КЕҢЕСТІ ЖЕРДЕ КЕМДІК ЖОҚ
24.06.2016
2825
0

Руға, жерге бөліну басты дерті болған қазақтың асқынып келе жатқан бітеу жарасы – дінге деген түрлі көзқарасында болып тұр. Діни дүниетанымы о бастан қалыптасқан ата-баба жолынан жеріп, өз Отанының «қайырымды қала тұрғыны» болудан бас тартқандардың қазақ арасында көбейе түсуі – көңілді алаңдатады. Кезінде  «Қазақ» газетінде басылған «Сурат кофеханасындағы» дін таласын бастан кешіп отырған бүгінгі жұрттың әрқайсысы өзімбілемдікке салынып, дін жолын өз бетінше қабылдай бергенінің ақыры неге апарып соғатынын қолындағы қаруын өз бауырына шімірікпей кезенген лаңкестердің лаңынан байқадық. Бұл атауды иеленгендердің және өрімдей жас жігіттер екенін бағамдаған тұста тәуелсіз ел ретінде жүріп өткен жиырма бес жылда тәрбие, әсіресе, діни таным мәселесінде кей қадамымыздың бұрыс болғанын мойындамасқа амалың жоқ. Тұтас ел ретінде діни қауіпсіздігіміздің қай тұсынан жаңылыстық екен деген сұрақтың ең алдымен тіл ұшына оралуы – заңды болар.

Дін, дәстүрлі Ислам мен қазақы діни таным төңірегінде Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлымен сұхбатымызда қазақ арасында алаңкөңіл тудырып отырған сауалдардың бірқатарына жауап алуға тырысқан едік…


муфти маямеровЕржан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни

басқармасының төрағасы,

Бас мүфти


 

– Шығыс халқының ізеттілігі, мейі­рі­мі, білімі кезінде ғұламаларымыздың мі­нездері арқылы байқалатын еді. Ахмет Риза, Науан хазірет, Әппақ  ишан сияқты қай­раткер­лер­дің қатарын толтыратын дін адамдарын Мүф­тият бұл күндері дайындай ала ма?  

– Аса қамқор, ерекше Мейірімді Ал­ла­ның атымен бастаймын!

Егемендік алғанымызға жиырма бес жыл болды. Сіз айтқандай үлкен дін ғұла­ма­ларын тәрбиелеп шығару үшін жиырма бес жыл уақыт дегеніңіз өте аз. Бұл, бірін­ші­ден. Екіншіден, Кеңес Одағы кезінде адам санасына сіңірген бір мінез – дінді, дін­­ге бет бұрған адамды жақын тартпау.Со­­ның салдары болар, тіпті, кейбір аға­ла­ры­мыз түсінбеушіліктен: «Біз тым діндар бо­лып алдық, жастарымыз мешітке баратын болды», – дегендей сөздерді арагідік ай­тып қалады. Кейір адамдарда дінге деген осындай салқын көзқарас бар. Яғни дін адамы қаншалықты ғұлама болып тұр­са да, кезінде оған айтарлықтай көңіл бө­лінбеді. Себебі, Кеңес идеологиясы дін ада­мының сөзіне тоқтар бұрынғы мен­та­ли­тетімізді, болмысымызды өзгертуге ты­рысты. Үшіншіден, Кеңес өкіметі ке­зін­де дін саласын тар қыспаққа алды. Дін жо­лын қуған небір ғұламаларды соттап, өлім жазасына кесті. Діни әдебиеттердің көп­шілігін өртеді. Дін жолына түскен­дер­дің өздерін былай қойып, отбасын, тұқым-тұ­қиянына дейін тоз-тозын шығарды. Жал­ғастық  үзілген буынның орнын бір­ден тол­тыра алмайтынымыз белгілі ғой. Діни ілім қазақ топырағында Кеңес билігі ке­зін­де біржолата тоқырады. Бұл уақытта ата-әжелеріміз дін амалдарын ғана сақтап қал­ды. Ақсақалдарымыздың, әжелері­міз­дің кейбірі бес уақыт намазын оқып, арасында оразасын ұстап жүрді. Бірақ діни ғы­лым, ілімді ешкім дамытпады. Тамырын тереңнен тартқан, дәстүрлі медреселер жаппай жабылды. Ахмет Риза, Науан ха­зірет сияқты ірі дін ғалымдарының әлі де шықпай жатқанының келесі бір себебі де – осы. Өзіңіз білесіз, Науан хазірет өз за­­­манында қоғамдық жұмыспен де ай­на­лыс­қан адам. Яғни дін мәселесінде ғана емес, өзге де қоғамдық-саяси тақырыптарда да өз пікірін ашық білдірген жан. Науан ха­зірет Көкшетау өңірінде халыққа ағарту жұ­мысын жүргізді, халықты бірлікке ша­қырды. Шоқындыру саясаты жүргенде қар­сы шығып, тоқтатқан адамның бірі.

