған кісі. – Бала көніп тұр. Жас қой, өмірді қайдан білсін?! Үйбай-ау, ертең-ақ егіз қозыдай жарасып кетпей ме? Көніп тұр, көніп тұр. Уәдесін алып қойдық.
Иегі кемсеңдеп, Қарлығаш ештеңе айта алмады. Апыр-ай, адам өмірі осынша ойыншық болғаны ма? Екі күннен бері көргенін есіне алса, өмір емес, елес кезіп жүрген сияқты. Тәуелсіздік көше_сімен пәтеріне келе жатқанда қасына аппақ мәшине тоқтады. «Қол көтермесем де тоқтағаны несі? Әлде бірдеңе сұрағалы жүр ме?» деп бұрыла берді. Артқы есік ашылып, Қарлығашқа үлкен кісі қол бұлғағандай көрінді. Үңіле берген сол еді, іште отырған адам шалт қимылмен өзіне тартып кеп қалды. Қапелімде не болғанын аңдай алмай, қарсыласып үлгермей, кабинаға бір-ақ сүңгіді. Үлкен кісі дегені жас жігіт екен, Қарлығаштың екі қолын қайыра қойып, кеудесіне қысқан күйі сол қолымен аузын жауып алды. Қыз қатты қорықты. «Өлтіргелі жатыр ма?» деген суық ой санасын шыңылдатып, басына қан шапшытты. «Ағатай-ай, не істеп жатырсыздар?» дегенше, ышқынған көлік ұры көшелермен еркін сырғып, бейбағытқа ала жөнелді. Жігіт тым қарулы екен, тырп еткізген жоқ. Бір кезде көліктің үлкен қақпадан зу етіп кіріп, шиқылдай тоқтағанын бір-ақ сезді. Қайда келді? Кім әкелді? Неге әкелді? Қаумалап тұрған қалың жұртқа, шашу шашып жатқан кексе келіншекке, мұны екі жағынан көтере жөнелген екі жігітке аңтарыла қарады. Есін енді бір жиғанда, біреу есік аралатып арқалап келе жатыр екен.
Ары қарай – ию-қию. Орамал тақпақ болып ұмтылған әже, екі қолын екі жағынан тас қып ұстап тұрған жігіттер, терезенің алдында осының бәрін телефонына түсіріп, ыржиып күліп тұрған бозбала. Шыңғырды, жылады, жер тепкіледі. Салған орамалды қайта-қайта жұлып тастай берді.
Екі күн осылай өтті. Сөмкесі мен телефоны қайда қалғанын білмейді. Жиырма бірінші ғасырда, заман озып тұрған уақытта да қыз алып қашады екен-ау… Бар күшін жиып есіктен шықпақ болып еді, жолына біреулер жатып алды. Терезеден секірмек болып еді, тас бекіп тұр екен.
Көз алдынан бүкіл өмірі көшіп өтті. Соның ішінен үзік-үзік кино кадрларындай болып Дәлел елестейді. Миығынан күлетіні. Еркелететіні. Құшағына аялап қысатыны. Басынан иіскейтіні. Өтірік бұртиятыны. Өзінікі дұрыс болса, көздері шарасынан шығып тұрып дәлелдейтіні.
«Сені алдадым ба, Дәлел? Сені алдадым ба сонда?» дей береді іштей.
Бүгін үйіне хабар жеткенін естіді. Кім іздеп келеді екен? «Кім қуып келеді екен?» деп ойлады да, өз ойынан шошып кетті. Қуып келетіндей, бұл өз еркімен кеткен жоқ қой. Кім келсе де ере кетуге бекінді. Әлгіде ағасын көргенде кемсеңдеп, буын-буыны босап, жылай бергені де сол…
Ағасы ләм демеді. Жуас қой өзі, қорқақ қой өзі. Қарлығаш оның түк болмағандай төрге шығып, шай сораптай кеткеніне жыны келді. Өзі орнынан қозғалған жоқ. Жеңгесі үшеуі оңаша қалғанда, соңғы үмітін жанарына сыйдырып, әлі де болса өзіне-өзі келе алмай, ағасының бауырына тығылды. «Алып кетші, аға, алып кетші…» дегенді әрең айтты.
