Ғылымдағы жалғастық
Ғылым тарихы жалғастықтан тұрады. Бір ғылымның ізденіс арқылы тапқыштықпен ашқанын екінші ғалым жалғастырған. Онсыз ғылыми прогресс жоқ. Бұл жалғастықты осы тақырыптан да байқауға болады. Қызылорда қаласында 1944 жылы орта мектепті үздік бітірген Шахмардан Алматыға келіп, тау-кен институтына «Геология-барлау» мамандығы бойынша оқуға түсті. Студент кезінде ашық мінезі, достарына таза, мәдениетті қарым-қатынасы арқылы қадірлі болды. Ғылымға оның ынталылығын мұғалімдері арқылы Қ.Сәтбаевтың көзіне ілікті. Екінші курсты бітіргеннен кейін дейді, академик Жүрімбек Сыдықов практикаға Жезқазғанға бардық. Соғыстан кейінгі жыл. Тамақ мәселесінен қиналдық. Сонда Шахмардан қаракүл жағалы келісті пальтосын сатып, бәрімізге тағамға жұмсады. Мен әскерден келген, ешкімім жоқ студент едім, деп Шахмарданның мырзалығын ғанибетпен еске алады.
Институт бітірген Шахмардан (1927-1994) жолдамамен Жезқазғанға барып, геолог болып, жұмысқа кіріседі. Осы жерде отбасын құрып, Камила Қарабалаеваға үйленеді, балалы болады. Жұмыста іскерлігімен, ұйымдастыру қабілеті арқылы көзге түсіп, жұмыс бабында көтеріле бастайды, геология экспедициясына бас инженер болып тағайындалады. Ғылыми жұмысты да қатар жүргізіп, геология-минералогия мамандығы бойынша диссертация жазып, ғылым кандидаты лауазымын алады. Арада біршама жыл өткенде ғылым докторлығы үшін диссертация қорғайды.
Жезқазғанда көзге түскен Шахмардан Алматыға шақырылып, геология министрілігінде орынбасар, кейін министрі болып тағайындалады. Осы қызметте жүргенде Шахмарданның ерен қаблеті айқын ашылып, көп жұмыстар атқарады. Соның бірі – Маңғыстауда мұнай көздерін ашуы. Себеп болған мына жағдай еді. Бір кезде Батыс Сібір аймағында керемет мұнай кендері көзін ашқан академик геолог И.М.Губкин (1871-39) айтқан екен: Каспий теңізі шығысында кен ошағы болар ештеңе жоқ, құр дала деген екен. Қаныш Имантайұлы Сәтбаев (1899-64) Жезқазған өндірісін жолға қойғаннан кейін, көз қырын Батыс Қазақстанға аударып, Маңғыстауды зерттеуге кіріседі. Көптеген нышандар арқылы бұл жерде мұнай бар деп қорытады. Содан Гурьевте Қазақстан Ғылым академиясы көшпелі сессиясын өткізіп, оған үздік геологтарды шақырып, өзі бас баяндамамен шығып, Маңғыстауда мұнай бар деп қорытады. Келтірген дәлелдерінің бірі, жергілікті халық ауызында «су жанар» деген сөз қолданылатынын еске алып, «су» дегені әрине «мұнай» деп, бір кезде халықтың «тас жанар» дегені тас көмір болып шыққанын еске алады. Бірақ ғылыми сессия шешімі мемлекеттік жоспарға ілінбейді. И.М.Губкиннің сөзі кедергі болса керек.
Шахмардан министр болысымен осы жұмысты қолға алып, геологтардан зерттеуші топ құрып, оларды техникамен жабдықтап, қаржымен қамсыздандырады. Бұл жоспарда жоқ істі бастау, өте жауапты, әрі нәтижесі белгісіз қадам еді. Бұған өте үлкен білім, Сәтбаев пікіріне сенім, жауапкершілікті мойнына алатын азаматтық ерлік қажет болды. Бірақ нәтижесі сәтті аяқталды. «Жетібай», «Жаңа Өзен» мұнай көздері ашылумен әлемге таңылды. Кейінгі жылдары мұнай көзі «Қашаған» ашылды.
Бір топ геологтар мемлекет сыйлықтарын, соның ішінде Шахмардан, тағы басқа геологтар «Лениндік сыйлық» иегері болды. Бұл алдымен өзіне сену, одан соң Сәтбаев ойын жалғастырып, іске асыру еді. Ғылым жолы ауыр екені белгілі. Ол үшін табандылық үлкен сенім, білім, ерлік керек. Қ.И.Сәтбаев Қазақстан металлогенез картасын жасағаны үшін Лениндік сыйлық иегері болса, Шахмардан Сәтбаев пікірін іске асырып, Отанымызға байлық әкелгені үшін лауреат болды. Ғалымдар Шахмарданды Ғылым академиясына академик және президент етіп сайлады (1967-74). Оның алдында ол Министрлер кабинеті басқармасының орынбасар қызметін атқарды.
Шахмардан өндірісте жүрген кезінде Қазақстанда мыс, қорғасын, газ, мұнай кендері бар екенін айтқан болатын. Басқа да еңбектері үшін мемлекеттік сыйлық иегері болған-ды.
Қ.И.Сәтбаевты Қазақстан тарихы да қызықтырды. Жезқазғанда жұмыс істеп жүрген жылдарында «Ер Едіге» атты еңбек жазды. Себебі Ұлытау шыңдарының бірінде «Алтын Орда» қайраткері болған батыр Едіге қабірі жатыр. Сол себеп болған болар. Бірақ 1951 жылы Сәтбаевтың сол еңбегі өзіне саясат тұрғысынан шаншу болып тиді, президенттіктен босатылуына себепкер болды.
Шахмардан Қазақстан Ғылым академиясы президенті болған кезінде алдымен қолға алғаны ел біле бермейтін атақты бабамыз әл-Фараби атын көтеріп, тарихқа ендіруі. Алдымен ол Философия және құқық институты ішінде «әл-Фарабиді зерттеу» бөлімін ашып, оған Академия мүше-корреспонденті А.Ж.Машановты ғылыми қызметкер етіп бекітті. Өйткені, Машанов мамандығы маркшейдер болса да, әл-Фараби еңбегімен шұғылданып жүргені үшін, саясат тұрғысынан қатты сынға алынып жүрген болатын.
Сондай-ақ, әлгі бөлімге араб, Батыс елдері тілін білетін мамандар жинап, әл-Фараби еңбектерін іздестіру міндеттеу нәтижесінде көптеген материалдар жинақталып, Қазақстан Ғылым академиясы арқылы әл-Фарабидің философиялық, логикалық, әлеуметтік-этикалық, жаратылыстық математикалық, музыка трактаттары орыс және қазақ тілінде ең алғаш жеке кітаптар болып жарық көрді. Әл-Фараби портреті жасалды. Зерттеушілерге кең жол ашылды, кітаптар шығарыла бастады, диссертациялар қорғалынды.
Шахмардан КОКП Орталық комитетінде үлкен басшылармен кездесіп, әл-Фараби – Қазақстан тумасы, Отырар қаласында өскен, Түркістан маңы, білім іздеп, Бағдатқа барып, өмірін Иракта өткізіп, Сирияда қайтыс болғанын жеткізген. Оның Аристотельдің 160-тай еңбектерін араб тіліне аударып, оларға түсіндірме жазғанын баяндап, сол үшін әл-Фарабиге грек тілін меңгеру міндеттелді. Сондай атқарған орасан еңбектері арқылы арабтар әл-Фарабиді, Аристотельден кейінгі «екінші ұстаз» атағанын келтіреді. Содан Орталық партия комитетінің әл-Фарабидің 1100 жылдығын Халықаралық ғылыми сессия етіп, Алматыда өткізуге келісімін алады. Сөйтіп, үлкен дайындыққа кіріседі. Сессия 1975 жылы Азия, Африка елдері өкілдері қатысқан үлкен жиын болып, Алматыда өткізіледі. Бірақ Шахмардан ол сессияға қатыса алмады, орнынан түскен болатын. Сессияны өткізген келесі президент Асқар Қонаев болды.
Шахмардан өмірінің соңғы кезінде өзі білім алған оқу орны Қазақ Политехника университетінде «Геологиялық іздестіру және барлау» кафедрасында меңгеруші қызмет атқарып, лекция оқып, жастарды тәрбиеледі. Шахмарданда ашық, жарқын, адамды өзіне тартып, қуаттандыратын Қанекеңдей ерекше қасиет болды.
Шахмардан аты Қанекең Сәтбаев сияқты ел есінде. Сәтбаев ізін жалғастырған үлкен ғалым болды. Қ.И.Сәтбаев аты Қазақ Политехника, кейін Қазақ Ұлттық Техникалық университетіне берілсе, Ақтаудағы Каспий Техникалық университетке Шахмардан Есенов есімі берілді.
Былтыр 70 жылдық юбилейін өткізген Қазақстан Ғылым академиясы тарихында бірін-бірі жалғастырған президент болған геологтар Қ.И.Сәтбаев пен Ш.Есенов есімдерін ел ерекше атайды, себепсіз емес. Екеуі арасында рухани сабақтастық бар. Екеуі де КСРО Жоғары Кеңесіне Қазақ Республикасы Жоғары Кеңесіне депутат болды. Шахмардан Есенов КПСС Орталық комитетіне кандидат болып сайланды. Қаныш Сәтбаев КСРО Ғылым академиясы Президиумына мүше болды.
Шахмардан Есенов Қаныш Сәтбаевтың ғылыми үндес, бірін-бірі жалғастырған шәкірті еді.
Досмұхамед Кішібеков,
ҚР ҰҒА академигі,
Тимур КІШІБЕКОВ, доцент.