Қазір, Құдайға шүкір, тоғыз медресеміз, екі қарилар дайындайтын мектебіміз, имам­дардың институты, «Нұр-Мүбарак» уни­верситеті бар. Бұрынғымен салыс­тыр­ған­да әлдеқайда мықты ғалымдарымыз шы­ғып келеді. «Нұр-Мүбарак» уни­вер­си­те­тінің докторантурасын бітіргендер док­тор­лығын қорғап, дін ғалымдарының қа­тарын көбейтіп жатыр. Білікті, білімді, теолог профессорларымыз да бар. Және қа­зақтың қари балаларын тәрбиеледік. Осы­дан он-он бес жыл бұрын тарауих намазы үшін Мысырдан, Түркиядан қарилар ал­дыртатын едік. Құдайға шүкір, бүгін та­рауих намазы үшін шетелдерден қарилар ал­дыруға зәру емеспіз. Қазақстандағы қа­рилар саны 300-ден асты. Бұл да жиырма бес жылдағы жеткен жетістігіміз деуге бо­лады.

Имам тек мешіттің ішінде отыра бермей, елді бірлікке, татулыққа шақыратын тұл­ға екенін халық бірте-бірте мойындап ке­леді. Имамдар жақсылықта да, жаман­дық­та да халықтың арасында жүретінін елі­міз ақырындап түсініп келеді.

Ал өзіңіз айтқандай, үлкен дін ғұ­ла­ма­ла­рын тәрбиелеп шығару үшін бізге әлі бі­раз уақыт керек.

– Науан хазірет болсын, басқа дін ғұла­ма­лары бар – уақытында қоғаммен етене ара­ласқанын өзіңіз де айттыңыз, тарихи де­ректер де соны дәлелдейді. Қазіргі біздің жас имамдар қоғаммен араласуға дайын деп ойлайсыз ба?

– Имам-молдалардың білімін ұдайы же­тілдіріп отыру – біздің басты наза­ры­мыз­да. Өйткені, бүгінгі дін қызметкері заманның ағысынан, уақыттың талаптарынан әсте қалыс қалмауы тиіс. Уақытпен үндесіп, үнемі өздерін дамытып, жетіл­діріп, діни һәм зайырлы біліммен сусындап отыруды талап етеміз. Екі жылдың көлемінде имамдарымыздың 80 пайызын қайта аттестациядан өткізіп, білім дең­гейін анықтадық. 2015 жылы Елордамыз Астанада өткен І республикалық имамдар форумында «Бүгінгі имамның келбеті», «Дін қызметкерінің этикасы» атты тарихи құжат қабылдадық. Бұл құжаттардың мақ­саты – ХХІ ғасырға лайық имамдар то­бын дайындау. Қоғамда дін қызметкерінің беделі мен ықпалын арттыру. «ХХІ ғасыр имамы» деген жоба аясында жер-жерлерде дін қызметкерлері арасында интеллектуалды сайыстар ұйымдастырылды. «Қазіргі заманның үздік 500 ағартушы имамы» ат­ты жобаны да қолға алдық. Мақсатымыз – имамдардың қазіргі қабілеті мен білімін одан әрі дамыту, үздік ағартушы дін қыз­мет­керлерін игі жұмыстарға жұмылдыру.

Имамдар халықты сөзімен де ұйыта білуі үшін Имамдарды дайындайтын инс­тит­утта діни пәндермен қоса, «шешендік өнер» пәнін енгізіп, қазақ ақын-жырау­ла­рының өлеңдерін жаттап жүрсін деген тап­сырма беріп жатырмыз. Оған қоса, кейін­гі уақытта қайырымдылық шараларын көбірек ұйымдастырып, Құрбан айт, Ораза айттарда мешіттің айналасында қа­зақ үйін тігіп, қазақтың ұлттық ойындарын ойнатамыз. Жалпы, осындай ағарту-сауық­тық шаралардың барлығы да имам­­­дардың халықпен етене араласуына мүм­кіндік жасайды деген ойдамыз. Ха­лық­пен араласа алған имам ұлттың қоғам­дық өмірінен де сырт қалмақ емес.

