Еңлік жыры – операда

0
225 қаралды

Абай атындағы мемлекеттік академиялық Опера және балет театрында Ғазиза Жұбанова­ның «Еңлік–Кебек» операсы сахналанды. 1975 жылдың 24 қаңтарында режиссер Әзірбайжан Мәмбетов пен дирижер Тұрғұт Османов қойған бұл шығарма арада жарты ғасырға жуық уақыт өткенде өз көрерменімен қайта қауышты.

Күрделі де терең тарихи шы­ғар­ма бір топ шығармашылық ұжым: режиссер – ҚР еңбек сіңір­ген қайраткері Ләйлім Иман­ғазина, сценограф – Санкт-Пе­тер­бургтен арнайы шақыртылған су­ретші Сергей Новиков, бас дири­жер – ҚР еңбек сіңірген қай­­­раткері Нұрлан Жарасов, бас хор­мейстер Әлия Темірбекова және жобаның шығармашылық кеңесшісі – ҚР халық  артисі Ғафиз Есімовтердің тікелей атсалысуымен сахналанды
ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Театр» номинациясы бойынша «Платиналы Тарлан» сыйлығы­ның лауреаты, Опера труппасы­ның жетекшісі, спектакльдің ре­жиссері Ләйлім Иманғазина­ның  айтуынша, ком­по­зи­тор Ғазиза Жұбанованың бұл шы­ғар­масы тыңдар­манды қазақ өнері әлеміне үйіріп әке­тетін си­қы­рымен құнды.
– «Еңлік-Кебек»  ең алғаш 1975 жылы қойылған еді. Алай­да, бұл қойылымнан сақта­л­ған киножазба жоқтың қасы деуге болады. Сондықтан осы шығарманы қояр­да бәрін басынан бастадық. Жаңа спектакльде заманауи технологияларды қолдандық, – дейді Л.Иманғазина.
«Қазақ әдебиеті» газетінде 1975 жылы опера туралы жазыл­ған арнайы мақала газет архи­він­де сақтаулы. Басылымның 1975 жыл­ғы №5 санында, «Еңлік-Ке­бек» опера сахнасында» атты ма­­­­қалада композитор Әшірхан Тел­ғозиев шығарма туралы:
«Сөйтіп, атақты «Еңлік-Ке­бек» енді бүгін опера болып сах­наға шықты. Операның  ли­бре­т­то­сын ақын Сағи Жиенбаев жаз­ған. Әу бастан айта кететін бір жай – либреттода М.Әуезов пьесасынан ешқандай ауытқу жоқ. Авторлар «жазған соң жаңалық ендірейік» деген принцип ұстан­баған. Қайта С.Жиенбаев түп­нұс­­қадағы М.Әуезов сөздерін мейлінше либреттоға түсіруге ты­рысқан. Қазақ ССР-інің халық ар­тисі, Қазақ ССР Мемлекеттік сый­лығының лауреаты, компози­тор Ғ.Жұбанованы жұртшылық жақ­сы таниды. Композитор төрт  актілі «Еңлік-Кебек операсын» кемеліне келген шағында қол­­ға алды. …Ең алдымен бізді қуант­­қаны – композитор  Ғ.Жұ­ба­­нова  творчествосының жоғары профессионализмі. Опе­раның терең білімпаздықпен жа­зылған­ды­ғы сезіледі…», – деген екен.
Шығарманың жаңа қойылған нұс­қасының сценографиясын жа­саған суретші Сергей Новиков бас­пасөз мәслихатында шы­ғар­ма­ны сахналау үшін көптеген та­рихи әдебиеттерді оқығанын, со­нымен қатар, архив дерек­тері­м­ен танысқанын да айтып берді. Спектакль суретшісінің айтуынша сахнаны айнала қорша­ған шың-құздар мен сахнаның қақ ортасындағы жартас – махаббат мен сүйіспеншіліктен ада, қараң­ғылық пен өктемдік үстем­дік құр­ған әлем іспетті.
Премьераның алғашқы күні опе­раның шығармашылық құра­мы мынандай болды: Еңлік – Гүлзат Дәуірбаева, Кебек – Айдос Жабағин, Абыз – Есенгелді Рзин, Жапал – Дамир Сәдуақасов, Есен – Дулат Тоқанов, Жәуетай – Азамат Малышов, Кеңгірбай  – Қайрат Өмірбеков, Көбей – Дархан Жолдыбаев, Еспембет – Болат Жомартов, Қараменде – Серік Ауқатов, Симфониялық оркестр, Абай атындағы қазақ мем­лекеттік академиялық опера және балет театрының хоры.
Ғазиза Жұбанованың өзі ке­зін­де бұл опера жайында: «бұл шы­ғармада махаббат пен әлеу­мет­тік теңсіздік тақырыбы қатар кө­терілгендіктен, операның му­зы­касы күрделі», – деп айтқан екен. Осылайша Ғазиза Жұба­но­ва­ның өзі бұл қойылымды оп­ера-симфония деген екен. Бүгінгі көрермені бұл шы­ғар­мадағы хордың ерекшелігіне бай­ланысты опера-оратория деп ба­ғалайды. Себебі, бұл шы­ғар­мадағы хор мен оркестр – дра­ма­тургиялық шие­леністің қоз­ғау­шы күші. Сах­налық шешім Абай атындағы мемлекеттік ака­демиялық Опера және балет театры хорының орын­дауында  нәзік лириканы да, халық қаһарын да, бар­лық сезім толқыныстарын да анық әрі дәл бере алады.