– Ел не дейді?.. Ауыл не дейді?.. – Мұрнының астынан міңгірлеген ағасын қатты жек көріп тұрды. – Босаға көрген деген жаман сөз ғой…
Қарлығаш манадан бауырынан ұялып тұрған-ды. Енді шегінер жер қалған жоқ.
– Ешкімге тырнағының ұшын да тигізткенім жоқ, аға! – деді бар батылдығын жиып. – Ешкімге! Еш-кім-ге!
Ағасы бұл сөзді естімегендей кейіп танытты. Сірә, үйден бері шыққанда осылай келісіп алған ғой. Жеңгесі бұған қосыла жылап алды да, ләм деместен кете барды. Қарлығаш терезеден қараған да жоқ. Бітті, бәрі бітті…
***
– Досым, көңіл-күйіңнің болмай жүргенін білемін. Бірақ уәде – Құдай сөзі. Серттескенбіз. Қандай жағдай болса да, қайсымыз бұрын үйленсек те, күйеу жолдас болуға келіскенбіз. Сен көп сөзді қой да, кел! Серпіл азырақ!
Телефонның арғы жағындағы Аман, әрине, бақытты. Неше жылдан бері жұбы жазылмаған Ақнұрды қолына қондырмақ. Үй болмақ. Ал бұл ше? Үш айдан бері кеудесі ел көшіп кеткендей қуыс. Көзі бадырайып азып кетті. Жұмысына барады, келеді, жатады, ұйықтайды. Телефонындағы Қарлығаштың нөміріне телміреді. Сол күннен бері әлі қосылған жоқ. Өткен жолы бір рет шақырып көріп еді, «абонент сіздің қоңырауыңызға дәл қазір жауап бере алмайды» деген дауыс естілді. Содан кейін тәуекел еткен емес.
Иә, Аманмен серттескені рас. Бірақ жалғыз бұл серт бермеп еді ғой. Қарлығаш та қыз жолдас болуға ант-су ішкен. Қандай жағдайда да. Қанша қашықта болса да… Енді бәрі бітті ғой…
Бақыт деген жарықтықтың осынша құбылмалы екенін енді түсініп келеді. Өмір таныған кісілерге салса, бақытты ұстап тұру пенденің өз қолында. Ал бұл қалай ұшырып алды? Қашан, қай сорымен көз жазды? Әлде бақыттан басы айналып жүргенде, тіршілік күйіне мас болып жүргенде ие бола алмады ма?
Неде болса бару керек! Жұма жұмысынан сұранып шығып кетсе, сенбі күні тойға қатысады да, жексенбілік пойызбен Алматыға оралады. Достың көңілін қалдырмағаны дұрыс.
Дәлел тойға кешігіп жетті. Пойыз Лепсіден аса бере үш сағаттай аялдады. Қатты желден тоқ үзіліпті. Дәлел досының той алдындағы серуеніне қатысу былай тұрсын, думан орталанғанда әзер кірді.
Осы тойда бәрін ұмытып, серпіліп, билеп, жүректен тілек тілеп, басқа адам болып қайтуды жоспарлаған-ды. Уақыт жарықтық емдейді деген рас секілді. Әттең, Алматыда Амандай досы жоқ. Баяғыда ақтарылып, ішін босатып алар еді-ау…
Кең залға адымдай кіріп, жастар отырған жаққа көз тастады да, сілейіп қалды. Қыз жолдастың орнында Қарлығаш отыр! Соның өзі!..
Әлгі батырлығы қайда? Кешіккенін жуып-шаю үшін кең адымдап барып, жұрт назарын әдейі өзіне аударып, досын құттықтауға бекінген еді ғой. Тіпті, «уақытша күйеу жолдасты» орнынан тұрғызып жіберіп, өзіне тиесілі орынға қонжия кетуге тиіс емес пе еді? Жұрт сонда лекілдете қол соғып, бұған құрмет көрсетер еді ғой! «Міне, нағыз дос деген осы!» деуге тиіс-ті.
Дәлел ұрлығы кенет ашылғандай алақтап, көзімен мүлде басқа тараптан бос орын іздеді. Абырой болғанда, Аманның інісі орынды тез тауып бергені. Орындыққа жамбасы тигенде, өзінің сорпа тері шыққанын аңғарды. Сыр алдырмау керек. Сыр алдырмағаны жөн…
Дәлел өзін алдады. Айналасындағы жұрттың бәріне күле қарап, бокалын сыңғырлата соғыстырып, жұртты «ал, алып қой» деп қыстап, дүрмекке дүрмек қосты да жүрді. Биден де тартынған жоқ. Бірақ көзіне ие бола алсашы!.. Жалғанда адамға бағынбайтын бір мүшесі болса, тілі де, құлағы да, аузы да емес, көзі екен ғой. Ұрланып төр жаққа қайта-қайта қарайды. Қарлығаштың күйі де өзінікінің ар жақ-бер жағында екенін байқайды. Ол да көзіне ие бола алмай, ұшырастырып қалудан қорқып отыр. Еркіндеу сияқты, бірақ онысы алдамшы. Екеуінің ішінде де тасқын жүріп жатыр.
Дәлел өзіне қайран. Қарлығашты қатты жақсы көріп отырғаны несі? Ол бөтен адам емес пе? Жолы бөлек қой. Ең бастысы, таңдағаны бөлек қой. Осындай дағдарған, өзін түсінбеген сәттерінде Дәлел жүрегін тыңдайтын әдеті бар еді. Бір нүктеге қадалып алып, іші не қалайтынын білгенше тырс етпейтін. Қалың жұрттың ортасында отырып, бұл жолы да сөйтті. Бірақ… жүрегі аузына сыймай кептеліп тұр. Осы отырысында Дәлелдің алдында бір ғана жол – Қарлығаштың қасына тура баратын жол ғана сайрап жатқан секілді.
Сонда қалай болғаны? Қарлығаш тұрмысқа шықты. Бірақ тойға қалай келді? Қалайша қыз жолдас болып жүр? Күйеуі қайсы екен?
Қанша айналасына аңтарылса да, Дәлел Қарлығашқа жұп боларлық, өзінің ойынша, жұп болуға лайық жігіт көрген жоқ. Қарлығаш күйеу жолдастың қасынан көп ұзамады. Биді де ұшып-қонбай, біртүрлі мұңды, әнтек биледі. Өзін күштеп жымиып жүргенін таныса Дәлел таныр, басқа кімнің шаруасы бар?
Дәлел қатып ұйықтап қалыпты. Қанша өзін ұстаса да, той соңына қарай ұрттап қойған-ды. Сол алып ұрыпты. Қасына Ақнұр келіп түрткенде қайда жатқанын есіне әзер түсіріп, қанталай қызарған көзін зорға ашты. Сағат он жарымды соғыпты. Орнынан ыршып тұрды. Семей-Қызылорда пойызы түскі бірде жүреді. Асығыс жуынып, киімін түгендей бастап еді, Ақнұр жайлап шетке шақырды.
– Сыртқа шық та, Шәкәрімнің алдына бар.
– Шәкәрім деген кім?
– Ой-и, Дәлел-ай, университетті айтамын. Жылдамдат. Сол жерде Қарлығаш күтіп тұр сені, – деді сыбырлап.
– Ол кім? – деді Дәлел.