– Қазақ ұғымында қазақ қаламгерлері қа­ламындағы молда бейнесі әрқилы. Сіз айт­қандай, олардың бейнесі, бәлкім, солай болуына Кеңес өкіметі кезіндегі идеология әсер еткен шығар. Десек те, қазір қоғам өз­гер­ді емес пе? Ал қазақтың өткеніндегі мол­да бейнесінің қандай болғанын елеп-екшей аламыз ба?

– Қай қоғамда болсын, қазақ молдалары, дін білгірлері ел ішінде үлкен беделге ие болды. Кешегі қазақ даласында өткен ишан­дар, ахундар, дін ғұламалары халық­ты ізгілікке бастауда үлкен роль атқарды. Қа­зақ хандарының кеңесшісі болған ке­шегі Бұқар, Үмбетей жыраулар шариғат негізінде ақыл-кеңестерін айтып, жұртты имандылыққа, бірлікке ұйытты. Имам-мол­далар қоғамдық іс-шаралар мен жұ­мыс­тарда, ел басқаруда өте белсенді болды. Өкімет дін адамының осындай ық­па­лынан қорықты.

Есіңізде болса, Кеңес өкіметі тұсында цен­зура бар еді. Басқаны былай қойғанның өзінде, «Абай жолы» эпопеясы қаншама сүз­гі, електен өтіп барып, оқырман назары­на ұсынылған. Бұл цензура, әсіресе, қа­зақ­тың діни дүниетанымы туралы әңгімелерге жаны қас болғанын айтып жату артық шы­ғар. Сол тұстағы қазақтың барлық қа­лам­гері де «заманына қарай тазы боп шалды». Сондықтан дін адамын қайраткер ре­тінде көрсете алмады. Сол кездегі жазу­шы­ларымыз имамдарды, дінімізді «бас­қаша» қырынан көрсету­лерінің бір сыры осы деп ойлаймын.

– Бүгінгі заман басқа ғой. Молдалардың қа­зіргі бейнесін әдебиетте қалыптастыру үшін ақын-жазушылармен ынтымақтасу мә­селесін ойластыра алдыңыздар ма?

– Имамның тұлғасы туралы айтқанда, дін адамының кезінде қазақ әдебиетінің дамуына айрықша үлес қосқанын, әлі де қо­сып жатқанын сөз етуіміз керек деп ой­лай­мын. Алаш ардақтысы Ахаң, Ахмет Бай­тұрсынұлы бір сөзінде былай деген екен: «Қазақтың өлеңді сөзді сүйетін мі­не­зін біліп, дінді халыққа молдалар өлең­мен үйреткен. Дін шарттарын, шариғат бұй­рықтарын өлеңді хикая, өлеңді әңгіме түрінде айтып, халықтың құлағына сіңі­ріп, көңілдеріне қондырған».

Молдалар дінді көркем сөзбен үгіт­теген. Себебі, өлең сөз арқылы кірген иман кө­кейде жатталып, жүректе ұзақ сақта­ла­тын еді.

Әрине, біздің заманымыздың имамы­ның, молдасының бейнесін бүгінгі әде­биет­тен көргіміз келеді. Ақын болсын, жазу­шы болсын, олардың әрқайсысының өз әлемі бар. Олар қаламдарына қуат берген тылсым күшті – Хақты мойындайды. Бү­г­інгінің ақыны, не жазушысы дін тақы­ры­бына қалам тербегісі келсе, дінді қара­ла­майтынын білеміз. Себебі, жаны нәзік, се­зімтал қауым Құдай барын өздері де се­зеді.

Діни басқарма қаламгер қауыммен ете­не араласып, игі жобаларды жүзеге асы­рып келеді. Өзім ақын-жазушы ағалары­м­мен жиі жүздесіп, дөңгелек үстел басында ақыл-кеңестерін алып отырамыз. Біз  дінге үлес қосып, имандылық жолында ерекше еңбек етіп жүрген қаламгерлерге, өнер адам­дарына қажылыққа тегін жолдама беріп отырамыз. Мақсатымыз – қоғамда ықпалы бар тұлғалар арқылы асыл діні­мізді кеңінен насихаттау. Ақындар арасында мүшәйра ұйымдастыру – біздің жыл сайынғы дәстүрлі шарамызға айналған.

– Сұрақты нақтырақ қойсам деймін.
ХХ ғасыр басындағы әдебиеттің көпші­лі­гін­де «әліпбиді» оқытқан бірінде қатал, ке­ле­сі­сінде білімді, кейбірінде дүмше мол­да бей­не­лері көз алдымызға елестейді. Бү­гінгі әде­­би көркем шығармаларда, ки­но­да өз заманымыздың молдасының бей­несі ашыл­ған деп айта аласыз ба?

– Дәл бүгінгі әдеби шығармаларда мол­да бейнесі толық ашылды деп айта ал­маймын. Бізді қуантатыны – баяғыдай дін­ді жамандау, молданы қаралау сипаты жоқ. Жас ақын-жазушылардан үміт кү­те­міз. Өйткені, олар жаңа толқын. Менің жаз­ғаным біреуге ұнамай қалады-ау деп жо­ғарыға жалтаңдамайтын, қорықса Құ­дайдан ғана қорқатын, сөзге берген сер­тінен айнымайтын жастарға сенеміз. Жазушыларымыз, ақындарымыз ел арасына дін таратып жүрген имамның бейнесін халыққа шынайы жеткізсе дегіміз келеді. Өйткені, имамның бейнесі халыққа әдебиет арқылы жетсе, имам мен халықтың арасы бұрынғыдан да жақындай түсеріне сеніміміз мол.

– Уағыздарында қазақтың ұлттық мүд­десін, тәуелсіздігін ескере бермейтін, есесіне шариғатты ғана ұстану керегін әркез айтып қалатын дін өкілдері туралы не айтасыз?

– Дін жолына шынымен бет бұрған адам егемендігіміз бен тәуелсіздігімізді құр­меттеуі керек. Неге десеңіз, діни еркін­дік­ке тәуелсіздігіміз арқылы жеттік.  Кеңес уағында елімізде алпыс сегіз-ақ мешіт бол­ды. Дербес діни басқармамыз да жоқ еді, Өз­бекстандағы Мұсылмандар одағына қа­рай­тынбыз. Бүгінгі таңда елімізде 2500-ден аса мешітіміз, дербес Діни басқармамыз бар. Сондықтан тәуелсіздікпен бірге келген діни еркіндігімізді бағалайтын әрбір мұсылман бірінші кезекте егемендігімізге де үлкен құрметпен қарауы тиіс.

Халық нақылында: «Отан қадіріне жет­пеген өз қадіріне жетпейді», – деген да­­­налық ой қалған.

Аллаға сансыз шүкір, Отанымыз бар. Жа­ратушы Иеміздің берген сыйын, Тәуелсіздіктің қадірін түсіне білуіміз қажет. Асыл­ ді­німіз Исламда бес нәрсені: Отаныңды, дініңді, ұятыңды, жаныңды, дүниең­ді­ қызғыштай қорғау – салиқалы һә­м сауап­ты амал, ізгі іс екенін айтады.

– Осы күні дін ұстану мен дәстүр ұс­та­ну­­дың аражігі ажырап кеткендей. Қазақы дү­ниетаным – Ислам құндылықтарына әуел­ден қайшы емес еді. Ендеше, дінде  жүр­ген кейбір жастардың дәстүрді мойын­да­мауы­ның себебі неде?

– 2013 жылы «Дін мен дәстүр» деген кі­тап шығардық. Қазақтың салт-дәс­түр­ле­рінің барлығының шариғат бойынша құп­тарлық іс екенін хадистермен дәлелдеп көр­сеттік. Ата-бабамыздың салт-дәстүрі ша­риғатта да бар екен ғой деп қатты қуан­ғандар көп болды. Біздің дін мен дәстүр біте қайнасып, бірігіп кеткен. Кеңес өкі­меті дінге тыйым салғанымен, көпшілік дін­нің амалдарын ұлттық дәстүріміз ре­тінде ұстанып қалған. Бұл дәстүріміз деп дінді өлтірмей бүгінгі күнге жеткізген. Сон­дықтан шариғатымыз бен дәстүрімізді бөле-жара қарауға болмайды. «Дін мен дәс­түр» кітабына адамның дүниеге келуі­нен өмірден өткеніне дейінгі салттары­мыз­дың бәрін енгіздік. Мәселен, тұсау­кесер – шариғатта мақұлданатын амал. Ол дұ­ғаның бір түрі. Әдетте тұсауды кімге кес­­ті­реміз – беделді, кемеңгер адамды таң­дай­мыз. Бұл – бала болашақта сол адамға ұқ­саса екен дейтін амали дұға, ол шариғатқа қай­шы емес. Біз шын мұсыл­манды мынау – діндар, мынау – дәстүршіл деп бөлмей­міз. Дінімізді дәстүрлі дін деп айтатынымыз да сондықтан.