Ләйлім Иманғазина,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері,
«Театр» номинациясы бойынша
«Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты,
Опера труппасының жетекшісі, спектакльдің режиссері

Бұл шығарма – жаңа нұсқа

Біз тек қана өз жұмысымызды жасадық. Ғ.Жұ­ба­нова операсының өзімізге таныс нұсқасын сах­наладық. Шығарма көрерменге ең алғаш жол тарт­қ­ан 1975 жылдан бері қырық жылдан аса уақыт өтті. Тәуел­сіздіктің 25 жылдығында шығарма міндетті түр­де жаңаруы керек еді.
Кез келген елде «Ромео мен Джульеттаның» оқи­ға­сына ұқсас әңгіме бар. Бұл  әңгіменің қай­ғылы бол­ғанына қарамастан Ғазиза Жұбанованың музы­касы сәулелі, шуақты. Операның музыкасы ға­шық­тар кездескен кезде романтикаға толы, Есен мен Кебектің кездесуінде ерлік жырын айтады, дала соты өтіп жатқан уақытта драмаға ұласады, ал ға­шық­тарды жебенің оғына байлайтын тұста өте мұң­ды. Сонда да операның музыкасы бастан-аяқ зарлы емес, ашық, жарқын екенін айта кету керек. Бұл шығармада оркестр палитрасы әр қырлы және кең, сондықтан да опера әншісінің үні оркестрдің бір бөлігі іспетті. Біздің орындаушылар үшін бұл үлкен жауапкершілікті жүктейді.
Бұл – мүлдем жаңа нұсқа. Осы опе­раны қоямыз дегенде бұрынғы қойылымның мате­риал­дарын іздеп, архивтерге барған едім. Алайда, екі-үш видеокөріністі айтпағанның өзінде, спек­такльдің ешқандай да видеонұсқасы сақталмапты. Сон­дықтан бірден өз нұсқамды жасауға көштім. Қуа­нышымызға орай Бибігүл Төлегенованың орын­дауындағы Еңлік партиясының  аудионұсқасы сақ­талған екен. Бұл жазба біздің жұмысымызға ба­ғыт-бағдар берді, себебі ол композитордың тірі ке­зінде жазылған дыбыс, бұл ноталық материалды тал­дауда керек еді.
Әрине, Әзірбайжан Мәмбетов қойған нұсқа ту­ра­лы естігенім көп. Ол опера туралы біздің ал­дың­ғы буын: Ғафиз Есімов, Бибігүл Төлегенова, Қор­лан Қалиламбековалар өте жақсы естеліктер ай­татын.
Бұрынғы қойылымнан өзгешелігі сол, біз опера-ора­торияға акцент беруге тырыстық. Демек, бұл нұсқа хор маңыз­ды роль атқаратын өзіндік жанр деуге болады. Опе­рада ұлттық-тұрмыстық қойылым жоғын бір­ден түсіндім. Тек бір ғана көрініс: Кебекті қорғауды халық талап ететін же­рінде ғана ұлттық-тұрмыс­тық элементі

байқа­лады.
Операда хормен аза жыры орындалады. Яғни біздің қойылымда хор музыкасы­на көп көңіл ­бө­­­л­і­неді. Еңлік-Кебек оқиғасы таудың етегінде өтеді ғой. Міне, біздің хор – оқиға өтетін орын – тау­дың бір бөлігі іспетті. Тау секілді жаңғырады, тау болып күңіренеді, тау болып қаһарланады…

Әзірлеген Қарагөз Серікқызы

Пікір қосу