ЕЛШІЛ ПАРАСАТ
Ұлт санаткері, жазушы Әбіш Кекілбайұлы: «Адам өзін де, өзгелерді де, күллі болмысты да ешқашан түгел танып үлгере алмайды. Білгісі келген сайын білмейтіні көбейе түседі. Өйткені, өмір мәңгі де, ғұмыр қысқа. Соған қарамастан білуге ынтықтығын жоғалтпаған адам – нағыз парасатты адам» деп жазған еді. Осы жолдарды оқығанда менің көз алдыма академик-философ, қоғам қайраткері Ғарифолла Есімнің болмыс-бітімі, шығармашылығы келеді.
Қалаға барыңыз, далаға барыңыз, Алтайға, Түркістанға, Ұлытауға, Атырауға ат басын бұрыңыз – сұраңыз: «Ғарифолла Есім кім?» деп. Бар жерде, бар орында көзі ашық жан «Академик, сенатор» деп жауап береді. Бұдан кейін ғалымды парламент танымал етті ме, жоқ ғалым парламентті танымал етті ме – осы сұраққа ойланып қаласыз.
Жалпы, адамға танымалдық керек пе, жоқ па? Мына ақ-қаралы пиар заманында кім танымал емес? Әнді бықпыратып теріс айтатын жан да танымал, отбасы ойранын жалпақ әлемге жайған жан да танымал. Бұл – шайтанның шалығы. Бетін аулақ қылсын, әрине. Бізге керегі – елшіл парасаттың, елшіл азаматтың танымалдығы. Кез келген жиында сөз Ғарифолла Есімге беріле қалса, біз дәл қазір тосын жақсы ой, орайлы пікір айтылатынын сеніп, сезіп отырамыз.
Философтың көп зиялы қол жеткізе алмаған шешендік кілті, ділмарлық тетігі бар. Ол – асыл сөз. Алаш зиялылары «асыл» деп – негізді, түпнұсқаны айтқан екен. Ғафекеңнің сөзі – қазақтың қарапайым сөзі. Жасырып не керек, біздің біраз ғалымның сөзін түсіну үшін тілмаш керек.
Мысалы, нарық пен халық, мейрам мен иман мәселесін ол кісі қалай түсіндіреді?
«Қазақстан һәм қазақ бай болу керек. Байырғы Өмірбай, Темірбай, Сабырбай, Жылқыбай, т.б. есімдердің идеясы – адамның жанын да, дәулетін де байыту. Қазір бізге әр отбасының бай болғаны керек. Халық бай болса, мемлекет бай. Қазаны да бай, дәстүрі де бай», – дейді философ.
«Мен ұлттың әр бүлдіршінін жақсы көремін. Ол – ата-анасының ғана үміті емес, бар қазақтың үміті. Ұлыстың айтулы, дара мейрамдары бар. Мысалы, Тәуелсіздік күні мен Наурыз мерекесі. Осы мейрамды балаларымыз үшін ең танымал, ең сүйікті, ең жарқын мереке ете білуіміз қажет. Әдемі сыйлықтарымызды сол күні үлестірейік. Бірде-бір бала сыйлықсыз, қуанышсыз қалмасын. Елдік қасиет осыдан басталады», – деп түйіндейді қоғам санаткері.
«Әлеумет бар, әлеуметті сүю бар, әлеуметшілдікті жамылған советтік социализм бар. Кім біледі, біз қазір 50-60 миллион болар ма едік, егер 1921-1933 жылдары халқымыздың жартысын большевизм мен социализм қынадай қырып тастамаса. Қолы қан мемлекет қоғамды бақытты ете алды ма? Социализмді жоқтаушыларға осыны айтар едім», – дейді қаралы қоғамның күнәсі мен кінәсін байыптаған ойшыл қаламгер.
«Бізде ислам діні ұлттық дәстүр, ғұрып арқылы сақталды. Қоғамдағы негізгі күш – зиялылар. Елімізде елдік мүддені жоғары қойған мұсылман интеллигенциясы әлеуетті болуы тиіс», – дейді академик.
Философия – даналық ғылымы. Оған әркім әр түрлі жолмен келеді. Әңгіме философияны зерттеп-зерделейтін ғалымдар жөнінде болып отыр. Осы саланың саусақпен санарлық маманы философия факультетін бітірген. Біразы философия ғылымына басқа мамандықтардан барған. Бұл ретте Ғафекеңнің жолы таңдаған саласына филология арқылы тартылыпты.
Семей – Мәскеу – Алматы жолы. Одақ орталығы ортасында. Семей – Алаш қаласы, зиялылық бесігі («Ат аунаған жерде түк қалады»). Мәскеу – әрі әлемге соқпақ, әрі материалистік философия мектебі («Талаптыға нұр жауар»). Алматы – дәнекер, ізашар шаһар («Іздеген жетер мұратқа»).
Бұл жолмен сіз жүрген жоқсыз, біз жүрген жоқпыз, Ғафекең жүрді. Таза бұлақтан су ішу, даналыққа ұмтылу, «терістеуді терістеу», колония мен метрополия ақиқатын сана болмысына салып сараптау, азаттықты аңсау пәлсапасын руханияттан іздеу – ой мен ояну ғалымы Ғарифолла Есімге бұйырды.
Ол академик, сенатор болмай тұрып-ақ мәдени ортада танымал еді. Бұл ортаға жетудің, енудің құралы – тағы да асыл сөз. Асыл сөзді не айта білуіңіз керек, не жаза білуіңіз керек. Бір қызығы, Ғафекеңде осы екеуі де болды.
ХХ ғасырдың 80 жылдарындағы жігерлі, талапты, топжарған, амбициясы асқақ, соған сай бесаспап амунициясы бар Ғ.Есімовті (әрине, «ов»-ы тіркелген шақ) есімізге түсірсек, ойымызға Ғұмар Қараштың мына өлеңі оралар еді:
Аға деген ініге,
Желден құрған пана ма?
Қайғысыз жүрген ағаны,
Панаға, жұртым, санама.
Жанап айтқан сөзімді,
Жадтарына ала ма?
Бүктеп-бүктеп болмаса,
Жан қалтаға сала ма?..
Мұны жас ғалым КПСС тарихы, ғылыми коммунизм кафедраларында қалай және қайтіп айтқанын білмейміз, әйтеуір Жазушылар одағы мінберінен (әдеби сын саласына қатысты) айта алды. Әлбетте, жариялылық пен демократия дүмпуімен. Философтың ақын-жазушыларға, әдебиетшілерге, ұлт сөзін сөйлеген санаулы газет-журналға жақын жүргені таным көкжиегін ғана тереңдеткен жоқ, танымалдық дүниесін кеңейтті. Бір есте ұстар жайт, Ғафекең ежелгі грек философтарының үлгісімен жанына түрлі сала өкілдерін, әсіресе шығармашыл жастарды топтастырып жүретін. Жас талапқа қамқорлығы айқын көрінетін. Біз студент кезімізде-ақ сол шынайы қолдауын сезінген жандардың санатынанбыз. «Әр буынның өз борышы бар. Бірақ әр толқынның айнымас қағидасы – жастарды қолдау, оларға жол ашу, ой-пікірін қоғамға кеңінен жеткізу болуы тиіс», – дейтін. Бұл пікірін ол биік мінберде де, қарапайым басқосуда да айтатын.
Томағасы сыпырылған, көзі жалт-жұлт еткен қыранды көріп пе едіңіз? Тәуелсіздіктен кейінгі Ғафекең бейнесін осылай сипаттар едік. Кеңестің неше түрлі қитұрқысы санамызға сіңіп кеткеннен кейін бе, қазақы оймен, ұлт танымымен ана тілімізде философиялық трактат жазылады деген түсінік миымызға кірмейтін. Азаттықтың ақжарылқап күндерінде Ғ.Есімнің «Сана болмысы», «Санадағы таңбалар», «Хакім Абай» кітаптары бірінен кейін бірі шықты. Халық тілімен, ұлт ұғымымен, ел парасатымен, жұрт танымымен жазылған. Бәрі түсінікті, баршасы жұғымды. Құрылымы жүйелі, тұжырымы тиянақты. Санасы да, сапасы да тайынды.
Бұл бір Ғафекеңнің Қазақ елінің азат аспанында, бостан жазирасында қанатын жайып, еркін самғаған кезі еді. Мұны шығармашылық самғауы десек жарасар.
Біз ғалым кітабын құнығып оқыған соң, кітап дүкендерінен он шақтысын сатып алып, достарымызға, таныстарымызға сыйлағанды зор мәртебе көретінбіз. Осы арқылы ұлт ойын, ұлт идеясын, ұлт мүддесін, қазақша ғылым тілін таратып жатқанымызға сенімді едік.
«Хакім Абайда» философ былай деп жазады: «Сөз сана емес, ақыл емес, сезім емес, ой емес,
ол – соның бәрі. Сөзде осы айтқандардың қайсысы көп, қайсысы аз, қайсысы бастаушы, қайсысы қостаушы, міне, мәселе сонда. Сөз философиясы – өзгеріс философиясы. Себебі, сөз ағып жатқан су сияқты. Онда тұрақтылық, тоқтау жоқ. Ағынсыз су өз қасиетінен қалай айырыла бастаса, сөз де сондай күйге түспек. Сөздің мұндай дертке түсуін ғылым тілінде «догма» дейді. Сөздің догмаға айналуы – ақылдың суалуының көрінісі».
Осы айна, осы түсінік өлең сөз бен қара сөзді аманат етіп қалдырған ұлт мұрасына қаншама жарық түсіріп тұр. Немесе: «Абай айтады, жоғарыда айтылған қасиеттері (жақсы тән саулығы, жақсы туыс, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаз) болған соң, оның «аты адам болады», яғни жақсы адам атанады, бірақ ол қандай істермен жақсы атанбақ, олар: «Алла Тағаланы танымақтық, өзін танымақтық, дүниені танымақтық…». Жақсы адамның алдында үнемі осындай үш мәселе болмақ, солардың нәтижесінде оның адамдығы айқындалмақ, яғни жақсы адам атанбақ» деп, жақсы адам атануға ең алдымен таным, яғни ақылмен тану керектігін нұсқайды. Таным дегеніміздің өзі тікелей ғылымға негізделеді».
Жалпы, Ғафекең Абай айқындаған «жақсы адам» тұжырымын жазған еңбектерінде де, сөйлеген сөздерінде де жиі еске алады.
Бұл – ғалымның темірқазығы десек, қателеспейміз. Күнде орайсыз айтылып, бәсі мен парқы төмендеген осы сөздің мазмұны мен қолданысын жүйелеу, тіпті дұрыс орнықтыру – ұлттың генетикалық кодын серпілтетін амал да болуы мүмкін.
Сана болмысы – философия ғылымының докторы, профессор Ғарифолла Есімнің аса жауапкершілікпен, зор әлеуетімен зерттеп-зерделеп жүрген тақырыбы. Қазір осы бағыттағы еңбегінің ұзын саны 11 кітап болыпты. Мұның тобықтай түйіні – ұлттың арғы-бергі дүниетанымы және ойлау кеңістігі. Одан да нақтырақ айтсақ, «Қазақ әлемі». Ғалам бар, әлем бар, белгілі ұлт (мемлекет) бар. Әлем – ғаламға да, адамға (ұлт) жауапкер. Ғафекең кітабы – әлем мұхитындағы (жаңылыспасақ, араб жұрты энциклопедияны осылай атайды) қазақтың жанын, ойын, танымын, тілін, ділін, тінін тану. Осылай зерттеп жатқан ғалымға біз түгіл, дүниежүзі рахмет айтуы керек.
2000 жылдары академик Ғ.Есім тіпті өндіртіп жазды. «Фалсафа тарихы» оқулық-хрестоматиясы бірнеше басылымнан кейін толымды, байыпты, сабақтас сала мәйегіне айналды. 2006 жылы «Қазақ философиясының тарихы» оқулығына айналғанда, тарихи «Мәңгі ел» дүниетанымының ұлыстық, ұлттық, елдік, мемлекеттік дүниетанымға қайтіп ұласқанын зерделей алдық. Бізге, әсіресе Алаш кезеңі ойлау кеңістігіне байланысты тұжырымдамалары ерекше әсер етті. Ұлт зиялыларының ұлттық философиялық танымға қосқан үлесі оқулыққа енуі – айрықша бастама-тын.
Бұдан кейінгі «Адам-зат», «Жар жағасы», «Даналыққа құштарлық», «Даналық дариясы», «Данышпан Шәкәрім», «Социализм», «Ақ өлең – аққулы мекен», «Жұлдызды Жұмекен», т.б. кітаптарында философ-ғалым ой, парасат, елшілдік, отаншылдық әлемінде белестен- белеске көтеріле берді. Оның аудиториясы кеңейе түсті. Кемелдік жолындағы ұлттың атасы да, баласы да Ғафекеңнің сөзіне ұйыды. Негізгі еңбектері әлем тілдеріне аударылып, бағалаушылар артты.
Мәселен, біз «Социализм» кітабының түрік және украин оқырмандары талқысына (танытымына) қатысқан кезіміз болды. Сонда Түркияның бір ғалымы: «Советтік социализм дүниежүзіне қандай қиындық әкелгенін жантүршігерлік азап пен геноцидке ұшыраған қазақ халқы тағдырынан білуге болады. Адам санасын улау, өтірікке сендіру – өлімнен де қиын дертті құбылыс. Мына кітап соның сырын ашады» деген еді.
ХХ ғасыр басында көп қайраткер «кәсібіңіз» деген сауалнамаға «публицист» деп жауап берген екен. Бұның астары «баспасөз арқылы халық алдына шығу» сынды ой болса керек. Ғарифолла Есім – жазушы. Таңдаулы философиялық, көркем новеллалардың авторы. «Таңсұлу», «Көсем көкжалдың мәңгілік сапары», «Дала заңы», «Баба жұрт», «Бәйгекөк» және тағы басқа көлемі шағын, мазмұны терең шығармаларын оқып, көркем дүниенің ойшылдық тегеурінін сезінесіз. Автор былайғы адамның көзіне түспейтін «асылдың сынығынан» керемет тұтастықты үйлесімді қалпына келтіреді.
Қаламгер Ғ.Есім шығармаларының тұжырымдамалық деңгейі ұлт парасатымен, даналығымен үндеседі. «Жар жағасы» драмасында Елен ақсақалдың баласына айтатын «Ақ пен қараның арасын ажырата алсаңдар жарар еді. Мен содан қорқамын» деген сөзі бар. Сонда жаман мен жақсыны тану өлшемі – білім де, теория да, қаулы-қарар да емес, елдің сыннан өткен парасаты мен дәстүрі екен. Бұл мың жылдық ақиқат, өкінішке қарай, әлем бойынша жар жағасында тұр…
Ғалымның Абай, Шәкәрім, Мұхтарлар мұрасына адалдығы, оларды кие тұтуы – өз алдына ұзақ әңгіме. Бірақ бұл жоғарыдағы Ғарифолла жолының іргетасы екенін ұмытпаған жөн.
Біз, бәріміз, әуелі пендеміз. Артықшылығымыз да, кемшілігіміз де бар. Артықшылықты айтқан – азаматтық, кемшілікті күстәналаған – надандық. Көп жағдайда елінің парасатына, намысына арқау болып жүрген Ғ.Есімнің талайдың қолы жетпеген нақты екі-үш отаншылдық үлгісі бар. Рас, бұл кісіден де кітапты көп жазған ғалымдар, жазушылар болуы мүмкін. Тіпті олар биік-биік ойлардың асқарынан әлі түспей жүруі де ғажап емес. Бірақ соның қайсысы қожырай бастаған туған жеріне барып, ұлт даналығының мәйегі деп, Абайға ескерткіш орнатты, қайсысы құтхана мешіт тұрғызып, әлеуметтік нысандар соғып берді? Бұдан да зорын айтайық: қайсысы қалада үкілеп отырған перзентін «туған жерді түлет!» деп ауылға жіберді?.. Ғафекең кеуде соқпай-ақ осының бәрін атқарып келеді. Көпке үлгі ме? Үлгі!
Кереку-Павлодардың Аққулы-Лебяжі деген ауданы бар. Кешегі
90 жылдардың ішінде ауылдары түгіл, аудан орталығы тарқай бастаған. Сонда ғалым, кейінгі сенатор Ғ.Есім сауын айтып, жерлестерін елдік жиынға шақырған. «Мен мешіт соғуға көмектесемін, дәмхана тұрғызайын, 4-5 үйді жөндейін. Баламды осында жұмысқа жіберейін. Сіздер не үлес қосасыздар? Құрығанда тұрған үйлеріңізді бұзбаңдаршы», – деген. Содан ақсақалдар пәтуа жасасып, ортақ шешімге келіпті… Қазір қара жолдың бойынан өткен-кеткеннің бәрі осы кентке аялдайды. Абай ескерткіші маңында рухани тыныстайды. Ғалымның аса бір сезіммен жазған «Ақ өлең – аққулы мекен» кітабында туған жер тағылымына байланысты керемет ойлар бар.
Ғафекеңнің екінші бір азаматтығы – өзі оқып-тоқыған Семейдің Шыңғыстау бағытындағы тарихи Күшікбай асуына «Қорғансыздың күні» бас кейіпкері (М.Әуезов) бейкүнә Ғазиза қызға ескерткіш орнатуы. «Ж.Аймауытұлының Ақбілегі – таланған, азапталған, қорланған қазақ елінің бейнесі» дегендей, надандықтың зорлығы мен қорлығынан мерт болған Ғазиза да – ұлт пәктігінің бейнесі. Осы ескерткіш туралы идея Ғафекеңді Семейдегі студент күнінен мазаласа керек… Ақыры діттегеніне жетіп, оны орнатты. Бұл орын да даналар жұртына жетіп, Абай мен Мұхтар туған жерге саяхаттаушылар аялдайтын мәдени-тарихи орынға айналды.
Жалпы, Ғ.Есімнің болмысы жасампаз. Ол көп жыл Алматыдағы Абай университетінде, әл-Фараби университетінде декан болып қызмет істеді. Декандық – оқытушы мен білім алушыны мәдениет пен зиялылыққа баулу мектебі. Мұнда жеке үлгінің мәні зор. Сәл ыңғайсыздау болса да айтайық, бір оқытушы аудиторияға үсті-басына қарамай, күтімсіздеу кіреді екен. Соны Ғафекең шақырып алып: «Сіз жастарға қуаныш, сенім сыйлауға міндетті адамсыз. Біліміңіз бар, тәжірибеңіз мол. Бірақ ішкі мәдениетіңіз бен сыртқы мәдениетіңіздің үйлескенін қалайсыз ба? Қиналып жүрсеңіз, бір киеріңізге қаржы жинап берейік», – дейді. Ана кісі де саналы екен, кешікпей өз-өзін мықтап қолға алады. «Мәдениетті адамға бір сөз түгіл, ымның өзі жетеді», – дейді ғалым…
Ғарифолла Есім екі шақырылымның сенат депутаты болған қайраткерлігін басқа әңгіменің еншісіне қалдырдық. Бізге маңыздысы – білім орайындағы қыз-меті.
Депутаттықтан босағаннан кейін бұрыннан араласып, атсалысып жүрген Еуразия Ұлттық университетіне философия кафедрасының меңгерушісі болып қызметке тұрды. Анық жайт: бұл кафедра – қай университеттің болсын күретамыры. Бар мамандыққа, барша аудиторияға кіретін де – осы кафедра оқытушылары. Ендеше оқу үдерісінде әр профессор-доцент-оқытушының отаншылдығы, елшілдігі маңызды. Жасырып не керек, дәстүрлі философия кафедралары толық «қайта құрылған» жоқ. Басқа-басқа, кеңес қоғамының зардабы осында батпандап кірген де, мысқалдап шыға алмаған. Ғарифолла Есім, міне, төрт жылдан бері кезең-кезеңмен осы қисынсыздықтарды түзетіп келеді. Ғалымның елшіл парасаты оқу орнының айрықша олжасына айналды.
Университет басшылығы басты жиындарда «елдік сөз керек» десе, Ғафекеңді табады. Атқарушы билік, қоғамдық, ұлысаралық ұйымдар «халыққа жеткізе алатын тұлға қажет» десе, Ғафекеңді іздейді. Сірә, дәнекер һәм алтын көпір болу бар зиялының, ғалымның қолынан келмес. Кейде осының сырын да білгің келеді. Академик жазған «Тәуелсіздік философиясы», «Бостандықтың бағасы», «Елдік сана философиясы» сынды кең құлашты, терең ойлы материалдарға үңілеміз.
«Тәуелсіздік – сана. Тәуелсіз ел адамының санасы да тәуелсіз болуы керек. Саяси тәуелсіздік әрбір адамның дербес санасына айналғанда күшке енбек» деп тұжырымдайды. Осыдан соң өзімізге, өзгеге, жоғары-төмен қараймыз. Ойланамыз!
«Заман сүйреп жүргендерден тұлға шықпайды. Тұлға заманды билейтіндерден шығады» деп түйіндейді. Мұны да санаға салып, қуаттаймыз.
«Қазақ елінің мәңгілігі – әрбір қазақтың емін-еркін өмір сүру кеңістігі. Ол – ұрпақ қамы. Ұрпақ алдындағы парыз, ата-баба алдындағы қарыз. Ел болу идеясы – парыз бен қарыздың түйіскен жері» деп қорытындылайды. Бұл ойды да ақылымызбен пайымдап, санамызға түйеміз.
Ғалым еңбектері тұтасымен елшіл парасатты айқындайды, бағалайды, байыптайды, бағамдатады. Бұл – бостан қазақ даналығының табысы.
Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,
Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия Ұлттық университетінің проректоры,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі
ПІКІРЛЕР1