«САҚТА, ҚҰДАЙ, ЖАЛАҢНАН!»
Бексұлтан Нұржеке-ұлы
Редакциядан:
«Қазақ әдебиетінің» № 17 санында жазушы Тұрсынәлі Рыскелдиевтің «Ісің ақ болса – көпке сал» деген мақаласын жариялаған болатынбыз. Аталған мақаласында автор жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бексұлтан Нұржеке-ұлының «Әй, дүние-ай» романын жазу барысында «Менің «Ұлы көш» романымның кей тұстарына «жиендік» жасады» деп, екі шығармадан өзі байқаған ұқсастықтарды тізіп көрсеткен еді. Араға апта салып Бексұлтан Нұржеке-ұлынан жауап келді. Мархабат, біз екінші тараптың да уәжін жариялауды жөн көрдік.
Дәл осылай айтылатын қазақтың халық әні бар. Әнші ініміз Тілеулес Құрманғалиев айтады. Сірә, 1936, 1937 жылдардағы қуғын-сүргіннің үрейінен кейін туған ән болар. «Қазақ әдебиеті» гәзетінде жазушы Тұрсынәлі Рыскелдиевтің сізге қатысты мақаласы шығыпты», – деп бір інім телепон соққанда, ойыма бірден осы ән түсті.
Ол мақаланы содан бір апта бұрын гәзет қызметкері Еркін Жаппасұлы телепон арқылы оқып берген. «Басшылар жанымды қоймай асықтырып жатыр, тез таныспасаңыз болмайды, үйіңізге барайын ба, қайда барайын?» – деді. «Телепонмен-ақ оқый бер!» – дедім. Оқыды. «Таныстырғанымды редакторға айтам. Сонан соң сізге хабарласам», – деді, бірақ хабарласқан жоқ. «Е, баспайтын болған ғой», – деп ойлағам.
Бізің жас кезімізде Мұхтар Әуезов Абай жайындағы романын жазып бітірді. Сонан соң оны академик, қазақ тілінің маманы Мәулен Балақаев сынады. «Қазақтың тілін бұрмаладың, бұздың, жоқ сөзді пайдаландың» деген пікір айтты. Өзінің де, өзгенің де мүдесін қорғаған жоқ, қазақ тілінің қамын жеді. Ешкім өзіне ара түсе қоймасын білген болар, оған Мұхаң өзі жауап берді. Менің есімде «кереғар» деген сөзді өзінің әдейі ойлап тапқанын айтқаны қалыпты. «Төрелігін қалың оқырман қауым бере жатар», – деп, Тұрсынәлі таптап айтса да, жауабын мен де өзім беруге бел будым. Бексұлтан өзін Әуезовке ұқсатыпты десе, Тұрсынәлі дей жатар. «Болмасаң да ұқсап бақ», – деген ғой Абай. Абайды тыңдамағанда, Тұрсынәліні тыңдайын ба?
Жалпы, әңгіме, пөвес бола ма, тарихи шығарма жазған адамның кейіпкері де, оның аты-жөні мен түр-түсі де, тарихи оқыйғаның өткен жері мен мезгілі де – бәрі тарихи шындыққа егіздей ұқсас болуы міндетті. Жазушы сол кез туралы жазылған мұрағат деректерін де, естеліктер мен әңгімелерді де – бәрін пайдалануы керек. Сондықтан «ұқсас», «пайдаланыпты» деген сөздердің кінә емес, жала екенін Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш», Қажым Жұмалиев пен Зейнолла Қабдоловтың «Әдебиет теориясын» оқыған орта мен ақын-жазушылар жақсы білуге тійіс. «Кімнен кім пайдаланды? Кімнің кітәбі бұрын шықты? Бұған оқырман қауымның көзі жету керек қой», – дей келе Тұрсынәлі мақаласының соңында: «Мен Бексұлтанмен айтысып-тартысып, соттасу ойымда жоқ», – деген қоқанлоқы сыйақты әлденені аңғартады. Алайда кімнің кімдерді сотқа беруіне болатынын тарихи шығарманың табиғатын аз да болса білетін орта өзі де ажыратар деп ойлаймын. Олар ауру адам мен сау адамның да, жала жапқан адам мен жаладан ақталған адамның да ұқсастығы бар екенін көріп-біліп жүрген болар.
Тұрсынәлінің төрт томдық романы шындық пен тарихи деректерге қаншалық ұқсайтын-ұқсамайтынын білмеймін, ал менің романым 95 пайыздай ұқсайды әрі дәл келеді. Тіпті 1986 жылы зорланып қаза болған қыз да әйгілі Желтоқсан құрбаны Ләзәт Асановаға ұқсас. Л.Асанова – менің туған ауылым Ақжазықтың баласы, Үсен болыстың ұрпағы, менің ұрулас қызым. Оны өз атымен алмаған себебім біреу ғана: оның әжесі Шәйі емес. Тек сол жағдай болмаса, қалғанының бәрі – тарихи шындық.
Жалпылай алғанда және өзімнің өмір тәжірійбеме қарағанда, жала жабатын адам табылса, жаланы пайдаланатын адам да табылады.
Жазушы Тұрсынәліні білетін едім. «Жалын» баспасына келіп, бірнеше кітәбін маған беріп те кеткен. Оның «Ұлы көш» романы төрт томдық көлемді шығарма көрінеді. Оны оқымағаныма кәзір опық жеп отырмын. Оқымаған себебім: оның 1916 жылғы оқыйғаға арналғанын білмедім. «Ұлы көш» деген – өте мағыналы ат. Ондай ұлы көш тарихта болған. Біздің дәуірімізге дейінгі заманда басталып, біздің дәуіріміздің бас кезінде тоқтаған. «Халықтардың ұлы көші» кезінде сақ, құн бабаларымыз шығыстан батысқа қарай қоныс аударған, оны орыс тарихшылары «Великое переселение народов» дейді. Ал 1916 жылы ондай ұлы көш қазақта бола қойған жоқ. Тұрсынәлі романын неге «Ұлы көш» атағанын, оқымаған соң, түсіне алмадым. Менің естіген, мұрағаттан, естеліктерден оқыған деректеріме қарағанда, 1916 жылғы қазақ пен қырғыздың босқын көші ұлы көш емес, қанды көш, халық қан жылаған көш. Құдайға шүкір, екеуміздің бұл пікіріміз бір-біріне ұқсамайды.
«Бексұлтанның романы менің романымнан кейін шықты, сондықтан ол менің романымнан «пайдаланды», онікі менікіне «ұқсайды» деп жыйырмадан асатын мысал келтіріпті. «Ұлы көштің» «Әй, дүние-айдан» бұрын шыққаны рас. Ал баяндамашы Нұрлан Қами деген ініміздің: «1916 жылғы Қарқара көтерілісін… көркем прозада алғаш рет көрнекті жазушымыз Бексұлтан Нұржеке-ұлы осыдан екі жыл бұрын «Әй, дүние-ай!» атты романында ашына бейнелеп еді», – дегені, менің ойымша да, ағаттық болған. Ол өйткені 2006 жылы жарық көрген Джозеф Эпштейннің «Зависть» деген кітәбін оқымаған болу керек. Оның үстіне, әйгілі Әуезовтің әйгілі «Қыйлы заманын» атамай кетуі де көңілге келетін нәрсе. Ол аз десеңіз, көркем шығармада ол оқыйғаға Нұрлан Оразалин де менен бұрын шығарма арнаған. Ал зерттеулер мен мақалаларды санаған да, бәрін түгендеп оқыған да адам жоқ шығар.
«1916. Қарқара-Албан көтерілісі» деген Сәйдәлім Тәнекеевтің кітәбі 2002 жылы жарық көрді. Қырғыз зерттеушісі Сұлтан Жантуаровтың «В огненном кольце» деген кітәбі 1968 жылы жарық көрген. Онда халықтың Қытайға қашуы санамалап тұрып көрсетілген-ді. Ал енді тәуелсіздік алғалы бері өз елімізде де азды-көпті зерттеулер ашаршылық жайында жазылып жатты. Бұрынғы Т.Ырысқұлов пен О.Исаевтың Сталинге жазған хаттарынан және «Бесеудің хатынан» өзге қазақстандық орыс замандасымыз Валерий Михайловтың ұлы жұт жайындағы мұрағат материалдарын жыйнақтап, екі мәрте басылған кітәбінің екінші басылымын мен қызымет жасайтын «Жалын» баспасы басып шығарды.1990 жылы «Нәубет» атты жыйнақты да осы баспа шығарды. Алматы обылыстық мұрағатының деректірі Сәуле Боранбаева бастаған бір топ мұрағат қызметкері «Қазақ халқының қасіреті» атты мұрағат материалдарын 2010 жылы жеке кітәп етіп жариялады.
2006 жылы сол Сәуле Боранбаева қарындасымыздың басшылығымен мұрағат деректерін жариялайтын «Туған өлке» жұрналында «1916 жылғы көтеріліске 90 жыл» атты айдармен деректер топтастырылып жарияланды. Сол жылғы 1-санында Жұмәділ Қарабайұлы деген кісінің (1910 жылы туған) «Қарқара ошағы» деген деректі шығармасының тарих ғылымдарының докторы Кеңес Нұрпейісов ағамыздың құптауынан кейін «София мен Анастасия – 1916 жылғы көтеріліске қатысқан өлеңші орыс қыздары» деген үзіндісі жарияланды. Менің «Әй, дүние-айдағы» Сопыйам – сол орыс қызының бірі. Оның толық аты-жөні – София Алексеевна Вербицкая.
2003 жылы сол «Туған өлкенің» №1 санында тарих ғылымдарының докторы Кеңес Нұрпейісов ағамыздың «1916 жылғы көтеріліс» атты алғысөзімен арап қәріпінен қате оқылып, Далданбаев делініп, Дәлденбаев Іргебай ақсақалдың обылыс мұрағатында сақталған «1916 жылғы көтеріліс туралы естелік» деген жазбасы жарияланды.
Бұл кісі көтерілістің қалай, неден басталғанын – бәрін көрген, бастан-аяқ қатысқан кісі. Көтерілісшілерде он бес шақты ғана мылтық болғанын осы кісі айтады. Ол – белгілі сазгер Бейбіт Дәлденбаев ініміздің атасы.
Қыз-келіншектердің қалай зорланғанын, қазақ пен қырғыздың малын қалмақтардың қалай талап алғанын ол кісінің айтқаны мен менде сақтаулы Самсалы Қожабеков ағамыздың естелігінде жазылғандар және Александр фон Бергтің мемлекеттік мұрағаттағы жазбаша көрсетулері бірдей болғандықтан, мен ол кісінің деректерін романымда батыл пайдаландым. Шынымды айтсам, сол екеуінің дерегінен артық дерек бар деп ойламаймын. Ал Тұрсынәлінің қай дерекке сүйенгенін білмеймін.
Іргебай ақсақал аталмыш естелігінде былай дейді: «Поселкеден қашқан орыстар жолыққан қазақты өлтіріп, Төте деген асудағы жолға шанышқан асудағы (түпнұсқада солай – Б.Н.) ағашқа астын кесіп, аузына тығып, ағашқа байлаған. Қарқарадан Нарынқолға келе жатқан байы жоқ әйелдерді өлтіріп, баласын құшақтатып кеткен («Туған өлке», №1-2, 2003 жыл, 38-бет). Қалмаққа қатын болған қазақ келіншектерінің:
– Керіліп кереуетте жатушы едік,
Түңлікті түске жақын ашушы едік, –
деп басталатын өлеңдерді де осы Іргебай ақсақалдың естелігінен пайдаландым. Өйткені олар сол кездің шындығын көзбен көріп отырғандай елестетеді.
Төте асуындағы қазақ Қожаш па, басқа ма, орыс үшін бәрібір еді, мен оны Сопыяның күйеуі Қожаш деп алдым. Өйткені одан тарихи шындық тійіттей де өзгермейді. Мұны мен Тұрсынәліден емес, обылыстық мұрағаттан алып пайдаландым…
(Толық нұсқасын газеттің №20 (3654) санынан оқи аласыздар)