АТАЛАР МИРАСЫНЫҢ ШЫРАҚШЫСЫ
30.10.2015
1990
0

183735_1106545310_____________________-2

Әуел баста сөз болған деп киелі кітапта бекер жазылмаған. Қасиетті кітапта сөз бен рух тең дағуада. Қазақ жұрты да сөзді қадірлеген, қасиет тұтқан, «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп есті сөзге еркіндік берген, сөз өнерін барша өнердің бастауы, нәрлі уызы деп ұққан. Ұрпақтан ұрпаққа ұласқан бай  мұрасын бабаларымыз асыл сөз арқылы артына аманат еткен. Елбасының бастамасымен «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көрген «Бабалар сөзі» жүзтомдығы  Қазақ елінің «аузынан меруерт-маржан сауылдаған» асқан жыршы, төкпе ақын екенін әлем алдында дәлелдей алды. Адамзат мәдениетінің алтын қорына арналы ағыс боп қосылған азат Қазақстанның бұл толағай табысы  Қазақ жұртының ұлы Тұранның  қара шаңырағына еге боп, қара ошағының отын маздатып отырған текті ұрпақ екенін  тағы да бір көрсетіп тұр деуге болады.


Дархан Қыдырәлі,
Халықаралық Түркі академиясының президенті,
тарих ғылымдарының докторы

Бабалар сөзі, бабалар үні, бабалар салты ұлт­тық бойтұмар қызметін атқарып, талай тар жол, тайғақ кешулерде алаш баласының ар-намысын қайрап келді. Батыр Бауыржан Момышұлы майдан даласында жаңбырша жауған оққа кеудесін төсеп жүрген сын сағаттарда Қазақстанның билік басындағы қайраткерлеріне халқымыздың қаһармандық  жырлары мен ерлікке толы шежірелі тарихын баспадан мол етіп жарыққа шығару қажеттігін дәлелдеп, үшбу хат жолдауы ұлт мә­де­ние­тіне нағыз жанашырлықтың белгісі еді.
Кешегі Алаштың жағып кеткен алау шырағын замана дауылдарында өшіріп алмай ұрпаққа «Абай жолын» темірқазық еткен ұлы Мұхтар Әуезов болды. Елін сүйген ерлердің арқасында қазақ халқының қазыналы рух көші ғасырлардан ғасыр­ларға ұласа алды. Жауһар қазына тиеген тоғанақ­ты көштің керуен басылары Ш.Уәлиханов, М.Кө­пей, А.Байтұрсынұлы, М.Әуезов, С.Сейфуллин, Ә.Мар­­ғұлан, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, т.с.с. қа­дау-қадау зиялылар еді.
Осы дүбірлі көштің шаңдақ жолына ботадай кезінен ерген Сейіт Қасқабасов бүгінгі күні аталардан қалған сүрлеу-соқпақты алға жылжытып, ұлы көштің жез бұйдалы, күміс қоңыраулы ақбас нарына өзі де айналды деуге әбден болады.
Бұл сөзімізге академик С.Қасқабасовтың жетекшілігімен жарық көрген, әлем халықтарында баламасы жоқ, теңдессіз еңбек – «Бабалар сөзі» жүзтомдығы куә! Бұған С.Қасқабасовтың қазақ ертектану ілімінің негізін қалауға іргетас болған, сол кезеңде Кеңес Одағында бұл саладағы 5 үздік кітаптың бірі деп бағаланған «Казақ қиял-ғажайып ертегісі» (1972) деген монографиялық құнды еңбегі айғақ! Бұған қазақ халық шығармасындағы қара сөз үлгілерінің жанрлық жүйесін маржандай сүзген, меруерттей тізген «Қазақтың халық прозасы» деген шоқтықты туындысы дәлел. Бұған әр жылдары баспадан шыққан «Родники искусства» (1986), «Казахская несказочная проза» (1990), «Колыбель искусства» (1992), «Абай және фольклор» (1995), «Золотая жила» (2000), «Жаназық» (2002), «Елзерде» (2008), «Ойөріс» (2009) секілді ірі зерттеулер шоғыры тағы да айқын мысал.