Ақнұр досының қып-қызыл көзіне тіксіне қарады. Дәлелдің мұндай қорқынышты кейпін ешқашан көрген емес.
Қарлығаш Дәлелдің келмеуі мүмкін екенін түсінген. Сонда да күтті. Тоғыздан бері тұр. Өзін тағы он минут күте тұруға іштей үгіттеп, университет алдындағы алаңқайдан көз жазбады. Семейде әрі-бері тасып жүрген қайнысына «он екіде кел» дегені дұрыс болыпты.
Бірақ Дәлелге не айтады? Не демек? Бәрі бітті емес пе?
Көргісі келді. Көрді ғой. Енді сөйлескісі келді. «Қарлығаш, не істедің сен?» деп ұрысса ғой. Егер қазір келіп «кеттік менімен, бәрін тасташы» десе, еріп кетер ме еді? Бірақ ондай тәуекелге Дәлел де, өзі де бармас. «Сүрініп кетіп, бүлініп жүрген тағдырлар…».
Дәлелдің көз алдында өзінің кінәсі шексіз болып көрінетінін сезеді. Бірақ шынында да кінәсі бар ма? Қыз деген баянсыз жаратылыс екен ғой. Тағдыры ойыншық бейшара екен ғой. Өз еркі өзіне бұйырмайтын мұңлық екен ғой.
Осы күні жар төсегіне де үйренген. Бірақ қабағы еш ашылмайды. Енесі әуелі асты-үстіне түсіп бағып еді, жайлап тіл тигізуге көшті. «Әлгі немеңді әлі ойлап жүрсің бе?» дейді. Қарлығаш жұмған аузын ашқан емес.
Дәлелдің де кінәсі шаш-етектен деп ұғады Қарлығаш. Ақнұрға осыны айтып, талай рет көз жасын көлдетіп жылаған. Бөтен біреудің алып қашқанын біле тұрып, бір рет тырс етпегені несі? Сүйгені жалған болғаны ғой. Сол кезде шарадай басы шақшадай болып отырғанда Дәлел есіктен кіріп келсе, жолын кес-кестеген кім-кімге де қарамай, тік басып шығып кетер еді ғой Қарлығаш…
Аман мен Ақнұр тойға шақыру билетін ұсынғанда, бойын ерекше толқын кернеген. «Келесің ғой?» дегендеріне еш ишара білдірместен бұрылып кете берді. Біраз жүріп барып байқаса, Дәлелді көретініне қуанып келе жатыр екен. Өзінен-өзі қорқып кетті. Кешірілмес айып жасағандай айналасына ұрлана қарап, автобусқа да отырмай, бірталай жер жаяу жүрді. Үйінің алдына келіп, кіргісі келмей біраз тұрды. Жасы да құрғап кеткен сияқты.
Семейде тұратын қайнысы дәл той уақытына қонаққа шақырыпты. Бәрінің рет-ретімен келіп тұрғанын қарашы. Тойға қыз жолдас болмайтыны анық еді. Қалай дегенде де, басында орамалы бар ғой. Бірақ Ақнұр қоймады. «Маңдайыңа жазылғаны осы болар. Қайта тойда қасымда болшы. Дәлелге жар болмасаң да, менің жақын құрбым болдың ғой. Жас күнімізде жақсы күндерді бірге өткізгеніміздің естелігі болсын» деп өтінді.
«Дәлел келе ме?» дей жаздап барып тілін тістегені де есінде. Ақнұр мұның көзінен сол сұрақты дереу оқи қойып, басын изеді.
Қарлығаштың күйеуі тойда
отырды. Жуас қой, тым жуас. Қарлығаштың қыз жолдас болғанына мәу деп қоймады. Той соңында ептеп қызыңқырап қалған. Қарлығаш қайнысына қоңыраулатып, ерте қайтып кетті. Кетерінде Ақнұрды оңашалап: «Дәлелге айтшы, ертең Шәкәрімге келсін. Өмірімнің осылай болғанына еш өкінбейтінімді айтайын. Ол да оқшаулана бермей, өз бақытын іздесін, соны айтайын», – деген-ді.