«Біздің ата-бабамыз дінді білмеген. Дін біз­ге 1990 жылдары келген» дегенді айта­тын­­дар да бар. Олар дәстүрлі дінімізді мойын­дамайтын, басқа ағымда жүргендер. Бұлар қазақтың беташарын харам дейді. Келіннің ата-енесіне сәлем салуын құпта­майды. Шынтуайтына келсек, салт-дәстүр деген тәрбие ғой. Ал Ислам қоғамды тәр­биелеу үшін келген дін. Келін түскен сәт­тен кімді сыйлау керек – беташарда тәлім ре­тінде айтады. Сәлем салу – үлгенге құр­мет, кішіге – ізеттің бір түрі. Қазақтың отба­сы институты осындай салт-дәстүр, жөн-жоралғыларды сақта­ғандығынан ғана аман сақталған. Біздің оны «дінге қайшы, ұстанымға жат» деп айтуға қақымыз жоқ. Қай­талап айтайын, дәстүр – шариғатқа қай­шы емес. Қайшы дейтіндер дәстүрлі дін­ді түсінбейтіндер. Әрине,  дәстүрдің озы­ғы бар, тозығы бар. Ол – басқа әңгі­ме.

– Бүгінгі молдалар, дін адамдары қазақ­тың құнарлы тілін біледі, игерген деп айта аласыз ба? Олай дейтініміз, араб, парсы, т.б. Шы­ғыс тілдерінен аударылған діни кітап­тардың тілі, мазмұны кейде көңілімізден шық­пай жатады. Мүфтият кітаптарды діни са­рап­тамадан өткізетінін естиміз, ол кітап­тардағы қазақ тілі нормалары сақтала ма?

– Кейбір қазақша жазылған кітаптарда ол­қылықтар орын алған шығар. Көш жүре тү­зеледі. Бізде арнайы сараптама орталығы бар. Онда өзіміздің университеттерімізде қа­зақ тілі мен әдебиеті факультетін бітір­ген теолог мамандарымыз жұмыс істейді. Мүф­тияттан шығатын кітаптардың мәті­нін сол екі маман арнайы тексеріп отырады.

– Осыдан екі жыл бұрын «Қазақ әде­бие­тінде» «туылды» деген сөзге қатысты Бекбо­лат Әдетовтің сыни пікірі жарияланды. Кү­ні кеше ғана «Жас Алаш» газеті де Мұх­тар Мағауиннің көлемді мақаласында «туыл­­ды» деген сөзге қатысты арнайы пікірі бе­рілді. Яғни қазақта «туылды» деген сөз жоқ. Құранда Аллаға қатысты «Ол туылмады да тумады» деген сөз бар. Дәл осы сөзді Ыбырай Алтынсарин «Ол ешкімнен туған жоқ, Оны ешкім тумады» деп аударған екен. Бұл біз көрсеткен бір ғана сөзге байланысты пікір. Құранның өзін таза қазақша нормада қайтадан аудару мәселесі қолға алынып жа­тыр ма?

– Құранды жақында ғана қайта аударып шықтық. Оның бірі – ҚМДБ-ның Уа­ғыз-насихат бөлімінің басшысы, ғылым док­торы Ершат Оңғаров деген азамат. Екін­­­­шісі – әл-Азһар университетінің араб факультетін және Қызылорда Педагогика­лық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітірген Сәбит Ибадуллаев.

Сіз айтқан мәселені әлі де жетілдіреміз. Біз Құранды аударғанда ондағы сөздердің ша­риғаттағы мағынасы өзгермеуіне көп көңіл бөлеміз.

– Қазақтың арғы-бергі тарихына көз жі­­­­берсеңіз, сөзге серт берген жандардың көбі Құдай жолын, имандылықты насихат­тағаны бел­гілі. Алайда, бүгінгі күні ата-баба жолынан жеріп, өз нанымдарында жаңа мемлекет – Ислам халифатын құрамыз деген сағымға еріп, сыртқа кетіп жатқан жастарымыздың са­насын улаған кімдер? Біз оларды тәр­бие­леуде, әсіресе, діни сауатын ашуда қай тұстан қателестік?

– Егемендік алған кезде елімізде ме­шіт­тер салына бастады. Адамдар ме­шіт­терге барып, намазы мен Құранын оқып жү­ре береді деп ойладық. Жастар мешіт­тер­ге барып, тек намаз, Құран оқуды ғана мі­се тұтпайтын дәрежеге жетті. Олар өз­дерін мазалаған көптеген діни сауалдардың жауабын білгісі келді. Сөйтті де, діни оқу орындарын іздеп, Араб елдеріне кетті. Ол жақ­тан үйренгендерін Қазақстанға алып кел­ді. Сөйтті де, Қазақстанға оралып, ба­ла­ларды өз білгенінше оқыта бастады. Жастардың, жасөспірімдердің діни бағыт-бағдарын басқа арнаға бұрып жатырсыңдар, мұ­ныңа тыйым саламыз демедік. Себебі, ар­найы заң жоқ еді. Ал шет елдің діни әде­биетімен мұздай қаруланғандар үй-үй­ден шағын медреселер ашып алып, жас­тарды радикалды идеяға елітті. Нағыз заң – Құранда. Мемлекеттің заңына бағын-
саң – ширк деді. Бұлар, Дін туралы заң қа­был­данған 2011 жылға дейін осылай емін-ер­кін көсілді.

Ал қазір жастарымыздың радикалды дін­нің жетегінде кеткенінің себебін із­де­ген тұста оған имамдар кінәлі дей сала­ды. Бұл имамның ғана жұмысы емес. Біз ра­дикалды топтарға заң жүзінде тыйым са­лып, имамдардың жұмыс жасауына жағдай жа­сауымыз керек.

– Жастар имамның айтқанынан гөрі радикалды топтардың көсеміне бас шұл­ғи­тын­­дай ол топтардың уағызының қандай ар­тықшылығы бар?

– Жастарды өзіңіз білесіз, не нәрседен де ерекшеленіп тұрғысы келеді. Не нәрсені де жаңаша, өздігінше жасағысы келіп тұ­ра­ды. Міне, сондай жастарға, мынау сенің өз жолың дегенді көрсетіп бере қояды. На­мазды көпшілік былай оқыса, сен оқи­тын дұрыс намаз – мынау деп, дәстүрлі дін­нен алшақтата бастайды. Біртіндеп ке­ле, Құраннан артық қандай заң бар дейсің де­генді тағы айтып, мемлекеттен оқшау­лайды. Адамдар арасын­дағы мейірім, із­гі­лік деген не – бастысы Ал­ланың мейі­рі­мі­не бөленсең болды деп қоғамнан да бө­лек­тей түседі. Ақылдан бұрын сезімі алға шығып тұратын жастар түптің түбінде арбауға қалай түс­кенін білмей де қалады.

– Жастардың бетін бері қаратуға ҚМДБ тарапынан қандай ұмтылыс бар, оның дәлелі мынау деп айта аласыз ба?

– Ондай топтардың жетегінде кеткен жас­тармен жеке-жеке кездесеміз. Былтыр 500-ден астам адам райынан қайтты. Аты-жөндері, телефондарына дейін көрсетіп, «біздің бағыт дұрыс емес екен» деді.

Қазір түрмеде отырғандарға да үгіт-на­сихат жүргізетін арнайы имамдар тобын жасақтадық.

Жалпы, жастарды теріс ағымға елік­тіретіндерді де жауапкершілікке тартатын арнайы бап енгізетін Заң керек, ешкім жауапқа тартылмайтын болса, олардың жұ­мысына да ешкім тыйым сала алмайды ғой. Кейбір өңірлерде имамдар өзінің ау­дан­дарында қай жерде, қай адам теріс үгіт жүргізіп жатқанын біледі. Тиісті жерге хабарлайды. Олардың қолында заң жоқ бол­ғаннан кейін ешкімді жазаға тарта ал­майды.

– Қазір қоғамда заң жүзінде салафизмге тыйым салу керек деген пікір айтылуда…

– Қазақстанда дәстүрлі дін – Ислам, Әбу Ханифа мәзһабы, Матуриди ақидасы. Мі­не, біз осыны ұстануымыз керек. Осыны ұстанбаса – радикалды немесе жат ағым болып есептелуі тиіс.

Бұл заң дінді тыймайды. Дінді құбы­жық етіп көрсетіп жатқан адамдарды тияды.

Міне, осындай шараларды біртіндеп қол­ға алсақ, ол ағымдар да тоқтар еді. Мы­салы, осыдан бірнеше жыл бұрын «Таблиғ жа­мағат»-қа қарсы заң шықты. Олар бір­ден тыйылды. Әйтпегенде, мешіттерде ер­теден кешке дейін дөңгеленіп алып, имам­­ның айтқанын тыңдамай, құлақ­тарына құ­лаққаптарын киіп алып, өз ұс­таздары­ның айтқанын тыңдап отыратын. Ме­шіт­тен шығарып жіберсең – біраз уа­қыттан соң қайта жиналып алады. Солар туралы заң қалай шықты, өздері жоқ болды. Имам­ның міндеті – халықпен етене жұ­мыс істеу. Біздің міндетіміз – мешітке кел­ген адамды имандылыққа, сабырға, мейі­рімге, ізгілікке, бауырмалдыққа ша­қыру. Жастар некесіз қалмауы керек, жаназа шығарылмай қалмауы керек.

– Ақтөбедегі діни радикалдардың бас көтеруі бірінші рет емес. Ол жақтағы діни көңіл-күйдің әр алуандылығына кім жауапты? Күні кеше лаңкестік деп ат берген жағ­дайға «жауапты» делінген діни радикалд­ар­дың жас шамасына қарасаңыз, барлығының дерлік өрімдей жас екенін бағамдайсыз. Жастық қызық қуып, жар сүйіп, өмірдің ең шуақты сәттерін бастан өткеруі тиіс жасында бәрінен баз кешіп, бейбіт күнде қолдарына қару алғызған не күш, нендей насихат? Біз жастарымызды діни бағытта тәрбиелеуде қай тұстан кем түстік?

– Радикалды топтар әдебиеттерінің бар­лығы – Алла жолында өзін шейіт қылу жайында. Алла жолында шейіт бол­ған­дар­ды о дүниеде Хор қыздары күтеді. Ал бұл дүние шайтани дүние, шайтанның заңы үстем­дік ететін мемлекетте өмір сүрудің қа­жеттілігі жоқ. Радикалды топтардың әде­биетінде Отанды, ата-ананы, баланы, әйел­ді сүю, құрметтеу туралы ләм-мим де­мейді. Балаңа дұрыс тәрбие берсең, Алла Тағала о дүниеде басыңа тәж кигізетіні ту­ралы айтылмайды. Олар мына дүниені лас дүние дейді. Осындай жайттар қайта­ла­нып айтыла бергеннен соң, жастар бұл идея­ға тез сенеді. Жас адам мына өмір мен вир­туалды өмірді ажырата алмай қалады. Олар өздері жасап алған о дүниеге ойша ке­тіп қалады. Осындай бағытта теріс тәр­бие беріп, жастарды екі-үш айда лаңкеске ай­налдыра салуға болады.

– Нақты өзіміз «лаңкес» деп ат берген жас­тар туралы айтып өтсек. Сіз білесіз бе, әлеуметтік  желілерде кейбіреулер Ақтөбе­дегі жігіттердің террорист екеніне сенбейді. Бас­қа елдің лаңкестері адамдарды атады, ке­піл­ге алады, өзінің талап-тілегін қояды. Біз­дің лаңкес дегендер жалғыз қарумен өлім­ге еш мақсатсыз ұмтылады. Демек, олар тер­рорист болмауы да мүмкін деген де пікір бар. Бұл ой қаншалықты қауіпті?

– Жалпы, қолына бейбіт күнде қару алып, бейбіт адамды мақсатсыз болсын, мақ­сатпен болсын, қандай да бір талап-ті­лек­сіз болсын, талап-тілекпен болсын өл­тіру – мұсылманға тән қылық емес. Олар­ды ештеңемен ақтай алмайсыз. Оны бө­ліп-жарудың қажеті жоқ, олар – лаң­кестер. Мүмкін жас болғандықтан, көбінің мақсаты жоқ шығар. Бейбіт адамды өлтіру – харам екені Құранда айтылған. Олар адамдар арасындағы мейірімге сенбейді, ізгілік­ке ұмтылмайды. Сөйте тұра шейіт болып, жәннаттық болуды аңсайды. Бұл ауытқу емес деп кім айта алады?

– Сіз айтып жатқан жастар өздерін радикалды діни ағымның жетегінде  жүрміз деп ойламауы да мүмкін ғой?

– Олардың олай ойламайтыны анық. Ұста­нып жүрген бағыты радикалды екені санасына жетсе ол жолды тастап кетпей ме? Жаңа радикалды ағымдарға тыйым са­латын заң керек дегенді айтқанда, ол ағым­ға жастарды тартатын идео­лог­тарды қатаң жазаға тарту туралы да қосып кет­кім келеді. Бұл заң жастары­мыздың са­насын кім көрінген уламауы үшін де ке­рек.

– Ресей патриархы Кириллдің айтқан­да­рына құлақ түрсеңіз, уағызын орыс жазу­шыларының шығармаларымен «тұздықтап» отырады. Бір сөзінде: «Балалар кітапты аз оқи түсуде» деген алаң көңілін де айтты. Біз­дің имам-молдалар балалардың кітап оқуына ықпал ете ала ма? Олар өз сөздерінде қазақ ақын-жазушыларының ғибратты сөздерінен мысал келтіре ме?  

– Қазір біз имамдарымызға талап қой­дық. Олар айтар уағыздың ішінде міндетті түрде қазақ ақын-жазушыларының шы­ғармаларынан, ғибратты сөздерінен мысал келтірілсін дедік. Жыл сайын уағыз кітап­тары жарық көреді. Сол кітаптарда жырау­лар поэзиясының өкілдері, Алтын Орда дәуірі әдебиеті, Қазақ хандығы дәуірінің қай­раткерлері, Абайдан бері, Алаш қай­рат­керлерімен жалғасып, бүгінгі қалам­гер­лерімізге дейінгі шығармалардың ішін­де­гі  ата-ана, Отан, отбасындағы береке, татулық, достық, бауырмалдық, мейі­рім, т.б. ізгі қасиеттерді ту еткен шығарма­лар­дан мысалдар келтіріп жүрміз. Ата­­­ларымыз дін­ді бізден жақсы білген. Осыны жастарға сіңіру керек. Имамның уағызында қазақ қаламгерінің қандай да бір шығармасынан мысал келтірілсе, оны тыңдаған бала да, сол шығарманы толық оқып шығуға ұм­тыл­май ма?

Біз кеше ғана мұсылман болған ел емес­піз. Біз дін мен дәстүрін ардақтаған, сал­тын сақтай білген жоралы жұртпыз. Қа­зақ хандығы Алтын Ордадан бөлініп шық­қан кезде діні мен дәстүріне берік мем­лекет ретінде өз іргесін қалады. Осы ке­зеңде дін мен дәстүр өзара үйлесім тапты. Халқымыздың тұрмыс-тіршілігі ша­риғат аясында орындалып, дәстүрлі Ислам жолы қалыптасты. Ел басқару, қазылық жасау қызметтерінен бастап, күнделікті іс­терде де шариғат үкімдері басты назарға алы­нып отырды. Әбу Ханифа жолын ұстан­ған бабаларымыздың өмірі бізге қа­шан да өнегелі.

Қазақстан Мұсылмандары діни бас­қар­масы өз қызметі аясында 2016 жылды «Дін және тарих тағылымы» деп жариялады. Осынау игі бастама аясында ата-бабамыз­дан қалған асыл жауһарларды қайта жа­рыққа шығарудың орайлы сәті, мол мүм­кін­дігі туды. Әлем кітапхана­лары­ның си­рек қорларында шаң басып жатқан ескі кі­таптарды жарыққа шығарып, ха­лықтың игі­лігіне ұсыну – бүгінгі ұрпақтың абы­рой­лы міндеті деп санаймын. Осындай ізгі ниеттің нәтижесінде Діни басқарманың ғалымдары «Дәстүрлі Ислам жауһарлары» атты кітап дайындады. Алматыда ғалым­дардың, ақын-жазушылардың қатысуымен тұсауын кестік.

Ата-бабаларымыздың шығар­ма­ларын­дағы діни көзқарастарды осы кітапқа жа­рия­ладық. Олардың айтқандарының көбі Қа­зақстанда сақталмаған, Өзбекстан мен Татарстаннан арнайы алдырттық. Біз мұн­дай үгіт-насихат жұмыстарын көптеп шы­ғару үшін өз баспамыз болуы керек.

Біз кітаптарымызды сатпаймыз. Тегін та­ратамыз. Дін – үлкен идеология болған­дық­тан қолдан келгеннің бәрін істегіміз ке­леді. Біз дін жайында ізденіп, кітаптар шы­ғарып берейік, онымызға бір тиын ақы да дәметпейміз, бәрі де Алла ризалығы үшін. Сізге бір нәрсені анық айта аламын, елі­міздегі діни ахуалдың тамырына қан жү­гіруі үшін Діни басқарма бар күшін сар­қып жұмыс істеп жатыр.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Қарагөз СІМӘДІЛ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір