НАШАР КІТАПТАР ҚОЙМАЛАРДА ШІРИДІ
05.07.2019
123
0

(Баяндаманың жалғасы һәм соңы)

Газетіміздің өткен сандарында (№24, 25, 26) классик жазушымыз Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ Совет әдебиетінің кәзіргі жайы мен міндеттері туралы» атты 1959 жылы жазушылардың IV съезінде жасаған баяндамасының алғашқы тарауларын ұсынғанбыз. Бүгін сол баяндаманың «ескі тақырыптан жаңа тақырыпқа ауысу» мәселесі және әдеби сын ахуалы жайындағы баяндаманың ең актуальды тұсын оқырман назарына ұсынып отырмыз. Баяндамадан 1959 жылы жылымық кезеңнің басталмағанын, байқаймыз. Мұны Орталық Комитеттің: «Әр жазушының басқы тақырыбы, басты және бастауыш бағыты болуға тиіс», – деген нұсқауынан-ақ аңғаруға болады. Ғабең де бұл сөзді «құптай» отырып, өзінің әдеби байламдарын замандас қаламгерлерге қамқор пиғылмен кеңінен жеткізген. «Егерде жаңа заман тақырыбының мәселесі тек жаңа тақырып есебінде көтеріліп, ол олпы-солпы тігілген киім сияқты көз тартпайтын болса, онда біз жаңалыққа бет бұрдық деп айта алмаймыз», – дейді Ғабең. Баяндаманың мазмұнды, мәйекті тұсы жазушының әдеби түсінік-пайымының молдығымен ашыла түседі. Біз жазушы баяндамасының кейбір саяси сарыны басым тұстарын қысқартып, әдеби толғаныстарын толығымен ұсынып отырмыз. Бұл баяндаманы қайталай ұсынудағы мақсатымыз – қаламгер қауымның Ғабеңнің ой-толғамдары мен әдеби көзқарастарынан алар ғибраты мен тәлімі мол деп ойлаймыз.


Хажым Жұмалиевтің поэмасы нашар

Тағы бір жас ақын Ілияс Есенберлин 1916 жылғы көтерілісті басқарушылардың бірі Әділбек Майкотов туралы поэма жазды. Бұл поэма да – қайта қарауды керек ететін, әлі пісіп жетпеген, иі қанбаған шикі шығарма. Қасым Тоғызақовтың «Сібір Омар» поэмасының тақырыбы сонау терең тарихтан басталып, Ұлы Октябрь революциясына келіп тіреледі. Әбділда Тәжібаевтің «Портрет» атты мұңды поэмасы революциядан бұрынғы дәуірден басталады. Тайыр Жароковтың «Құмдағы дауыл» поэмасы мен Хажым Жұмалиевтің «Қырдағы күрес» поэмасы Батыс Қазақстанда болған ұлт азаттығы күресі мен революциялық қозғалыс жайындағы бір тақырыпқа арналып жазылса да, әдебиетіміздегі жаңа үн, жағымды лебіз болып, бізді қуанта алмады. Қайта Хажым Жұмалиевтің поэмасы – әрі нашар, әрі солғын болғандықтан, көркем әдебиет шығармаларының қатарына қосуға тұрмайтын поэма.
Бір қызығы, осы поэмалардың көбі орыс тіліне аударылғаннан кейін адам айтса нанғысыз болып өзгеріп шығады. Бірақ, не керек, авторлар поэмаларын сол өзгеріп шыққан орыс текстіне жақындатсам қайтеді деген ниеттен әлі күнге аулақ жүр.
Кәзірде әдебиетімізде ескі тақырыпқа ауытқу барлығы, жаңа тақырыпқа күрт бұрылудың керектігі сөз болып отырғандықтан, мен бұл шығармалардың жақсы-жаман жақтарын талдап жатуды артық деп ойлаймын. Жасыратыны жоқ, ескі тақырыпқа ауытқу шамадан асқан сияқты, осы кемшілікті енді үдетпей, тез жоюдың амалын істеуіміз абзал.
Мен көрші өзбек жазушыларының табыстарын күндемеймін, соған қызығамын. Олар Москвада болған онкүндіктерінде әдебиетінің арқауы етіп жаңа тақырыпқа жазылған шығармаларын ортаға салды, ал біз оны істей алмадық. Әдебиетіміз қаншама жоғары дәрежеге көтерілсе де, жаңа заман тақырыбына келгенде, мүдіретін кедергілеріміз көп-ақ. Кемшілігіміз мол, міндетіміз зор, олай болса, осы мәселені шешуге жұмыла кірісуіміз қажет.
Бұдан Қазақстан жазушылары жаңа тақырыпқа бүтіндей бет бұруға міндетті деген ұғым тууға тиіс. Қай жанрдың болсын, қай жазушының болсын, қолы жеткен табысы заманымыздың тақырыбын қаншалық игере алғандығымен өлшенуі керек. Сол жаңа тақырыпты қаншалық көркем етіп көрсете алғанымен бағалануы керек. Сірә, тек осындай принцип қана әдебиетіміздің идеялық-көркемдік сапасын жаңа сатыға көтеруге мүмкіндік тудыратын тәрізді.
Екіншіден, жаңа тақырып мәселесін біз бір топ жазушылардың емес, бар­лық жазушылардың алдына қойып, әде­биетіміздің бір жанрынан емес, барлық жанрларынан талап етуге тиістіміз. Өйткені бәріміз болып күш салсақ қана, барлық жанрларда айтқалы отырған жаңа заман тақырыбын молынан қамтып, толық көрсете алатын дәрежеге жетсек, әдебиетіміздің сапасын әлдеқайда жоғары көтерер едік.
Үшіншіден, жаңа заман тақырыбының мәселесін, шығарманың көркемдік сапасынан айырып, оның мазмұны мен түрін бір-біріне кереғар қойып қарауға болмайды. Егерде жаңа заман тақырыбының мәселесі тек жаңа тақырып есебінде көтеріліп, ол олпы-солпы тігілген киім сияқты көз тартпайтын болса, онда біз жаңалыққа бет бұрдық деп айта алмаймыз. Жаңа жауынгер заманымызға бет бұру деген сөз – шеберлігімізді арттыру деген сөз. Соңғы кезге дейін шеберлікті тақырыппен бүркеп, кемшілігімізді жасырып келгеннен көрген пайдамыз шамалы. Жаңа заман мәселесін кең түрде келелі кеңес қылсақ, шығарманың идеясы биік, көркемдігі тамаша болып, сапалы шығуына жауапкер екенімізді ұғамыз.
Ал жаңа заман тақырыбына жазылған шығармаларымыздың көркемдік сапасы қандай? Бұл жағынан мақтана алмаймыз. Жаман кітап жас жазушыға берілген жеңілдік есебінде де, ресми болмаса да, заң күшіне кірген ереже есебінде де жарыққа шығып келеді. Сондықтан нашар кітаптардың көбі сауда орындарының қоймасында шіріп, ақырында ескі-құсқыға айналып, есептен шығып қалды.

Дихан Әбілевтің поэмасы…

Бұл нені көрсетеді?
Әсіресе поэзиямыз жөнінде қолайсыз жәйттер көп. Әдебиетті насихаттау жұмысымыздың нашарлығынан, оқушы жұртшылыққа әлі белгісіз жас ақындардың өлеңдер жинағын тым ерте, асығыс шы­ғарамыз да, ол жинақтар өтпей, орасан шығынға ұшыратады. Соңғы кезде поэзиямызға қойылатын талабымыз тым бәсеңдеп кетті. Бұл, әрине, қуанарлық іс емес.
Поэзия шығармаларынан көркемдікті аз талап етеміз, поэмаға тән қасиеттерді талғамаймыз, композициясының анықты­ғына сюжеттің драмалық дамуының, оның өршіп кеңейіп отыруының қажет екендігін көбіне ескермейміз. Осының салдарынан сөз аяғы ұйқасқан қара дүрсін өлеңмен жазған очерктер көбейіп кетті. Аз-кем оңдау кіргізсе, әп-әдемі болып шығатын шығармалар, жазыла салысымен, күлдібадам күйінде баспаға берілетін болып жүр.
Жазушылар одағының ақын Дихан Әбілев басқарып отырған поэзия секциясы өз міндетін көрінер көзге ақтай алмай келеді. Мынадай бір мысал келтіруге болады. Әбілев жолдас 1953 жылы өзінің көлемі төрт мың жолдық «Алтай жүрегі» атты үлкен поэмасын бастырып шығарды. Поэманың жарыққа шыққанына біз өзіміз де қуандық. Сол поэма 1957 жылы өлеңмен жазылған романға айналып, көлемі 5 мың жолға жетіп, қайтадан шықты. Оның жалғасы «Отты толқындар» деген атпен 2500 жол болып, тағы да басылып шықты. Ал орысшаға аударылғанда, осы өлеңмен жазылған роман қайтадан поэмаға айналып, көлемі 1300 жолға түсті.
Бұл нені көрсетеді? Бұл өзі аударғалы отырған өлеңмен жазылған романды аудармашы алақанына салып қысқанда, ішіндегі суы сарқылып, тек түбі ғана қалғанын ыспаттайды.