Қарлығаш Дәлелдің келмейтінін түсінді. Бірақ кең ойланатын сияқты еді, мұның тағдырына сәл де болса басқаша қараса керек еді… Қарлығаш қайнысының нөмірін тере бастады. Құрсын, кеткені дұрыс. Үй-жайы бар адам ғой, үйленбеген жас жігітті күткені неткені?..
Мәссаған, келе жатыр… Дәл өзі. Кеудесін шалқақ тастап, қысқа аяғымен кең адымдайды. Ойында ештеңе жоқ, еш алаңсыз адамның кейпін салып келеді. Не істеген жөн? Қалай қарсы алғаны дұрыс?
Ту сыртынан шиқылдай тоқтаған көліктің даусы естілгенде, Қарлығаш шоршып түсті. Қайнысы келіп үлгерген бе? Екі оттың ортасында қалды. Не ары, не бері жүре алмай, ақ мәшинеге бір, Дәлелге бір қарады.
Дәлел тура адымдады. Байқап келеді, Қарлығаш қатты қысылып тұр. Оның жүзінен бұл сәттегі оқиғаның бәрі алдын ала ойластырылмағанын Дәлел дәл таныды. Сонда да іші бой бермей, «мұның бәрін саған көз қылып істеп тұр» деп шайтан түрткілеп, неде болса қайтпауға бекініп, тура тартты. Қысылса Қарлығаш қысылсын. Ұялса Қарлығаш ұялсын. Ақ «Мерседестің» роліндегі күйеуі болар, асып кетсе.
Дәлел Қарлығашқа осынша қатты өшігіп алғанына өзі таң. Іші мұздап кеткенін түсіне алар емес. Кеше ғана аялаған, ардақтаған, жанынан артық көрген арманы еді ғой… Көз алдына өзінің ашуланғандағы бейнесін әкеле қойып, Дәлел ұялып кетті. Мұнысы не болғандағысы? Сенсе, адамның тағдырына сенетін жасқа жетті емес пе? Дереу бойын жинап ала қойғысы келіп, езуіне күлкі үйіргісі келіп жымиып еді, бет-жүзі әлемтапырық болып кеткенін анық сезді.
Жоқ, ақылы қанша сабырға шақырса да, өзіне-өзі бағына алар емес. Өзіне-өзі ие бола алар емес. Ерегесіп, Қарлығашқа санаулы адым қалғанда орнында қатты да қалды.
Қарлығаш бәрін түсінді. Дәлел келіп тұрып келмейтінін, таяп тұрып сөйлемейтінін ұқты. Қайнысына бес саусағын шошайтып белгі берді де, тез жақындады. Дәлелдің қызарған көзіне тік қадалды. Екеуі де жанарын тайдырған жоқ.
Екеудің көздері еш ұғысқан жоқ. Аз уақытта бір-біріне сонша жат, сонша бөтен болып кеткенін аңдады.
Қанша қатал қадалса да, Дәлел Қарлығаштың көздерінен бұрынғы мейірімді бәрібір танып қойды. Иә, сол таныс мейірім. Таусылмайтын мейірім. Бірақ бұл жолы бөтен. Дәлел ой арпалысымен өткен үш ай ішінде өзіне не жетіспей келгенін осы көзден қайта көрді. Буынын қуалай өрлеген әлдебір ыстық жүлгеден кенет серпіліп, сұрланған қалпы қатты да тұрды. Жүрегінің кеудесін тепкілеп, жоғалтқан мейірімге қарай қанатын жаза ұмтылғанын да тыңдаған жоқ.
Қазір сәл босаңсыса, көз жасы өзіне бағынбай кететінін сезіп тұрып қатайды. Қарлығаштың бойынан асыра қарап, ақ мәшинедегі жігітке кектене көз тастады. Назары басқаға ауған сәттен-ақ еңсесі тіктеліп, күзеттегі сақшыдай қақшиды. «Сен оған лайық емессің» деді ішінен жүргізуші жігітке.
Бұрылып жүре беруден басқа амал жоқ, сірә… Екеуі де сөйтті.
«Серт деген осы…» деді іштей Қарлығаш.
«Серт дегенің осы ма?» деді іштей Дәлел.
Қарлығаш жүзіне сұраумен қараған қайнысына езу тарта салып, артқы орындыққа отырды. Барлық сұрақтың жауабын тапқандай, бойын бір керемет серпін бе, жігер ме, ыза ма, бәріне тас-түйін дайындық па – әлдене кернеп алыпты. Осы күй өзіне ұнады.
Заттарын қоя салып, Дәлел пойыз Семейден сары далаға желіп шыққан соң да купеге кірген жоқ. Күздің күні бұл өңірді әбден бояпты. Әредік-әредік оты көшпеген қыраттар таздың басындағы қылпықтай жетімсірейді. Әйтпесе, дүн-дүние сап-сары.
Жауын күшейе бастады. Терезені сарт-сұрт сабалап, төпелеп құйып тұр. Манағы сезім бойын әлі құрсап тұр екен. Ыстығы кенет көтерілген жандай қалшылдап, купе алдынан ары өткен, бері өткендерге мағынасыз қарап, біраз тұрып қалды.
Ақыры тамбурға шығып кетті. Іші түгел қопарылып, арғы түкпірінен бірдеңені жоқтау ма, іздеу ме, өзі түсініп болмайтын бір сарын бағынбай ызыңдап, аузынан әуен болып төгіліп жатқанын ұқты.
Оған сайын дала да мұңайып жылап тұрғандай елестеді. «Бір түсінсең, сен ғана мені түсінесің-ау, туған жерім» деді тістеніп. Қарлығаштың ақ «Мерседеске» тіп-тік барып отыра кеткенін көз алдына қайта-қайта әкеліп, шарасы ашыса да жыламай, көз жасына ерік бермей, қасарысып бағып еді. Пойыздың темір табаны шойын жолды соққылаған сайын іші де солқылдап, бір кезде аңырап жылап кетті. Ұзақ жылады. Ары-бері өткендерге қараған жоқ. Өксіп тұрып, өз даусына құлақ қойып еді, дөңгелектің дыбысы бәрібір естіртпейді екен. Мұны білгесін, одан әрі жылады. Өзіне ие бола алмады. Әуелгі жас іштегі кек пе, өкініш пе, дәрменсіздік пе – әйтеуір сондай бірдеңеге шыланып, қолқасын ашыта ақтарылып жатқандай еді. Бірте-бірте шынында да жоқтап тұрғанын аңдады. Жан күйдіретін сөздерді қайдан тауып айтып тұрғанын білмейді, әйтеуір тіліне оралып жатыр, оралып жатыр. Қанша кектенсе де, Қарлығашты қайта көрместей болса да, оған жамандық тілей алмайды екен. «Бақытты болса екен, бақытты болса екен» деді егіліп тұрып. Тағы ішін тыңдады. Шын сүйген адамның дәрменсіз тілеулестігі қана қалыпты. Қанша уақыт осындай күй кешкенін сезбеді.
Көршілеріне ләм деместен төсегін салып, теріс қарап жатып қалды. Нәр татқан жоқ.
Алматыға жеткенде күн шайдай ашылып еді. Дәлел ескі әдетінше кеудесін шалқақ ұстап, кең адымдап таксиге қол соза берді. Өмірінде еш өзгеріс болмаған сияқты. Кеше пойыз терезесінен сары даламен қосыла жылаған өзі емес, бөтен біреу сияқты…
