Үйлесімдіктің сырын ұққан
Адамзат тарихындағы даналардың бәрі әлемнің құпиясын ашып, үйлесімдікке, гармонияға қол жеткізуге ұмтылғаны белгілі. Гармония сандар арқылы көрінеді, «дүниенің құпиясы – сандарда» деп тұжырымдаған антикалық философ Пифагор адамның жаны осы құпияны идеялар әлемінен алатындығына сеніп, өз ілімін «математика», яғни «ғылым» деп атады.
«Философия – физика немесе математика сияқты қатаң ғылым болуы тиіс» деген ежелгі заманнан келе жатқан талап өзектілігін ешқашан жойған емес. Осы ұстанымды математикалық зерттеу әдісі арқылы іске асырған ғалым, ұстаз, философия ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстанға еңбегі сіңген ғылым қайраткері, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының, ҚР Тұңғыш Президентінің мемлекеттік бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының және тағы басқа отандық, шетелдік көптеген марапаттардың иегері, әлемдік философия ғылымында ойып тұрып орын алған Әбдімәлік Нысанбайұлы Нысанбаев 80 жасқа толып отыр.
Білім мен ғылымның беделі төмендеген қазіргі заманда жастарымызға үлгі болар тұлғалар туралы көбірек айтуымыз керек деп ойлаймыз. Осы тұрғыдан алғанда, Әбдімәлік Нысанбайұлының өмірі мен шығармашылығы – мәнді өмір сүрудің нағыз үлгісі. Қызылорда облысының алыс ауылдарының бірінде дүниеге келіп, халық жауы деген лақаппен түрмеге қамалған әкесінен төрт жасында айырылған қазақтың қарапайым баласы өзінің білім мен ғылымға талпынысы, еңбекқорлығы, табандылығы және бірізділігінің арқасында бүгінгі биігіне жетті. Мәнді өмір туралы армандамайтын адам жоқ шығар, бірақ құр қиял, арманмен шектелу адамның өмірге келгендегі ең басты және ақырғы мақсаты – адам болуға жеткізе алмайды.
Жастайынан математикаға бейім болып, физика және математика мамандығы бойынша үздік оқып, жоғары білімге ие болған студентті философия ғылымына бағыттап, жол сілтеген атақты академик Салық Зиманов екен. Қазіргі кездегідей емес, жиырмасыншы ғасырдың 60-шы жылдары жаратылыстану ғылымының философиялық мәселелерін зерттеуге ерекше назар аударылды. Философияның барлық ғылымдардың бастауы, әдістемелік негізі екенін терең түсіне білген ғұлама заңгердің көргенділігі таң қалдырады. Ол заманда аспирантураға түсуден үміткерлер философия пәнінен кандидаттық минимум тапсыратын. Емтихан кезінде оның осы ғылымға бейімдігін байқаған комиссия мүшелері Әбдімәлік Нысанбайұлын Философия және құқық институтына шақырып, ол кейін академик Қаныш Сәтбаевтың ұсынысымен Мәскеудегі Философия институтының аспирантурасына түседі. Ғылымға құштарлығының, күні-түні ізденуінің арқасында оны екі жылдан сәл астам уақытта бітіріп, «Математикадағы ақиқат сипатын ашып көрсетудің сәйкестік принципінің мәні» тақырыбын зерттеуге арналған кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шығады. Бұл дегеніңіз нағыз ерлік! Аспирантураны белгіленген мерзімнен бұрын аяқтау түгілі, бітіргеннен кейін де қорғайтындардың пайызы ол кезде өте аз болатын. Қазақ баласының білімін Мәскеудің философ ғалымдарының мүйіздері қарағайдай өкілдері И.Кузнецов, Б.Кедров, Э.Ильенковтердің өзі мойындады. Бұл қазіргі жастар үшін «еңбектенсең, алынбайтын қамал жоқ» деген ұстанымның нақты дәлелі.
