«ЕСТЕ САҚТА, БАЛАҚАЙ!»
27.03.2023
482
0

Жақында Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры балаларға арналған ақпараттық-танымдық «Есте сақта, балақай!» қойылымының премьерасын көрсетті. Пьеса авторы Назерке Құмарғалиева бүлдіршіндердің күнделікті өміріне аса қажет – тазалық сақтау, салауатты өмір салтын ұстану, өрт пен жол жүру ережелерін есте сақтау қажеттілігі жайлы мәселелерді көтерген. Режиссер Еркебұлан Қабдыл балабақша мен төменгі сынып оқушыларының психологиялық ерекшеліктерін ескеріп, аса динамикалы, интерактивке (өзара әрекет) құрылған спектакль тудырған екен.   

Қойылым алғашқы сахнадан бастап кішкентай көрермендерді бірден қызықтырып әкетеді. Ортаға шығып өздерін таныстырған мұғалімдер қай сабақтан беретіндерін жұмбақ етіп жасырады. Бұл жұмбақтың шешімін залда отырған балалар қателеспей тауып, ары қарата оқиға қызықты өрбіп кетеді. Режиссердің түпкі мақсатын дұрыс ұққан суретші Қ.Түстікбаев костюмдер мен декорациялар арқылы пьесаның мәнін ашуға ұмтылған. Айталық, режиссер спектакль­дің басынан соңына дейін кубиктерді оңтайлы пайдаланған. Кубиктер бірде пазл, бірде лэд-экран, бірде баспалдақ қызметін атқарып тұрды. Оның сыртына салынған суреттер кейіпкерлердің әрекетін анық түсінуге көп көмегін тигізді. Сол сияқты планшетті қуыршақтардың сыртқы түрлері де режиссер мен суретші тарапынан дұрыс табылғанын ерекше атап өткен ләзім. Режиссер тарапынан спектакльдің жарығы да дұрыс қойылған. Жарық – оқиғаның мағынасына қарай құбылып, жарқын атмосфераның тууына ықпал етіп отырды.
Сонымен спектакль оқиғасы үш көріністен тұрады. Ең алдымен, тазалық сақтамайтын, дұрыс тамақтанбайтын, ата-анасы мен ұстаздардың тілін алмайтын Әмір атты жалқау баланың ақыры қатты ауырып, жедел жәрдеммен келген дәрігердің ақыл-кеңесінен кейін ғана тазалық сақтау мен дұрыс тамақтанудың мәнін түсінген баланы көреміз. Әмір рөліндегі Өркен Жұма алғаш рет қуыршақ кейіпкерді ойнағанына қарамастан, оның мінез ерекшелігін дәл тапқан. Тамақты талғамай жейтін Әмірдің рэп стилімен ән айтып, би билейтін сахнасында актер қуыршақты жақсы ойнатты. Орнынан қозғалуға ерінетін топ-толық баланың кір-кір қолдарымен бургер жеп, газдалған суларды ішіп, ақыры іші ауырып көмек сұрауы актер ойнында нанымды шықты. Дәрігер залдағы балаларға қарап әрбір адамға тазалық сақтаудың қажеттігін, егер ауыра қалғанда 103 нөміріне хабарласып, жедел жәрдем шақыру керектігін тапсырады. Ал мұғалім Әмірге қандай тамақтар мен сусындардың пайдалы екенін айтады. Әмір басынан өткен оқиғадан кейін өзінің қандай сабақ алғанын көрініс соңында әнмен жеткізеді. Бұл режиссер Е.Қабдыл тарапынан табылған оңтайлы шешім деп білеміз. Себебі балаларға визуалды түрде бәрін түсіндіруде мұндай тәсілдердің берері мол. Әмір әндете жүріп салауатты өмір салтының маңызында ерекше атап өтті. Әмір рөліндегі актердің харизмасы да бұл бейненің ашыла түсуіне оң ықпал еткен екен.
Келесі көріністе, сабақ кезінде құлағына құлаққап киіп отырып, өрт қауіпсіздігі туралы дәрісті тыңдамаған Адинаның басынан өткен оқиға баяндалады. Екі көзін телефоннан алмай музыка тыңдап отырған Адинамен бірге бүкіл залдағы балалар онымен қоса ән айтып, бірге билейді. Бұл сахнада режиссер «Тик-Ток» желісіндегі тренд әндерді орынды қолданған. Сахнадағы оқиғамен залдағы балалар бірге өмір сүріп, өздері де қатысушы кейіпкерге айналып кетеді. Адина рөліндегі Ханшайым Серікова смартфонды 1 сағаттан аса қолдануға болмайтынын, мұғалімдер айтып жатса да, оны қаперіне алмаған қыздың немқұрайлылығын дәл келтірді. Тығылып музыка тыңдаймын деп тоқ көздеріне бірнеше құрылғыны қосуынан розетка балқып, түтіндейді. Осы кезде не істерін білмей сасқалақтаған қызға мұғалім көмекке келіп өрт сөндірушілерді шақырады. Өрт сөндіруші бүкіл залдағы балалармен бірге кенеттен өрт шыға қалса 101-ге звондау керектігін қадап тапсырады. Өрттің алдын алу үшін не істеу керектігінде спектакльде әуезді әнмен жеткізген.
Х.Серікова математика пәнінің мұғалімі және Адина рөлдерін ойнады. Ол алдағы уақытта қуыршақты жүргізу техникасын күшейтуі қажет. Сонымен қоса дауысын анық, нақты шығару жағына баса көңіл бөлгені жөн. Екі рөлде ойын көрсеткен орындаушыға Адина болып сөйлеуде тамаққа салуынан үні анық естілмей қалып жатқаны тағы бар. Дегенмен актриса әлі де іздене түссе, бейнелердің өзіне тән ерекшеліктеріне орай бояуын қалыңдатса болғаны.
Спектакльдің үшінші көрінісінде мұғалімдерден қашып, доп ойнап жүріп, көшеге шығып кеткен Әлиге байланысты оқиға көрсетілді. Бұл рөлдегі Ерсұлтан Тезекбай тез қимылдайтын, көп сөйлейтін тынымсыз баланың мінезін таба білген. Добының қайда кеткенін іздеп, бағдаршамға өрмелеп шығып, биіктен қайта түсе алмаған баланың қиналысы, көмекті кімнен сұрайтынын білмей жылауына полиция қызметкерінің келіп, оны құтқарып қалуы – залдағы балаларды ойға қалдырады. Мұндай жағдайда 102 нөміріне қоңырау шалу керектігі айтылады. Әлиге ақыл айтқан Полиция қызметкері – Ө.Жұма оған жол жүру ережесін де түсіндіреді. Дегенмен бұл сахнада бағдаршамнан Әли түсіру үшін қуыршақтар ауада қалықтап қалатын кездері болғанын ескерту керек. Бұл тұста режиссер актерлермен бірлесе отырып орынды шешімін тапса екен деген ойда қалдық.
Бұл спектакльде дене шынық­тыру пәнінің мұғалімі, өрт сөндіруші және Әли рөлдерін ойнаған Е.Тезекбай үш кейіпкердің дауыс ерекшелігін дәл тапқан. Бірақ қуыршақты жүргізуінде кемшіліктер көп кетті. Кей тұстарда сөйлеп тұрған қуыршақтың ауызы ашылмай қалса, енді бір жерде аяқ-қолдарын әрекетке сай қимылдата алмады. Сонымен бірге сөздері де анық естілмей жатты. Бұл актерге алдағы уақытта тағы да іздене түсу қажет.
Спектакльде «Цифрлық сауат­тылық» пәнінің мұғалімі мен дәрігер рөлін сомдаған Әсем Әбдімауленова сахнада өте еркін қимылдап, өз кейіпкерлерін жақсы меңгеруімен көзге түсті. Орындаушы дәрігердің балаға ескерту беретін кезінде дауысын қатайтып, тазалық сақтау туралы ережені түсіндіріп береді. Актриса қолындағы қуыршақ ширақ қимылдады. Әсіресе баланың кеудесін тыңдаған кезде дәрігер ұстайтын құрал-жабдықтарды жақсы ойнат­ты. Бұдан актрисаның қуыршақты ойнату шеберлігінің ұшталғаны байқалды. Сахнада орын алып жатқан күтпеген қиындықтарға кәсіби, әрі еркін келіп, орынды шешім таба алуы да мақтарлық. Ә.Әбдімәуленованы бұған дейінде көптеген спектакльдерде көріп келдік. Қойылымнан қойылымға өткен сайын шыңдалып, кәсіби қарымының өсіп келе жатқанын айта кету керек.
Қорыта айтқанда, театрдың бұл спектаклі ең кішкентай көрермендердің көңілінен шықты. Олар қойылымға басынан-соңына дейін өздері араласып, кейіпкерлер тап болған оқиғаларды өз бастарынан өткізіп отырғандай әсерде болды. Келген балалардың орындықта отырғанынан қимыл-әрекетке түсіп, спектакльдің өту барысына араласып отыру көп болды. Ойын алаңына келгендей әсер алғаны сөзсіз. Мұндай интерактивті қарым-қатынас баланың қабылдауы мен кейінде есте сақтауы үшін өте жақсы. Көпке дейін театрға барып, қандай әсерімен бөлісіп жүретіні сөзсіз. Кілең жас актерлердің күшімен жарыққа шыққан бұл спектакльдің репертуардан берік орын алатынына сеніміміз мол.

Айжан АХМЕТ,
театртанушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір