Ұлының ұрпағы
21.04.2017
1114
0

Шота (Шот-Аман) Ыдырысұлы Уәлихан – қазақтың Абылайдан кейінгі ұлы ханы Уәлидің ұрпағы. Ол Шоқанның інісі Мақыдан тарайды. Уәлидің ұлылығына күдікпен қарап, Кенесарыға қарсы қою сияқты пікірлердің қазақ арасында кездесетіні жасырын емес. Абылайдың бұл екі немересі де ұлы хандардың жақсылық қылықтарын бойына дарытып, ел билеу жүйесін еркін меңгерген.

Бірақ көзқарастары бір қилы болма­ған. Қасымхан баласы Кенесары орыс билігін мойындауға барынша қарсы болып, билік үшін қолына қару алып шық­қан да, Уәли бейбіт жолмен орыстар ұсын­ған билікпен қанағаттанып, барға ие болған. Қол-аяғын матаған отаршыл­дық­тың шынжырын үзіп шығудың қиын­дығын түсінген ол отар өкіметпен алыспай, елді оқу-ағарту, өнер-білімге, кәсіп үйренуге баулуды көздеген. Осы саясаттың ең көрнекті жемісі Шоқан екенін көреміз. Шоқанның демократтық, ағартушылық көзқарасы кейін Ыбырай мен Абай сияқты ұлы даналар бойына дарыды. Олар қазақ даласы жағдайында көшпелі елдің демократияға ұмтылысын жалғастырды. Бірақ орыс билігі қазақ хандарын айтқандарынан шығармай, әрдайым тежеу астында ұстап отырды.
Тектіден текті туады. Оның үстіне Шо­қандай әлем мойындаған ұлы ғалым ұрпағы із-түзсіз кетуі де мүмкін емес еді. Шотаның кейінгі заманда, Кеңес дәуірі­нің өнер-білімін бойына жинап, өз кезін­дегі қазақтың білімі мен өнерін дамытуға күш салғаны, сөйтіп қазақтың ұлттық зиялыларының қатарынан орнын ойып алғаны да дау тудырмайды. Ол өз талабымен орта мектепті аяқтағаннан кейін Мәскеудің Мемлекеттік Архитектура инс­титутын оқып бітіреді (1956). Сөйтіп, осы мамандыққа ие болған ал­ға­ш­­қы қазақ­тардың қатарына кірді. Та­лант, ізденіс әрқашан нәтижесіз қалмақ емес. Шотаның аты да тез шықты. Ол Қа­­зақстандағы құрылыс ісінде, оның сәулет өнерін дамытудағы қызметінде ай­рық­ша көзге түсті. Алматы қаласы бас сәулетшісінің орынбасары, Республи­калық мәдени және тарихи ескерткіштерді қорғау қоғамының бірінші орынбасары сияқты жауапты жұмыстарды атқарды. 1973-1982 жылдары ол КСРО Сәулетшілер ода­ғы басқармасы­ның хатшысы болып іс­теді. Бәріміздің де жас кезіміз ғой, Шотаның осы бір тұстағы еңбектері республикада кең таралып, оны жоғары биліктің өзі қолдауы, біздің де қуаны­шы­мыз еді. Ол жоғарғы кеңеске депутат болып сайланды. Ол Құрылыс және архи­тектура мамандығының жалпы поли­техникалық оқу жүйесінен бөлініп, дербес дамуын қолдады. Өзі инс­титутта сабақ бере жүріп, профессор (1998) атағын алды. Қазақстан әлеуметтік ғы­лымдар академиясының академигі (1999), Халықаралық шығыс елдері сәу­лет өнері академиясының академигі (2001) атанды. Ұлан-Баторда Шыңғысхан академиясы құрылғанда, соған арнайы шақырылған Шыңғыс ханның талантты ұрпағы өз атасы атындағы Академияның құрметті мүшесі болып сайланды.
Шотаның сәулетшілік талантын та­ныт­қан, оның алғаш атағын жайып елге мойындатқан еңбегі Алматыда, Шевченко көшесінің бойында, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академия­сы­ның ал­дына қойылған, Шоқанға ар­­налған ескерткіш (1969) еді. Содан кейін-ақ ол республикадағы ірі ғимарат­тардың, монументтер мен 20-дан астам ескерткіштердің авторы болды, авторлық ұжымдарды басқарды. «Динамо» стадионы» (1959), Қарауылда Абайға қойылған ескерткіш (1966), Әліби Жангелдин (1975), Тоқаш Бокин (1975), «Универсам» дүкені (1979), «Казгипрозем үйі» (1983) сияқты ғимарат­тар, Ғани Мұратбаев (1984), Көкшетаудағы Талғат Бигелдинов (1998),Қостанай қаласындағы Ахмет Байтұрсынов (2000), Астана қаласындағы Кенесары (2001)ескерткіштері Шотаның ав­торлығымен және ұжымға жетекшілі­гі­мен жарық көрді. Ол Алматыда Д.Қо­на­ев (1978) бюстін жасаушыларының бірі. Алматы қаласын­дағы Тәуелсіздік Монументі (1996) мен Семейдегі атом құрбандарына арналған «Өлімнен де күшті» (2001) монументінің авторы. 1992 жылы тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік Елтаңбасын да Шота жасады. Ол үшін сәулетші ҚР Сәулетшілер ода­ғы­ның алтын медалі мен дипломын жеңіп алды. Сөйтіп, тәуелсіз Қазақстанның Елтаңбасының авторы болып тарихқа енді.
Әрбір талант иесі сияқты, Шота да тек сәулет өнерін кәсіп жасаумен шек­теліп қалған жоқ. Ол жан-жақты дарынды адам. Өлеңдері, прозалық шығар­ма­лары, дра­ма­тур­гиялық туындылары бірінің артынан бірі жарық көріп жатады. «Ағнұр» (1986), «Тағдыр» (1976), «Террор» (1999) атты кітаптары басылған. Шо­қан өміріне байланысты екі пьесасы («Жас Шоқан», «Шоқанның ақ түндері») Алматы, Көк­шетау, Қарағанды, Шымкент театрларында қойылған. Оның қа­зақ өнерінің дамуы жайлы ойлары көп­теген мақалаларында көтерілген.
Уақыт деген алдамшы ғой. Горбачевтің қайта құруы халықты алдап, бүп-бүтін тұрған қоғамды қолдан таратуға жет­кіз­гені елге мәлім. Қоғамдық құрылыс қи­рап, ел жұмыссыз, қаражатсыз қалғанын да көрдік. Сондай бір күндерде Шота екеуміз кездесіп қалып, әңгімелестік. Ол істейтін республикалық тарихи және мәдени ескерткіштерін қорғау қоғамы да қаражатсыз жабылып қалыпты. Сонда менің Шотаны Қазақстан Ғылым ака­де­мия­сының М.О.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институтына жұмысқа ша­қырғаным бар. Бейнелеу өнерін зерттейтін бөлімге сәулет өнерінің тарихын да қоса қарастырып, бөлім меңгерушілігіне Шота келді. Бұл, әрине, сол дәуір үшін, талантты сақтау үшін қажет вариант болатын. Еркін сәулетші болып жүрген Шота бұрын бейнелеу, сурет, сәулет өнері тарихын зерттеп көр­меген, жаңа дәуір проблемаларына кіре де қоймады. Бірақ ғылыми қызмет­керлерге ақылшылық қызмет атқарды. Мұнда ол 1990-1995 жылдары істеп, өзі бұрын ие болып келген тарихи және мә­дени ес­керт­кіштер қоғамын сақтады, қоғам қыз­метін ғылыми-зерттеу еңбегі тұр­ғы­сынан қарауға едәуір көмек берді. Сөйтіп, 1995 жылы жаңа ашылған қоғамға қайтып кетті. Денсаулығына, жасының ұлғайып қалғанына қарамастан Шота әлі де сол қоғамға ие.
Оған ұзақ шығармашылық өмір ті­лей­міз. Көп жылдар араласа жүріп біз оның отбасын түгелдей жақсы көріп кет­тік. Жолдасы Зина, қыздары Гүлнат пен Баян, солардан туған немерелері Айдар, За­рина,  Гаухар, Меруерт, Диана, Оқжет­пес – бәрі де ата мен әжесінің ғана емес, олардың достарының ілтипатын қабыл­дайды. Тәукеш Найзағарин деген біздің ор­тақ досымыз еді. Баян мен Азат бүгін көзі жоқ Тәукеш пен Роза сияқты бізге ыс­тық қарайды.
Осы бір ескі достарға деген ыстық сезімді біз Әлия екеуміз де сақтауға тырысып келеміз. Ұзақ өміріміз де ортақ болсын!

Серік Қирабаев,
Әлия Бейсенова,
ҚР ҰҒА академиктері.

ПІКІР ҚОСУ