Әбдімәлік Нысанбайұлының тағы бір тұлғалық қыры – ол іскер ұйымдастырушы, дана басшы. Кеңес заманында қазақстандық философия мектебі одақтағы ең танымал үш мектептің бірі еді. Оның осындай биік деңгейге жетуіне ерекше үлес қосқан ғалым Философия және саясаттану Институтын жиырма бір жыл табысты басқарды. Шынын айту керек, күні бүгінге дейін отандық философияның ең үздік өкілдері – осы институттың қызметкерлері. Әр түрлі ұлттардың, әр түрлі философиялық бағыттың, әр түрлі буынның өкілдерінен құралған ұжымды басқару – аса күрделі жұмыс. Зерттеп жүрген тақырыптары, өмірлік және ғылыми көзқарастары, мінез-құлықтары да әр басқа. Бірақ осындай күрделі Институт Әбдімәлік Нысанбайұлының басшылығымен бір кісідей ұйымдаса қызмет істеп, шын мәнінде қыруар жұмыс атқарды және өздері бүгін сол кездерін көрген түстей, тамсана еске алады.
Ұжым осы жылдар аралығында зерттеген мәселелерді, дүниеге әкелген ғылыми еңбектерді, дайындаған ғылыми жобаларды тізіп шығудың өзі оңай шаруа емес. Олардың бірқатарына ғана тоқталайық. Еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізуі қазақ халқының бай рухани мұрасын, ерекше философиялық дүниетанымымен зерттеуге жол ашты. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында рухани жаңғырудың бастамасы ретінде атап көрсеткен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының «Философия» сериясын дайындаудың басы-қасында Әбдімәлік Нысанбайұлы болды. Әлемдік философияның үздік туындыларын қазақ тіліне аударуға отандық философтар белсене қатысқан сол бір кезең біз үшін аса қиын кезең болды. Екі тілді жақсы меңгерген философтардың аздығы, олардың басым көпшілігінің Институт ғалымдары сияқты арнайы академиялық ізденіс мекемелерінде емес, жоғары оқу орындарында қызмет атқаратындықтан уақыттарының тапшылығы және тағы басқа толып жатқан мәселелерді табысты шешуге Әбдімәлік Нысанбайұлының басшылығы оң ықпал етті. Бір байқағанымыз, ол кейбір басшылар секілді бұйрық берумен шектелмей, іске тікелей араласып, қажетті бағыт-бағдар, кеңес беріп отырды.
Осы жоба ғалымның ұлтжандылығын тағы бір рет көрсетті десек болады. Әрбір философиялық терминнің қазақ тіліне дұрыс аударылуын қадағалап, аударма мәтінінің әрбір парағын мұқият тексеріп отырды, себебі осы аудармалар көпшіліктің философия ғылымының тұңғиығына бойлауына апарар жол еді. Нәтижесінде қазақ тілінде «Әлемдік философиялық мұра» сериясының жиырма томы, «Қазақ халқының философиялық мұрасының» жиырма томы, түркі дүниесінің ұлы ғұламасы, әлемдік философияда өшпес із қалдырған әл-Фараби шығармаларының он томы жарық көрді. Қазақ халқының философиясын зерттеу ісін бүгінгі мерейтой иесі қазіргі таңда да жалғастырып отыр. ҚР Білім және ғылым министрлігі жариялаған гранттық қаржыландыру байқауында Ә.Нысанбаевтың басшылығымен осы тақырып бойынша ұсынылған жоба жеңіске жетіп, оның аясында жақын арада «Қазақ философиясының тарихы» сериясының төртінші кітабы жарық көрді. Қай томды алып қарасаңыз да, іргелі еңбек! Ғалым бастаған топ енді бесінші томды дайындауға кірісті.