Расында С.Қасқабасовтың осынау іргелі ең­бек­терін бағамдап, барлап қарасақ, оның ешкім­нің төзімі жетіп, тісі бата бермейтін небір қиын, күрделі де күдірлі саланы біліктілікпен меңгерген кәсіби ғалым екенін бірден байқаймыз.
Адалын айтсақ, күні кеше ғана қазақ фолькло­ры­ның оқырманға жетпеген қаншама үлгілері шаң басқан архивтердің түкпірі мен сарғайған көне қолжазбаларда жатты емес пе? Қаншамасы қы­зыл саясаттың кесірінен бұрмаланып-жұлмаланып, қиянатпен запа шегіп, оқырманға қырқылып-жыр­тылып жетті десеңізші?! Түркі жұртының батырлық рухының сом ескерткіші болған қаншама эпостарымыз, діни дастан-қиссаларымыз Совет үкіметі­нің кесірлі қаулы-қарарымен тыйым салынып, қа­пасқа қамалып, жойылып келді. Қаншама түр­ко­лог ғалымдарымыз осы мұраны зерттеу, сақтау, ақ­тау үшін жазықсыз құрбан болды, нақақ қуғын-сүр­гінге ұшырады. Қазақ фольклорын зерттеу жолында арғы қанды қасап 1937 жылды айтпа­ған­да, бертінге шейін басқа тоқпақ, тілге қақпақ са­лынып келді емес пе?! 1944 жылы қызу майдан жүріп жатқан тұстың өзінде мәскеулік қызыл режим Татар обкомын сынға алып, «Едіге батыр» эпосына қарсы «соғыс» жариялады.
1947 жылы 21 қаңтарда Қазақстан Комму­нис­тік партиясының «Қазақ КСР Ғылым академиясы тіл және әдебиет институты жұмысындағы өрескел сая­си қателер туралы» қаулысына сәйкес, Мұхтар Әуе­зов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан бастаған біршоғыр зиялыларымыз қуғын-сүргінге ұшырап, Есмағамбет Ысмайылов, Ермұқан Бекмаханов, Қажым Жұмалиев бастаған зиялыларымыздың алды 25 жылға сотталған болатын.
«Басқалар бабаларының мінез-құлқына, өсиет ақылына, әдет, әдеп-ғұрпына жаңа өспірім балаларды тәрбиелегенде, біз халық қасиетін, тарихын, мәдениетін, әдебиетін елден жасырып, архив пен филиалға тығып, сүрі еткеніміздің жөні қайдан шыққан әдепсіздік? Ұялмай-қызармай консервировать ету – жастарға қара перде емес пе?» деп 1943 жылы майдан даласында батыр Баукең күңіренеді.
Ақиқатын айтқанда, Тәуелсіздіктің ақ таңы ат­қан­да ғана ешкімнен сескенбей, ешкімге жал­тақ­тамай ұлы мұраларымызды, эпос пен ертегімізді, дастан мен тарихи жыр-шежіремізді шынайы түгендеуге толық мүмкіндік туды. Алайда, осынау ки­елі қазынамыздың шашауын шығармай, қа­си­е­тін ұлықтап, қадірін арттырып, қалай тия­нақты да жүйелі жариялауға болады деген сұрақ қоғам­ның күн тәртібіне шықты. Міне, осындай зілбатпан сауалдарға толымды жауап берген, күш-қайратын, тәжірибе-білігін сарқа жұмсап, халық қазынасының жауһарларын қара орман халқына қайта табыста­ған академик С.Қасқабасов алты алаштың ақ­жол­тай абызына айналды.