…долбар, болбыр, нашар…

Қалижан Бекхожиннің жұмысшы табы өмірінен жазған поэмасы үлкен сәтсіздікке ұшырады. Әдебиет газетінің «Ақан Ақтаев» поэмасын сынаған мақаласы автордың жанына қаншалық қатты тигенін білемін, бірақ мақаланың әділдігі мен ақиқаттығын мойындау керек. Мысалы, поэманың бас кейіпкері, тау кен институтының соңғы курсында оқып жүрген студент Ақтаевтың басына түскен мүшкіл халді шындыққа негізделген деуге бола ма? Оның әкесі сау­да орнында қызмет істеп жүріп жаламен сотталады да, Ақанның өзін Қараш деген бір қаңғалақ комсомолдан шығарады да тас­тайды. Комсомол жиналысында Қарашты жақтаған бір адам болмаса да, оның дегені болады. Рас, соттың қате соттауы да мүмкін, жоғары оқу орнынан студенттің жазықсыз шығып қалуы да ықтимал, бірақ осының бәрін оқушыға жете ұғындыру керек еді, әсіресе, сюжет жағын мығымдап, ұқыпты жасауға тырысу керек еді. Поэмада мұның бірде-бірі жоқ. Поэманың басты геройы өзі жақсы көретін қызының Қарашпен көшеде қолтықтасып бара жатқанын бір көріп қалады да, сол жерде түңіліп, көріспестен, қоштаспастан Алматыдан кетіп отырады. Оқушының көзі жетпесе, студенттің жаңа машина жасап шығарғанына, автор айтып отыр екен деп, кім нана қояды? Сайып келгенде, жасанды, дөрекі ілгіші бар, бірақ ақыры «бай болып, барша мұратына жететін» махаббат туралы поэмасымақ болған да шыққан. Ал жұмысшылардың шын өміріне келсек, өнеркәсіп саласында жүрген интеллигенцияның жайына келсек, поэмадағы нәрсенің бәрі тек үстірт, көркемдігі нашар, долбар, ешкім сенбейтін, ешкімді тебірентпейін құрғақ сөз ғана.
Темірғали Нұртазиннің «Мұрат» атты повесін де сәтті шығарма деп айту қиын-ақ. Бұл – әлі иі қанбаған, көп еңбек керек ететін кітап. Повестің сюжеті ауылшаруашылық техникасын шығаратын завод пен тың жердегі колхоздың қарым-қатынасы екендігін мен жоғарыда айттым. Автор егін жинау науқанына құл болып, өз қол-аяғын өзі тұсайды да, ғылыми-техникалық ойдың мағынасын талдауға орын таппайды, оған қолы да тимейді. Жүзден астам инженер мен мамандар қызмет істейтін конструкторлық бюросындағылар завод ішінде зыр қағып жүрген, кездесіп қалса, колхоз председателінен ығысып, соның дегенін істейтін атқа жеңіл құбаша, елгезектер болып көрінеді. Біз бұл арада тіпті автордың советтік ғылым мен практикаға тән көріністерді таба алмағанын сөз қылып отырғанымыз жоқ. Өйткені техникадан бейхабар бізді сендіре аларлық жағдайды автор жасай алмаған.
Әсіресе бұл кітаптың советтік интелли­генцияның моральдық бейнесін теріс айналдырып, әйкәпір көрсететін жағдайлары мені қатты қынжылтады. Ол – бірге жұмыс істеп жүрген адамдардың бір-біріне күдік-күмәні, қызметтес жолдасына сенбеушілігі, бірін-бірі аңдып, біріне-бірі тор құратыны, демек советтік өмірге жат, лас қылықтары.
Кітаптың сәтсіздігін дәлелдеу үшін толып жатқан мысалдар келтіруге болады. Осының бәрі өз заманымыздың тақырыбын меңгеру мәселесі – мазмұн мен түрдің шынайы бірлігін қалайтын партиялық талаппен тығыз байланысты екенін, шығарманың идеясы мен суреттеу шеберлігінің мызғымас біртұтас ұғым екендігін қайтадан ескертуді керек етеді. Бұл шарт орындалмаған жерде – көркем шығарма жоқ. Бірақ шеберлік мәселесі теориялық айтыстың шеңберінде қалып, шығарманың көркемдік қасиетіне нақтылы өлшеуіш болатын дәрежеге жеткен жоқ. Келешекте, міне, осы бір қолайсыз жәйтті түбірімен өзгертуіміз қажет.

Сыншы мен қаламгер арасындағы байланыс туралы

Әдебиетіміздің қиын да күрделі мәсе­лелерінің бірі – әдеби сын. Ол үлкен ғылыми-теориялық мәселе болғандықтан ғана емес, сонымен қатар, әдебиет кадр­ларын партиялықтың қатар принциптері негізінде біріктіретін мәселелерді қамты­ғандықтан да күрделі. Амал не, ол дәл кәзіргі кезде келеңсіз көп көріністен, жүз шаймаудан айрыла алмай, сөз өнерінің тосын тәсілін қуып, күн сыңайы мен мансап ыңғайын бағып сөйлегендіктен де күрделі болып отыр. Бүкілодақ болсын, өзіміздегі болсын, жақсы деген, жемісті деген маңызды үлгі-өнегені біз әлі де болса әдеби сынымыздың игі дәстүріне енгізе алмай келеміз, ал бұл жағынан, Құдайға шүкір, біз кенде емеспіз. Оның орнына соңғы кезде біздің шаруашылығымыздың берекесін кетіріп, жүйкемізді құртатын, творчестволық жігерімізді құм қылатын аса бір қажетсіз, зиянды бірдемелер көбейіп кеткен сияқты. Ең бастысы, сыншы да, жазушы да біздің ортақ әдеби ісіміздің басы-қасында жүргенмен, жазушылар әдеби сыннан адал досының, жанашыр жолдасының жанға медет боларлық жақсы лебізін сезбей келеді. Ендеше, жазушы мен сыншы арасында өзара сеністік орнаса және ол сеністік ақтан жарылған адал шындыққа негізделсе, сөйтіп, ол баянды дәстүрімізге айналса – бұл, сөз жоқ, біздің бүкіл мәдениетіміздің аса үлкен жеңісі болар еді. Әзірге мұндай жағдай бізде жоқ, сондықтан біз бұл сапарда көп кедергілерге де душар боламыз ғой деп ойлаймын.
Олай болса, сын мәселелеріне соққанда, мен ең алдымен сол сынның кәзіргі жағдайына, сынды одан әрі өрістетуге мүмкіндік туғызатын ынтымақ жағдайына тоқталғым келеді.
Бұл мәселедегі ең маңыздысы, менің ойымша, жазушының сыншыға сенуін­де, оған сыншы аласыз қамқорлық көр­сетіп, жақсысына қуанып, сәтсіздігіне рен­житін жолдас болуында ғой деймін. Екінші жағынан, сыншы да жазушыға шертсе шаңын шығаратын иі жұмсақ тулақ деп қарамауға тиіс. Көмек орнына жолдастарымыздың сәтсіздігін бетіне басып, оны төмпештей берсек, бұдан мен ешқандай жолдастық қарым-қатынасты көре алмаймын. Айтты-айтпады, сәтсіз шығарманың авторын дер кезінде сілейте сілкілеп алсақ, бұдан әдебиетке келетін ешқандай да зиян жоқ. Әрине, бұл арада әңгіме идеологиялық зиянкестіктер мен қаскүнемдік құбылыстар жөнінде емес, көркемдік пен шеберліктің ақаулары туралы болып отырғаны белгілі.
Амал қанша, біздің әдеби сынымыз ескіліктің бұл сияқты қалдықтарынан әлі арылып, біткен жоқ. Тек осы себептен ғана, автор өзінің сыншы жолдасының ниетінің адалдығына сенбей, оны өзінің дұшпаны деп ойлағандықтан ғана баспасөзде жарияланатын әрбір сын мақала біздің арамызға ыза мен кектің тулаған толқынын әкеліп жүр. Бұл мәселеде біздің бірінші қолға алатын нәрсеміз – ортақ күш жұмсап, жаңа жағдай, коммунистік ынтымақ жағдайын туғызу болуға керек. Тек сол жағдайды жасағанда ғана біздің сынымыздың одан әрі жан-жақты дамуына нағыз қолайлы мүмкіндік туады ғой деп ойлаймын.

Сын көйгөйшіл кәрі әже емес…

Біздің әдеби сынымызда көп нәрсенің жетпейтініне, ең алдымен, батылдықтың аздығына ешкімнің дауы бола қоймаса керек. Мұның өзі – ұзақ жылдардың өнебойында сынға қолайлы жағдай туғызу жөнінде қамқорлығымыз аз болғандығының нәтижесі. Біз әлі де болса сын сөзін тыныш тыңдай алмаймыз, ал шығармаларымыздағы кемшіліктерді батылырақ айтса, көп жағдайда дау-далабамен тарқаймыз. Бір кездегі білгір де іскер сыншыларымыздың енді «аш құлақтан тыныш құлақты» іздеп, әдебиеттану ғылымының жасыл жағалауына барып қоныс тепкенін де тек қана осы жағдаймен түсіндіруге болады.
Бұдан былай біздің әдеби сынымыз үшін де жаңа дәуір басталатынын әркім-ақ ұқса екен деймін. Сын көйгөйшіл кәрі әже емес, біздің әдебиетіміздің медеткер, қамқоршы серігі болуға міндетті. Ынтымақ деген ұранды желеу қылып, әдеби сынымызды оның дербес ойынан, еркінен айырып алсақ, бұл да жаман, онда біз оны «достық құшағымызға» қысып тұншықтырып та алуымыз мүмкін. Ендеше, менің қандай ынтымақ жөнінде айтып отырғанымды әркім де ұғады ғой деп сенемін. Көреген де батыл сынның көмегіне ділгер шығарма бізде әлі де көп. Олай болса, көркемдік құны төмен, барып тұрған идеясыз шығармалармен бейбіт қатар өмір сүру тәсіліне енді мүлде көнуге болмайды.
Біздің жақсы шығарманы көп жазуы­мызға ешкім де тыйым салмайды, күндіз-түні Құдайдан тілегеніміздің өзі де сол.
Сын әдебиеттің негізгі бір бөлігі болғандықтан, әдебиеттің алдындағы жаңа дәуір – әдеби сын үшін де жаңа дәуір болмақ, оның алдында да бүкіл әдебиеттің алдындағы міндеттер мен мәселелер тұр. Осыған байланысты, меніңше, тағы бір маңызды жәйтті айрықша атап өткен жөн. Бұл кезге дейін біздің сынымыз, ең жақсы дегенде, шығармалардың кемшіліктерін ғана көрсетіп келді, ал енді болса, ол «Жақсы шығарманы қалай жазу керек, сәтсіз туындыны қалай жөндеу қажет?» деген сұраққа да жауап беруге тырысуы керек. Мұның өзі біздің сынымыздың теориялық дәрежесіне қойылатын талап болып та табылады. Әдеби сын көркем шығарманың негізгі компоненттерін – оның композициясын, сюжеттің дамуын, геройлардың характерін жасау тәсілдерін, жанрдың өзгешеліктері мен нормативтерін, тағы басқаларды қағажу қалдырса, онда ол өзіне қоятын барлық талапқа толық жауап бермейді. Мұндай жағдайда сынның ауытқу себептерін іздестіру керек, яғни ол бір нәрселерден қорғалап, әлденеге қарайлайды, не болмаса, оның дәрежесі төмен. Демек, біздің сыншыларымыз жоғары идеялы көркем шығарма жайын ойластырғанда, өздері де әдеби сынның жоғары дәрежесін, оның партиялылығы мен үлкен ролін көп ойлап, кең толғануға міндетті.

«Қазақ әдебиеті», 1959 жыл

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Имя
E-mail
Пікір
 

error: Көшіруге болмайды! Авторлық құқықты бұзбаңыз !!