Әбдімәлік Нысанбайұлының тағы бір ерекшелігі – ол жан-жақты ғалым. Өзінің зерттеу саласымен шектеліп қана қоятын кейбір ғалымдардай емес, ол философияның барлық бағыттары мен мәселелері бойынша мол білімге ие. Қазақстан тарихында философтарға жалғыз рет Мемлекеттік сыйлық берілген болса, философия ғылымының диалектикалық логика саласы бойынша жазылған еңбектері үшін марапатталған төрт ғалымның бірі – Әбдімәлік Нысанбайұлы. Өзі тікелей айналысқан жаратылыстанудың философиялық мәселелерін зерттеуден басқа оның қазақ философиясының тарихы, философиялық антропология, мәдениеттану, дінтану, саясаттану, әлеуметтану, ғылымның тарихы және философиясы, техника философиясы және т.б. салалар бойынша жазған туындылары отандық ғылымның дамуына қомақты үлес қосты.
Академик Ә.Нысанбаев – ғұлама ғалым ғана емес, көптеген ғылым докторлары мен кандидаттарын дайындаған Ұстаз. Өзі ұзақ уақыт басқарған диссертациялық Кеңесте қорғалған жұмыс ғалымдар қауымында оның сапасының жоғары екендігінің бірден-бір белгісі ретінде қабылданғанын айтсақ жеткілікті. Екі тілде бірдей сөз саптаудың шебері, еңбектері әлемнің жиырма бес тіліне аударылған ғалым жас ізденушілерге арналған дәрістерін бір сәт те үзбей, жалғастырып келеді. Философияның болашағына алаңдап, жаны ашитындығын, талантты жасты көрсе қуанып, қолынан келген жәрдемін аямайтындығының талай рет куәсі болдық.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетімен байланысы мықты, Фараби мұрасын зерттеудегі еңбегі үшін университет ректоры, түркі данышпаны философиясының қазіргі заманғы Ренессансына мұрындық болған академик Ғ.М.Мұтановтың қолынан «Әл-Фараби» күміс медалін алған Ә.Нысанбаев «Философия» мамандығы бойынша түлектердің білімдерін бағалау комиссиясының төрағасы ретінде біз үшін ұстамдылықтың, әділдіктің, ғылыми тереңдік пен жанашырлықтың үлгісі бола білді. Бір оқиғаны баяндай кетейік. Өзі байқатпауға тырысса да, түске дейін емтихан тапсырған басқа оқу орны балаларының біліміне оның көңілінің толмағанын сезген біз ішімізден «Философтарымыздың білімдері қалай болар екен?» деп алаңдадық. Түстен кейін тапсырған магистранттардың бірінші жауабынан соң-ақ академик «Бүгін жөнді философиялық әңгіме естімей кетемін бе деп қорқып едім, балаларыңыз мықты» деп ризашылығын білдіріп, олардың әр сөзіне шын ниетімен шаттанып, жетпей жатқан жерін өзі қосып, көтермелеп отырды. Біз де иығымыздан ауыр жүк түскендей қуанып, жұмысымызды жалғастырдық. Бірақ көпке дейін осы оқиға жадымыздан шықпады, ғалымның біз бұрыннан да қайталанбас, қазір сирек кездесетін үлгі ретінде қабылдайтын салмақтылығы, сезімді ақылға бағындыруы, басқаның жетістігіне шын ниетімен қуана білуі, қай ортада болмасын өзін ұстау мәдениетінің тағы да бір көрінісін байқап, ойымызға түйдік.
Әбдімәлік Нысанбайұлы ғылымда ғана емес, жеке өмірде де бақытты. Сүйікті жары Зейнеш Әшенқызымен білімді де ұлағатты балалар мен немерелер тәрбиелеген бақытты әке, ата.
Академик Ұстазды мерейтойымен құттықтап, деніне саулық, отбасына амандық, ұзақ ғұмыр тілейміз!
Гүлжиһан
НҰРЫШЕВА,
философия ғылымының докторы, профессор,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Философия кафедрасының меңгерушісі.
ПІКІРЛЕР2