Өткенімізге үңіле қарасақ, әсіресе ел иесі хан­дар мен қаһарман батырлар туралы тарихи эпос­тар аяусыз жұлмаланып, қараңғы түнекке мәңгі қамалыпты. Түркі халықтарына мәшһүр «Едіге», «Ор­ақ-Мамай», «Шора батыр», «Құбығұл», «Көрұ­ғылы», «Еңсегей бойлы ер Есім», «Абылай хан», «Кенесары-Наурызбай», «Сәтбек батыр» секілді сан алуан тарихи жырлар қызыл империяның торына шырмалып, жалынына шарпылып келген. Ал түгел түркінің дін, иман, ар-ұждан құндылығын өрнектеген пайғамбар мен әулие-әнбилер туралы желілі діни дастандар сонау Ресей империясының ақ патшасы заманынан қуғын-сүргінге ұшырап, содан бері ешқайда жариялануға, зерттелуге мүмкін болмапты. Кеңес Одағының сүзгісіне сәй­кес жарияланған ертек, мақал-мәтел, өлең-жыр­лар түгелімен редакцияланып, өңделіп-жөнделіп, пролетарлық санаға лайықталған. Осындай хал­дегі тарихи-рухани мұраны қайтадан қалпына кел­тіру, қолжазба мен архивтерді ақтару, тексеру, шетелде сақталған үлгілерді түгендеу С.Қасқа­ба­сов­тың басшылығымен табысты жүзеге асқаны – бүгінгі күні көз алдымызда жасалған ерлік деуге әбден болады.
Шын мәнісінде, бір халықтың мәдени мұра­сы­ның жүзтом болып ғылыми жоғары деңгейде тү­ген­делуі – тек түркі халықтарына ғана мақтаныш емес, жалпы адамзат ақыл-ой қазынасына тәуел­сіз Қазақ елінің қосқан зор үлесі екенін әлемдік түркологтар, мәдениеттанушылар бағалап отыр.
С.Қасқабасов ғылымға келген сәтінен өзіндік қолтаңба қалыптастырып, академиялық байсалды да байыпты мектептің өкілі екенін көрсете алды.  Ол өз тақырыбының өрісін ұдайы ұлғайтып, ырысын арттыратын, қазіргі ғылым биігіндегі озық әдіснама мен тео­риялық байымдауларды кәдеге жарата­тын, шынайы тұжырымдар мен жаңа­лық­тар жасай алатын кәнігі маман екендігін үнемі дәлелдеп келеді.
Академик С.Қасқабасовтың ең­бек­тері филология саласында жазыл­ғанымен, шұбалаңқы көп сөзділіктен тыс, эмоциядан ада, мейлінше жина­қы, сүйекті, нәрлі, деректер мен дәйек­терге бай, тығыз мәтінді болып келеді. Бұл тұрғыдан ол қазақ әдебиеттануының ұғымдары мен түсініктерін жаңаша дамытып, соны бағыттар мен ізденістер көкжиегіне жол ашқан, дара да сара ғылыми стиль қалыптастыр­ған нағыз көшбасшы ғалым болды. Шын ғалымның мақсаты – танықты анық болдыру, бұлдырды айқындау, белгісізді белгілі ету, қиын түйіндерді шешу, құпияны мәлім ету, осы қырлар мен нәти­же­лер арқылы халықтың танымын, түсінігін, ақыл-ойын, парасат-пайы­мын жетілдіру, дамыту. Мұндай қадір-қасиеттер С.Қасқабасовтың ғылыми еңбектерін оқығанда мол екендігі байқалады.
Ертегілер – шытырман мен тыл­сым­ға толы ғажайып бір тұңғиық әлем. Кезінде А.Байтұрсынұлы, М.Әуе­зов секілді аға буын ғалымдар ер­текті саралау, жанрлық белгілерге бөлу жұ­мысын сәтімен бастаған. Бірақ шын мәнінде фольклордың ең бай да арналы саласы ертегі туралы бұрын-соңды арнайы монографиялық еңбек елімізде жазылмапты. Сол себептен де С.Қасқабасовтың «Қазақ қиял-ғажайып ертегі» деген монографиясы осы салаға ізашар еңбек болады. Ғалым бұл еңбегінде сол кездегі әлемдік ғылымның озық табыстарын тірек ете отырып, қазақ ертегісінің әлемдік, соның ішінде түркілік кеңістіктегі орыны, ерекшелігі, көркемдік құрылымы, жанрлық бітімі секілді қыр­ларын тайға таңба басқандай анықтап берді.
Осы монографияда қазақ ертегілері туысқан түркі елдеріндегі нұсқалармен салыстырылып, генетикалық байланысы шегенделді. Содан кейін көршілес Батыс, Шығыс елдерінің, сонымен бірге алыс шалғайдағы Америка, Африка, Жаңа Гвинея, Океания елдерінің мәдени құндылықтарымен салыстырылып, мифтік, дүниетанымдық алуан қырлары жалпы адамзаттық ой-сананың даму құбылысы тұрғысынан байымдалды. Бұл еңбек 1972 жылы жазылғанымен, сол кездегі қызыл идео­логияның шырмауынан алшақ болып, кері­сінше «Құран», «Талмуд», «Інжіл» секілді қасиетті кітап­тардың құндылықтарын қажетінше қолдана білген, сол дәуір үшін батыл еңбек болған деп бүгіндері тұжырым жасауға болады. Жалпы, С.Қасқабасовтың ғылыми қолтаңбасындағы бір ерекшелік – қандай бір идеологиялық тар штампыдан аулақ болу, жеке эмоцияға ұрынбау, өзі айтатындай «бұқаны мүйізінен тура ұстап» өз нысанын ұңғыл-шұңғылына дейін зерделеу.
Академиктің тағы бір шоқтықты еңбегі «Қазақ­тың халық прозасы» түркі дүниесі рухани әлемі үшін құбылыс болды. Ғалымның бұл еңбегі түбі бір түркі елдерінде ғана емес, бүгіндері ҚХР, АҚШ, Германия, Венгрия, Моңғолия, Корея секілді елдерде бағалы, мамандар тарапынан кең қолданыс­қа ие дүние.
С.Қасқабасов осы зерттеуінде былайғы жұрт­шы­лық­қа белгілі секілді көрінетін ертегілер мен аңыздардан, яғни халық прозасының үлгілерінен біздерге беймәлім көптеген сырлар мен жайттарды анықтап, түркі жұртының тұңғиық тарихы мен танымына ой сәулесін түсіре алды.
Аспирант  С.Қасқабасовтың тақырыбы бекігелі жатқан кезде күні кеше ғана батасын беріп, ықы­ла­сын танытқан ұлы М.Әуезов дүниеден озып ке­теді де, Ғылыми кеңесте бір академик жазушы «Ертегіні зерттегенде не табылады? Бәрін бұрын­ғылар зерттеп бітті емес пе?» деп күмәнді сұрақ қойған деседі. Содан, екі жылдан кейін С.Қасқаба­сов­тың монографиясын талқылаған сол Ғылыми кеңес мүшелері жас зерттеушінің белгілі деп жүрген саладан белгілі емес көптеген мәселелерді анықтағанына тәнті болады. Себебі, ғылымның озық жетістігімен қаруланған жас маман қиял-ғажайып ертегінің бастау көздері, сюжеттік құры­лы­мы, көркемдік ерекшеліктері, типологиялық заң­дылықтары туралы сан алуан жаңалықтарды айқындайды.
С.Қасқабасов алдына нысан етіп қойған бұл мақсатты орындау үшін ертегіні  халықтың тұрмыс-тіршілігі, көне наным-сенімі, әлеуметтік өмірімен байланыстырып зерттеуге ден қойды. Жалпы, фольклор мәтіндерін авторлық әдебиет нормаларымен қиғаш зерттеп келген методологиялық қателіктерден бойын алшақ тартып, ежелгі сөз өне­рі үлгілеріне этнография, әлеуметтану, философия, психология секілді кешенді пәннің өлшемі­мен үңіле білді. Өйткені, фольклор халықтың тұрмыс-тіршілігі, көне наным-сенімі, сөз өнерінің тоғысынан пайда болған руханият деген қорытын­дыға келеді ол.
Қазақ халқының кәсіби авторлық прозасы Ж.Аймауытовтың «Ақ білегі», М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі», М.Әуезовтің «Абай жолы» роман эпопеясы арқылы дүниежүзілік классикалық әдебиетпен иықтаса, шендесе алатын дәрежеде бірден жарқ етіп, дамудың шыңына жедел көте­рілді. Мұның нендей сыры бар? Бұл мәселеге, біз­дің­ше С.Қасқабасовтың «Қазақтың халық прозасы» еңбегін оқығанда жауап тапқандай боласың. С.Қасқабасовтың осы еңбегіне дейін қазақ қауымы өлеңді қара сөзден артық қоятын мінезіне сай прозалық фольклорға жеткілікті мән бермей, сүбелі зерттеулерде негізінен поэзиялық үлгіге басым бағыт беріп келгенін ашық айтқан жөн.
Ал С.Қасқабасовтың «Қазақтың халық прозасы» монографиясы бағзыдан жалғасып ауызша дамыған қазақ қара сөз үлгісінің неше алуан жанрлары бар екенін саралаған, сұрыптаған алғашқы күретамыр еңбек болды. Ауызша әңгіме айту, тарату, нұсқаларын тудыру, суреттеу, сюжет құру, образ жасау үлгілері мен тәсілдерінің ел ішінде ғасырлар бойы өмір сүріп келгенін зерделеп, олардың көркемдік құрылысы, пішіні, мәтін тұрақтылығы, өзіндік стилі бар екендігіне дәлел­дер келтіріп, халық мұрасының қара сөз үлгілерін сараптау, жүйелеу жұмыстарын мұқият жүргізді. Ауызша әңгіме, миф-шежіре, әпсана- хикая, аңыз бен ертегілердің елдің дүниетанымы, ақыл-ойы­ның айнасына айналғанын ашып көрсетті.
Топырақтан қазылған кеннің ішінде қаншама асыл тастар бар, оны геолог маман айыра алады да, екшеп-елеп, ел қажетіне жаратады. Сол секіл­ді бағзыдан келе жатқан халық қазынасының бай да алуан түрлі жанрлық түрлерін айыру, сұрыптау, саралау жұмыстарын С.Қасқабасов ықтиятты жалғастырып, толайым табыстарға жетті. Бұл мәселе оның жетекшілігімен жарық көрген «Қа­зақ фольклорының тарихы» (2008) атты ұжымдық монографияда шешімін тауып, шегелене түсті.
Ол – өзі сүйіп зерттейтін ертегінің жеңімпаз қаһарманы секілді «темір етігі теңгедей, темір таяғы тебендей болғанша» халық шығармасын түрлі аспектіде зерттеп, жүйелеп, саралап келе жатқан қажырлы маман, түркі рухани мәдениетінің шырақшысы.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Мәдени мұра» бағ­дарламасы аясында жарық көрген 100 том­дық «Бабалар сөзі» қазақ ұлтының әлем халық­тарына мақтанышпен көрсете алатын рухани брендісі деуге болады. С.Қасқабасов басшылық жасаған кезеңде М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты тарапынан жарық көрген «Қа­зақ әдебиетінің тарихы» онтомдығы,«Қазақ музы­касының антологиясы» сегізтомдығы, ежелгі әдебиет үлгілерін жинақтаған жиырма томдық «Әдеби жәдігерлер» сериясы, үштомдық «Өнер тарихы», М.Әуезовтің елу томдығы секілді іргелі ең­бек­тер оның ғалым ғана емес, білікті де дарынды ұйымдастырушы қырын танытады.
Кейбір тұлғалар мықты ғалым болғанымен ұйымдастыру жұмысына араласуға бейім емес бо­лады. Ал С.Қасқабасов ғылыми жұмысты да, билік тізгінін де қатар ұстай алатын тегеурінді тұлға екенін танытты. С.Қасқабасовтың рес­пуб­лика­дағы ғылыми-рухани салаға басшылық жа­саған ке­зеңінде артына қалдырған өнегелі ізде­рін қарап отырып, ғылым әлемін нағыз ғалымның бас­қар­ғаны дұрыс болады екен деген ойға қаласың.
С.Қасқабасов мемлекеттік қызметтерде де болып, тәуелсіздіктің алаң-елеңінде еліне еңбек сіңір­ген қоғам қайраткері болды. Ол тоғыз жыл бойы Қазақ ССР Ғылым академиясы Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің ғалым-хатшысы болып еңбек етті. Алты жыл Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің жауапты қызметкері, үш жылдай еліміздің Жоғары Аттестациялық комис­сия­сының төрағасы лауазымды міндеттерін атқарды.
С.Қасқабасов 1988 жылдары Қазақстан Ком­пар­тиясы Орталық  Комитеттің идеология бөлімін­де кеңесші қызметін атқарып жүргенде, алаш арыстарын ақтауға жүйелі жұмыстар жүргізеді. Кеңес Одағы ыдырағанда Қазақстан Республикасы Министрлер кабинеті жанындағы Жоғары Аттес­та­циялық Комиссиясының тұңғыш төрағасы болып тағайындалып, ғылыми атақ-дәрежелер мен біліктілік санатын анықтау саласында қыруар ша­руаларды жаңашылдықпен шеше білді. Оның ұсынған жобасы бойынша ғылым докторы мен кан­дидаты дипломы, профессор мен доцент аттестаты үлгілері де жасалып, қазір де осы үлгілер негізге алынып келеді.
Еңбекқор ғалымның атқарған жауапты әрбір қызметтері тәуелсіз еліміздің рухани дамуына қосылған сүбелі үлес болып келеді. С.Қасқабасов си­рек кездесетін интеллект иесі болғандықтан да қоғамдағы құбылыстар мен заңдылықтарды, рухани саланың ағысын алдын ала болжап, жос­парлай алатын көреген маман. Біздің бұл сөзі­міз­ге әлемде аналогы жоқ ірі жоба «Бабалар сөзі» жүзтомдығының проспектісі куә. Осы жоба бас­талар бұрын кейбір зиялыларымыз теледидарда үн қатып, «қазақ фольклоры жүз томға тола қояр ма екен?» деп күмәнмен қараған да болатын. Ал бүгіндері Елбасы бастаған «Мәдени мұра» стра­тегиялық бағдарламасының нағыз асыл жауһары, түгел түркі жәмиғатының мақтанышы  осынау «Бабалар сөзі» жүзтомдығы болып отырғаны айдан анық. Мұндай табысқа қол жеткізген халық әзірге кездеспейді. Басқаны былай қойғанда, алып көрші Ресейде Сібір, Қиыр Шығыстағы қаншама көп ұлттардың мұрасын қамтыған «Сібір және Қиыр Шығыс халықтарының фольклор ескерткіштері» деген антологияның әзірге дейін 32 томы жарық көрді.
С.Қасқабасов – Халықаралық фольклористер қоғамының мүшесі (Финляндия), Халықаралық Айтматов академиясының мүшесі, Әлемдік Шың­ғыс­хан академиясының академигі, ТМД мемле­кет­терінің «Достастық жұлдызы» сыйлығы­ның иегері. Оның ізін басып, ғылыми мектебінің аясын кеңейтушілер елімізде ғана емес Түркия, Америка, Германия, Моңғолия, ҚХР, Корея секілді елдерде де бар. Ғалымның бастамасымен  «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының 1500, «Қыз Жібек» жырының 500 жылдықтары  халықаралық  дең­гей­де аталып өтті. Аталмыш эпостар  академиктің алғы сөзімен Мәскеуде, Анкарада, Бежінде жа­рық көрді.
Бүгінгі күні түркі халықтарының ықпалдастық үдерісі алдымызға келелі мәселелерді тудырып отыр. Ғасырлар сынынан өткен бай фольклорымыз алаш жұртының рухани бет-бейнесін қалып­тап сомдап, қанатының қатайып, ар-намысының буыр­қанып оянуына әрқашанда тірек болып кел­ді.
Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев түркі мемлекеттерінің V саммитінде «Түркі жұртының адамзат мәдениетіне қосқан үлесі аса қомақты. Осынау бай мәдени мұраны «Аталар мирасы» атты ғылыми жоба арқылы жарыққа шығаруды ұсы­намын» деп бағалы пікір білдірді.
Олай болса, Елбасы тапсырып отырған түгел түркінің мұрасын жинастыру – ғалымдарымызға үлкен сын, абыройлы мақсат. Әрине, бұл бағытта академик С.Қасқабасовтың тәжірибесі мен тағы­лымы баршамызға сабақ бола алады. Өйткені, академик С.Қасқабасов әрбір ісі өз елінің өсиетімен, қасиетімен өрнектелген түркі дүниесі­нің біртуар азаматы!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір