Мемлекеттік тіл – менің тілім
Бостандық ауданындағы №145 мектеп-гимназиясында Алматы қаласында қазақ тілінде оқытатын мектептердің желісін дамыту және қазақ тілінің оқытылу деңгейін арттыру бойынша 2016-2018 жылдарға арналған іс-шаралар негізінде өзге ұлт өкілдерінің оқушылары арасында «Мемлекеттік тіл – менің тілім» тақырыбында төрт бағыт бойынша байқау өткізілді. Өзге ұлт өкілдері оқушыларының басын қосқан бұл шараның мақсаты – қазақ тілінде оқытатын мектептер желісін дамытып, ондағы мемлекеттік тілдің деңгейін арттыруды көздейді.
«Білгірлер» бағытында бақ сынасқандар қазақ тілінің грамматикасы бойынша дайындалған тест сұрақтарына жауап берсе, «Білімдіден шыққан сөз» бағытында оқушылар қазақ әдеби шығармалары бойынша дайындалған тест тапсырмаларын жазбаша орындады. Байқауға қатысқан оқушылар «Ұшқыр ойдың қанаты» бағытында тақырып таңдап, сол бойынша ой-толғау жазды. Соңғы айналым «Дананың сөзі – ақылдың көзі» бағытында қатысқан оқушылар өздері таңдаған тақырып бойынша көркемсөз оқу шеберлігін көрсетті.
Қазақ тілінің грамматикасы бойынша тест тапсырып, әділқазылардың сауалына жауап беретін «Білгірлер» бағытында әл-Фараби атындағы №145 мектептің 9 сынып оқушысы, ұйғыр ұлтының өкілі Динара Низамова жеңімпаз атанды. Қазақтың әдеби шығармаларын қаншалықты білетіндерін сынға салған «Білімдіден шыққан сөз» бағыты бойынша №51 мектеп-гимназиясының 10 сынып оқушысы Андрей Долбня топ жарды.
Қатысушылар байқау талаптарына сәйкес таңдаған шығармасы бойынша ауызша талдау жасап, сондай-ақ тест сұрақтарына жазбаша жауап берді. №94 мектеп-гимназиясынан түлеп ұшқалы тұрған Әсел Сағымбаева «Ұшқыр ойдың қанатында» бағытының ережесіне сәйкес ұсынылған тақырыптардың біріне көпшіліктің көңілінен шыққан ой-толғау жазды. «Дананың сөзі – ақылдың көзі» деп аталған бағытта мүдірмей, қазақша сайрап тұрған оқушылардың қарасы көп болды. Десе де, №145 мектептің 10 сынып оқушысы Қадыр Салманов үздік шықты. Шараны ұйымдастырушылардың бірі Сара Қойбағарова байқау жеңімпаздарын мапараттады.
Байқаудың үшінші кезеңі 14 сәуірде өткізіледі. Жүзден жүйрік шыққандар енді қалалық кезеңде бас қосады.